Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 22 Наурыз, 2025

«Ана тілің» – арың бұл…

Жанарбек ӘШІМЖАН, Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты,2018–2021 жылдардағы бас редактор

Мен республикалық «Ana tili» ұлттық басылымына 2018 жылдың 9 шілдесі күні сол тұстағы Мәдениет және ақпарат министрі Дәурен Абаевтың ұсынысы бойынша бас редактор болып тағайындалдым. Құрамына жетекші басылымдарды біріктірген «Қазақ газеттері» серіктестігінің басшысы белгілі қоғам қайраткері, журналист Шамшидин Паттеев мырза жаңа әріптестеріме өзі таныс­тырып, редакторлық эстафетаны жатқан жері жай болсын, жарықтық Самат Ибраим ағамыздан қабылдап алып, қарлығаштың ұясындай аядай ғана ұжыммен жұмысты бастап кеттік.
Осы орайда, бас редактордың бірінші орынбасары, белгілі қаламгер, жаратылысы бөлек Нұрперзент Домбай ағамыздың да басылым тарихындағы айрықша орнын атап өткен орынды. Ол кісі де бұл күні арамызда жоқ.
Басылымға артық-кемі жоқ, тура 2 жыл 8 ай басшылық жасаған кезеңде еліміздегі ақпараттық кеңістіктегі ала-құла ахуалға қарамастан, жемісті де табысты жылдар болды.
Қоғамға жаңа медиалар еніп, әлеуметтік желілер айтқанына көндіріп, айтағына жүргізіп, әмірін орындатып жатқанына қарамастан, газетті жаңа сапалық деңгейге көтеруге күш салдық. Ең бастысы, ұлттық басылымның таралымы едәуір өсті. 
Апталықтың бетінде түрлі жанрда әлеуметтік, тілдік, ұлттық бағыттарда «ащы-тұщы» тақырыптарды тайсалмай жазуға қол жеткіздік.
Бұл орайда, сол тұстағы Ақпарат минис­трі Дәурен Әскербекұлының ерік-жігерін айрықша атағанды жөн көрдім. Қолымызды қаққан жоқ.
Басылым тізгінін қолға алғанда министр алдымызға бірнеше міндет жүктеді, соның негізгісі газеттің таралымын арттыру еді.
Ал тиражды қалай ұлғайтамыз?
Ол үшін редакция жұмысын сапалы ұйым­дастыру, қоғамдағы қордаланған өнер, мәдениет, тіл, әлеуметтік жағдайлар, наным-сенім, дін мен дәстүр мәселелерін түрлі жанрда күлбілтелемей, ашық талдау, әртүрлі көзқарастағы тұлғаларды алаламай, газеттен орын беру еді.
Мен бұрын мемлекеттік басылымдарда қызмет жасаған емеспін. Бұған дейінгі еңбек еткен газет-журналдарды құрылтайшылар тарапынан көп қағажу көрген жерім жоқ. Қандай жағдайда да келісіп жұмыс істегенбіз. Ал «Ana tili» газетіне бас редакторлық қызметіне кіріскен алғашқы апталардан бастап басшылар көбейді. Әрине, Шамшидин Әшенқожаұлы басқаратын серіктестік тарапынан емес, министрлік жақтан.
Ақпаратқа жауапты басқарма, одан қалса Ақпарат комитеті, салаға жауапты вице-министр… несін айтасыз, нөмір шыққан сайын түрлі деңгейдегі шенеунік басшылар қиқуды көбейткісі келетін секілді.
Министр Дәурен Абаевқа мәселені төтесінен қоюға тура келді.
«Қазақ газеттерінің» басшысы қолымызды қағып отырған жоқ. Редакцияның ақпараттық саясатын келісіп жүзеге асырып жатырмыз. Алайда нөмір жарық көрген сайын қиқу көбейеді. Қаптаған қалың бастық керек емес, сірә… Тікелей өзіңізге бағынып, өзіңіздің алдыңызда ғана есепті болып жұмыс істейік, кеңшілік жасаңыз. Қызметке таға­йындарда «Газеттің оқылымдылығын, ақпарат тарату сапасын және ең бастысы таралымын көтеру керек!» деп нақты міндет жүктедіңіз.
«Аяқ-қолымыз буулы болса, бұл үдеден шығу қиындау ғой… Түрлі түйткілді мәселелер, таңсық тақырыптар көшеде, ойда, қыр­да, әртүрлі ортада айтылғанша, газеттің бетінде айтылсын! Қоғамдық ортаға сыймай жүрген тұлғалармен ашық сұқбаттар жүргізейік. Қаны тамып тұрған тағдырлар мен жағдайларға қатысты конструктивті талқылаулар, ашық пікір алаңын қалыптастырайық газетте. Ешкім бас жарып, көз шығармайды. Есесіне, сапалы оқырман қалыптасады», – дедік. Рас, сол келісімнен соң қолымыздан қаққан жоқ. Етегіне сүрініп жүретін басшы-қосшылар да азайды.
Есесіне, бір жылдан соң нақты нәтижелер жеміс бере бастады. Таралым өте жақсы өсті. Оқырманмен қарым-қатынас жолға қойылды. Редакция ішінде жылы аура қалыптасты. Газет басшылары мен қызметкерлер арасында ешқандай бюрократиялық кедергілер болған емес. Бұйырған түстік, кештік дәм-тұзымызды редакция үстеліне жайып жіберіп, бір үйдің баласындай ұйысып жұмыс істедік.
Ақпарат кеңістігі де мылтықсыз майдан... Қос өкпеден алған пандемия кезінде қапыда, Нұрперзент ағамыздан көз жазып қалдық.
Орынбасарларым Дәуіржан Төлебаев пен Қарагөз Сімәділ қайрат көрсетіп, қайтадан атқа қонды. Тілшілеріміз өздеріне жүктелген міндеттерді мүлтіксіз атқарды. Сөйтіп, бұйырған белестерді сәтімен бағындырдық. Газетімізді арнайы жаздырып оқитын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев редакция ұжымының еңбегін жоғары бағалап, екі мәрте арнайы құрмет көрсетті! Баспасөз хатшысы, қазақтың қайраткер ұлы Берік Уәли мырза ортада алтын көпір болып, Президент сәлемін жиі жеткізіп тұрды.
Редакция қызметкерлерін жазылу науқанына жегіп, тарқатқан кезіміз жоқ. Олар таза шығармашылықпен айналысты. Басылымның таралымымен тікелей өзім айналыстым. Сол кезде қолдау көрсеткен аймақ басшыларына, ішкі саясат жетекшілеріне, өңірдегі жанашыр жандарға, іскер азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Нәтижесінде аз ғана уақыттың ішінде газеттің тиражы кереметтей өсті. Ақпараттық әлемді астан-кестен еткен заманның ағымына қарай ретін тауып күрес­тік. Тірестік! Бірде жеңдік, бірде жеңілдік… Әйтеуір, сын сағаттарда азғантай ғана әріп­тес­пен жол тауып шықтық.
Сол тұста болу керек, көрнекті қаламгер, ғалым, бүгінде ел Президентінің кеңесшісі қызметін атқарып жүрген Бауыржан Омарұлының: «Ана тілі» – қазақ зиялыларының шығармашылық зертханасы.
«Ана тілі» – тілдің тарихы, шердің шежіресі.
«Ана тілі» – Жарылқап Бейсенбайұлынан Жанарбек Әшімжанға дейін жалғасқан ұлттану мектебі.
«Ана тілі» – тұлпарлығы тай күнінен танылған жас перілердің шабытты шаңырағы.
Қадыр ағамызша айтсақ, «Ана тілі» – арың бұл!» – деп аруақ шақырып жазғаны.
Талай тұлғаларға тұғыр болған, Тәуелсіздіктің таңындай болған, ұлттың аңсары мен арманынан түлеген «Ана тілі» басылымы бүгінде 35 жылға толып отыр, құтты болсын!
Ғұмырлы болсын!
Барша әріптесіме амандық, отбасыға есендік, айналасына бүтіндік тілеймін!
Ұлттық ақпарат кеңістігіміздің түтіні түзу шыға берсін!

"Ana tili" газеті

627 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз