- Таным
- 28 Қаңтар, 2025
Әрбір қыздың қалтадағы «әпкесі»

Алматы қаласының физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары ерекше инновациялық қосымша жасады. Бұл жолғы технотабыс тек қыздарға арналған. Qyzbolsyn деп аталатын мобильді қосымшаның шығу тарихы да ерекше. Идея авторларының айтуынша, жоба әрбір қызға өзін қауіпсіз сезінуге және маңызды ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Qyzbolsyn қосымшасы қазақстандық қыздар арасында жыныстық сауаттың төмендігі мәселесін шешуге бағытталған. Ол әрбір қыздың қалтадағы «әпкесі» болуды көздейді, қолдау көрсету арқылы олардың өмірін қауіпсіз әрі сенімді етуге тырысады. Қосымша жыныстық денсаулық, өзін-өзі қорғау, эмоциялық қолдау, қарым-қатынас мәдениеті және мамандардан кеңес алу сияқты маңызды тақырыптарды қамтиды. Толығырақ қыздардың өзінен сұрап білдік.
Жоба авторлары Мәдениет және ақпарат министрлігіне сілтеме бере отырып елімізде 15–19 жас аралығындағы әрбір бесінші қыз ерте жүктілікпен бетпе-бет келеді деген дерек ұсынды. Бұл мәселе мобильді қосымшаның негізгі өзектілігіне айналған.
– Мұндай жағдайлар білімнің жеткіліксіздігімен, стигмамен және зиянды қарым-қатынастар қаупімен қатар жүреді. Qyzbolsyn жобасы қыздардың жеке және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жасалды. Біз олардың өзіне деген сенімділігін арттыруды, дұрыс ақпаратқа қол жеткізуін және өмірге деген оң көзқарасын қалыптастырамыз. Qyzbolsyn – қазақстандық қыздардың қауіпсіздігі мен қолдауының кепілі. Біз бірге өмірді қауіпсіз әрі сенімді етеміз, – деді жоба авторлары.
Жыныстық сауаттылықтың төмендігі көбіне ақпараттың жеткіліксіздігінен, отбасындағы немесе мектептегі ашық диалогтың жоқтығынан және бұл тақырыптың қоғамда жиі табу саналуынан қалыптасады. Осының нәтижесінде, жас қыздардың өз денсаулығы мен қауіпсіздігіне қатысты маңызды білімнен шет қалып, қауіпті жағдайларға тап болу мәселесі артады. Бұл ерте жүктілік, жыныстық жолмен берілетін аурулар, қарым-қатынастағы зорлық-зомбылық сияқты әлеуметтік және медициналық проблемаларға әкелуі мүмкін. Сонымен қатар, жыныстық сауатсыздық қыздардың өзін-өзі қорғау дағдыларының дамуын тежеп, олардың жеке өмірінде де шешім қабылдауын шектейді.
Qyzbolsyn қосымшасы қазақстандық қыздарға қауіпсіздік, денсаулық, қарымқатынас және өзін-өзі дамыту салаларында қажетті дерек пен қолдау алуға мүмкіндік береді. Қосымшада осы тақырыптарға арналған мақалалар мен подкасттар ұсынылады, ал контенттің қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді болуы оны кең аудитория үшін ыңғайлы етеді. Сонымен қатар, қыздарға сұрақ қойып, қолдау табуға мүмкіндік беретін модерацияланған форум бар. Бұл жерде жеке хабарламалар жіберуге тыйым салынғандықтан пайдаланушылардың қауіпсіздігі жоғары деңгейде сақталады. Qyzbolsyn-ның тағы бір артықшылығы – AI-бот Саяның болуы. Ол қыздарға пайдалы ақпарат ұсынып, кеңес береді және жылы сөздермен қолдау көрсетеді. Боттың интерактивтілігі достық әрі шынайы әңгіме атмосферасын қалыптастырады.
Қыздардың жобасы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Жоба әлем бойынша 3200 жобаның арасынан Technovation жартылай финалына өтіп, тиімділігін халықаралық деңгейде дәлелдеді. Қауымдастық құрамына 900- ден астам қыз қосылып, өзара қолдау мен білім алмасу ортасын құрды. Сонымен қатар, жоба 2 миллион теңге инвестиция тартып, мүмкіндігін одан әрі дамытуға жағдай жасады. «НеМолчиKZ» қорымен бірлесе отырып, зорлық-зомбылық құрбандарына арналған арнайы нұсқаулық әзірленді. Бұған қоса, 100-ден астам мақала жарияланып, 10-нан астам ірі медиамен серіктестік іске асырылды. Болашақта Qyzbolsyn жобасын толықтай қазақ тіліне бейімдеу, ойын элементтерін қосу және қосымшаның қызметтерін одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. Айта кететін жайт, қосымша екі аптадан бері App Store-да қолжетімді болып, белсенді түрде дамып жатыр.
Олжас ПАВЛИК
«Ұлан» газеті

914 рет
көрсетілді0
пікір