- Мотивация
- 27 Қаңтар, 2025
«Сатылмайтын бірнеше картинам бар»...

Алматыдағы №153 мектеп-гимназияда «Алматы дарыны» орталығының ұйымдастыруымен ерекше кездесу өтті. Іс-шараға қала бойынша 200-ге жуық мектеп және колледж парламентінің көшбасшылары, үздіктері жиналды. Кездесудің қонағы кім? Іс-шараның мақсаты не? Осы сұрақтарға жауап алу үшін «Алматы дарыны» орталығы директорының орынбасары Майра Берікқызын сөзге тарттық.
«Бүгінгі «Жарқын жүздесу» жобасы «Алматы дарыны» орталығының ұйымдастыруымен өтті. Бұл кездесудің қонағы – Анар Абжанова. Ол – белгілі суретші, Суретшілер одағының мүшесі, «100 жаңа есім» жобасының жүлдегері, үш баланың анасы. Мақсатымыз – суретшінің өмір жолы арқылы мектеп, колледж парламентінің көшбасшылары мен белсенділеріне мотивация беру», – дейді Майра ханым.
Кездесу сұрақ-жауап форматында өтті. Қойылған сұрақтар мен берілген жауаптардың ерекшесін қойындәптеріме түртіп алдым.
– ЖИ қарқынды дамып жатыр. Бұл суретшілерге қалай әсер етеді?
– Мен ЖИ-мен жұмыс істеп көрдім. Әрине, ол жаман емес. Бірақ адамның жан-дүниесі сезілмейді. Адам өз қолымен сурет салғанда оның энергиясы, ішкі ойы, бәрі-бәрі суретке түседі. Жасанды интеллект адам өмірін жеңілдетеді, суретті де тез салып береді. Десе де, мен оны тек көмекші құрал ретінде қолдануды құптаймын. Адам жасай алатын дүниеге бәрібір де ЖИдың күші жетпейді.
– Алға қойған жоспарыңыз қандай?
– Болашаққа құрған жоспарым көп. Жеке көрмемді өткізгім келеді. Сонымен қатар, өзімнің арт студиям мен мұражайымды ашсам деймін.
– Көбіне не салғанды ұнатасыз? Неден шабыт аласыз?
– Маған қыс ерекше ұнайды. Алғашқы қар ылғи менің туған күнімде жауатын. Әр туған күн сайын қарды, не болмаса қар жауғанда туған күнді, сыйлықты күтетінмін. Натюрморт, пейзаж салған ұнайды.
– Сурет салу екінің бірінің қолынан келетін іс емес. Бұл қабілет талант па, әлде еңбекпен келе ме?
– Талант пен еңбекті байланыстыру керек. Кей адамдарда күш пен сенім болады, соның арқасында жетістікке жетеді. Ал кей жандарға еңбек пен талант әсер етеді. Жетістікке жетіп, медаль алдық дейік. Медалдың бір бетінде жеңісіңіз, келесі бетінде төккен теріңіз жасырылған.
– Осы іс-шараға жиналған көшбасшыларға өмір жолында сынбауға қандай кеңес берер едіңіз?
– Ақыл-кеңес бере алмаймын. Өміріңіз өз қолыңызда. Ештеңеден қорықпаңыздар. Қандай қиындық болса да, оның бәрі уақытша екенін ұмытпағайсыздар. Түн артынан қашан да күн шығады. Бәріне уақыт керек. Рухтарыңыз мықты болсын!
– Суретші болмағанда кім болар едіңіз?
– Егер суретке қызықпасам, бәлкім кәсіпкер болар ма едім. Есту қабілетім нашар, бәлки сурет салмасам тігінші болар ма едім… Ұстазымды кездестірмегенде бәрі өзгеше болар еді. Менің осы дәрежеге жетуіме себепші болған ұстазыма рақмет! Ол жол сілтеп, маған бағыт-бағдар берді. Сіздерге айтарым, ұстаздарыңызды ұмытпағайсыздар! Олар сіздердің өміріңізде ерекше рөл ойнайды.
– Өзіңіздің сүйікті туындыңыз?
– Мен әр жұмысымды жақсы көремін. 25 жыл бойы осы сурет саласында жүрмін. Елде де, шетелде де картиналарым сатылымда. Жаныма жақын, сатылмайтын бірнеше картинам бар. Соның бірі 6-7-сыныпта салған «Менің асханам» атты картина. Ол – натюрморт. Анамның асханада тамақ дайындап жатқан сәті. Сол картина маған ерекше қымбат.
Әбдірахман ҚАЙРАТ,
«Ұланның» жас тілшісі
Алматы қаласы

3475 рет
көрсетілді0
пікір