Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 11 Наурыз, 2025

«Ел арна» және «Хабар» телеарналары біріктірілді

Бүгін, 2025 жылдың 11 наурызында ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева екі телеарнаның бірігетіні туралы мәлімдеді, деп хабарлайды kazgazeta.kz.

"Ел арна" мен "Хабар" телеарналарын біріктіру туралы стратегиялық шешімді Мәдениет және ақпарат министрлігі "отандық медиа кеңістігіндегі қарқынды өзгерістерді ескере отырып және мемлекеттік ресурстарды оңтайландыру мақсатында" қабылдаған.
- «EL ARNA» және «Хабар» телеарналарын біріктіру 2025 жылдың 1 мамырына дейін аяқталады. «EL ARNA»-ның барлық құнды контенті «Хабар» арнасының эфиріне өтеді. Бұл үздік жобалардың сақталуына, оларды кең аудиторияға қолжетімді етуге және одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.
«EL ARNA» телеарнасы отандық көркем және деректі фильмдер, сериалдар, сондай-ақ мәдени-ағартушылық бағдарламалар көрсетілетін платформа ретінде маңызды миссия атқарды. Біз бұл арнаның ұлттық кинематография мен телевизияның дамуына қосқан үлесін жоғары бағалаймыз, - деді министр.
Мәдениет және ақпарат министрлігі «EL ARNA» телеарнасының ұжымына көпжылдық еңбектері, кәсібилік пен отандық медиа кеңістікті дамытуға қосқан үлестері үшін шынайы алғыс білдірді. Сондай-ақ, Аида Балаева қайта ұйымдастыру процесі барысында барлық қызметкерлер «Хабар» агенттігіне жұмысқа орналастырылып,  жалақы деңгейі сақталатынын атап өтті.
«EL ARNA» телеарнасының бағдарламаларын өндіру және таратуға бөлінген қаржы «24KZ» және «Хабар» сияқты стратегиялық маңызды телеарналардың контентін күшейтуге және техникалық базасын уақтылы жаңартуға қайта бөлінеді.
- «EL ARNA» телеарнасының қызметіне атсалысқан барша жандарға шынайы ризашылығымды білдіремін және алдағы уақытта жаңа жетістіктер, шығармашылық шабыт пен толайым табыс тілеймін! - деді А.Балаева.

«EL ARNA» телеарнасы 2000 жылдың 22 наурызында алғашқы ұлттық мемлекеттік тілдегі арна ретінде «Хабар-2» атауымен құрылды.
2002 жылдың наурызында атауы «EL ARNA» болып өзгертіліп, екі тілде хабар таратуға көшті.
2014 жылдың наурызында арна өз жұмысын тоқтатып, оның жиілігінде «24KZ» жаңалықтар телеарнасы іске қосылды.
2017 жылдың 27 наурызында «EL ARNA» жаңа форматта отандық киноарна ретінде қайта іске қосылып, 2024 жылдан бастап «EL ARNA» жастарға арналған ойын-сауық арнасы ретінде қайта құрылымдалды.

406 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз