Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 09 Ақпан, 2025

Сүйінбайдың сатирасы

Сүйінбай Аронұлының шығармашылығында сатиралық ұстанымдардың өз орны бар екенін де ескеріп отырған абзал. Ол жөнінде жазылған мақалаларда бұл жағына арнайы тоқталатын кез сирек. Бір сәт ақын шығармашылығының осы қырына көңіл бөліп жатқанымыз да сондықтан. Сүйінбайдың формалық әрі мазмұндық тұрғыдан назар аударуға татитын  туындыларының бірі – Сары ат пен Қара аттың айтысы. Бұл сын-сықақтың мысал жанрында шығарылған түрі. Екі жануардың айтысында ақын аллегориялық сипатпен шектелуді мақсат тұтпаған. Мұнда екі аттың да бейнесі екі түрлі әлеуметтік жүк көтеріп тұр. 
 

Олардың біреуі  – ұрлықпен келген жылқы болса, екіншісі  – бар өмірі өтіп кеткен, әбден қартайған жануар. Сары ат – Тезек сияқты төренің сараңдығын, кісәпірлігін, адамгершілігінің аздығын көрсетуге арналған персонаж. Өзі  бүгінгі таңда ештеңеге жарамайтын кәрі жылқы. Дәл қазіргі қалпы да көрер көзге  аянышты. Сары аттың тісі де жеміріліп қалған, қураған қурай сияқты кірпіктерінің қозғалысы да баяу, сіңіріне ілініп әрең тұр, қабырғасынан күн көрінгендей. 
Міне, жылқыны осындай бейшара қалыпта көрсету арқылы оның иесінің сараңдығына акцент жасалады. Алдыңғы қатарға шығатын оқиға  –  кәрі малдың өзін сұрап, қалап келгендерге иесінің бермегені, соның салдарынан олардың ренжіп кеткені де айтылады.
Тұсынан Абылайдың мен бір Сары ат,
Жас күнімде болып ем ерге қанат.
Талай құда келгенде, талай досы,
Бермеп еді хан Тезек мені қалап, – дейді Сары ат Қара атпен айтысының барысында.  Персонаждың «Тұсынан Абылайдың мен бір Сары ат» дегені гиперболалық тәсіл ғана. Бұл арадағы мәселе Тезектің жай ғана төре емес, атақты Абылайдың тікелей тұқымы болғандығында. Шумақта айқын көрініп тұрғаны  – «Содан келе жатқан ат едім. Мені арнайы қалап келген жақын адамдарына беруге де қимады» деген емеуірін. 
Ал Қара ат болса Тезек төренің ұрлығына, барымташылығына куәгер персонаж ретінде алынған екен. Сөйтсе, өзінің ұрлығын жұрт білетін болғандықтан, Тезек тіпті оны жасырмай да істеген сияқ­ты. Өйткені әлі жететін жерлердің бәріне барып, өзі қалаған жылқыларын алып қайтады. Төренің  дүниеқорлығына акцент жасалатын жердің бірі осы. 
Шығармада айтыс жанрының табиғаты сақ­талған. Қара ат қарап тұрмай,  тағы былай дейді: 
Мен жөнімді айтайын, ей, Сүйінбай,
Түргендегі мұжықтың аты едім-ай,
Арқандап қойған жерден Тезек төре
Ұрлатып ұрысына әкеп еді-ай.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, бұл персонаждың өзі ұрланып келген ат екен. Сол арқылы Тезек төренің жаңағы зорлық-зомбылығы, ұры-қара ұстайтыны әшкереленеді. Сөйтіп, бұл мысал айтыста Сүйінбайдың сатирасының көркемдік  қыры, формалық ізденісі айқын көрінеді деуге болады.
Жалпы, ұрлық деген кесел туралы сөз қозғалғанда, Сүйінбайдың қыжыртып айтатын, сарказммен шенейтін шумақтары аз емес. Оны ашындыратын – өмірде болған немесе өзі көрген ұнамсыз құбылыстар.
Ақын бір рет арнайы сапарлап келіп, Тезек төренің үйіне кірмек болады. Бірақ оны күтпеген жерден тоқтатқан, маңайына жолатқысы келмеген есік алдындағы малай: 
– Болмайды! Қазір төренің жағдайы жоқ. Кірсең, басың кетеді. Жұмсаған жігіттері шаруаны бітіре алмағандықтан, төре қатты ашуланып отыр, – дейді ол. Бірақ Сүйінбай оған қарамастан, есіктегі күзетшіні итеріп тастап, кіріп бармай ма. Сөйтсе төре алдында түрегелтіп қойған екі адамға зіркілдеп, қатты ұрсып жатыр екен. Екеуі де Жылгелді, Бапу деген атақты баукеспелер. Сүйінбайды көргеннен кейін, Тезек те қарап тұрмай:
Мен едім Абылайдың хан Тезегі,
Жылқының ұстатпайды сұр көжегі.
Ордаға құл мен құтан басып кірген,
Құдайдың бұ да болса бір кезегі, – деп салады. Оған дейін-ақ ол:
Рұқсатсыз үйіне кісі кірсе,
«Ат-тоны олжа болсын» – деп пәрмен беріп қойған екен. Жылгелді, Бапу қолға ұстайтын меншікті ұрылары. Ана екеуі болса қожасының алдында сүмірейіп тұр. Ұрлыққа жұмсалған кәнігі баукеспелер түк бітірмей қайтыпты. Бітіргені сол – бірінің қолы сыныпты, бірінің маңдайы жарылып, өздері жанын әрең алып қашқанға ұқсайды. Соған ашуланған Тезек оларды жерден алып, жерге салып жатқан көрінеді.  Осындай жағымсыз жайттың үстінен тура  түсіп, келеңсіз істің куәсі болған арқалы ақын қайдан қарап отырсын. Қайтіп үндемес­тен, тыныш тұрсын. Бұл оқиға Сүйінбайдың келесі сатиралық өлеңіне өзек болып шыға келеді. Өткір тілмен әкесін танытып, Тезекті де, оның ұрыларын да аямайды. 
Сөйтіп, өз көзімен көрген жағдайды өткір сөзбен әшкерелеп, жұртқа жеткізеді.
«Тезек, Тезек» дегенге дүрілдейсің,
Қара жесең, аузың-аузыңа ілінбейсің.
Жылгелді мен Бапаудай ұрың келсе,
Әжім қабыл болғандай күлімдейсің, – деп салады. Ақынның бұл арада «Әжім» деп отырғаны «Қажылық» деген мағынада. 
Бұл айтылғандардан басқа Тезектің Шілікбай, Әбдірахман, Назарбай, Байгел деген сияқты бірнеше ұрылары болыпты. Оларды да Сүйін­бай зерттемесе де, еріксіз біліп жүрген ғой. Соларды тілге тиек ете отырып, еріксіз сатираға тізгін береді. Сөйтіп, олардың қандай ұры екенін аты-жөндерін айта отырып,  ауыр мысқылмен әшкерелейді.
Тезектің қолына ұрыларды ұстауға деген әуес­тігінің әлеуметтік негізі де жоқ емес. Жалпы, бұл адамның табиғаты күрделі болғанға ұқсайды. Жас кезінде  барымташы, жортуылшы болған деген сөз бар. Ол елді алдай да білген, арбай да білген, өзі де пысық, мінезі жылдам болған адам көрінеді. Сөйте-сөйте жас ұлғая  келе ұрылардың басшысына айналған. Байыған үстіне байи берген. Солай осы бір жаман әдетінен бас тарта алмай қалған сыңайы бар.
 Осының бәрін аңдып, байқап жүрген Сүйінбай тәрізді халық ақыны сүлесоқ қарай алмайды. Еріксіз сатирасының жебесін бағыттамай ма.  Ақын келесі бір өлеңінде тағы былай дейді: 
Хан Тезек, қарамысың, төремісің,
Жемесең ұрлық етін, өлемісің?
Жетім менен жесірлердің ақысын жеп,
Барғанда ақыретте беремісің?
Алды артынан бөгесін қойғандай бұлтартпайтын сөздермен әжуалайды. Бірақ оның әжуасы жүнін сыртына қампайтқан, бөрідей болып жүрген Тезек төреге оңай тимеген. Сүйінбайға тісін қайрап, тіпті неше түрлі жағдайда айдатып жіберуге де тартынбайтын сыңайы бар. Бірақ екінші жағынан қара басып, ештеңе де істей  алмайды. Өйткені халыққа танымал, бүкіл Жетісу өңіріне аты шығып тұрған Сүйінбайдың мықтылығын іштей мойындайды, артында тұрған қара орман жұрттан сескенеді.  
Өзіне тиісіп қоймағаннан кейін Тезек төре бір ретте ақынға қыздарын, әйелдерін мақтап өлең айт деп пәрмен беріпті. Жалпы, сол замандарда хан мен олардан кейінгі лауазым иелерінің отбасын мақтау ақындар үшін қалыптасқан дәстүрге ұқсайды. Орда ақындарының, сарай жыршыларының, байлардың, хандардың әйелдері мен қыздарын мақтауға бейім тұратыны да сондықтан ғой.
 Бірақ айтқанынан қайтпайтын принципшіл, сөзі де, ісі де батыл Сүйінбай Тезектің ол тапсырмасына көнбейді. Әйелі мен қыздарын тілге тиек етеді, бірақ сатиралық сөздің ұшын оларға да қадайды: 
Тақсыр-ау, сіздің қызда жаман бар ма,
Жаманды жаман дейтін заман бар ма?
Бағасы бес тиындық біреуі жоқ,
Болған соң ханның қызы, амал бар ма? –
деген сарказммен отбасыдағы әйел адамдардың деңгейінің қандай екенін бейнелеп тұр. 
Сүйінбай сатирасының поэтикасы өлеңдеріне қойған тақырыптарынан-ақ байқалады. Мысал үшін айтқанда, олар «Арамнан төре мал жинар», «Зар жылатып момынды», «Өзге төре өлсе де, Сөк өлмейді», «Төресің қанды қанға құйып жүрген», «Оңайсың жайлап айтсам» болып келеді. Бұлардың бәрінде сын садағы өзінің негізгі кейіпкерлеріне қадала отырып, дәлелді деректермен әдіптеледі. 
Ақын сатирасы жалаң, жалпылама сөздермен шектеліп қалмайды. Ол белгілі бір адамның аттарын айта отырып, персонаждар арасындағы антогонистік сипаттың түпкі тамырының неде жатқанына да көз жүгіртіп отырады. Тезек төреге арналған:
Хан емессің, қиықсың,
Қалың елді айдап жеп,
Теріңе әрең сыйыпсың.
Ұры, қара, залымның
Жаныңа бәрін жиыпсың, – деп басталатын өлеңі біздің есімізге атақты Махамбет Өтемісұлының: 
Хан емессің, қасқырсың,
Қара албасты басқырсың, –
деген өлең жолдарын еске түсіретіні сөзсіз. Жалпы алғанда, Сүйінбайдың өзі де – Махамбетпен замандас тұлға. Екеуі де шындық үшін күрескен, екеуінде де сатиралық сөз саптаулары көздеген жеріне оңбай тиіп, турасынан түйреп отырған. 
Сүйінбайдың Тезек төреге айтқан арнауларынының кейбір шумақтары халық арасына тарап, жатқа да айтылатын болыпты. 
Өзінің замандасы әрі аралас-құралас болған адамы атақты Сарыбай бидің де жақсы жағын көтермелей отырып, кемшіліктерін атап көрсетуден тартынбаған екен.
Ақын Сарыбайға былай дейді: 
Есқожамен санасып,
Жайлауын сұрап отырсың.
Халықтан шыққан данасың,
Бұл ісіңді қоймасаң,
Жұртта жалғыз қаларсың
Текедей кәрі тау асып.
 «Ей, Сарыбай, Сарыбай» деп басталатын сатиралық өлеңінің негізгі кредосы – осы шумақ. Жалпы, замандас болып жақсы қарым-қатынас жасап жүрсе де, атақты бидің қисық жерін түзету керегіне көңіл бөліп отырған. Кейіпкерге Сүйінбайдың сөзі жеткілікті әсер етті ме? Ол қаншалықты түзелді? Ол жағын нақты айту қиын. 
Бірақ кейбір ұнамсыз жайттардың болғанын ақынның өлең жолдары дәлелдейді. 
Айта кетерлік тағы бір нәрсе – Сарыбай да ру арасындағы тартыстарда шет қала қоймаған. Тіпті түрлі қақтығыстарға араласып отырған. 
Қайтыс болғаннан кейін де оның басына келіп айтқан сөзі аруақтың артынан қуып жеткендей әсер етеді. Сонда Сүйінбай былай деген екен:
Апыр-ау, мына жатқан Сарыбай ма?
Құрдасы Сүйінбайды танымай ма?
Абақ пенен Тарақты айдап жеп ең,
Басыңда шұбап тұрған малың қайда?
Ащы сарказммен айтылған шумақтарда қанша жанталассаң да, қанша ұрлық пен зорлық-зомбылық жасасаң да, тапқан мал-мүлкіңді о дүниеге алып кете алмайсың деген ишара тұр. Зорлық-зомбылығың ел аузында аңыз болып қалады, ал ешқандай мал алып кеткен жоқсың деп, ақын өлген кісінің өзін шенейді. Сөйтіп, келесі ұрпаққа: «Мұндай болмаңдар, бұл – қисапсыз тірлік, ертең Алланың алдында жауап беруге тура келеді. Тірлікте әлсіздің малын жемей, бір-біріңді демеп жүріңдер» деген тәлімді өсиет қалдырғанын аңғарамыз. 
Алматы облысының Жамбыл ауданында Қайназар, Сарыбай, Жамбыл облысының Қордай ауданында Ноғайбай атындағы елді мекендер бар. Бұлардың қай-қайсысы да – өз кезінде ел арасында аты шыққан адамдар. Халықтың құлағында қалған көптеген тәлім-тәрбиелі сөздері де аз емес. Бірақ жырларына қарағанда, осылардың әрқайсысы азды-көпті кемшіліктерден де құралақан қалмағанға ұқсайды. 
Мәселен, Қайназар деген кісі Ұзынағаш өңірінің атақты саудагер байы екен. Өзі Майтөбе жайлауының баурайын мекендеп, кедей халыққа арзан заттарын қымбатқа сатып отырған. Осы жағдай назарына іліккен соң, Сүйінбай Қайназарды да жайына қалдырмаған. Әркезде сынап, сатираның уытын төгіп баққан. 
Жалпы, ол кезде әділ би көп болғанымен, ішінара тіл шешендігін, ой көсемдігін пайдалана отырып, бас пайдасын ойлап, әділдіктен ауытқып кеткен кездері де кездессе керек. Батырбек деген биге арналған өлеңінде ақын былай дейді:
Еліңді қорашсынба, дәу Батырбек,
Көргем жоқ әлі ешкімнің ақысын жеп.
Даңкеуде, дом қабырға, қомпылдаған,
Жуантық кісі екенсің, ақылы жоқ.
Сондай-ақ Ноғайбай биді де Сүйінбай назардан тыс қалдырмаған. Әжептәуір дәлелді пікірлерді көлденең тарта отырып, сатираның сын садағын қадап өтеді. 
Қазақ пен қырғыз ежелден қоныстас, көршілес отырған, жайлауы да, қыстауы да ортақ халықтар. Бұлардың әлеуметтік-тұрмыстық мәселелері де ұқсас болып келген.
Қырғыздың атақты Шәбден Жаңатаев деген манабының есімі өз заманында екі елге де ортақ болып,  Алатау, Жетісу өңірінде де дүркіреп тұрған. Бір рет сол Шәбденнің қырыққа жуық жылқысын Сарыбайдың жігіттері қуып әкелді деген сөз бар. Бұл оқиға Сүйінбай жырының бір тақырыбына айналып, қатарлас биді сынауға себеп болған. 
Солардың арасында Үмбетәлі және Шарғын деген манаптар және олардың туыстары қарапайым халыққа бүйідей тигенге ұқсайды. Осыны естіп, біліп жүрген Сүйінбай туысқан қырғыз халқының мұң-мұқтажына үн қоспай отыра алмаған. Үмбетәлі және Шарғын деген манаптарды да сын садағына іліктіріп, сатиралық шығармаларына арқау еткені сондықтан:
Бұғы елін шауып, асыпсың.
Қыз-қатынын тұтқын қылып,
Ісіп-кеуіп тасыпсың.
Үмбетәлі, Шарғынның,
Бұғы бопты ермегі, – дейді Сүйінбай  ашына сөйлеп. Бұл арада Бұғы деген – сол елдің бір руының аты. 
Қырғыздан шыққан зорлық-зомбылық иелері Үмбетәлі мен Шарғынды сын садағына іліктіріп, қырғыз жұртының кедейлерінің мүддесін қорғауға атсалысады:
Қойға қасқыр шапқандай,
Үмбетәлі, Шарғынның жаулағаны өз елі, – дейді. Сөйтіп, зорлықшылардың әлеуметтік бейнесін ақын аяусыз шенейді. Тіпті беттерін жыр­тып, тыр­налай көрсетіп, пендешілік қалыптарынан хабар береді. Сондықтан бұл жөнінде қырғыздың қарапайым халқы да қазақ ақыны Сүйінбайға неғып разы болмасын. 
Қарап отырсаңыз, Сүйінбай Аронұлының өлеңдерінің тақырыбы – әділдікке қарсы күресу, қиянатқа, зорлық-зомбылыққа көнбеу, лажы келсе бай-манаптардың озбыр істерін беттеріне басып, әшкерелеп отыру. Осы арқылы әділеттілікке қол жеткізгісі келетінін байқау қиын емес. Қиянат көріп, жапа шеккен бұқараның сөзін сөйлейтін Сүйінбай өзінің қаруы – өлеңнің өткір сөздерін тек көркемдікті кестелеу арқылы ғана жеткізіп қоймаған. Ол жырауларға тән қоғамды кеңінен толғай отырып, тыңдаушыларға әсер ету үшін көркемдік құралдарды іріктей біледі. 
Билерді сынауға арналған өлеңдерінде қолданылған түрлі өткір метафоралар, эпитеттер тәрізді көркемдегіш құралдар да аз емес. Солар арқылы  кейіпкерлерінің образы да айқындала түседі. Жалпы, сөзбен сурет салу, сөзбен адамның ішкі әлемін жеткізіп көрсету шеберлік нышаны екені сөзсіз.  
Мұндайға шын мәнінде сөздің құнын білетін, сөз ұстаған шебер адамдар ғана бара алатыны белгілі.
Солардың ішінде жанрлық түрлерге де өзінің ықыласын аударып отырған. Мұндай жағдайда ақын қандай жанрға көбірек жүгінген деген мәселе көлденеңдеуі заңды. Қарап отырсаңыз, Сүйінбай Аронұлының шығармаларында көбірек орын алатын жанр – сатира, мысқыл және юмор. Сүйінбайдың сатирасы – ащы сатира. Адамның жанына батқан жағдайды қинала суреттейтін, ашына айтып тастайтын тіл сатираның ең бір өткір тұстарына жетелейді. Жай ғана айта салудың әсерлі шықпайтынын байқаған ол, неше түрлі формалық ізденістерге барғанын айтуымыз керек. 

Нұрдәулет АҚЫШ, 
М.О.Әуезов атындағы 
Әдебиет және өнер институтының 
бас ғылыми қызметкері

632 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз