Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 09 Наурыз, 2025

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ: ата-анаға қажет мағлұмат

«Ақиқат» журналы бұдан бұрын инклюзивті қоғам тақырыбына «Инклюзив иірімдері немесе шексіз мүмкіндікке ие балалар», «Балабақшадағы инклюзия» тақырыптарымен материалдар дайындаған болатын. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың жылдан жылға көбеюіне байланысты инклюзив білім беру саласындағы мамандарға сұраныс артып келеді. Бұл өз кезегінде психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес (ПМПК) пен педагогикалық-психологиялық түзету (коррекциялық) кабинеттерінің де (ППТК) қажеттілігін арттырды.

Осы тұрғыда біз Қазақстанның ең үлкен қаласы Алматыда қанша ПМПК мен ППТК бар екенін, олардың жұмыс істеу жүйесін білу үшін Алматы қаласы Білім басқармасы Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің Бас маманы Әсел Қазбекқызына бірнеше сұрақ қойдық.

– Алматы қаласында қанша ПМПК бар? Оларда барлығы қанша маман жұмыс істейді? Бұл ПМПК-лар Алматы қаласының тұрғындарын толық қамти ала ма?

– Алматыда 9 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес (ПМПК) жұмыс істейді. Стандарт бойынша бір ПМПК 50 мың балаға қызмет көрсетуі тиіс, бірақ Алматының тұрғын саны 2 миллионнан асатынын (оның ішінде балалар саны 693 720) және тіркеусіз тұратын адамдардың да бар екенін ескере отырып, аудандарда барлық мұқтаж балалар үшін ПМПК қызметкерлерінің штаты кеңейтілген. Қазіргі уақытта 9 ПМПК-да 98 маман жұмыс істейді.

– Жалпы ПМПК-ның жұмыс істеу жүйесі не нәрсеге негізделеді. Ата-аналар ПМПК-ға байланысты нені білуі керек?

– ПМПК – баланың дамуын, психологиялық-педагогикалық аспектілерін кешенді бағалауды қамтамасыз ететін мекемелер. ПМПК мамандары балаларды оқыту мен дамыту бойынша диагностика және ұсыныстар әзірлеу үшін Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы ұсынған стандартты әдістер мен құралдарды пайдаланады. Ата-аналар ПМПК-ге хабарласу оңтайлы білім беру шарттарын анықтау және баласына қажетті түзету қызметтерін алудағы маңызды қадам екенін білуі керек.

– Ата-аналар ПМПК-ға кезек өте көп дейді. Мұндай мәселе шынында бар ма, болса қалай шешіліп жатыр?

– Жыл сайын ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар саны артып келеді, сәйкесінше тексеруге мұқтаж балалар саны да көп. Кезектілікті төмендету үшін 2024 жылы Алматы қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 18 қыркүйектегі № 3/505 қаулысымен Алатау ауданында психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (ПМПК) және Алатау және Түрксіб аудандарында екі түзету кабинеті (ППТК) ашылды. Сонымен қатар, ПМПК қызметкерлерінің штаты кеңейтілді.

– ПМПК статистикасына сәйкес Алматы қаласында қазір психикалық дамудың тежелуі (ЗПР орыс тілінде), сөйлеу дамуының кешігуі (ЗРР орыс тілінде) қорытындысы берілген қанша бала бар?

– 2025 жылғы 1 қаңтардағы статистикалық деректер бойынша: психикалық дамудың тежелуі – 6083 бала; сөйлеу дамуының кешігуі – 2089 бала.

– ПМПК қорытынды берген балалар түзету орталықтарына жіберіледі. ПМПК мен түзету орталықтарының арасындағы ресми қарым-қатынас жүйесі қандай? Сіздер берген жолдамамен түзету орталықтары тегін қабылдай ма? Қалада тегін қызмет көрсететін түзету орталықтарының саны қанша?

– ПМПК диагностика жүргізеді, оқу формасы бойынша ұсыныстар береді және оқу бағдарламасын анықтайды. Балаларды анықталған бұзылыстарға байланысты түзету кабинеті (ППТК), арнайы балалар бақшалары және арнайы мектеп-интернаттарға кезекке қоюды жүзеге асырады. Алматы қаласында 10 КППК, 28 жеке коррекциялық орталық (мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша жұмыс істейтін) бар, олар ПМПК қорытындысы және жеке кабинет арқылы arkomek.bilimalmaty.kz порталында алынған жолдама бойынша тегін коррекциялық қызметтер ұсынады.

– Осы мәселемен бетпе-бет жұмыс істеп жүрген маман ретінде сіз қандай мәселе шешілуі керек деп санайсыз?

– Осы мәселемен шынында бетпе-бет жұмыс істеп жүрген маман ретінде Алматы қаласы бойынша ПМПК және КППК жұмысын жақсарту үшін мынадай ұсыныстар айтар едім:

Ата-аналарды ПМПК және ППТК өтініш беру процедураларымен үнемі хабардар ету және олардың аса қиын емес, қол жетімді қызметтер екенін жиі-жиі айту.

Қажетті көмекті уақтылы көрсету үшін ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды ерте анықтау және қолдау жүйесін әзірлеу. Бұл шаралар жүйенің тиімділігін арттыруға және арнайы білім беру қызметтерін қажет ететін балаларға дер кезінде қолдау көрсетуге мүмкіндік береді.

– Алматы қаласында тегін қанша коррекциялық орталық бар? Онда мамандар жеткілікті ме?

– Алматы қаласы бойынша 10 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері және мемлекеттік тапсырыс бойынша 28 түзету орталықтары тегін көмек көрсетеді. Барлық түзету орталықтары толығымен мамандармен қамтылған.

– Оларға жолдама берілген бала саны қанша? Ақылы орталықтардың саны қанша екені сіздерге белгілі ме?

– Жолдаманы ата-аналар arkomekbilimalmaty.kz порталы арқылы алады. 2024 жылы жолдама алған бала саны 3449. Ақылы орталықтардың саны көп, олардың нақты саны туралы Білім басқармасында ақпарат жоқ.

– Олар мемлекеттен қаражат алып тегін негізде қызмет көрсете ала ма?

– Мемлекеттік тапсырыс бойынша 28 орталық қазіргі таңда жұмыстарын атқарып, балаларға тегін көмек керсетіп келеді.

– Тегін орталықтарда логопед, дефектолог т.б. мамандар жеткілікті ме?

– Барлық орталықтарда мамандар толығымен қамтылған.

Жоспарлы жүктілік

жауапкершілік белгісі

ПМПК қорытындысын алған балаларға көмекке келетін ең алғашқы маман логопед. Біз әңгімелескен логопед Алматы қаласы Түркісіб ауданына қарасты «Жас қанат» ықшам ауданындағы №187 бөбекжай-балабақшасының логопед маманы Мақпал Байшалова ханым ПМПК қорытынды берген сөйлеу тілінің әртүрлі деңгейіндегі 12 баламен жұмыс істейтінін айтады.

«Сөйлеу тілінің баяу дамуы деген қорытынды сөздік қоры өзінің жасына сай емес, баяу дамып келе жатқан балалаларға беріледі. Көбіне ол дислалия балалаларда кездеседі. Дислалия дегеніміз, есту қабілеті мен сөйлеу аппараттары қалыпты жетілсе де дыбыстардың дұрыс айтылмауы. Жалпы бала патологиясыз өмірге келуі үшін ата-ана жүктілікті дұрыс жоспарлап, созылмалы аурулары болса, оларды емдеп, ағзасындағы дәрумендердің мөлшерін анықтап аз болса қалпына келтіруі керек. Бала гипоксия, асфексиямен, кіндігі мойынына оралып туса, жүктілік кезінде анасының қаны аз болса ол міндетті түрде балаға әсер етеді. Сол үшін баланың денсаулығы жақсы болсын деген ата-ана бала өмірге келгеннен кейін емес, балалы боламын деп жоспарлаған кезден бастап ойлануы керек. Жүктілік кезінде анасы жеген тағамдардың да бала саулығына әсері көп. Сол себепті жүкті келіншектер жеген тамағына, ішкен сусынына да мұқият мән беруі керек.

Ал, бала дүниеге келгеннен соң, оның даму физиологиясын жақсы біліп, дамуын қадағалау керек. Қайда жүрсе де, баламен сөйлесіп, сұрақ қойып оған міндетті түрде жауап алуы керек. Белгілі бір жаста бала өзіне-өзі қызмет ете алуы керек, тамағын өзі жеп, киімін өзі киіп үйрену керек. Қазір гиперопека көп, ата- анасы баланы киіндіре салады, қолын созса затты бере салады. Ата-ананың бұл «қамқорлығы» баланың әлеуметтенуіне кедергі болады. Баланы әлеуметтендіру керек.

ПМПК қорытынды берген балаларға мамандардың көмегімен қатар ата-ананың көмегі зор. Оларды қатарға қосудың ең тиімді жолы тәртіп пен режим (дисциплина), одан кейін ата- анамен тұрақты қарым-қатынас. Ата-ана баланың мамандар берген тапсырманы орындағанын қатаң қадағалап, үнемі көмектесіп отырғаны жөн.

Сөйлеу тілінің баяу дамуы көбіне баланы сөйлетпегеннен болады. Ешкім үйретпеген соң заттың атын білмейді. Бұл негізі ата-ана қатты қорқатын қорытынды емес. Логопед маман тұрақты жұмыс істегенде мұндай балаларды 1-3 ай аралығында сөйлетуге болады. Дислалияның жеңіл, күрделі, қарапайым деген бірнеше түрі бар. Күрделі дислалия қорытындысы қойылған балалармен жұмыс 1 жылға дейін созылады. Бұл да баланың қабылдауына байланысты. Жалпы сөйлеу тілінің дамымауының тағы бір себебі баланың ағзасында дәрумендердің аздығы.

Психикалық дамуы тежелген балалардың да деңгейі әртүрлі. Олар бастауыш сыныпты көмекші мектепте және жалпы орта мектептің инклюзив сыныптарында оқып бітірген соң кәдімгі орта мектептерде оқуға жолдама алады».

Маман бір сөзінде сөйлеу тілінің дамымауы мен психикалық дамудың тежелуі (одан басқа да) қорытындысы берілген балалардың 2019-2020 жылдардан кейін көбейіп кеткенін айтады. Ол 2019 да тараған коронавирустың әсері болуы да мүмкін. Бір анығы, әр адамның ағзасы өз алдына бөлек құрылым болғандықтан әр балаға берілген қорытындының деңгейіне қарай себебі де әртүрлі болатыны.

Бұл ата-ана болуды жоспарлаған адамдардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі жақсы тәрбиеден бұрын жоспарлы жүктілікке негізделуі қажет екенін ескертеді.

Дайындаған

 Назым ДҮТБАЕВА

«Aqiqat»

1536 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз