- Безбен
- 07 Наурыз, 2025
Мәжілісте «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясындағы импорт алмастыру мәселелері талқыланды

Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінде «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ-ның тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді сатып алудағы импорт алмастыру мәселелеріне қатысты отырыс өтті.
«ҚазМұнайГаз» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасеновтың айтуынша, 2024 жылы компанияның тауарларды жергілікті қамту үлесі 49 пайызды, ал жұмыстар мен қызметтер үлесі 89% құраған. 2024 жылы жалпы сомасы 385 млрд теңгеге тауарлар сатып алынды, оның ішінде отандық өндірістегі тауарлар 277 млрд теңге немесе 72% құрады. Ұзақ мерзімді келісімшарттар бойынша жеткізілген тауарлардың көлемі 112 млрд теңге немесе 41% болды.
Оның сөзінше, қазіргі уақытта жалпы сомасы шамамен 62,5 млрд теңгені құрайтын 344 оффтейк-келісімшарт жасалған. Бұл 1 мыңнан астам жаңа жұмыс орны мен 36 жаңа өндірістің ашылуына мүмкіндік берді.
Энергетика вице-министрі Арымбек Құдайберген министрлік алдағы уақытта да «ҚазМұнайГаз», «PSA» ЖШС және IMBC компанияларымен бірлесіп, мұнай-газ саласы үшін қажетті өндірістер мен технологияларды оқшаулау, сондай-ақ тауарлар, жұмыстар мен қызметтер жеткізушілерімен ұзақ мерзімді келісімшарттар және оффтейк-келісімдер жасау жұмысын жалғастыратынын айтты. Сонымен қатар геологиялық барлау мен жаңа кен орындарын игеруге инвестиция тарту басты басымдықтардың бірі болып қала береді.
Өз кезегінде, «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлан Шәріпов «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуларында отандық тауар өндірушілерді қолдау жөнінде айтты.
Талқылау барысында депутаттар мұнай-газ саласындағы мемлекеттік сатып алуларда рейтингтік-балдық жүйені енгізу, тендерлік лотты бірнеше қатысушы арасында бөлу мүмкіндігі, өндірушілердің отандық үлесіне байланысты сараланған сатып алу жүйесін енгізу сұрақтарын алға тартты.
Осыған байланысты ҚМГ басшысы «Самұрық-Қазына» АҚ-ның сатып алу тәртібіне бірқатар өзгерістер енгізуді, сондай-ақ отандық баға белгілеуді одан әрі дамыту және қазақстандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатымен «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» заңға түзетулер енгізуді ұсынды.
Осы айтылғандардың маңыздылығына тоқталған Еділ Жаңбыршин отырысты қорытындылай келе, «Самұрық-Қазына» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі мен Қаржы министрлігіне тиісті ұсыныстарды жариялады.
Фото: t.me/mazhilis_kz

553 рет
көрсетілді0
пікір