- Айна
- 13 Наурыз, 2025
Үшінші құрылтай: Еңбек адамдарын марапаттау әйелдерден басталды

Былтыр Атырау қаласының төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы ел тарихындағы елеулі оқиғалардың бірі болды. Басқосу нәтижесінде 10 заң жобасына бастамашылық жасалып, 9 заң қабылданды. Бұл маңызды құжаттар елдің әлеуметтік, мәдени, экономикалық және құқықтық салаларын қамтыды. Ерекше атап өтетін жайт, еңбек адамдарының мәртебесін көтеретін мемлекеттік наградалар жүйесіне 9 жаңа құрметті атақ қосылды.
Президенттің 2024 жылғы 30 желтоқсанда қол қойған Заңға сәйкес, ғалымдар мен өнертапқыштарға, инженерлерге, сәулетшілер мен құрылысшыларға, кеншілерге, геологтарға, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы және су шаруашылығы саласы қызметкерлеріне арналған құрметті атақтар қосылды. Осы марапаттардың алғашқысын 8 наурыз мерекесі қарсаңында Мемлекет басшысы қажырлы еңбегімен, біліктілігімен ерекшеленген екі нәзік жандыға табыстады.
– Мемлекеттік марапаттар жүйесіне жаңадан тоғыз құрметті атақ енгізілді. Бүгін осындай екі марапат алғаш рет тапсырылады. «Қазақстанның еңбек сіңірген құрылысшысы» атағы еңбек ардагері Ольга Шелудькоға беріледі. Ал өндіріс озаты Майра Ерманова «Қазақстанның еңбек сіңірген өнеркәсіп қайраткері» атанып отыр. Осындай нағыз еңбек адамдарына бүкіл ел болып құрмет көрсетіп, оларды жан-жақты дәріптеуіміз керек. Жұмысшы мамандықтары жылының түпкі мәні де – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Жұмысшылар жылы» деп аталған биылғы жылда қоғамды ілгері дамытып, өзгертуде білім мен біліктілігін аямаған өзге де бастамашыл азаматтар лайықты марапатқа ие болатынына сенім мол.

484 рет
көрсетілді0
пікір