Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 26 Ақпан, 2025

Есей Жеңісұлының жаңа жыр жинағының тұсаукесері өтті

Қазақ руханияты тағы бір жаңа туындымен толықты. Бүгін Алматыда А.П. Чехов атындағы қалалық кітапхана төрінде танымал ақын, белгілі спорт комментаторы, республикалық “Ақ желкен” журналының бас редакторы Есей Жеңісұлының үшінші жыр жинағы «Көкжиектің арғы жағы - Әлем” атты жаңа кітабының тұсаукесері өтті.

Шараға кино және театр актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Омар Қиқымов, “Үркер” журналының бас редакторы Жарас Сәрсек, ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлы, жазушы, сатирик Қанат Әбілқайыр, жазушы Ырысбек Дәбей, Түркітілдес журналистер одағының президенті Нәзия Жоямергенқызы, “Балдырған” журналының бас редакторы Ерғали Бақаш, әдебиеттанушы Ақбота Абиыр, БАҚ өкілдері, кітапхана ұжымы мен жоғары оқу орындарының студенттері, ақынның туыстары және басқа да жырсүйер қауым қатысты.
Есей Жеңісұлының есімі қалың оқырманға оның бұған дейін жарық көрген «Бір жарық», «Сендер бәрің жақсысыңдар, адамдар!», «Мынау ғазиз дүние», «Шуақ» секілді кітаптары арқылы жақсы таныс. Ақынның бұл жолғы еңбегі кейінгі жеті жыл ішінде көңілге түйген ішкі толғаныстарының жемісі.

«Көпшілік ақын-жазушыларды жазғырғыш келеді. Қоғамда болып жатқан дүниелерге үн қатпайды дейді. Осы кітаптың бетінде сол уәжге жауап бар. Жинаққа менің «Уақыт жырлары» дейтін топтама өлеңдерім кірді. Онда Жаңаөзен оқиғасынан бастап, киік қырылған кезең, Арыстағы жарылыс, су тасқыны, Украинадағы соғыс, пандемия, қаңтар оқиғасы секілді барлық қоғамдағы елеулі оқиғаларға өлеңдерім арқылы үн қосуға тырыстым. Ақындарды жазғыруға болмайды. Кереғар пікірді тек ақынның шығармасын  оқымағандар ғана айтады. Кітаппен танысқан әрбір адам соңғы жеті жылда қандай ғұмыр кешкенімді, не ойлап, не түйгенімді толық сезіне алады деп ойлаймын», - дейді Есей Жеңісұлы.

Алғаш рет кітабының тұсаукесерін алып шаhар Алматыда өткізіп отырған автордың замандастары әдеби жиын барысында ақынның еңбегіне баға беріп, жаңа кітапқа қатысты жылы лебіздерімен бөлісті.

 «Кітап - қаламгер үшін ішінен шыққан перзенті іспеттес. Бұл ақын үшін қуаныш пен зор еңбек. Бірақ кейде сол еңбекпен келген рухани дүниені оқымай да қор қыламыз. Сондықтан мен оқырман қауымға жаңа кітапты оқуға кеңес беремін. Жазу оңайлықпен келмейді. Мен жазуды Жаратқанның берген сыйы деп білемін. Есейдің жаңа кітабы оның ерекше ой өрісінің жемісі. Оқырмандарыңды жақсы дүниелеріңмен қуанта бер», - деді кеш қонағы, кино және театр актері Омар Қиқымов.

«Өлең негізі жалғыздықтың туындысы. Адам өзін жалғыз сезінгенде қаламға жүгініп, бар сырын ақ қағаз және қаламмен бөліседі. Есей бүгін жеті жылдан кейін оқырманға жаңа кітабын тарту етіп жатыр. Ақын бауырыма айтарым, әдемі әлемің ешқашан кірлемесін», - деді ақын Жарас Сәрсек.
Әдеби кештің тағы бір ерекше қонақтары Алматы облысы, Кеген аудандық Мәдениет үйінің директоры Ернат Ысқақ пен белгілі журналист, PR маманы Ербол Азанбек ақынның туып-өскен мекені Кеген ауданының әкімі  Нұрбақыт Молдахметұлы Теңізбаевтың Есей Жеңісұлына арнайы жолдаған құттықтау хатын табыстап, иығына шапан жапты. Сондай-ақ, рухани  жиынға келген жастар жағы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, жиналған дүйім жұрт естелік суретке түсті.

«Алдарқатса бір-ақ сәттік әуен,

Адам деген тар қалыпқа сыяр.

Көкжиектің арғы жағы – әлем,

Кеңістіктің арғы жағы – қиял» деп жырлап, кеңістікті кеңінен ұғынуға ұмтылған ақынның жаңа жинағына «Уақыт жырлары», «Анам жайлы жырлар», қасиетті Меккеге сапарынан «Мекке жырлары» атты өлеңдер топтамасы мен кейінгі жылдары жазылған өміршіл, адамдарға үндеу тақырыбындағы өлеңдері енді.

Жаңа кітап «Абай» баспасынан - 2000 данамен жарық көрген.

Гауhар  ТҮСТІКБАЕВА

"Қазақ газеттері" ЖШС

1551 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз