- Мотивация
- 08 Ақпан, 2025
10-сынып оқушысы такси жүргізушісіне чат-бот жасады

Отабек Мұхитдинов IT саласына 12 жасынан бастап қызығады. Такис жүргізушілеріне Telegram бот жасайды. Сайт жасауды YouTube-тегі роликтерден үйренген.
«Түркістан қаласындағы Нұртас Оңдасынов атындағы мамандандырылған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысымын. Сабақ үлгерімім жақсы. IT саласымен танысуым да қызық. Сол кезде free fire және PUBG мобильді ойындары танымал еді. Маған осы ойынды құру жолы қызықты болды. YouTube көмегімен Python бағдарламалау тілін үйрене бастадым. Курстар сатып алғым келмеді. Егер дұрыс іздесең, барлық ақпаратты интернеттен табуға болады. Танымал бағдарламалашы-блогер Олег Шпагиннің бейнелері негіздері үйренуге көмектесті», – дейді ол.
Отабек IT тілін түсінген соң алғашқы жобаларының бірі – «Пинг-понг» компьютерлік ойынын жасайды. Бұл Pong ойынының классикалық нұсқасына ұқсайды. Экранда бір шар қозғалады, ал ойыншы төмендегі тақтайшаны басқарып, оны қағып түсірмей ұстап тұруы керек. Мұнда шапшаңдық пен жылдам реакция маңызды.
БІРІНШІ ТАПСЫРЫС – 1800 ТЕҢГЕ
– Бұл ойын тек менің компьютерімде қалды. Ойынды жасаудағы басты мақсатым сабақтан алған білімімді тәжірибе жүзінде қолдану еді. Ойынды жасау барысында қиындықтар болған жоқ. Шпагиннің видеосындағы нұсқаулықтарды орындау жеткілікті болды. Ойын іске қосылған кезде ерекше қуандым. Сөйтіп, IT саласын тереңірек меңгеруге деген ынтам артты. Осындай жетістіктерге жетуге ең алдымен ата-анам себепші болды. Бұл саланың болашағы бар екеніне сеніп, әр қадамымды қолдап отырады. Өзім оқитын білім ордасындағы ұстаздарыма да айтар алғысым шексіз. Алғаш рет спорт магазиніне taplink жасап, 1800 теңге алғаным есімде. Бұл тапсырыс маған мотивация беріп, әрі қарай жылжуыма көмектесті. Кейін No-code технологиясын үйрене бастадым. Өйткені бұл арқылы сайт пен қосымшалар жасауға болады. Тәжірибе жинау үшін жұмыс істегім келді. Сайт жасаудан бөлек, чат-боттарға сұраныс түседі. 100 000-180 000 мың теңгеге дейін ақша таптым. Жасанды интеллектпен біріктірілген чатботтарды жасауды үйрендім.
ЖИ мүмкіндігі өте көп. Бірнеше мамандықты алмастырып, тіпті жойып жіберуі мүмкін. Мысалы, такси жүргізушілеріне арналған Telegram ботын іске қосуға мүмкіндік берді. Техникалық тұрғыда Indriver-ге ұқсайды. Оның көмегімен жүргізушілер мен жолаушылардың қалааралық сапарларда жұмысы жеңілдейді. Қазір ботты дамытып жатырмын. Егер жүргізуші Таразға баратын болса, онда «өтінім жасау» батырмасын басып, сапар туралы барлық ақпарды енгізеді: маршрут (Түркістан-Тараз делік), жөнелту уақыты мен бағасы. Өтініш сақталған соң, оны көруге болады. Жолаушы ботты іске қосқан кезде Таразға қол жетімді сапарлардың тізімін көреді. Сәйкес опцияны таңдап, «брондау» түймесін басады. Жүргізуші жолаушының деректерінен хабарлама алады. Барлық жіберу және брондау хабарламалары автоматтандырылған. Яғни, қоңырау шалудың қажеті жоқ. Сапар аяқталғаннан кейін жүргізуші мен жолаушы кері байланыс жасай алады. Төлем тікелей жүзеге асырылады, бот қаржылық операцияларға қатыспайды.
Мұндай ботты құруға идеяны туысқаным айтты. Оны жүзеге асыруға 20 күн және 8000 теңге қажет болды. Бәрін Leadtek платформасында жасадым. Ментор ретінде Түркістан облысы бойынша Astana Hub өңірлік менеджері Ғалымжан Айтқалиев көмектесті. Жетістіктерімді және жұмыстарымды көрген бірнеше компания бірге жұмыс істеуге шақырған. Бірнеше ай бойы Runa It компаниясында жұмыс істедім. Мектеп пен жұмысты қатар алып жүру мүлде қиын емес. Себебі IT саласында жұмысты онлайн істеуге болады. Қазір жұмыс істемеймін, басқа мақсаттарым, өз жобаларым бар. Шетелге оқуға түсуге дайындалып, білімімді арттырып жүрмін. IT маман болғым келеді. Оқу бітірген соң елге оралып, еліміздің цифрлық дамуына үлес қосамын. Бос уақытымда баскетбол ойнап, достарыммен серуендеймін. Көп уақытымды ағылшын тілін оқуға және жобама арнаймын.
ORLE-ГЕ ҚОЛДАУ ІЗДЕЙМІН
Отабектің ORLE жобасын қолдайтын демеушілер немесе жобаны ауыл мектептеріне ұсынып, дамуына көмек беретін ұйымдар болса деген тілегі бар. Өйткені бұл игі істің оқушыларға пайдасы көп.
– Стартап жоба жасау ойымда бар. ORLE – ауылдық жерлердегі және мүмкіндігі шектеулі оқушыларға арналған тегін білім беру платформасы. Біздің мақсатымыз – әр баланың қосымша білім алу мүмкіндігін арттырып, олардың болашағын жарқын ету. Платформа 3-7 сынып оқушыларына арналған. Жаратылыстану, математика және ағылшын тілі, информатика пәндерінен жасанды интеллект арқылы тегін курстар ұсынылады. Сабақтар платформа арқылы онлайн форматта өтеді, арнайы бейімделген тест тапсырмалары оқушылардың білімін тексеруге көмектеседі. Сабақтарды еліміздің түкпіртүкпірінен жиналған оқушылар түсіріп, платформаға салып отырады. Әр бала сапалы білім алып, әлеуетін толық ашуға мүмкіндік алады. Дегенмен бұл жобаны іске асыру барысында қиындықтар да жоқ емес. Әсіресе ауыл оқушылары үшін платформаның тиімді тұсын түсіндіру қиы нға соғып жатыр. Ауыл мектептеріне платформаны арнайы ұйымдар арқылы ұсыну керек. Үздіксіз еңбектеніп, бұл жобаны іске асыратын боламын. Мақсатым – платформа арқылы 10000 оқушыны оқытып, оларға пайдамды тигізгім келеді.
– Сәттілік тілеймін!
Гүлфарида ЗЕЙНУЛЛИНА
«Ұлан» газеті

5786 рет
көрсетілді0
пікір