Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 06 Ақпан, 2025

Саусақ ұшындағы сауат

Елдің дамуындағы маңызды бағыттың бірі – халық арасында кітап оқу деңгейінің жоғары болуы. Озық  елдер осы көрсеткішті арттыру үшін түрлі шараны қолданады. Осылайша, олар мүмкіндігі шектеулі жандарды да ұмыт қалдырмайды. Әлемнің көптеген елінде ерекше қажеттілігі бар кітап оқуды ең жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Біздің елімізде де зағип және көру қабілеті нашар оқырмандар үшін ақпаратты қолжетімді етуде кітапханалардың ерекше үлесі бар. Оның дәлелі Алматы қаласы «Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне» қарасты кітапхана филиалдары. Шаһар басшысының қолдауымен зағип және көзі нашар көретін азаматтар үшін ғылым-білімге, жалпы, ақпараттық кеңістікке қолжетімділікті жеңілдететін арнайы жабдықтармен қаланың жеті кітапханасы қамтамасыз етілді. Кітапханаларда Брайль дисплейлері, Брайль қарпінде басып шығаруға арналған принтерлер, мәтіннің контрастын үлкейтуге және өзгертуге арналған құрылғылар, сондай-ақ мәтінді дауыстап оқып, оны аудиоформатқа айналдыратын сканерлер орнатылған. Аудио­кітаптарды тыңдау үшін дыбыс сапасы жоғары құлаққаптар және компьютерлерге бейімделген бағдарламалық жасақтама жұмыс істейді. 

Халықаралық зағиптықты болдырмау агенттігінің (IAPB) мәліметіне сүйенсек, әр бес секунд сайын бір адам жанарынан айырылса, әр минут сайын бір сәби зағип болып дүниеге келеді екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) 2000 жылғы деректері бойынша әлемде 45 миллион зағип адам тіркелген. Бұл сан жыл сайын 1–2 миллионға артып отырады деп болжанады. 1997 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) VISION 2020 «Көру құқығы» жобасын бастады, оның мақсаты — бұл санды 25 миллионға дейін азайту. 45 миллион зағип адамнан басқа, әлемде шамамен 135 миллион әлсіз көретін адам бар. Доктор Хикмет Хасырипидің «Әлемдегі зағиптық» тақырыбындағы зерттеуі бойынша, зағип адамдардың 60 пайызы дамушы елдерде тұрады. Үндістанда 9 миллион, Қытайда 6 миллион, ал Африкада 7 миллион зағип адам бар. Дамушы елдердің тұрғындарының зағип  болу қаупі дамыған елдерге қарағанда 5–10 есе жоғары. Жыл сайын шамамен 7 миллион адам зағип болады деп есептеледі. Зағип  және әлсіз көретін азаматтар ерекше қажеттілігі бар адамдардың арнайы категориясына жатады.
Зағип немесе әлсіз көретін азаматтарға кітапханалық қызмет көрсету — әлеуметтік реабилитация жүйесінің бір бөлігі. Бұл санаттағы азаматтарды ақпаратпен қамтамасыз ету арнайы зағип адамдармен әлсіз көретіндерге арналған кітапханалар және мемлекеттік, муниципалдық кітапханалар желісі арқылы жүзеге асырылады. Ғаламдану жағдайында зағип адамдарға арналған арнайы кітапханалар мен жалпы қолжетімді кітапханаларды біртұтас ақпараттық қызмет көрсету жүйесіне біріктіру мәселесі туындайды. Кітапхана мамандары ресурстарды біріктіру және зағип немесе әлсіз көретін адамдарға арналған қызметті дамыту жолдарын белсенді түрде талқылауда, бұл халықтың осы тобының бейімделу мәселелерін шешудегі тиімділікті арттыруға бағытталған. Мұндай жүйе зағип немесе әлсіз көретін адамдарға олардың құқықтары мен бостандықтарын толық іске асыруға, әлеуметтік қызметтер мен өнімдерді тұтыну мәдениетін арттыруға жағдай жасауға көмектесер еді.
Қоғамның барлық тобына қызмет көрсету принципі маңызды болып, зағип адамдарды кітап оқуға үйрету идеясы бүкіл әлемге тарала бастады. Осы үдерістердің нәтижесінде 1868 жылы Англияда «Корольдік ұлттық зағиптар институты» (Royal National Institute for the Blind) құрылды. Брайль кітаптары өте қымбат болғандықтан, бұл кітаптарды зағиптарға арнайы мекеме арқылы, мемлекет қолдауымен қамтамасыз ету әлдеқайда қолжетімді әрі үнемді болды. Халықтық кітапханалардың пионері болған Бостон қоғамдық кітапханасы да жаңашылдықтың үлгісі болып, 1868 жылы өзінің құрылғанына 16 жыл өткеннен кейін, Брайль кітаптарын өз жинағына қосып, зағип адамдарға қызмет көрсетуді бастады. 1876 жылы өте маңызды кәсіби ұйым — америкалық кітапханалар ассоциациясы (ALA — American Library Association) құрылды. 
Келесі жылдары ассоциация зағип адамдарға арналған кітапханалық қызмет көрсету стандартын әзірледі. 1877 жылы Англияда Ағылшын кітапханалар ассоциациясы (Library Association, LA) құрылды. Бұл ұйым келесі жылдары зағип  пайдаланушыларға арналған кітапханалық қызметтерді жақсарту үшін стандарттар әзірледі. XX ғасырдың басында, 1905 жылы, Гамбургте зағип адамдар  үшін Орталық кітапхана (Central Bibliothek für Blinde) құрылды. Германияда көзі көрмейтін адамдарға арналған арнайы кітапханалардың ашылуы және тиісті қызметтердің дамуы 1900 жылы енгізілген заң талаптарының арқасында мүмкін болды, бұл ереже көзі зағип балаларды мектепке баруға міндеттеді. Бұл оқиғаларға жалпы көзбен қарасақ, XIX ғасырдың соңына дейін адамдық қадір-қасиетті бағалайтын және жеткілікті материалдық ресурстарға ие болған өркениетті ортада зағип адамдарды қоғамға интеграциялау үшін арнайы оқу орындарын құра бастағанын көреміз. Сонымен қатар осы арнайы топқа қызмет көрсететін кітапханалық бөлімдердің де дамуы басталды.
Зағип адамдармен әлсіз көретіндерге арналған кітапханалардың негізгі міндеттерінің бірі — ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету. Көру қабілетінен айырылған немесе нашарлаған адамдар кітаптар, газеттер немесе журналдар сияқты дәстүрлі мәтіндерді оқу кезінде жиі қиындыққа тап болады. Алайда технологияның дамуының арқасында кітапханалар Брайль кітаптары, аудиокітаптар, электронды оқулықтар, сондай-ақ экраннан оқу үшін арнайы бағдарламалар сияқты баламалы форматтарды ұсына алады.
Қазіргі уақытта зағип және әлсіз көретін адамдарға кітапханалық қызмет көрсету саласында экраннан оқитын, ұлғайтушы құрылғылар, мәтінді дауыстап оқу бағдарламалары және Брайль қарпімен жұмыс істеу­ге арналған интерфейстер сияқты технологиялар белсенді түрде қолданылады. Бұл инновациялар дәстүрлі баспа материалдарын көзі нашар көретін адамдар үшін туғызатын кедергілерді жоюға көмектеседі.
Зағип адамдар үшін толыққанды және сау өмір сүру құқығы, басқа адамдар сияқты тең дәрежеде. Қазіргі ақпарат дәуірінде зағип адамдар үшін білімге қолжетімділік  қарапайым әрі функционалды болуы керек. Ерте заманнан бастап, мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін көптеген өнім әзірленген. Ақпаратқа қолжетімділіктің ең ірі революцияларының бірі — Луи Брайль 1821 жылы ойлап тапқан Брайль әліппесі болды. Зағип адамдарға оқу мен жазу үшін қолданылатын Брайль әліппесі алты бедерлі нүктеден тұрады, олар тікбұрышты пластинаның екі бағанында орналасқан.
Брайль әліппесінен кейін зағип адамдар үшін маңызды тағы бір жаңалық — Рэймонд Курцвейл жасаған машина болды. 1976 жылы Массачусетс технологиялық институтының инженері Рэймонд Курцвейл басып шығарылған мәтінді дауыстап оқитын машинаны әзірлеп, өндіріп, нарыққа шығарды. Курцвейл жасаған оқу машинасы электронды сканер мен сөйлеу синтезаторын пайдаланып, баспа мәтінін дауыстап оқылған мәтінге айналдырды. Бұл зағип адамдарға ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етті. Аталған  машина 1980 жылдары 1000 тіл үшін 2000-нан аса түрлі ережелермен бағдарламаланған, 200 түрлі қаріпті оқи алатын және минутына 225-тен астам сөз оқи алатын еді. Курцвейлдің ойлап тапқан жаңалығы зағип адамдарға арналған өнім өндірісінде бетбұрыс кезеңі болды. Осы машинаның көмегімен мүмкіндігі шектеу­лі адамдар ақпаратты басқа адамдардан немесе қосымша көмек көздерінен көмек сұрамай-ақ ала алатын деңгейге жетті. Бұл тікелей ақпарат көздеріне қолжетімділікті қамтамасыз етті. Келесі жылдары компьютерлік технологиялардың дамуы бұл салада одан әрі ілгерілеуге ықпал жасады.
Шетелде Курцвейлдің баспа материалдарын сканерлеп, оларды аудио форматқа айналдыратын оқу машинасы сияқты ірі жаңалықтардан кейін Optacon машиналары  шығарылады. Олар сканерленген баспа материалдарын Брайль қарпіне түрлендіретін. Сол себепті,  зағип адамдар үшін ақпаратқа қолжетімділік мәселесі айтарлықтай шешілген деп айтуға болады. Бұл жетістік қазіргі компьютерлік бағдарламалар мен таңғаларлық техникалық мүмкіндіктер арқасында жүзеге асты.
Бүгінде зағип адамдар, аралық көмекшілерді қажет етпей, өздігінен таңдау жасап, қажетті ақпаратқа еркін қол жеткізе алады. Осы тұрғыдан алғанда, ақпараттық қолжетімділікте теңдіктің орнағаны туралы айтуға болады. Әлсіз көретін пайдаланушылар (мысалы, CCTV жабық телевидение қолдану) үшін мәтінді ұлғайтып, оны оқуға ыңғайлы ететін құрылғылар бар. Техникалық мүмкіндіктің арқасында зағип адамдар үшін мәтін дауыстап оқылады, ал аудиокітаптар «Daisy» жүйесін пайдалану арқылы жасалады. Курц­вейлдің оқу машинасы да баспа мәтіндерін дауыспен оқу бойынша түрлендіре алады. Экранды ұлғайтқыштар (әлсіз көретіндер үшін), экраннан оқу құрылғылары мен дауыстық интерфейстер бұл әсіресе оқу немесе пернетақтаны қолдану мүмкіндігі жоқ адамдар үшін ешнәрсемен алмастырылмас құралдар. Мысалы, Windows NT жүйесінде Jaws қолдану арқылы экранды дауыстап оқуға және барлық ресурстарға қол жеткізуге болады. Мұндай мүмкіндіктердің саны көп. Сонымен қатар Брайль қарпімен жұмыс істеуге арналған интерфейстер де қолданылады.
Бұған қоса микроформаттарды цифрландыру мүмкіндігі пайда болды, бұл ақпаратқа қолжетімділікті айтарлықтай жеңілдетеді. Күн сайын өмірді жеңілдететін жаңа бағдарламалық шешімдер нарыққа шығып жатыр. Жалпы алғанда, көзі көрмейтін пайдаланушылар үшін түрлі материалдар ұсынылуы мүмкін: Брайль кітаптары, аудиокітаптар (CD форматында), электронды кітаптар және әлсіз көретіндер үшін үлкен шрифтпен жазылған кітаптар.
