- Мотивация
- 12 Наурыз, 2025
Жердің қожайыны – диқан

Биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы». Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еңбек адамы», «Адал азамат» ұстанымдарының негізі де қоғамдағы еңбек адамының құрметін арттыру арқылы жас ұрпақты адал еңбек етуге баулу, еңбекқорлыққа тәрбиелеу. Бұл тұрғыда ауыл шаруашылығында жұмыс істейтін диқанның еңбегінің рөлі зор.
Бүгінгі кейіпкеріміз – астықтың отаны саналатын Қостанай өңіріне бүкіл ғұмырын арнаған, егін шаруашылығымен айналысып, еңбегінің жемісін көріп отырған диқан Ибраш Естаев. Ол – «Алтын жұлдыз» иегері, Ауыл шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері, экономика ғылымының кандидаты, кәсіпкер. Кезінде еңбек жолын диқаннан бастап, Қостанайдың шалғайындағы «Бестау» кеңшарының әл-ауқатын көтеріп, елдің алғысына бөленген ағамыз бүгінде құрметті демалыста.
Біз Ибраш Естаевқа арнайы хабарласып, диқанның еңбегі, өмірлік тәжірибесі туралы сөз қозғап, «Жалпы, қазақ диқанының болмысы қандай болуы керек, оның қоғамдағы рөлі, құндылығы, қасиеті қандай, бүгінгі қоғамға не береді?» деген сауал қойған едік.
Бүгінде Қостанай ауданында тұратын Ибраш Естаевтың екі ұлы да әке жолын қуған диқан. Бір сөзбен айтқанда, олар «жердің иесі – диқан» екенін ісімен дәлелдеп жүрген, өсіп-өнген әулет.
«Еңбек жолымды диқаннан бастадым. 23 жыл егін егіп, 23 жыл егін орған адаммын. Кейін сатылап өсіп, Қостанайдың шеткері жағындағы «Бестау» кеңшарының директоры болдым. Сол жылдары кеңшар 90 мың гектарға дейін егін септі. Қазір айтсам, мұндағылар таңғалады. Ол кезде бәсеке еді, маңайымдағы өзге ұлт өкілдері басқаратын кеңшардың директорларынан қалғым келмей, жерді жырта беріп, 90 мың гектарға жеткіздім. Көрші «Буревестник» кеңшары 125 мың гектарға дән сіңіретін. Солардан қалғымыз келмеді. «Бестауда» жыртылмаған жер көп болды. Шаруашылықтың еншісіне 3 млн 600 мың гектар алқап болса, соның 100 мың гектарын ғана жырттық. Бұл өзімнің туған аулымға қосқан үлесім, әл-ауқатын көтеруге барынша күш-қайратымды берген уақыт еді. «Бестауда» 3 500-дей адам тұрды. 3 мың жылқы, 400 түйе, 26 мың қой, 8 мың қара мал болды. Мұның сыртында 10 мың қаз-үйрек, инкубатор бар еді. «Бестау» кеңшары ешқашан тарамайды деп ойлаушы едім, халықтың бірлігі мықты еді.
...90-жылдары жер қатты тозып кетті. Оның бәрін диқаншылар қалпына келтірді. Бір өкіндіретіні, «егін егемін» деген халыққа мемлекет жерді тегін берді, сол 90-жылдары, бірақ ел қорқып, тегін берген жерді де алмады. Менің анам да кезінде қарсы болған, сол кезде қорықпай, батыл қадам жасағаныма бүгінде көзім жетіп отыр.
Ал басты мәселе, егін шаруашылығымен айналысу үшін, біріншіден, жұмыстың ретін білуің керек. Екіншіден, диқанға төзім керек. Білген адамға оңай, білмеген адамға өте ауыр жұмыс. Екі балам да диқан, қазір қарап отырсам, жұмысты менен артық істейді, жастайынан үйренді. Жазда егін егесің, күзде орып аласың, үйренген адамға одан артық жұмыс жоқ. Бастысы жермен жұмыс істейсің. Жерді жыртасың, оны тырмалайсың, өңдейсің, жеріңді баптап барып тұқымыңды дайындайсың. Тұқымың 1–2-кластан төмен болмағаны дұрыс. Жерді көп жырта берсең, оны кептіріп алуың мүмкін. Сондықтан мамыр айының 15–20-сына қарай, маусымның 1-іне дейін тұқым сеуіп үлгеруің керек. Егер маусымның 1-інен кейін тұқым себетін болсаң, құртып алуың, егінің шықпай қалуы мүмкін. Күтіп-баптасаң, уақытында арам шөбінен тазартып, улайтын болса улап, қамқорлықпен өсірсең, егінің жайқалып өседі, жайқалған бидайға қарап сүйсінесің, көңілің көтеріледі. Күздің күні жаңбырдың астында қалдырмай, орып алу керек. «Бестаудай» емес, Қостанай ауданының жері құнарлы. Құнарлы жерден 10–15 центнерге дейін өнім алып жүрміз. Егер 10 гектар жерге тұқым сепсең, 100 гектар өнім аласың. Кезінде маңайымдағы немістер Германияға, орыстар Ресейге, кейбір қазағымыз қалаға көшкенде солардың бәрінің жерін ертең қызығын көремін ғой деп сатып ала бергенмін, қазір мол өнім алып отырмыз. Сондықтан жермен айналысқан адам жемісін көреді. Дұрыстап еңбек етсең, кем болмайсың. Егін сеуіп, жазғытұрым орып алып, бір күнде-ақ нәтижесін көресің», – дейді Ибраш Естаев.
Міне, нағыз еңбек адамы. Диқанның еңбегін біз бағалауымыз, құрметтеуіміз, өнеге алуымыз керек.
Бағдагүл Балаубай
"Ana tili" газеті

2338 рет
көрсетілді0
пікір