- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 13 Наурыз, 2025
Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысы басталды

Бурабайда Ұлттық құрылтайдың жұмыс секцияларының отырыстары басталды.
Күні бойы құрылтай мүшелері «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық даму» секциялары аясында өзекті мәселелерді талқыланды.
Секциялар жұмысына Үкімет пен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері қатысып, құрылтайдың өткен жылы наурыз айында Атырау қаласында өткен үшінші отырысында көтерілген бастамалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.
2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық орта білім беру ұйымдарында енгізілген Жаңартылған тәрбие жұмысы бағдарламасының алғашқы нәтижелері қарастырылуда.
Құрылтай мүшелері өз сөздерінде жалпыұлттық құндылықтарды одан әрі дамыту қажеттілігіне назар аударды. Биылғы «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын дәріптеуге ерекше мән берілді.
Сондай-ақ, жұмыс секцияларының қатысушылары білім мен ғылымды қолдау және дамыту бойынша қабылданған шараларды оң бағалады. «Жайлы мектеп» бағдарламасының нәтижелері, стипендиялардың көтерілуі, шетелдік ЖОО-лардың жаңа филиалдарының ашылуы, көрнекті ғалымдар мен педагогтардың мемлекеттік марапаттармен ынталандырылуы ерекше аталып өтті.
Құрылтай мүшелері мемлекет пен қоғамның әлеуметтік кеселдерге қарсы бірлескен жұмысына да назар аударды. Лудоманияға қарсы кешенді жоспардың, есірткіге қарсы күрес жоспарының алғашқы нәтижелері қаралды. Сондай-ақ, 2024 жылы 16 маусымда күшіне енген тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы заңнан кейін әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау жүйесінің тиімділігі аталып өтті.

640 рет
көрсетілді0
пікір