Айта кететін жайт, зағип адамдар мен әлсіз көретіндерге арналған кітапхананың рөлі тек ақпаратқа қолжетімділікті қамтамасыз етумен шектелмейді, сонымен қатар қолжетімді технологияларды меңгеруге белсенді түрде кеңес беріп, көмек көрсетуге де байланысты. Осы мақсатта бірқатар кітапханаларда білікті мамандар жұмыс істеуі тиіс, олар қажетті материалдарды табуға және ерекше жандар үшін қолжетімді ресурстарды тиімді пайдалануға көмек көрсетуі керек. Бұл экрандармен жұмыс істеуді және экраннан оқу бағдарламаларын қолдануды үйретуді қамтуы мүмкін.
Бұл контекстіде зағип адамдар және әлсіз көретін қызметкерлер мен пайдаланушылар үшін кітапханаларда арнайы жұмыс орындарын құруды ерекше атап өту қажет. Өйткені бұл барлық азаматтар үшін ақпаратқа тең қолжетімділікті қамтамасыз ету және инклюзивті ортаны қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Мұндай жұмыс орындары кітапханалық ресурстарды тиімді пайдалану мен зағип адамдарға ыңғайлы орта жасау үшін маңызды рөл атқарады. Кітапханаларда зағип қызметкерлер мен пайдаланушылар үшін арнайы жұмыс орындарын құру — бұл тек технологиялық қолжетімділік мәселесі ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершіліктің көрінісі. Мұндай бастамалар инклюзивті және тең құқықты орта қалыптастыруға ықпал етеді. Мұнда зағип адамдар білім ала алады, дамиды және қоғамдық өмірге белсене қатыса алады. Маңыздысы, кітапханалар тек ақпарат қоймалары ғана емес, әр адам оның физикалық мүмкіндіктеріне қарамастан, қолдау, жайлылық және ресурстарға қол жеткізуге мүмкіндік беретін орындар болуы тиіс.
Зағип және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапханалар олардың білім мен ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Бұл өз кезегінде осы адамдардың әлеуметтік интеграциясына және дамуына ықпал етеді. Технологиялық ілгерілеу, инклюзивті білім беру және мәдени саясаттың дамуы, сондай-ақ кітапханалар инфрақұрылымының жақсаруы зағип адамдардың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді. Болашақта зағип адамдар және  әлсіз көретіндерге арналған кітапханалық қызметтердің қолжетімділігі мен әртүрлілігі артып, осы азаматтардың елдің әлеуметтік және мәдени өміріне белсене қатысуына мүмкіндік береді деп күтілуде.
Өзге де ақпаратқа ойыссақ. Еуразия Ұлттық университетінде Ресурстық орталықтың ашылуы – кітапхананың кедергісіз академия­лық орта құру жөніндегі тағы бір бастамасы. Бүгінгі күні көру қабілеті бұзылған білім алушыларға дыбыстық синтезаторды қашықтан таңдау мүмкіндігімен көрмейтін оқуға арналған электронды кітаптарды ұсынатын «Lan» (https://e.lanbook.com) электронды кітапхана жүйесіне қолжетімділікті қамтамасыз етеді. Сондай-ақ көзі нашар көретіндер үшін арнайы оқырман және нашар көретін, толық зағип жандар үшін бейімделген мобильді қосымшаны ұсынатын IPRbooks электронды кітапхана жүйесіне (http://www.iprbookshop.ru) кіру мүмкіндігі бар. Ғылыми білімнің әртүрлі салаларын бейнелейтін бай медиатека (аудио және бейне дискілер) Орталық келушілерінің игілігіне беріледі. Ресурстық орталықтың тұрақты дамуы мақсатында жобалық іс-шаралар іске қосылып, материалдық-техникалық базаны дамыту мақсатында республикалық және халықаралық қорлардың гранттық қаражаты тартылатын болады. Алдағы уақытта кітапхана ЕҰУ-ді трансформациялау бағытында университеттің басқа кафедраларымен тығыз байланыс орнатуды жоспарлап отыр.
Қазіргі уақытта Алматы қаласының аудандарында зағип және әлсіз көретін оқырмандар үшін арнайы жұмыс орындары құрылған. Кітапханаларда құрал-жабдықтарды пайдалануды үйрететін арнайы мамандар (көру қабілеті нашар) жұмыс істейді. Бұл кітапханалардың мекенжайы мен жұмыс кестелері туралы нақты ақпарат «almatylibraru.kz» сайтында бар. Арнайы жұмыс орындарының әртүрлі кітапханаларда орналасуы оқырмандарға  мегаполистің аудандарында қызмет көрсетуге мүмкіндік береді. Бұл Алматы кітапханаларының үлкен артықшылығы. Бұл жұмыстар зағип және әлсіз көретін азаматтарға кітаптар мен басқа да білім беру материалдарына инклюзивті қолжетімділікті қамтамасыз ету аясында жүзеге асырылды. Аталған заманауи технологиялар ақпаратты қабылдауда тиімді және оқырманның әртүрлі тобына кедергісіз қызмет көрсетуді көздейді.  Осылайша, арнайы жұмыс станция­лары орнатылған келесі кітапханалар бар: Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы (Назарбаев көшесі, 43), «ALATAU CREATIVE HUB» (Нұркент мөлтек ауданы, 5/11), А.Чехов атындағы Орталық қалалық кітапхана (Гоголь көшесі, 109), Қазақстан Жазушылар кітапханасы (Алтынсарин даңғылы, 37) және №4 (Абая даңғылы, 141), №14 (Римского-Корсакова көшесі, 3), №45 (Мамыр-7, 8а) кітапхана-бөлімшелерінде қолжетімді. 
Кітапханалардағы инклюзивті қызмет көрсету мүмкіндігі, әсіресе зағип студенттер үшін өте маңызды. Қазіргі уақытта Алматы қаласында  білім алып жатқан зағип студенттердің саны жетерлік. Алайда инклюзивті білім беру тәсілдерін жүзеге асыру тұрғысынан Алматыдағы оқу орындарымен білім беру мекемелері әлі де төмен деңгейде. Осы жағдайда, инклюзивті қызмет көрсетуді жақсы ұйымдастырған кітапханалар студенттер үшін сапалы білім алудың қолжетімді алаңы бола алады. Ғылыми жұмыс немесе мақала жазу барысында арнайы тифло-құралдармен жабдықталған кітапхана филиалдарында көру қабілетінде бұзылыс бар оқырмандарға келесі мүмкіндіктер ұсынылады:
 – Платформалық баспа материалдарын шрифтіні реттейтін құрылғы арқылы оқу;
– Платформалық баспа материалдарын ықшамды тасымалданатын құрылғылар мен арнайы компьютерлік техника арқылы сканерлеу;
– Брайль дисплейлері мен дауыстық экранға қол жеткізу бағдарламалары арқылы жүзеге асырылатын электрондық материалдар;
– Интернеттен алынған ақпаратпен компьютерде жұмыс істеу;
– Экранды визуалды реттеуге арналған бағдарламалардың көмегімен жүзеге асырылатын электрондық материалдармен және интернеттен алынған ақпаратпен компьютерде жұмыс істеу;
– Брайль принтерлері мен олардың бағдарламалық қамтамасыз етуі арқылы платформалық баспа және электрондық материалдарды Брайль мәтіндеріне аудару;
–  Компьютерлік және басқа да көмекші технологиялармен жұмыс жасау бойынша жалпы кеңестер.
Мұндағы айтпағымыз, қоғамда зағип және көру қабілеті нашар азаматтар үшін кітапхана рөлінің маңызды екеніне көз жеткіздік. Осы орайда, Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен мәдени нысандарға тең қолжетімділік және кедергісіз орта құру қағидатын алға қойған Алматы кітапханаларының да мүмкіндігі шектеулі оқырманға шектеусіз ақпарат легін ұсынудағы рөлін атап өткен жөн. Бүгінде кітапхана мәдени-ағартушылық мекеме ғана емес, ақпараттың кең спектрін сандық форматта да оқырманға ұсына алатын, оқырманның тобына, түріне қарамастан, жалпыға бірдей қызмет көрсететін көпфункционалды орта. Ал кітапханаларда мүмкіндігі шектеулі жандарға жағдайдың жасалуы – оның өзектілігін одан әрі арттырмақ. 

Гүлһая Жуашбаева
Алматы қалалық орталықтандырылған кітапханасының қызметкері

"Ana tili" газеті

459 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз