Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Аймақ тынысы
  • 21 Наурыз, 2025

Қостанай облысында елді мекендерді су басудың алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр

Облыста су тасқыны жағдайына толық дайындық жасалған. Тәуекел тобындағы 92-ден астам елді мекен қамтылды. 46 шақырым білік салынып, 168 жаңа су өткізгіш құбыр, 20 км нөсер кәрізі тартылды, 27 ГТҚ жөнделіп, 50 бірлік жоғары өтімді техника сатып алынды, деп хабарлайды Қостанай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жергілікті билік органдары су басу қаупін барынша азайту бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде.

Қар шығару жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр, бұл тұрғын үйлерді су басудан сақтап қалу мақсатында жасалған бірден-бір маңызды шара.

Материалдық-техникалық құралдар сатып алынып, халық пен малды эвакуациялау орындары әзірленді, шағын өзендердің арналарын тазарту   жұмыстары жүргізіліп, неғұрлым осал жерлерде өзен жағалаулары нығайтылды, қажет болған жағдайда қорғаныс құрылыстарын шұғыл тұрғызу үшін инертті материалдар әзірленді.

Су тасқынын жою үшін шамамен 3 мың адамнан тұратын топ құрылып, шамамен 400 бірлік техника, 120 бірліктен астам жүзу құралы және 330-дан астам мотопомпа жұмылдырылды.

Жалпы, бүгінгі таңда 5 автомобиль жолын, соның ішінде республикалық маңызы бар 1 және аудандық 4 жолды су басу фактісі тіркелген.

Барлық су басқан жолдар ерекше бақылауда. Қазіргі кезде «Құсмұрын-Новопавловка» жергілікті маңызы бар 1 жолды су шайған.  Дәл осы уақытта қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр және жақын арада жол жамылғысы жөнделетін болады.

 Жалпы, келісілген іс-қимылдың арқасында жедел, яғни бір күн ішінде қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік туды. Мәселен, 19 наурыз күні сағат 16.00-де «Үрпек-Қабырга» жолы шайылып, келесі күні сағат 10.30-да жол жабыны қалпына келтірілді.

Өткен жылғы су тасқыны туралы айтсақ, Қарасу ауданында 5 көл қосылып кетіп, жалпы ауданы 622 шаршы км жерді су басып кеткен еді.

Бұл мәселені шешу үшін 30 шақырымдық су бұру арнасы салынған.

Сондай-ақ, облыстың оңтүстік аймақтары да ерекше назарда. Амангелді, Жангелдин аудандары мен Арқалық қаласындағы 30 елді мекенде жағалауды нығайту жұмыстары жүргізіліп, бөгеттер тұрғызылды, 26 шақырым жерде қорғаныс біліктері нығайтылды.

Жангелдин ауданында тасқын суларды қауіпсіз аймақтарға қайта бұруға бағытталған су бұру арналары салынды.

Ауыл шаруашылығындағы шығынның алдын алу және жануарлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мал басының саны мен көшіру маршруты көрсетілген малды эвакуациялау орындарының картасы әзірленді. Шаруа қожалықтары мен қыстаулардан жалпы саны 39 мыңнан астам мал қауіпсіз жерге көшірілді. Барлық орындар жем-шөп қорымен қамтамасыз етілген.

Жергілікті билік ауыл шаруашылығы саласын көктемгі су тасқынынан қорғау үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда.

Тобыл, Торғай өзендері мен бірқатар елді мекендерде бекітілген кестеге сәйкес жарылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы мақсаттарға 193 млн теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп.

Сондай-ақ, Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарымен суды тұтыну және трансшекаралық өзендердегі қауіп-қатердің туындауы бойынша тұрақты байланыс қамтамасыз етілген.

Айта кетсек, екі ірі су қоймасындағы судың жалпы көлемі - 881 млн.м3 (63%), нормасы - 1,4 млрд. м3.

Күтілетін ағын 360 млн. текше метрді құрап отыр.

 Су тасқыны кезеңіне дайындық және оны өткізу ерекше бақылауға алынған. Мамандар халықтың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етіп, су тасқынының ықтимал қауіптерін барынша азайта отырып, үйлесімді жұмыс жасап жатыр.

1471 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз