- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 06 Ақпан, 2025
Астанада ҚР Оқу – ағарту министрлігінің дәстүрлі алқа отырысы өтті

Астанада педагогикалық және ата-аналар қауымдастығының, өңірлік білім басқармалары басшыларының, ведомстволық бағынысты ұйымдардың, сарапшылардың және саланың басқа да қызметкерлерінің қатысуымен ҚР Оқу – ағарту министрлігінің дәстүрлі алқа отырысы өтті.
Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев өткен жылды қорытындылап, білім беру сапасын одан әрі арттырудың басым бағыттарын айқындап берді. Ол орта білім беру мазмұнының қайта қаралғанын, ал жаңа МЖМБС жобасына «Біртұтас тәрбие» бағдарламасына енгізілген құндылықтар енгізілгенін атап өтті.
«Білім беру тәрбиемен тығыз байланысты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша барлық білім беру ұйымдарында өскелең ұрпақтың бойына құндылықтар жүйесін қалыптастыруға және нығайтуға бағытталған алты негізгі жобаны қамтитын «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы енгізілді. Бұл жұмыстың тиімділігі көп жағдайда сынып жетекшілеріне байланысты. Сондықтан оны мол тәжірибесі бар білікті ұстаздардың орындауы маңызды. Тәрбие бағдарламасының тұжырымдамалық негіздерін ескере отырып, педагогтердің сынып жетекшілігіне деген көзқарасын түбегейлі қайта қарау керек», - деді Ғани Бейсембаев.
2024 жылы бірден екі педагог «Қазақстанның Еңбек ері» атағына ие болды. Бұл - еліміздің педагогтерінің еңбегіне Президент тарапынан берілген жоғары баға мен құрмет, артылған зор сенім.
Сонымен қатар министр «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңын бұзу фактілеріне алаңдаушылық білдірді.
«Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету жөніндегі аумақтық департаменттер заң бұзушылықтардың 120 жағдайын тіркеді. Атап айтқанда, Семей қаласында мұғалімдерді тиесілі емес функцияларға тарту соңы қайғылы жағдайға әкеліп соқтырды. Өңірлердің басшылығын заңды қатаң сақтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға шақырамын», – деді Ғани Бейсембаев.
Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету министрліктің басты міндеті болып қала береді. 2024 жылы заңға кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтетін және отбасын қолдауға бағытталған түзетулер енгізілді. Сондай-ақ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілеттіктері кеңейтілді. Биылғы жылдың қаңтар айында БҰҰ-да Қазақстанның осы саладағы реформалары жоғары бағаға ие болды.
«Біз инклюзивті және арнайы білім беруді дамытуды жалғастырамыз. 2025 жылға қарай психологиялық-педагогикалық қолдауға 100% қолжетімділікті қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. «Бөбек» ұлттық ғылыми практикалық орталығы мен Ұлттық инклюзивті білім беру орталығын трансформациялау басталды. Қазан айында Қазақстан алғаш рет Инклюзия бойынша дүниежүзілік конгресті қабылдайды», - деп атап өтті ведомство басшысы.
Білім беру сапасындағы алшақтықты азайту үшін қалалық және ауылдық мектептер арасында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» жобасы іске асырылуда. Ол материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға, жоғары жылдамдықты интернетті қамтамасыз етуге және оқыту сапасын арттыруға бағытталған.
«2024 жыл білім беру инфрақұрылымы үшін маңызды кезең болды. Тәуелсіздік тарихында алғаш рет мектептердің рекордтық саны салынды. 2023 жылы 165 мектеп қолданысқа берілді, 2024 жылы 257 мектеп бой көтерді, оның 105-і «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында салынды. Оларды тиімді басқару үшін Министрлік бірыңғай жүйе әзірледі», - деп атап өтті Ғани Бейсембаев.
Процестерді цифрландыру және автоматтандыру қазіргі білім беру ортасының маңызды бөлігі болып табылады. Министрлік «SMART ОҚУ АҒАРТУ» жобасын іске қосты. Ол цифрлық білім берудің бірыңғай экожүйесін құрып, оқытудың сапасын арттырады, оқыту процестерінің барлық қатысушылары үшін білім беру ресурстары мен қызметтеріне қолжетімділікті жеңілдетеді.
Starlink терминалдарын енгізу есебінен сапалы интернет тартылған мектептердің үлесі 2022 жылғы 19%-дан 2024 жылы 95%-ға дейін, яғни 3 есеге ұлғайды.
«Жыл басынан бері мектепке дейінгі ұйымдарды ваучерлік қаржыландыруды өңірлерге таратуға кірістік. Білім басқармаларының басшылары өңірде ваучерлік қаржыландыруды уақытылы әрі сапалы енгізу үшін жағдай жасауы қажет. Ұлттық білім беру дерекқорымен интеграциялау қаржыландырудың жаңа моделіне жылдам көшуді қамтамасыз етеді» - деді министр.
Сөз соңында министр азаматтардың өтініштерімен жұмыс жасауға тоқталды. Ол педагогтер үшін өздерінің құқытарының қорғалғанын, ал олардың қызметіне қатысты шешім қабылдауда объективтілік пен заңның сақталуы маңызды екенін атап өтті.
Сондай-ақ алқа отырысында ғалымдар, педагогтер, ата-аналар, сараптамалық және бизнес-қоғамдастық өкілдері сөз сөйледі. Олардың қатарында педагогика ғылымдарының докторы, профессор Жауымбай Қарамбаев, Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары Бибігүл Жексенбай, ЮНИСЕФ-тің Қазақстандағы өкілі доктор Рашед Мұстафа Сарвар және т. б. бар.
Фото: gov.kz

245 рет
көрсетілді0
пікір