Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 05 Ақпан, 2025

Қытайдан не үйренуге болады?

Гүлдана Дәуренбек – төрт жастағы балалардан бастап, ересектерге дейін ағылшын тілін үйретеді. Ал мұғалімдерге ағылшын тілін оқыту әдістемесін түсіндіреді. Ол Қытайда қытай филологиясын тәмамдаған, қазір балаларға ағылшын тілінен сабақ береді. Айтуынша, Қытай мәдениеті оны шыдамдылыққа, тәртіпке және еңбекқорлыққа үйретті. Сол тәжірибе қазіргі мансабына жетуге көп көмегін тигізген. Біз Гүлданадан балалар мен ересектердің тіл үйренуіндегі айырмашылықтарды, Қытайдағы өмір мен білім беру саласы туралы сұрадық.

«Түркістандағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде оқыдым. Студент алмасу бағдарламасы аясында бір грант бөлінді. Сол грантты мен жеңіп алып, Үрімшіде қытай филологиясы мамандығын аяқтадым», – деп әңгімесін бастады. Ары қарай әңгімеміз сұрақ-жауап форматында жалғасты. – Қытайда білім алу мен өмір сүру барысында қандай қиындықтар болды? – Шынымды айтсам, Қытайда білім алу барысында аса үлкен қиындықтар болды деп айта алмаймын. Бірақ алғашында тіл білмегендіктен, күнделікті өмірде қиындықтарға тап болдым. Себебі мен қытай тілін небәрі бір жыл ғана оқып барғанмын. Қарапайым сөздер мен сөйлемдер, өзімді таныстыру сияқты базалық білімім болды. Есімде, бірде ауырып қалып, дәрігерге қаралуым керек болды. Бірақ қытай тілін жеткілікті деңгейде білмегендіктен, жағдайымды қалай түсіндіретінімді білмей, қатты қиналдым. Абырой болғанда, Үрімшіде қазақ көп болғандықтан, жергілікті қазақтардың көмегімен мәселені шештім. Бұл жағдай маған қытай тілін одан әрі үйрену қажеттігін түсіндірді. Себебі Қытайда өмір сүру үшін қытай тілін білу – ең маңызды фактордың бірі. Осы оймен тілді қайта меңгеруге кірісіп, грамматикамды жетілдіріп, сөздік қорымды көбейттім. Тілдік деңгейімді жақсартып, оқуымды сәтті аяқтадым.

– Қазақстан мен Қытайдың білім беру жүйесіндегі басты айырмашылықтар қандай?

– Қытайдың білім беру жүйесінің басты ерекшелігі – оның өте жоғары бәсекеге негізделгені. Қытайда мектеп бітіруші түлектер үшін ең маңызды сынақ – Gaokao емтиханы. Бұл – біздің ҰБТ-дан да күрделі әрі үлкен маңызға ие емтихан. Оқушылар бұл сынаққа жылдар бойы дайындалады, ата-аналар мен мұғалімдер қатты қысымға ұшырайды. Сонымен қатар, Қытайдың білім беру жүйесінде жаратылыстану және математика ғылымдарына басымдық беріледі. Бұл пәндерге көп көңіл бөлудің негізгі себебі оқушылардың логикалық және аналитикалық ойлау қабілетін дамыту. Мұның нәтижесі – Қытайдың технологиялық дамуының жоғары деңгейге жетуі. Білім беру жүйесіндегі осындай ерекшеліктер елдің ғылым мен техника саласында көшбасшы болуына ықпал етеді. Ал Қазақстанның білім беру жүйесі жеке тұлғаны дамытуға басымдық береді. Біз шығармашылыққа көбірек көңіл бөлеміз, ал Қытайда бұл бағыт енді ғана дами бастады. Маған Қазақстанның білім беру жүйесіндегі ең ұнайтыны – үштілділік. Бұл саясат өз нәтижесін беріп жатыр деп ойлаймын. Себебі үш тілде білім алған қазақстандықтар халықаралық деңгейде еркін қарым-қатынас жасап, шетелде оқуға және еңбек етуге мүмкіндік алады. Қазақ жастарының көптілділігі шетелде жоғары бағаланады. Дегенмен, Қазақстанның білім жүйесінде аймақтық теңсіздік әлі де өзекті мәселе болып отыр. Ауылдық мектептердегі мұғалімдердің кәсіби деңгейі, оқу құралдарының жеткіліксіздігі және технологиялық жабдықтардың жетіспеушілігі білім сапасына кері әсер етеді. Егер ауылдық жерлердегі мұғалімдердің біліктілігін арттырып, мектептерді заманауи технологиялармен қамтамасыз етсе, ауыл балалары да сапалы білім алып, потенциалын толық аша алар еді.

– Қытай халқының еңбекқорлығы және еңбекке деген көзқарасы туралы әртүрлі әңгіме бар. Өзіңізден естиікші...

– Қытай халқы мақсатына жету үшін үлкен табандылық танытады. Бұл – жай ғана миф емес. Қытайлықтар еңбекқорлық пен тәртіпке балабақшадан бастап үйренеді. Балабақшадан бастап балаларға қоқысты сұрыптауды үйретеді. Сондай-ақ, ыстық су ішуді денсаулыққа пайдалы деп қабылдайды және балаларға бірге су ішуді үйретеді. Қытайда көптеген қызметкерде қосымша жұмыс уақыты бар. Бұл – жұмыс күні ресми аяқталғаннан кейін де қосымша жұмыс істеу. Ол үшін арнайы төлем қарастырылған. Қытайлықтар мұндай жұмыс режимін қалыпты жағдай ретінде қабылдайды. Қытай студенттерінің жағдайы біздікінен өзгеше еді. Оларда жатақханада бір бөлмеде көп студент бірге тұрады. Сондықтан оларға сабақ оқуға қолайлы орын жетіспей жатады. Міне, осы себепті студенттер кітапханаларда немесе жатақханалардың шатырында отырып оқиды. Бұл мен үшін ерекше әсер қалдырған сәттердің бірі болды. Оқушыларға келетін болсақ, олар мектепте 10-12 сағат бойы оқығаннан кейін де қосымша білім алуды жалғастырады. Репетитордың сабақтары, спорттық және шығармашылық үйірмелер... Ата-аналар балаларын жан-жақты дамыту үшін барынша жағдай жасайды.

– Тілді қашан үйрете бастаған едіңіз?

– Менің ең алғашқы тіл үйрету тәжірибем орыс тілімен байланысты. Үрімшіде оқып жүрген кезімде, 2-курста, менен бір танысым көмек сұрады. Ол әуежайда жұмыс істейтін және оған орыс тілін үйрену қажет болды. Осылайша, алғаш рет біреуге тіл үйретіп көрдім. Магистратураға түсу үшін Уханьға көшкенде, ағылшын тілін білмедім. Ол кезде қазіргідей онлайн курстар да болмаған. Бірақ ағылшын тілі күнделікті қарым-қатынас үшін керек. Өйткені Уханьда студенттер әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған еді, ал ортақ тіл – ағылшын тілі. Қытайда YouTube, Google, Facebook сияқты платформалар бұғатталған, сондықтан ағылшын тілін үйрену үшін VPN сатып алып, түрлі кітаптар арқылы өз бетіммен оқуға тура келді. Шетелден келген студенттерге Қытайда ресми түрде жұмыс істеуге тыйым салынған. Бірақ көп студент жасырын жұмыс істейтін. Осылайша, мен де ағылшын тілі мұғалімі болып жұмыс істеп көруді ұйғардым. Кейін бұл ісім менің негізгі мамандығыма айналды. Менің мамандығым – қытай тілі оқытушысы, яғни жоғары оқу орындарында сабақ бере аламын. Бірақ тәжірибе барысында кішкентай балалармен жұмыс істегенді ұнататынымды түсіндім.

– Ересектер мен балаларға тіл үйретудің қандай айырмашылығы бар?

– Ересектер мен балаларға тіл үйретудің арасында айтарлықтай айырмашылықтар бар. Балалар тілді табиғи қабылдайды, ал ересектер әдетте талдауға және жаттауға бейім. Ересектер тілді үйренгенде, грамматикалық құрылымдарды және қолданудың мақсаттарын түсінуге тырысады, яғни барлығын талдап, не үшін және қалай екенін түсінуге тырысады. Балалардың тілді қабылдау қарқыны өте жоғары. Әсіресе, 3 пен 7 жас аралығындағы балалар ақпаратты тез сіңіреді. Олар грамматиканы интуитивті түрде меңгеріп, тыңдау арқылы сөздік қорын байытады. Бұл әдіс олардың тілдік барьерін жеңуге көмектеседі. Мен тіл үйрету орталығында жұмыс істеген кезде, балабақшада ағылшын тілін үйренген балалардың деңгейі өте жоғары екенін байқадым. Оларға қай кезден бастап ағылшын тілін үйренгенін сұрағанымда, көбі: «Біз мұны балабақшадан бастап үйрендік» деп жауап берді. Бұл қытайлықтардың соңғы жылдары ағылшын тіліне ерекше мән бере бастағанын көрсетеді.

– Көптілділік деп жатырмыз. Осындай тенденция тұсында қазақ тілінің болашағына қатысты не ойлайсыз?

– Қазақ тілінің болашағы өте жарқын деп сенемін. Әлеуметтік желілерде де қазақша контент, сапалы жазба көбейіп жатыр. Сонымен қатар, әртүрлі салаларда қазақ тілін талап ету байқалады. Бірақ мен қазақ тілін дөрекі талап етуге қарсымын. Мысалы, тек қазақша сөйлеуді талап етуді дұрыс емес деп санаймын. Қазақ тілін мәдениетті және әдепті түрде дәріптеу қажет. Себебі, тым көп талап қоя берсек, керісінше қазақ тіліне деген жеккөрушілік пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ «қазақ тілін білгеннен орыс тілін білу жеткілікті» деген пікір бар. Бірақ менің ойымша, өз елінің патриоттары, салиқалы азаматтар қазақ тілін құрметтеп, оны дөрекі талаптармен емес, әдепті жолмен дамытады. Қазақ тілін сүйетіндер тек өз мәдениетімен ғана болашаққа үлес қосады деп ойлаймын. Бұрын мен жұмысқа тұрған кезде кейбір ағылшын тілі орталықтарында тек орысша сөйлеу қалыптасқан еді. Қазір мен тек қазақ тілінде жазбалар жазамын, ағылшын тілін үйрететін орталығымда да барлық іс-шара қазақ тілінде өткізіледі. Бізде барлық жазба, мұғалімдермен сұқбат және жиналыс қазақ тілінде жүргізіледі. Сондықтан, қазақ тілінің дамуына үлесімді қосып жүргеніме сенімдімін.

– Қытайда тіл үйреттіңіз. Алматыда мектепте сабақ бердіңіз. Жалпы сабақ берудегі қағидаларыңыз қандай?

– Қағидамның бірі – ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Шет тілі маманы болсам да, шет тілін сапалы үйретумен қатар, өз тіліңді білу, өз еліңнің патриоты болу, планетаны сақтау, қоқысты лақтырмау сияқты қарапайым қағидаларды қатаң ұстандым. Сонымен қатар, мұғалімнің психологиялық сауатты болуы мен үшін өте маңызды. Осы орайда мен екі жыл бойы психоанализ бағытында жеке терапия алдым, психологпен жұмыс істедім. Себебі өз жанымды түсінбесем, басқа балалар мен оқушылардың жанын түсіне алмайтынымды ұқтым. Оқушыға айқайлап жіберетін, ашуды олардан алатын жағдайлар өз ішкі жан дүниеміздегі мәселелерден туындайды. Сондықтан мен осы мәселелерді түсініп, алдын ала шешіп, ешқандай балаға жан жарасын қалдырмай, олардың есінде жанашыр ұстаз ретінде қалғым келеді.

– Мектеп оқушыларының қытай тіліне деген қызығушылығы кейінгі жылдары 3 пайыздан 12 пайызға дейін өскен. Сондай-ақ өзге қазақстандықтар да жұмысқа орналасу мүмкіндігі ретінде қытай тілін қарастырады екен. Дегенмен басқа тілде жұмыс істеу үшін сол тілді native speaker деңгейінде үйрену керек қой. Қазір желіде «3 айда, 1 жылда үйрен» деген сияқты жарнама көп. Шындығында, қытай тілін, ағылшын тілін үйренуге қанша уақыт жұмсау керек?

– Мектеп оқушыларының қытай тіліне деген қызығушылығы тек біздің елде ғана емес, әлем бойынша байқалады. Қазір қытай тілі ағылшын тілімен тең немесе тіпті асып түсетін деңгейге жетті. Қытай тілі бизнес, сауда, технология және білім салаларында маңызды рөл атқарады. Қытай тілін бастапқы деңгейде меңгеру үшін шамамен алты айдан бір жылға дейін уақыт қажет, ал advanced деңгейіне жету үшін кемінде 2-3 жыл уақыт керек. Дегенмен, ағылшын тілі қытай тіліне қарағанда жеңілдеу болуы мүмкін. Грамматикалық тұрғыда қытай мен ағылшын тілдері аса қиын емес, бірақ қытай тілінің тондары мен иероглифтері есте сақтауға қиындау. Ал ағылшын тілінде тондар жоқ, сондықтан үйрену жеңілдейді.

– Әңгімеңізге рақмет!

Жазира БЕКБОЛАТ

«Ұлан» газеті

2611 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз