- Біздің сұхбат
- 25 Қаңтар, 2025
Хамид Реза Шахбазкия: ЖИ ДӘУІРІ: УАҚЫТ НЕГЕ ТӘУЕЛДІ?

Хамид Реза Шахбазкия - машиналық оқыту, биоинформатика және CAD-CAM жүйелері мен компьютерлік ғылымда зерттеу жүргізіп жүрген маман, қауымдастырылған профессор. Қазір деректерді талдау, биомедициналық кескіндерді өңдеудің есептеу әдістеріне бағытталған тақырыпта зерттеулер жүргізіп, дәріс оқиды. KIMEP UNIVERSITY-де екі жылдан аса уақыт дәріс оқып жүрген профессормен ЖИ және оның адамзатқа ықпалы тақырыбында әңгімелескен едік.
– Зымыран ұшқанда «зымырандық жылдамдықпен зырғыған уақыт» деу сәнге айналған екен. Ал ЖИ дәуіріндегі уақыт неге тәуелді?
– Уақыт – салыстырмалы сөз. Жердің және оның өз осі мен Күнді айналуына қатысты межеде уақыт ұғымын анықтайтынымызды байқайсыз ба? Кванттық физика заңдылығы бойынша, сіз неғұрлым жылдам қозғалсаңыз, уақыт соғұрлым баяу өтеді. Міне, осы екі анықтаманы араластырып, оларға ЖИ реңкін қоссақ, ЖИ мәселелерін неғұрлым жылдам шешіп, жиналып қалған сансыз жағдайлардың түйінін тарқатуға көбірек уақыт қалатын сияқты. ЖИ дәуіріндегі уақыт қозғалыс жылдамдығына, әлеуметтік, жеке және есептеу қозғалысына тәуелді.
– Ежелде адамдар Қосөзен аралығында Аспан мен Жерді жалғап тұратын алып мұнара тұрғызбақ болыпты. Інжілде адамдардың мұндай астамдығына қаһарланған Құдай олардың тілін өзгертіп жібергені айтылады. Бір-бірін түсінуден қалған халық жан-жаққа тарап кеткен екен. Бүгінгі жаңа технологиялар, ЖИ сол Бабыл мұнарасын еске түсірмей ме? Қазір қалалар арасы былай тұрсын, құрлықтар арасы жақындай түскен. Сан тілде сөйлегенімен, адамдардың тілін ЖИ әп-сәтте аударып бере қояды. ЖИ заманының «Бабыл мұнарасы» қандай себеппен аяқталмай қалуы мүмкін?
– Өте қызық сұрақ екен... Жұртшылықтың ЖИ туралы түсінігін 2 санатқа бөлемін: бір топ ЖИ – Бабыл мұнарасын тұрғызып, тыйым салынған аймаққа еніп жатыр деп есептейді, ал екінші топ, оның арасында өзім де бармын, ЖИ – шын мәнінде ойдан шығарылған Бабыл балығын жасауға ұмтылған балаң шешімнің салдары деп санайды. Иә, Бабыл балығы деген де ұғым бар еді ғой. ЖИ – қысқа мерзімде күрделі мәселелерді шешуге арналған құрал. Ал ЖИ-дің Бабыл мұнарасының нақты құрылысынан ерекшелігі – тілі тірі, мәдени-мемориалдық тіршілігі бар. Ол ортақ тамырдан нәр алған халық іспетті, яғни жай ғана синтаксис емес. Бабыл балығы өңделмеген ақпаратты түсінуге мүмкіндік беретіндей. Бабылға дейінгі адамзаттың ортақ тілі болған. ЖИ уақытты кері айналдырып, сол заманға жетелемейді, бар болғаны сол кезеңді оймен межелеудің оңтайлы емес шешімін ұсынады.
– Бұл мәселеге екінші қырынан қарасақ, адамдар қазір бір-біріне жақындай, тартыла түскендей. ЖИ адамдарды біріктіре ала ма? Ал жаңа заманның соғысы, кикілжіңі, дүрдараздығы неден туындауы мүмкін?
– Ғылым ғалымдарды жақындастырып, бұқара халық арасындағы алшақтықты ұлғайтады. Мұндай алшақтық пен жақындықтан ЖИ да айналып өте алмас. Соғыстар мен қақтығыстардың себептері терең және оларды ойшылдар мен философтар ыждағатты зерттеп қойған. ЖИ бұл себептерді өзгертпейді, бірақ ол, әрине, жауапкершілігі азайған соғыстарды одан да қатыгез, қанқұйлы етеді. «Бес қаруы сай» ЖИ агенттері болашақ соғыстарға араласса, бүгінгі соғыстың қатыгездігі жолда қалатын, бұрын-соңды болмаған зорлық-зомбылықты тудырамыз ба деп алаңдаймын.
– ЖИ саласын індете зерттеген адам ретінде мына мәселені түсіндіріп бергеніңізді қалаймыз. ЖИ адам емес, бірақ кәсіби қабілеттерге ие. Философиялық тұрғыдан пайымдасақ, адам мен ЖИ арасындағы келісім қайдан басталып, арақашықтық қай тұсқа дейін сақталуы керек?
– Қазіргі ЖИ кәсіби мүмкіндіктерге ие емес. Ал IT-дің орындау мүмкіндігі бар. Біздің қоғам көп жыл бойы ойлар мен тәжірибелерді цензуралау арқылы шығармашылық пен еркіндікті жоғалтты. Енді ЖИ-мен бірге кейінге қайырылып, машина сияқты әрекет етудің пайдасыз екенін байқаймыз және, өзіңіз айтқандай, екі арадағы қашықтықты сақтау үшін миымызды, еркіндігіміз бен шығармашылығымызды қайтадан пайдалануымыз керек.
Жасанды интеллект бізге тың тәжірибелердің, жаңалықтардың және сәтсіздіктердің мәніне үңілуге көмектеседі. Ал IT бізге шамадан тыс мәдени тыйымдардан баяу болса да арылуға жол ашады, өйткені болашақта қалыптан тыс мамандарға деген сұраныс күрт артады.
– Машиналық үйрету мәселесі әр мемлекетте, тіптi әр тілде түрліше жүріп жатыр. Егер ЖИ мемлекетке, тілге бөлінсе, бұл «бәйгеден кімнің аты озық келеді?»
– Менің ойымша, ЖИ барлық елде еркін дамуы керек. Жауапкершілік пайдаланушыға артылғаны дұрыс. Кімнің аты озады? Ірі компаниялардың аты озады деп ойлаймын, себебі, олардың көпшілігі трансұлттық және қоры да ауқымды. Әңгіме ұлттық шекаралар туралы емес, ауқымды қорлар туралы екенін ұмытпайық.
– ЖИ мүлде игере алмайтын, қолынан келмейтін сала қай сала деп ойлайсыз? Эмоциясы, сезімі, жүрегі жоқ ЖИ өнер туындыларын интеллектіге сүйеніп жасайды. Сезім пернелерін тербейтін дүниені ЖИ қайдан алады?
– ЖИ эмоцияны қажет етпейді. Табысқа жету үшін оған сана керек. Яғни ол өзінің бар екенін білуі қажет. Эмоциялар миымыздағы биохимиялық реакциялар, олар аман қалуға және көбеюге итермелеу арқылы бізді тірі және табысты етуге тырысады. ЖИ, егер ол саналы болса, автоматты түрде аман қалу және көбею үшін өзін конфигурациялай алады. Ол үшін оған эмоция керек емес.
– Қазақстанмен таныстығыңыз туралы әңгімені де естігіміз келеді. Сырттан келгенде бұл елдің көзге айрықша түсер ерекшелігі не екен? – Бұл сұраққа жауап беру үшін ұзақ сөйлеуім керек. Қысқаша айтсам, менің ойымша, бір Қазақстан емес, әр елдің бұрқ-сарқ қайнап жатқан өз қазаны бар. Онда дәстүр, модернизм, дін, тіл және ұмтылыстарының алуан түрі, мығым байланыстар, бай және динамикалық қорытпалар біте қайнасып кеткен. Болашақ қазақтарды күтіп тұрған үлкен мүмкіндіктерді де, сонымен бірге уақытылы әрі дұрыс шешілмесе, Қазақстанды кері тартатын кейбір елеулі қауіптерді де байқаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен
Қарагөз Сімәділ
"Ana tili" газеті

3053 рет
көрсетілді0
пікір