Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 06 Ақпан, 2025

Баба тарихыңды танығың келсе, Мағауинді оқы

Екінші ақпан – Мұхтар Мағауиннің туған күні. Сексен бес жасқа  толуына санаулы күндер қалғанда, сонау Америкада көз жұмған жазушыны ұлты күңірене жоқтады. Сүйегі алыста қалған ардағын ел, әрине, атаусыз қалдырған жоқ. Қазақстан Жазушылар одағы Алматыда жеке кәсіпкерлердің көмегімен жетісінде Құран бағыштап, ас берді. Ақпанның екісі жексенбі күнге тұспа-тұс келгендіктен, үш жаңасында тағы да Жазушылар одағы Алматыдағы Достық үйінде «Мұхтар Мағауин – ұлы жазушы, ғұлама тарихшы» атты ғылыми-практикалық конференция өткізді. 

Конференцияны ашып жүргізген Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Мереке Құлкенов: «Қазақта ешкімге ұқсамайтын бір жазушы болса, ол – Мұхтар Мағауин еді. Өмір бойы жазған жиырма алты том еңбегінде «бұл қалай?» дейтіндей біреуі жоқ, барлығы халқымызға керек дүниелер. Мағауиннің әр шығармасын қазақ іздеп жүріп оқығанына куәміз. Соңғы сұқбаттарының бірінде «Қазақта мендей гениальный жазушы жоқ» депті. Бұл Мұхтарға ғана тән мінез. Содан да біз Мұхаңды ет жүрегіміз елжіреп жақсы көреміз.
Баяғыда «Ана тілі» газетінде жұмыс істеп жүргенде, Мағауиннің алпыс жылдығына газеттің бір санын арнағанбыз. Сонда Мұхаңның үш ерлігін атап көрсеттік. Бірінші, қазақтың жыраулар поэзиясын бес ғасырға ұзартып берді. Екінші, «Қазақ тарихының әліппесін» жазды. Қазіргі тарихшылар алдымен сол кітапқа жүгінеді. Үшінші, бұрын-соңды болмаған көркем шығармалар жазды. Солардың бірі – «Көк мұнар» романы. Сексен бес жас тойланбайды, тоқсанға дейін кім бар, кім жоқ, меніңше жазушылардың бұл жасын да тойлау керек. Мұхаң дегенде бүкіл қазақ және оның тарихы көз алдыңа келеді. «Мен» десе дегендей дүниелер жазған адамның мен-іне разы боласың. Мағауинге тән тағы бір мінез, ең жақын досын да аямай бетіне айтатын. Ұлтқа қарсы іс-әрекет жасаса досын да аямайтын. Сондықтан Мұхаң туралы айтқанымыз қазақтың тарихы, бүкіл болмысы, мінез-құлқы, тағдыры туралы айтқанымыз болмақ. Өйткені Мұхаң соның барлығын жазып бізге сыйлап кетті. 
Жиырма алты том еңбек қазаққа Мұхтар Мағауин қалдырып кеткен сый. Ендігі біздің міндет осыны ұрпақ санасына сіңіру. Баяғыда бір ақсақал сөйлеп жатса, қазақтың балалары тыңдайтын. Қазір тыңдайтын құлақ жоқ, үлкендер керемет дүние айтып жатса, жастар тұрып, залдан шығып кетіп жатады. Осы тәрбие жетіспей жатыр», – деді.
Мұхаңмен жиырма жылдай қызметтес болған рухани інілерінің бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Тұрысбек Сәукетай жазушының әдебиеттегі ерен еңбегіне, шығармашылық ауқымының кеңдігіне тоқталды. «Уақыт бәрін жеңеді, тек сөз ғана уақытты жеңеді. Мұхтар Мағауин мәңгі өлмейтін, көнермейтін сөз жасаған тұлға. Қазақ прозасын жаңа сапалық биікке көтерген санаулы саңлақтардың бірі, ұлтымыздың мың жығылып, мың тұрған тарихын Мағауинсыз елестету мүмкін емес. Баба тарихыңды танығың келсе, Мағауинді оқы. Арғы тарихты қойып, жиырмасыншы, жиырма бірінші ғасырдағы қазақтың бүкіл қасіреті де оның роман-хикаяттарының өзегіне айналды. Төл тарихымыз туралы, кеңестік жалған, жабайы түсініктерді өзгертті. Қысқасы, Мұхтар Мағауин қазақ өмірінің алып айнасы іспетті», – деген ой айтты. 
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Кенжехан Матыжанов Мағауин секілді ұлы жазушының қайтыс болуы, сүйегінің алыс шетелде қалуы, оны сүйіп, пір тұтып оқитын оқырманға қатты әсер еткеніне тоқталды. «Ұлы жазушының қайтқаны халық үшін орны толмас қайғы, бұл ретте Әуезов қайтыс болғандағы жағдай еске түседі. Ендігі әңгіме Мұхаңның рухани мұрасын жас ұрпаққа қалай жеткіземіз. Аза тұту кезеңі, мерейтойы да өтер, ары қарай не істейміз? Бүгінгі конференция сол ойласудың басы болса. Яғни мағауинтану басталды. Мереке Әбдешұлы бастаған одақ қызметкерлері өткенде ас беруді, бүгінгі конференцияны ұйымдастырып отырсыздар, рақмет. 
Біздің бір әдетіміз бар, басында айғайлаймыз, дақпыртты көбейтеміз, одан әлгі мәселе желі шыққан доп секілді жайында қалады. Мағауинтану абайтану секілді деңгейге көтерілу керек. Себебі Мұхтар Мағауиннің руханиятқа сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Нақты зерттеулерді қазірден бастау керек. Мағауин шығармашылығына арналған диплом жұмысынан бастап, докторлық еңбекке дейін жедел қолға алсақ. Бұл турасында университет ұжымдары көп жұмыс істей алады. 
Көзі тірі кезінде ашығын айтып, бағасын бере алмадық. Көбіміз жасқандық. Бір себебі еңбектерінің ішкі иірімдеріне бойлай алмадық. Мәселен, Шыңғыс хан жөніндегі төрт томы туралы ештеңе айтқан жоқпыз. Алғаш «Қобыз сарыны» шыққан кезде бүкіл зиялы қауым қарсы шықты. Себебі кеңестік идеологияның күшімен санамыз шайылып кеткен еді. Дегенмен ұлылықтың өлмеген жұрнағы бар екен, аман-есен алып шықты. Өткен жылы Алтын Орданың сегіз жүз елу жылдығын ел болып атап өттік дедік. Алтын Орда жайында Мағауиннің жасаған еңбегінің бір ширегін де жасаған жоқпыз. Өстіп дақпыртқа ілесіп, айғайлап-айғайлап қоятын әдетіміз бар. Нақты шаруаға кірісу керек. Көп томдық шығармалар жинағын өзі шығарып кетті. Алғашқы он үш томын да, соңғы жиырма алты томды да өзі жүйе­леп, бастыртты. Енді бұдан ары қарай кітаптарын басуға қандай жәрдем бере аламыз. Америкада сүйегі ғана қалған жоқ, кітапханасы тұр. Сол кітапхананың тағдыры не болады? Ол қазіргі қазақ үшін ең бай кітапхана. Кезінде Әлкей Марғұланның кітапханасын көрдік. Оның қазіргі жағдайы қандай екенін білмейміз. Мұхаңның Америкадағы үйін сол жаққа жолы түскен әр қазақ баратын орталық жасауға атсалысу керек шығар. Сол Вашингтон маңындағы Мұхаңның құтты шаңырағы мәдени орталыққа, әлде музейге айналса, ол да көңілге медеу емес пе? Марқұм ағамыз өзі де соны қалаған болар. Әрине, ол кісіде де қателік болған шығар. Құдайдан басқаның бәрінде мін бар. Тек Алла ғана мінсіз». 
Кенжехан Матыжановтың көтерген осы мәселелеріне орай, Мереке Әбдешұлы мемлекеттік деңгейде жасалатын тарихи тұлға деген тізімге енген адамның шаруасы өз ретімен жасала беретінін айтты. 
Белгілі әдебиет зерттеуші ғалым Жаңғара Дәдебаев жазушының қазақ роман жанрына қосқан үлесін сөз етті. «Мағауин қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасын бітірді. Қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Бейсенбай Кенжебаевтың жетекшілігімен қазақ әдебиетінің тарихын он сегізінші ғасырдан сегізінші ғасырға дейін он ғасырға, яғни мың жылға тереңдеткен ғалымдардың бірі. «Аласапыран» тарихи роман жанрының жаһандық кеңістіктегі биік шыңдарының бірі. Мағауин қазақ тарихындағы қадау-қадау дара тұлғалардың санатынан. Менің көзіме Мұхтар Мағауин сол даралардың ортасында да дара көрінеді. Ұлы мұратына жеткен жазушы. «Көк мұнар», «Аласапыран», «Шахан шері», «Сары қазақ», «Мен», «Жармақ» романдары мен «Шыңғыс хан» эпопеясы қазақ романына қосылған зор үлес. Қазақ әдебиетін бұрын-соңды болмаған жаңа эстетикалық, көркемдік биікке көтерді. Тарихи деректерді ғылыми зерттеу деңгейінде жүргізген жазушы бірен-саран. Бір роман жазу үшін жиырма жылын арнау, бір роман үшін он романның материалын жинау тек Мағауиннің қолынан келді» – деді.
Әйгілі ақындарымыздың бірі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ұлықбек Есдәулет Мағауин шығармашылығының өзіне әсері туралы естелік айтты. Шетелде жүріп, осындай бір жиында баяндама жасаса керек. Асан қайғыдан мысал келтіріпті. Сонда ноғайдың бір жазушысы орнынан атып тұрып: «біздің Асан қайғыда нең бар?» деп ашуланса керек. Сосын оған тарихтан бастап дұрыстап жауап беріпті. Ол заманда қазақ пен ноғайдың бөлінбеген кезі, бір ұлт болғанын айтыпты. Сондықтан Мұхтар Мағауин Асан қайғыны және басқа да жырауларды архивтен шығарып, әдебиеттің тарихына қосқанына рақмет айту керек екенін түсіндіріпті. Әрине, орынды сөзді әлгі жазушы түсініп, шығып келіп, құшақтап, кешірім сұрап, білместік болғанын айтыпты. Дегенмен Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, ноғай ағайындарда бұл турасында іштей болса да қызғаныш бар көрінеді. Дұрысында жоғалтып алған қазыналарын біз арқылы тауып алғандары ноғай ағайындар үшін олжа. Кезінде патшаның бұйрығымен Суворов зеңбірекпен мұздай қаруланған әскермен ноғайлардың найза, қылыш көтерген ер азаматын қойып, бала-шағасына дейін қырғынға ұшыратқанын білеміз. Бүгінде Қазақстанның әр өңірінде әлі күн сол Суворов атындағы көше кезігетінін ақын айтса айтқандай түсіну қиын. Ұлықбек Оразбайұлы сөзін: «Мұқаң бір институттың атқаратын шаруасын жалғыз өзі атқарды. «Қазақ тарихының әліппесін» оқығанда көзіме жас келді» – деп аяқтады. 
Белгілі ғалым Қансейіт Әбдезұлы Мұхтар Мағауин неге жыраулар поэзиясы секілді сол заман үшін тосын, тың тақырыпты зерттегеніне тоқталды. «Жазушының тоқсан, жүз жылдығын күтіп жатпай, қазақ руханиятына ерекше еңбегі сіңген тұлғаларды әр бес жыл сайын атап өтсе де артық емес. Қазақ әдебиетінің тарихы дегеніміз – қазақтың тарихы, ұлттың тағдыры, жүрген жолы, көрген мехнаты. Ал Мағауиннің сол салаға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сталин өлген соң, жылымық тұста, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде үлкен рухани серпіліс болды. Себебі онда Мұхтар Әуез­ов сабақ беретін. Әуезов отыз жылға жуық табан аудармай сол университетте дәріс оқығаны белгілі. Әуезовтің әйгілі үш шәкірті болды. Олар: Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сейдімбеков. Мағауин әр жылдары жыраулық поэзияға арнап бес кітап шығарды. Неге жыраулар поэзиясын зерттеді. Неге кеңестік әдебиет­ті немесе Сәкен Сейфуллинді, Сәбит Мұқанов­ты зерттемеді? Себебі алпысыншы жылдардың басында қазақтың рухын тірілтіп, ұлттық намысын ояту керек болды. Оны Мұхтар Әуезов те, Бейсенбай Кенжебаев та, досы Әбіш Кекілбаев та, бәрі білді. Енді қазақ әдебиетінің тарихын зерттеген ғалымдардың рухы шат болсын, аттарын атап шығайын, олар: Әлкей Марғұлан, Әуел­бек Қоңыратбаев, Есмағамбет Ысмайылов, Қажым Жұмалиев, Бейсенбай Кенжебаев, Ханғали Сүйіншәлиев, Мұхтар Мағауин, Рахманқұл Бердібаев, Құлмат Өмірәлиев», – деді.
Ақын Ақұштап Бақтыгереева бір топ жазушымен Астраханға барғаны туралы естелігін айтты. Сонда Мұхтар Мағауин басшылардың барлығы орыстар болса да, «ертең сағат жетіде Астрахан телеарнасында қазақша сөйлеуге жағдай жасаңдар» депті. Сөйтіп, қазақ жазушылары бір сағат па, сағат жарым ба, қаптаған орыстың ортасында көгілдір экраннан қазақша әңгіме айтыпты. Ертесінде Қазақстаннан келген жазушылар жатқан қонақүйге қазақтар қаптапты. Ақын осы естелігін айта отырып, қазақ әдебиетінің оқулығы мәселесін көтерді. «Оқулыққа кім болса соны кіргізеді. Мектепте балалар «Қобыз сарынынан» бастап оқу керек» – деді. Осы тұста Кенжехан Матыжанов қазақ әдебиетінің тарихы мектепте оқытылмайтынын, тіпті университетте де жарытып білім берілмейтінін көтерді. 
Қазақ тілінің жанашыры, қоғам қайраткері Асылы Осман Мағауиннің ешкімге бас имейтін турашылдығын, тектілігін сөз етті. Ол кісінің айтуынша, бір жылдары Ұлт саясаты жөніндегі комитет деген болыпты. Оған Мағауин де мүше болса керек. Онда «Ұлт саясаты» деген тұжырымдама дайындалыпты, тұжырымдамаға «ежелгі қазақ жері» деген тіркес енгізілгенше Мағауин қол қоймай қинапты. 
Блок Шайкенов есімді Мұхаңның досы да қызық естелік айтты. «Сегіз жасымыз­дан бірге өстік. Бірде «Өскенде кім боласың?» деді, мен ештеңе айта алмадым. Сосын өзі: «Мен жазушы боламын…» деп сәл үндемей тоқтап тұрып, «Мұхтар Әуезов сияқты» деді. Сегізінші сыныптан бастап «Әдебиет және искусство» («Жұлдыз») журналын оқыды. Студент кезінде әкесі ай сайын ақша салып тұрды. Соның көбін кітапқа жұмсайтын. Алматыдағы Сейфуллин-Гоголь көшесі қиылысында жалғыз кітап дүкені болды. Содан сирек кітаптарды сатып алатын. Сегіз мың кітабының шамамен екі жарым мыңы тарихқа қатысты. Бір оқығанын ешқашан ұмытпайтын. Абайды түгел жатқа білді. Бірде Рымғали Нұрғалиев үшеуіміз келе жатқанбыз, Горбачев билікке келгелі бес-алты ай өткен, «Байланыспайтын дүниенің бәрін айта береді, мынау совет үкіметін құлатып тынады» деді. Айтқаны айнымай келді. Сондай көрегендігі де бар еді».
Расында, Мұхтар Мағауиннің «Мен» дегені – қазақ дегені. Мағауинді оқымай қазақ халқын таныдым, білдім деуге болмайды. Оның том-том еңбегінде ұлтымыздың өткен-кеткен тарихы, тағдыры, жақсысы мен жаманы, серілігі мен жомарттығы, бәрі-бәрі бар. «Аласапыраннан» «Жармаққа» дейін, «Тазының өлімінен» осы газетте жарық көрген «Ұлтсыздану ұранына» дейін, «Қобыз сарынынан» «Алтын Ордаға» дейін қаншама еңбек, бірақ оқылмай елеу­сіз қалған біреуі жоқ. Жарық көрген әрбір еңбегі елді елеңдетті. Жазушының ешкімге ұқсамаған жолы мен бақыты да сонда. 

Дағжан Белдеубай

"Ana tili" газеті

 

515 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз