Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 28 Ақпан, 2025

Әрбір бесінші түлек мамандық бойынша жұмыс істемейді - Сенат төрағасы

Бүгін Сенатта «Еңбек адамы – ұлттық экономиканың өсуі мен ел өркендеуінің негізі» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өтті. Отырыс барысында қатысушылар мүдделі тараптармен бірге күн тәртібіне шығарылған мәселелерді талқылады. Сондай-ақ іс-шарада жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға, еңбек адамдарын қолдаудың арнайы бағдарламаларын әзірлеуге және жұмыс берушілердің кадр даярлау процесіне қатысуын кеңейтуге қатысты маңызды ұсыныстар айтылды.

Мәулен Әшімбаев өз сөзінде Мемлекет басшысы 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялап, алдағы кезеңге арналған нақты міндеттерді белгілеп бергенін атап өтті. 

Сонымен қатар Палата Спикері білікті мамандарсыз экономикалық өсуді, әлеуметтік тұрақтылықты және серпінді дамуды қамтамасыз ету мүмкін емес екеніне назар аударды. Сондықтан кадр даярлау мәселесін жаңа деңгейге көтеріп, тұрақты және бәсекеге қабілетті экономика қалыптастыру аса маңызды 

«Қазір кәсіпорындарға білікті мамандар жетіспей жатқаны белгілі. Соған қарамастан, көптеген жас кадрлардың жұмысқа орналаса алмай жүргені де жасырын емес. Тіпті, әрбір бесінші түлек мамандық бойынша жұмыс істемейді. Сондықтан қазір жоғары оқу орындары мен техникалық және кәсіптік оқу орындарының бағдарламаларын қайта қарап, оларды икемді етіп, экономиканың бүгінгі және алдағы уақыттағы қажеттіліктеріне бағыттау қажет. Жұмысшылар табысының тұрақты өсуіне жағдай жасайтын өндірістік көрсеткіштерді жақсартуға баса мән берген жөн. Соның ішінде заманауи технологияларды енгізудің және цифрландырудың мәні зор. Осы саладағы маңызды міндеттердің тағы бірі – өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Бұл ретте Парламент депутаттары тиісті заңдарды уақтылы қабылдап келе жатқанын айта кеткен абзал. Сондай-ақ заңнамалардың орындалуын бақылауды күшейту, алдын алу шараларын кеңейту және жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру қажет», – деп, Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта да Парламент қажетті бастамаларға заңнамалық қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Парламенттік тыңдау барысында сенаторлар сарапшылармен, халықаралық ұйымдар және бизнес өкілдерімен бірге еңбек адамдарын қолдауға арналған мамандандырылған бағдарламалар әзірлеу мәселесін талқылады. Бұл бастама кадрлар, жұмыс берушілер және білім беру ұйымдары арасындағы байланысты нығайтуды көздейді. Талқылау кезінде колледждердің қызметіне қатысты түйткілдерді бірлесіп шешу, бизнеспен бірге техникалық және кәсіптік білім беруді трансформациялау, цифрлық экономика дәуіріндегі еңбек нарығының сын-қатерлерін еңсеру, сондай-ақ, тау-кен-металлургия кешеніндегі еңбек ресурстарын дамыту стратегиясы туралы сөз болды.

548 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз