- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 14 Наурыз, 2025
Бейнеу ауданында жаңа теміржол вокзалы салынады

Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 5 наурызда облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбайдың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев өңірдегі теміржол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары жөнінде баяндаған. Оның айтуынша, «Маңғыстау» және «Бейнеу» теміржол вокзалдарын реконструкциялау жобасы қолға алынып, құрылыс-монтаж жұмыстары биыл басталады.
Сонымен қатар, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының 2025-2026 жылдарға арналған кешенді даму бағдарламасы аясында «Маңғыстау-Бейнеу» және «Маңғыстау-Өзен» теміржол учаскелерін дамыту бойынша ауқымды шаралар жоспарланған.
Осыған байланысты Бейнеуде салынатын жаңа вокзалдың құрылыс жұмыстарына жауапты мердігер мекеме өкілдерімен аудан әкімі Рахымжан Шалбаев және облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Адайбек Қалиев кездесті. Жиын барысында алдағы жұмыстардың жоспары таныстырылды.
«Бүгінде Бейнеу вокзалынан тәулігіне 26 пойыз өтеді, оның алтауы халықаралық бағытта жүреді. 1986 жылы небәрі 10-15 адамға лайықталып салынған вокзал ғимараты қазіргі талаптарға мүлде сай келмейді. Сондықтан жаңа вокзал құрылысын жеделдетуіміз қажет. Ауданымыз күн санап дамып келеді: жаңа автобустар алынды, ауылішілік жолдар салынып жатыр, бейнебақылау камералары орнатылды. Енді жаңа вокзалдың бой көтеруі – тұрғындарға берген сайлауалды уәдемнің орындалуының бір көрінісі болмақ», – деді аудан әкімі Рахымжан Шалбаев.
Жаңа вокзал Бейнеу тұрғындары мен жолаушыларға сапалы қызмет көрсетіп, ауданның көлік-логистикалық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.
Фото: дереккөзден алынды

256 рет
көрсетілді0
пікір