- Шартарап
- 27 Қаңтар, 2025
Түркі мәдениеті мен мұрасы қорында сарапшылар кездесуі өтті
Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының (ТММҚ) Бакудегі Бас штаб-пәтерінде Қор Кеңесінің отырысына дайындық мақсатында екінші сарапшылар кездесуі өтті. Жиынға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркияның Сыртқы істер мен Мәдениет министрліктерінің өкілдері, сондай-ақ ұйым қызметкерлері қатысты.
Алдымен Қор президенті Ақтоты Райымқұлова қонақтарды қарсы алып, 2024 жылы Қор жүзеге асырған жұмыстар туралы жан-жақты мәлімет берді. Ол Қор тарапынан 74-тен астам жоба мен іс-шара жүзеге асырылғанын атап өтті. Ақтоты Райымқұлова Астанада өткен саммит аясында Алмағұл Осмоновтың Бішкектегі үй-музейін қалпына келтіру және қайта жөндеу жұмыстарының аяқталғанын, «Түркі әлемі 2040-қа көзқарас» құжаты мен TURKTIME бастамасына сәйкес Түркі мәдени мұрасының каталогын дайындауды, Бесінші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын қолдауды, Ыстамбұлда түркі мәдени мұрасын басқару саласында мамандар арасында тәжірибе және білім алмасу бағдарламасының ұйымдастырылғанын, «Түркі әлемінің танымал тұлғалары», «Түркі әдебиетінің жауһарлары», «Түркі әлемінің ғылыми қазыналары» атты кітап серияларының жарық көргенін, Бакуде «Түркі әлемінің тарихи және мәдени мұрасын ЮНЕСКО тұрғысынан зерттеу және қорғау» тақырыбында халықаралық конференция өткізілгенін, сондай-ақ Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде түркі әлемінің көрнекті ғалымы Махмұд Қашқаридың XI ғасырда жазылған «Диуани Лұғат әт-Түрк» атты алғашқы түркі тілдері энциклопедиялық сөздігінің 950 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция мен көрменің өткенін ерекше атап өтті.
Жиынның күн тәртібінде түркі халықтарының мәдени мұрасын сақтау және қорғау бағытында ынтымақтастықты кеңейту мәселелері қарастырылды. Мемлекеттік органдардың өкілдері мен Қор қызметкерлері ұйымның нормативтік құжаттарына өзгерістер енгізу туралы талқылаулар жүргізіп, 2025 және 2026 жылдарға арналған Қордың жұмыс жоспарларына енгізілген Түркі әлемінің бай мұрасын насихаттау, сақтау және қалпына келтіруге бағытталған жобалар бойынша жан-жақты пікір алмасты.
Айта кету керек, биыл Қор Кеңесіне Қазақстан Республикасы төрағалық етеді, ал Қордың негізін қалаушы елдердің Мәдениет министрлерінің қатысуымен өтетін II Кеңес отырысы 2025 жылдың 7 ақпанда Астана қаласында өтеді.
Еркінбек Серікбайұлы
«Әдебиет пен өнер»
порталының
Қазақстан өкілі
1372 рет
көрсетілді0
пікір






