- Таным
- 10 Ақпан, 2025
Сөйлеп тұрған Сауық ЖАҚАНОВА!

«Әлі есімде еркелікті күй ғып тартып,
Үй ішінде құмар ем билікке артық.
Бір күні әкем әкелген шопан тойдан,
Кішкентай транзистор сыйлыққа алып.
Радиоға кішкентай құлақ түріп,
Дәл табушы ем «Шалқарды» бұрап тұрып.
Радионың үнімен қанаттандым,
Алдыма асыл арман, мұрат қылып», – деп Әкірамұлы Серік Қалиев жыр толғайды. Ақынның бұл өлеңі радионың байырғы тыңдаушыларының көңіл пернесін дөп басқандай-ау. Себебі радио деген ұғым диктордың үні деген дүниемен астасып жататын.
«Құрметтеңдер жиырмасыншы ғасырды» деп Мұқағали ақын айтқандай, өткен ғасырдың өткелдеріне оймен көз салсаңыз, 100 жылдық тарихы бар Қазақ радиосы санаңызға сәулесін түсіретіні де рас.
Ахмет Байтұрсынұлы негізін қалап берген қазақ радиосы осы күнге дейін қаншама талантты елге танытты. Сүйегіне сөз қонған зергерлердің қатарында Сауық Мәсқұтқызы да бар. Дикторлық өнерімен радио арқылы Алашқа мәшһүр болған танымал диктордың ел ішінде «Радионың сандуғашы» деген аты бар. Бұл қарапайым халықтың сүйікті қызына деген шынайы құрметінің белгісі. 1945 жылдың ақпан айында, ақтүтек боранда Қарағанды облысының Жаңарқа топырағында кіндігі кесілген сәбидің аты да қазақы ырыммен қойылған. Соғыстан сансырап, жаны жүдеген жұрттың үміті еді бұл. Майдан даласынан жаралы болып, елге қайтқан жауынгер Мәсқұттың ағайындары «қашанғы қайғы жұтып, зар жылай береміз, шақалақтың болашағы жарқын болсын, бүгін бір қайғы-шерімізді ағытып, сауық-сайран құралық. Алдағы жарық күннің жолашарына балап, сәбидің есімін де Сауық деп қоялық деп бәтуаласқан деседі. Дәл сол сәтте сәби Сауықтың даңқты диктор болатынын ешкім де сезіп, білмеген еді. Алайда Жаңарқаның желі құлағына сыбырлап кеткендей, бесіктегі бала жөргегінен-ақ сезімтал болды. Анасы Зира Мақанқызы да қазақтың халық әндерін ерекше бір тебіреніспен айтатын-ды. Әлдиін тербеткендегі бесік жыры да бөбегінің зердесіне сол кезден-ақ мықтап орныққан секілді. Онымен қоса анасы айтып отыратын ескі әңгімелер де перзентінің жадында жадуалдай жатталып қалды.
Кіндігін кескен Еркінді ауылының топырағына аунап өскен өреннің өнерлі болмауға қақысы жоқ еді. Өздерімен көрші тұратын кәрі құлақ кісілердің барлығы да осы бір қызға айрықша көңіл бөлді. Тілі шығып, ес біле бастағаннан-ақ алуан түрлі аңыз-дастандарға, ертегі-әңгімелерге өзі де құмар болып өсті. Жаздың күні кешқұрым уақытта тіліне қызыққан көршілер Сауықтың айтқан өлең-тақпақтарына қол соғып, қошемет білдіріп, сәт сайын қанаттандырып отыратын. Үйге қымыз ішуге келген қарт кісілер тостағандағы өздерінің сарқытын ішіп қоятын қылықты балаға баталарын беріп, жолың ашық болып, жұлдызың биіктен жансын дейтін-ді.
Орта мектептің бастауыш сыныбына қабылдаған алғашқы ұстазы Мәжит Ақмағамбетов еді. Оқу-білімге алғыр шәкіртті мұғалімі де жазбай таныды. Барынша қолдау көрсетіп, талабын шыңдады. Әр сөзді мәнерлеп оқуды, ойын анық жеткізудің әліпбиін үйреткен Мәжит, Темір ағайлармен Мақан Қыздарбекова апайлардың есімі ұмытылмақ емес. Тіпті мектеп оқушыларының арасында әйгілі «Родина» әнін нақышына келтіріп шырқайтын Сауық Мәсқұтқызы болған. Елуінші жылдардың орта тұсында елдің көңілін көтеру мақсатында Қарағанды театрының әртістері гастрольдік сапарға жиі шығатын. Олардың өнерін тамашалаған бір топ бала әртістер кеткен соң далада өздерінше спектакль қойып, Қозы мен Баянды бала қиялдарымен қайталап қоятын. О, баста тұңғыш перзентіне Сауық деп есім берген ата-анасының арман-үміті алдамаған секілді. «Адам баласы неге жаратылса, соны ұштап, дамыту керек», – дейтін Ахаңның сөзі Сауық Жақановаға қаратып айтылғандай.
Әдебиетке қызығушылығы басым болса да инженер болуды армандайтын талапты шәкірт 7-сыныпта Алматыға ауысып, Астанадағы №12 жалғыз қазақ орта мектебіне қабылданды. Бұл мектепте білікті ұстаз, Ленин орденінің иегері Әлия Дүйсенова әдебиеттен сабақ берді. Әдеби шығармаларды дауыстап оқудың тәсілін үйретудегі Әлия Дүйсенованың да еңбегі айрықша. Ол кісі 90-ға келіп дүниеден өтті. Орыс тілі пәнінің оқытушысы Рафиха Нұртазина да С.Жақановадай оқушысына ерекше ықыласты болды. Осындай нағыз ұстаздардан тәлім алған Сауық Мәсқұтқызы Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түсіп, еңбек жолын Қазақ радиосынан бастады. Дикторлыққа байқау жарияланғанын жездесі радиодан естіп қалып, «сол байқауға сен де барып бағыңды сынап көр» деп балдызына кеңес береді.
Қазақ радиосының қарлығашы Мина Сейітова бастаған комиссия құрамында Қатира Әзімбаева, Шәрипа Бисекеева, Жаңыл Біржанова, Жәнел Асқарова, Сара Омарқоджаева секілді дикторлар мен режиссер Құмарбек Сыдықов та бар еді. Олардың әрқайсысы өз ісін жетік білетін жан еді. Өзі әдемі, әдебі де, ар-ибасы мен сөйлеу қағидасы да көңілдерінен шыққан үміткерді сыннан сүріндірген жоқ. Дауыс ырғағына тамсанды, қатарларына қосып, құшақ жая қарсы алды. Сөйтіп, Қазақ радиосының дикторлығына қабылданған Сауық Жақанованың бар ғұмыры эфирге байланды. Радио оның екінші үйіне айналды. Атқан таң, батқан күнде дауылпаз диктор Әнуарбек Байжанбаевпен бірге «Соңғы хабарларда» сөйлеп тұрды. Сауықтың әуезді үні тыңдаушылар көңілін тербеп тұрды. Хабар аяқталған соң Әнекеңнің «Сауықжан, бір әріпін де қисайтпай оқып шықтық-ә» дейтін бір ауыз сөзінің астарында қаншама мағына жатыр десеңізші.
1966 жылы құрылған «Шалқар» редакциясының жетекшісі Сәркен Оспанов:
«Еңсеріп елу Сауық қыз,
Ағаңдай алпыс асыңыз,
Алдамшы өмір сақ болғай,
Қырбақ қар үсті, асты мұз.
Аяулым едің сыйлаған,
Өкпеге ешбір қимаған.
Ризамын қалқам тарта бер,
Ырзықпен тағдыр сый алдан.
Әзәзіл іске бармадың,
Мысқалдап жидың беделді,
Әумин дейік Алланың,
Мол болсын алда берері», – деп Сауық қарындасы 50 жасқа толғанда жүрек жарды лебізін арнаған еді. Сауық Жақанованың тағы бір әріптесі, радио ардагері Тұрғынбек Шопанов:
«Насихат та» ұнатады Сауықты,
Ал Сауықсыз «Ұшқынға» тым қауіпті.
Деп жүргенде қаршыға көз қарғамды,
Отанының бір ордені тауыпты.
Үкі көздер жасқанады жарықтан,
Көрсоқырлар Сауықжанға жауықты», – деп ілтипатын өлең жолдарымен жеткізеді.
Жастық жігерін жалау етіп, 45 жыл қазақ радиосының қазанын қайнатып, соғымның сүр етін сақтағандай, тыңдаушысына сүбелі сөзден сый ұсынып, елдің ақ батасымен көгеріп, шын жанашыр жандардың шапағатына бөленіп, сөз өнерінің сандуғашына айналған Сауық Жақановаға қазақтың көрнекті ақыны Кеңшілік Мырзабеков «Соңғы Хабар» атты өлеңін арнаған:
Сауық диктор оқиды соңғы хабар,
Не айтар екен, япыр-ай, мен қуанар.
Мен қуанар, менімен ел қуанар,
Сауық диктор оқиды соңғы хабар!
Бір жаңалық айтады Сауық қазір,
Қуанышқа боламыз қарық қазір.
Сауық диктор, сен неткен бақыттысың,
Дауысыңды таниды халық қазір.
Дауысыңды таниды халық қазір,
Даусыңа қуанып қалып та жүр.
Ән айтпадым деме сен, ән айтпай-ақ,
Атақтысың талайдан анық қазір.
Ән деген не?...
Әуелі сөзі болмай,
Сөз деген не?
Салмағын сезіп алмай,
Сол екеуін сарапқа сала алар ма ең,
Сауық, сен сезіміңнің тезіне алмай.
Сауық, сен сезіміңнің тезіне алмай,
Соңғы хабар оқыр ма ең сезіне алмай,
Соңғы хабар күтеміз сағат сайын,
Қонақ күткен адамдай көзін алмай.
Бұл өлеңнен диктордың ішкі жан дүниесін көресіз. Сөз сиқырының тереңіне үңілесіз. Ақын жырын оқып отырғанда радио қабылдағыштан Сауық апайдың сазды үні еміс-еміс естіліп тұрғандай күй кешесіз. Өз ісінің шыңына шыққан нағыз еңбек адамының бақыты ғой бұл!
Сексеннің сеңгіріне аяқ басқан Сауық Жақанова оқыған ертегілер мен әдеби хабарлар радио арқылы әлі талай жас буынның жүрегіне жол тарта бермек!
Бақыт ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Шалқар» радиосының
аға редакторы

588 рет
көрсетілді0
пікір