Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 11 Наурыз, 2025

Еңбегі ерен еріктілер

Қоршаған ортаны қорғау жолында атқарылатын еріктілер қызметі қазір танымал бола бастады. Еріктілер қызметінің бұл түрі бірнеше бағытта жүзеге асады. Бір бағыты өсімдіктер мен жануарлар дүниесін сақтаумен айналысса, екіншісі қала тазалығы мен қоршаған ортаны күтімелдеуге негізделеді. Енді бірі ұлттық саябақтарға апаратын және туристерге арналған экологиялық соқпақтарды салуға үлес қосады.

Соның бір көрінісі ретінде 22-23 қаңтар күндері Алматыда жауған қалың қардан кейін қала тұрғындары мен жергілікті еріктілер бір-біріне шынайы қолдау көрсетіп, қамқорлық жасады. Қолайсыз ауа райына қарамастан, жүзге жуық ерікті жалғызбасты зейнеткерлердің үйіне барып, ауласын қардан тазалауға көмектескен еді. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің сайты жаңалық жариялады. https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/924503?lang=kk

Онда 70 жастан асқан кейуана Елена Константиновна «Қартайғанда қар күреу оңай емес. Еріктілердің бей-жай қалмай, көмекке келгеніне қатты риза болдым. Олар шынында жүрек жылуын жеткізді, жылы сөздері аязды күні жаныңды жадыратады. Өзімді қамқор қаланың тұрғыны сезіндім», – деп еріктілерге алғыс айтқан.

Бұған қоса ерікті қыз-жігіттер коммуналдық қызметкерлерге ыстық шәй мен тамақ таратып, жаяу жүргіншілер жолын қардан тазартқан.

Мұндай игі істі көрген қала тұрғындары да қарап тұрмай, азық-түлік пен қар күреуге арналған құрал-жабдық беріп, қайырымды іске атсалысқан болатын.

Еріктілердің ерен еңбегіне қазір қоғам мүшелері сүйсіне қарайды, қолдайды, қуаттайды. Оның адамзаттың жүрегіне мейірім ұялататын игі шара екені баршаға аян.

Алматы қаласы волонтерлер фронт-офисының мәліметінше, https://www.gov.kz/memleket/entities/almaty/press/news/details/900763?lang=kk

Алматы Қазақстанның экономикалық және мәдени орталығы ретінде ғана емес, волонтерлік қызметтің алдыңғы шебінде тұрған қала ретінде де танымал. Қазір қалада 30-дан астам еріктілер ұйымы жұмыс істейді, олардың құрамында 50 000-нан астам адам бар. 2024 жылдың өзінде алматылық еріктілер 800-ден астам акция өткізіп, мұқтаж жандарға көмек көрсету, қарттарды қолдау, экологиялық бастамалар мен әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мол үлес қосты.

Біз еріктілер еңбегінің қыр-сырына үңілу мақсатында Алматы қаласындағы еріктілер фронт-офисінің жетекшісі Бағдат Анарбаеваға бірқатар сауалдар қойдық.

– Қала тазалығын сақтауда еріктілер ұйымы нақты қандай жұмыс істейді?

– Қала тазалығын сақтауда еріктілер ұйымы түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, халықты тазалыққа үндеуге, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жұмыстарды атқарады. Арнайы іс-шаралардан бөлек еріктілер өз бетінше де қала тазалығына атсалысады.

Оған қоса еріктілер қала аумағында тазалық жұмысын жүргізіп, түрлі экологиялық акциялар ұйымдастырады. Бұл аула, көше, саябақтарды жинастыру, қоқыс жинау, қоқыс жәшіктерін орнату, тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған тренингтер мен түсіндірме жұмыстар, қоқысты сұраптау, бөлек жинау бойынша шараларды, түрлі жәрмеңкелерді қамтиды. Бәрімізге белгілі Алматы қаласында волонтерлердің қатысуымен экологиялық акциялар жиі ұйым­дастырылады. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық науқан аясында, жасыл аймақтарды, экологиялық тұрақтылықты сақтау мақсатында ағаш отырғызу, гүл егу, қоқысты қайта өңдеу сияқты шаралар жүзеге асырылады. Тазалық жұмыстарынан бөлек қыс мезгілінде коммуналды қызметкерлерге және жалғызбасты зейнеткерлерге көмек көрсету мақсатында еріктілер қар күреу жұмысына атсалысады. Айта кететін жайт қала тазалығын сақтауда еріктілер ұйымының міндеті тек қоқыс жинаумен шектелмейді, олар адамдардың санасын өзгертіп, табиғатқа деген құрметті қалыптастыру жолында да жұмыс жасайды.

– Олардың қала тазалығы бойын­ша атқаратын ісін кім бөліп береді?

– Еріктілердің жұмысы әдетте ерікті­лер ұй­ым­ының бастамасымен жүзеге асады. Яғни, әр ұйым өз еркімен жұмыс бас­тайды. Әр ұйымның кординаторлары еріктілерге бағыт-бағдар береді. Олар еріктілердің жұмысын ұйымдастырып, қажет жерлерге бағыттап, қажетті материалдармен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, қоғамдық ұйымдар немесе экологиялық топтар да осындай шараларды ұйымдастырып, еріктілердің қатысуын қамтамасыз етеді.

– Оларды ұйымдастырған адамға еңбегінің ақысы беріле ме?

– Бұл ерікті жұмыс болғандықтан еңбек ақы берілмейді. Ерікті болу әр адамның өз еркі. Бұл жұмыстар жастардың қоғамға тез бейімделуіне ықпал етеді. Сондықтан да еріктілікпен айналысатындардың арасында жастар көп. Еріктілер еңбегіне ақы төленбегенмен, оларға мемлекет тарапынан үнемі қолдау көрсетіледі. Көп жерлерге жеңілдік жасалып, мақтау қағаздары, ойын-сауық орталықтарында немесе киноға тегін билеттер беріледі.

– Жалпы еріктілермен жұмыс істеу қалай жүзеге асады?

– Еріктілермен жұмыс істеу әртүрлі ұйымдарда түрлі тәсілдермен жүзеге асады, бірақ жалпы принциптері ұқсас. Жаңа айта кеткенімдей әр ұйымда кординаторлар болады. Олар еріктілермен тікелей байланыста болатын адамдар. Ұйымға ерікті болғысы келетін кез келген адам қосыла алады. Еріктілерге міндеттерін орындау үшін қажетті білім мен дағдыларды беру мақсатында тренингтер, түрлі кездесулер ұйымдастырылады.

Сонымен қатар еріктілермен тұрақты байланыс орнату, олардың қажеттіліктерін тыңдау және көмектесу өте маңызды. Келісілген міндеттер мен жұмыс барысында әртүрлі қиындықтар туындауы мүмкін, сондықтан жетекшілер үнемі қолдау көрсетіп отырады.

Еріктілердің еңбегін бағалау және марапаттау жүйелі түрде жүргізіледі. Бұл олардың жұмысын бағалау және болашақта да жақсылық жасауға ынталандыру үшін қажет. Оларға қала ішіндегі қажеттіліктерге түрлі жеңілдіктер беріліп отырады.

Жалпы, еріктілермен жұмыс істеу олардың ынтасы мен қабілеттерін дұрыс бағалауды талап етеді. Осы орайда, Алматыда волонтерлердің және волонтерлік ұйымдардың жұмысын үйлестіретін, Алматы қаласы волонтерлер фронт-офисі жұмыс атқарады.

Біз әрі қарай ерікті болуды 15 жасында бастаған Елдар Байғабыловпен тілдестік.

«Ерікті болуға достарым шақырды. Алғашқыда ерекше қызықтыра қоймаса да, кейін келе ұнап кетті», – дейді ол.

Қазір Елдар Алматы қаласында еріктілердің координаторы ретінде жұмыс істеп жүр.

«Ең бірінші күні балалар үйіне барып іс-шара ұйымдастырған болатынбыз. Сол күн маған, менің өміріме қатты әсер етті. Еріктілер әлемді аз да болса, жақсы жаққа өзгертуге ықпал етеді. Бір адамның өзге бір адамға риясыз көмектесіп жатқанын көрген жанның міндетті түрде жүрегі жібиді. Жақсылық жасаушыдан үлгі алады. «Адамның істегенін адам істейді» деген сөз бар емес пе?! Осы тұрғыдан алғанда волонтер болу маған өмірлік тәжірибе берді».

Елдар Байғабылов 9 ақпан күні Recyclе Birge экологиялық қозғалысы мен бірге өткен эко жәрмеңкеге қатысыпты. Бұл шара табиғатты қорғау мен экологиялық таза өмір салтын насихаттауға бағытталды. Қатысушылар қайта өңдеуге жарамды қалдықтарды тапсырған. «Осындай іс-шаралардың арқасында табиғатты қоқыстан тазалауға титтей болса да үлес қосамыз», – дейді Елдар Байғабылов.

Алматы бойынша Recycle Birge, EcoHub деп аталатын еріктілер тобы үнемі экологиялық акциялар ұйымдастырады. Ондай жәрмеңкелерде қайта өңдеуге жарайтын, мәселен пластик, шыны, картон қораптар, тіпті оқымайтын кітаптар немесе киім-кешектерді де өткізуге болады.

Дайындаған

 Назым ДҮТБАЕВА,

«Aqiqat»

2094 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз