- Аймақ тынысы
- 22 Наурыз, 2025
Көкшетауда «Белсенді ұзақ өмір» орталығы ашылды

Ақмола облысында зейнеткерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір» орталығы салтанатты түрде ашылды. Жоба Қазақстанның «Белсенді ұзақ өмір» ұлттық бағдарламасы аясында халықаралық тәжірибе негізінде жүзеге асырылды, деп хабарлайды Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Енді облыс орталығының аға буын өкілдері білім беру, сауықтыру және бос уақытты тиімді өткізу бойынша қызметтерді тегін пайдалана алады. Орталықта тренажер залы, йога, вокал және хореография студиялары, қолөнер және үстел ойындары кабинеттері, компьютерлік және өзге де оқу сыныптары жұмыс істейді.
Ашылу рәсіміне Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысып, барша тұрғындарды Наурыз мейрамымен құттықтады. Ол бұл орталықтың аға буын өкілдерінің еңбегі мен өңірдің дамуына қосқан үлесіне алғыс ретінде ашылғанын атап өтті.
«Президентіміз айтқандай, біздің күшіміз – бірлікте. Ал аға буын бізге дәстүрлерді құрметтеуді, бір-бірімізге қолдау көрсетуді және берекелі қоғам құруды үйретеді. Бүгін біз зейнеткерлердің дамуына, қарым-қатынас орнатуына және өздерін қоғамға қажет сезінуіне мүмкіндік беретін ортаны қалыптастырып отырмыз. Өңірде алғаш рет зейнеткерлерге тегін жол жүру және санаторий-курорттық емделу мүмкіндігі берілді. Бұл – қарапайым қолдау ғана емес, сіздердің еңбектеріңіз бен өңірдің дамуына қосқан үлестеріңіз үшін білдірілген алғыс. Сіздер – тек тарихтың куәгерлері ғана емес, оны жасаушыларсыз. Сіздердің тәжірибелеріңіз, даналықтарыңыз және белсенді өмірлік ұстанымдарыңыз – келер ұрпақ үшін зор тірек», – деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, орталықтың ашылуына орай Халықаралық күміс университеттер қауымдастығының президенті, профессор Франсуа Веллас онлайн режимде құттықтау сөз сөйледі.
Орталыққа алғашқылардың бірі болып Бибігүл Омарова өз әсерімен бөлісті:
«Мұнда шынымен де бос уақытты тиімді өткізу мен жаңа білім алу үшін барлық жағдай жасалған. Мен фитнеске жазылдым, әрі қарай білім алу үшін де бағдарлама қарастырып жатырмын. Өйткені, білім алу ешқашан кеш емес».
Орталықтың директоры Бақыт Смағұлдың айтуынша, ғимарат толықтай жаңғыртылып, зейнеткерлердің әртүрлі қажеттіліктерін қанағаттандыруға қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген.
«Орталықтың қызметіне сауықтыру гимнастикасы, йога, скандинавиялық жүріс, вокал, хореография, қолөнер, шахмат, тоғызқұмалақ, дәстүрлі асық ату ойыны, сондай-ақ компьютерлік сауаттылық пен шет тілдерін үйрену кіреді», – деді ол.
Зейнеткерлердің қажеттілігін жан-жақты зерттеу мақсатында орталықта арнайы ақпараттық база жасақталған.
Ашылу салтанаты аясында орталық пен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті және Абай Мырзахметов атындағы Көкшетау университеті арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орталықтың ашылуына үлес қосқан меценаттарға алғыс хаттар табыстап, зейнеткерлерге денсаулықтарын нығайтуға арналған тегін сертификаттарды тапсырды.
Фото: t.me/Aqmola_region

1439 рет
көрсетілді0
пікір