Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 10 Наурыз, 2025

Фотоөнердің арулары

Фотоөнер ерекше қабілет пен ұшқыр қиялды талап етеді. Көздің жауын алатындай, биік талғамға сай сурет түсіру – машақаты мол жұмыс. Осындай жауапкершілігі зор істі ерлер ғана емес, нәзік жандылар да атқарып жүр. Кейінгі кезде фотоаппарат арқалаған арулардың да саны артып келеді. Солардың бірі – Әйгерім Бегімбет пен Сәбина Әбдімәлік. 
Бұл екі ару жуырда шалғайдағы ауылдарды аралап, ауыл мектептерін, ауылдағы балалардың білімге ынтасын байқап, мектеп ұжымының жағдайын көзбен көріп қайтқан. Көрген-білгенін фотоаппаратқа түсіріп, суреттегі әр кейіпкердің бейнесін қас қағым сәтте бір суретпен беруге тырысыпты. 

 

Шалғайдағы өркениет

Алматыдағы «ÓzgeEpic» креатив ха­бында «Ауыл мектебі» фотокөрмесі ашылды. Бұл – еліміздегі ауыл мектебіне арнал­ған алғашқы көрме. Фотокөрме өңірлердегі білім ошақтарының жаңа технологияларды игеруін, бәсекеге ұмтылысын, елді мекеннің дамуына тигізген әсері мен жергілікті тұрғындардың болмысы мен күнделікті тіршілігін айшықтайды.
Көрме «ÓzgeEpic» креатив хабының бастамасымен әрі ұйымдастыруымен және Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры қолдауымен жүзеге асқан. Жоба кураторы Тоғжан Құрманжанқызының айтуынша, бір қарағанда фотосуретте ешқандай айырмашылық жоқ болуы мүмкін. Бірақ бұл – білім ошақтарының жаңа технологиярды игеруін, бәсекеге ұмтылысын, елді мекеннің дамуына тигізген әсері мен жергілікті тұрғындардың болмысы мен күнделікті тіршілігін айқындайтын көрме. 
– Ó«ÓzgeEpic» креатив хабы 2019 жылдан бері жұмыс істейді. Осы жылдан бастап мәдениеттің барлық саласы бойынша, театр, әдебиет, музыка, көркемөнер, көркемсурет – барлық сала бойынша маманданған. Музыкадағы жаңа бағыт бойынша осында концерт өткіземіз. Көрмедегі білім ордасы –Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Әлихан Бөкейхан атындағы мектеп. Бір қарағанда қаланың мектептерінен еш айырмашылығы жоқ. Бірақ бұл шалғай ауылда, өркениеттен алыстау жатса да, барлық адам сол мектепке барғысы келеді. Өйткені ол жерде жаңа технология бар. Ол жерде интернет, әлеммен байланыс бар. Осындай мектептерді елге таныстыру үшін шығармашылық топ құрдық, ол топқа белгілі фотографтар Әйгерім Бегімбет пен Сәбина Сәбина Әбдімәлік алдық. Біз бір ай шамасында осы Ә.Бөкейхан атындағы мектепке барып, әбден зерттедік. Таңертең балалармен кіріп, кешке бірге шығамыз. Мұғалімдермен, оқушылармен әңгімелесеміз. Өте қызық оқиғалар бар. Бұл мектептегі балалардың қаладағы оқушылардан айырмашылығы жоқ. Олар ағылшын тілінде сөйлейді, технологиялық мүмкіндіктердің бәрі жасақталған. Барлық бала ғалым болғысы келеді. Армандары ауылға байланыс­ты. Балалардың бәрі елге қызмет етіп, ауылды көркейткісі келеді. Көрмедегі әрбір кейіпкердің өзіне тән үлкен оқиғасы бар», – деді Тоғжан Құрманжанқызы.
Фотограф Әйгерім Бегімбет осы мектепте өзіне ұнаған екі кейіпкерді ерекше таныстыруды жөн көрді.

Кәсібіне адал жандар

– Бірінші кейіпкерім – Шынар апай Оразымбетова, бұл кісі бастауыш сынып балаларына дене шынықтырудан сабақ береді. Шынар апай бала кезінен спортқа жақын болып өскен, әртүрлі спортпен айналысқан. Мектеп бітіргеннен кейін де спорт саласына барғысы келген. Бірақ ауылдағы ата-анасы «ертең сен тұрмысқа шығасың, барған жеріңде жұмыс табылмайды, қыз баласына лайық жұмыс таңда» деп, бұл кісіні дәрігерлік оқуға түсіреді. Содан кейін ұзақ жылдар бойы медбике, фармацевт, лабораториялық жұмыстар атқарады да, жасы 40-тан асқаннан кейін ойлана бастайды. «Менің бүкіл өмірім өз арманымнан алыс өте ме, менің бала кездегі арманым мен мақсатым қайда, өз қалауымды жасап жүрмін бе?» деп ойланады. Содан кейін бәрін тастап, 42 жасында Тараздағы университетке дене шынықтыру факультетіне оқуға түседі. 46 жасында қолына диплом алып, осы мектепке жұмысқа барған. Бүгінде 10 жылдан бері балаларға дене шынықтырудан сабақ береді. Бір қызығы, Түркістандағы «Ауыл мектебі» көрмесінің ашылуына осы мектептен бір топ мұғалім келді. Ішінде Шынар апай да бар. Мен осылай апайдың өмірбаянын айтып жатсам, қасындағы әріптесі ол кісінің арманына қандай жолмен келгенін білмейді екен. «Осынша уақыт бойы бұл оқиғаңызды айтпағансыз, біз неге білмегенбіз» дегенде, апай күліп, әріптестерінің көпшіліктің алдында, осындай үлкен деңгейде білгенін қалағанын айтты, – деді Әйгерім Бегімбет.
Фотографтың екінші кейіпкері – Еркегүл апай, жалпы еңбек өтілі 30 жыл, кітапханашы болып істейді. Ол он жылдан бері Жамбыл облысы Жуа­лы ауданы Б.Момышұлы ауылындағы Әлихан Бөкейхан атындағы №15 тірек мектеп-лицейінде кітапханашы. 
– Еркегүл апай кітапханашы болып келгенде білім ордасында кітап қоры өте аз болған. Ол «балалар оқысын» деп, аудандық кітапханадан және көрші ауылдың кітапханасынан өз атына кітап жаздырып алып, өзі кітап тасыған. Сөйтіп, балаларды оқытқан. Әрине, бүгінде мектептің кітап қоры үлкейді. Қазір білім ордасында 41 мыңнан астам кітап қоры бар. Оның үш мыңы әдеби оқулық. Біз барған кезде отандық баспалардың соңғы шыққан кітаптары сөреде тұрды. Апайдың қуана бөліскен жаңалығы, сол кездегі кітап тасып оқытқан балалары қазір сыйлыққа міндетті түрде әдеби кітаптар әкеледі екен, – деді Әйгерім Бегімбет.
Шығармашылық топтың тағы бір мүшесі, фотограф Сәбина Сәбина Әбдімәлік қазіргі балаларға барлық жағдай жасалғанын айта келе, жоба ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
– Фотоөнер саласына хобби ретінде келгенмін. Қазір деректі форматқа көшіп жатырмын. Осы жобада көп адамды кездестірдім. Оларды суретке түсіріп, етене жақын болып кеттік. Өзім де шағын ауылда өстім, 9 жылдық мектепте оқыдым. Бірақ мектеп бітіретін кезде бізге ғимарат салып берді. Жаңа техника, компьютер бар, бірақ ешқайсысын пайдаланбайтынбыз. Қазір қуанып тұрмын, балалар жаңа, заманауи технологияларды емін-еркін қолданып жүр. Олар ғылымға, жаңашылдыққа ерте бастан бет бұрады. Мүмкіндігі зор. Осындай жылы, жағымды жаңалықтарды өзіміз көзбен көрдік. Енді біз оны халыққа жария етіп жатырмыз, – деді Сәбина Әбдіхалық.
Айта кетейік, бұл жобаны қолдау­шы – Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры. Қордың тарихы 2019 жылы кәсіпкер Серік Толықпаевтың бастамасымен ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту қоры құрылған кезде басталады. Ол ауылдағы өмірді жақсарту мақсатында елдің бей-жай қарамайтын азаматтарын жинаған. Ал бірінші өңір кәсіпкердің туған жері Қатонқарағай ауданы болды. 
2019 жылы Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қоры мен Назарбаев Зияткерлік мектептері «Powered by NIS ауылдық мектептері» жобасын іске қосты. Жоба ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім беру сапасындағы алшақтықты азайтуға бағытталған. 
Ал 2022 жылғы 14 шілдеде «Қазақстан халқына» қоры, Білім беру саласын тұрақты дамыту қоры және «Назарбаев Зияткерлік мектептері» АҚ арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды, оның шеңберінде «Ауылдық жерлерде тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық жобасына 4,25 млрд теңге көлемінде грант бөлінгенін айта кетейік.

Ақбота МҰСАБЕКҚЫЗЫ, 

«Ana tili

1721 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз