Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 23 Наурыз, 2025

Отамалы, сарша тамыз, ақпан-тоқпан

Көне қытай жазбаларында хүннүлер жорыққа шығарда Айға және жұлдызға қарағаны, бағынғаны айтылады. Ай толғанда соғыс бастап, орталана бастағанда шегініп кетіп отырған. Сол секілді, мұндайда жұлдыздың орналасуын да бақылаған. Бірақ қай жұлдыз екені анық емес. Дегенмен зерттеушілер ол сауалға да жауап тапқандай. Айға қатысты жұлдыз, әрине, Үркер болар деп жорамалдайды. Үркерден кейін Қамбар жұлдызы аталады. Қамбар тек қыс айында көрінеді. Ал Үркер жыл бойында тек қырық күн ғана бой жасырады («Үркер қырық күн жерде жатады»), қалған уақытта түнгі аспаннан үнемі көреміз. Сондықтан бабаларымыз мұндай жұлдыздардан жаңылмаған.

 

Құрдымға құлап кетіпті

Қамбар дегеннен шығады, түрікпен халқында Гамбарбаба деген біздің Қорқыт дәдәні еске түсіретін тұлға бар. Түрікпеннің дутар аспабын жасап, күй төгілткен кемеңгер. Сол секілді, Қамбарға қатысты мына екі аңызды да айта кетейік. Жаугершілік заманда түрікпендер біздің адай руының екі баласын тұтқындап әкетеді. Біреуіне қозы бақтырады. Сол бала керемет күйші болса керек. Күй тартса, қозы жайына қалады. Өнерін бағалаған түрікпендер өлтіруге қимай, Темір баба есімді қадірлі адамға жүгінеді. Ол балаға бостандық беруге бұйырады. Бірақ, аңыздың айтуынша, Үстірттегі Қаратүлей дегенге жібереді. Белгілі мифолог Серікбол Қондыбай осындағы Қаратүлей есіміне маңыз беріп, бала құрдымға кетті дегенге келтіреді.
Осыған ұқсас екінші аңыз Қамбарата (жылқының пірі) ұғымына байланысты. Аты белгісіз бір сахаба Қамбар есімді балаға тұлпарын баққызады. Сол жылы жер от екен. Тұлпар қоң жинағанды қойып, күннен-күнге аза түседі. Иесі таңырқап, бір күні Қамбарға білдірмей соңынан баспалап барып қараса, «бала домбыра тартып отыр» дейді, «тұлпар жайылуды ұмытып, күйге елітіп тұр дейді. «Тәйт» деп айқайлаған сахабаның даусын естіген бала тұра қашыпты. Соңынан сахаба қуа жөнелгенде жер қақ айырылып, Қамбар құрдымға құлап кетіпті-мыс… Ал домбырасы жер бетінде қалып қойыпты. Қамбарата ұғымы содан шығыпты. 
Үркер мен Қамбар жұлдыздары Жердегі ауа райына әсер ететіні ерте заманнан белгілі. Күн райының құбылуы қазір де адамның денсаулығына, шаруасына тіпті саясатына әсер етеді. Сол баяғы түріктектілер Сары өзенге дейін жайлап-қыстап жүрген заманнан қазір де көп өзгермегендейміз. Аспанға, жұлдыз­ға қарау әдетімізден жаңылмадық. Ауа райын болжау үшін Үркерді бақылау тек түрік-моңғол халықтарына емес, сонау авс­тралиялықтарға, оңтүстіказиялықтарға, үнділерге де тән болған екен. Қазақ Үркер жұлдыздарының Айдың далдасына түсіп, көрінбей қалуын тоғыс деп атайды. Ғалымдардың пайымдауынша, латынның фокусы осы тоғысқа қатысты. Орыстың «точка» сөзі тоғыстан шыққан. «Үш тоғыс», «бес тоғыс», «жеті тоғыс», «жиырма бес тоғыс» секілді атаулар сол айдың нешінші күнінде тоғысқанына қатысты шықса керек.

Мүш йыл 

Көне түріктерге қатысты әңгіме өрбісе, Махмұт Қашқари есімізге түседі. Ғалым әйгілі сөздігінде мынадай аңыз келтіріпті. Аң аулап жүрген қаған жылдың басын бір хайуанмен атау үшін Іле дариясына қарай оларды айдатады. Сонда дариядан бірінші болып өткен тышқан жыл басы болып белгіленеді. Ол замандағы түріктер «сиыр жылы ұрыс-керіс аз болмайды, себебі ол бір-бірімен жиі сүзіседі. Тауық жылы азық-түлік көбейеді, бірақ бейнеті көп, өйткені тауық жемін тауып жеу үшін бар нәрсені түрткілеп жүреді. Нек (ұлу) кірсе, егін, дақыл көп болмақ, себебі суда тіршілік етеді. Доңызда қатты суық, қар, бәлекет көп болады» деп көрген. 
Жыл қайыру ерте заманнан бері бар екені мәлім. Қазақ ғалымдары Орхон-­Енисей мұраларын зерттей келе, Күлтегін ескерткішіндегі Күлтегіннің 731 жылы қайтыс болғанына назар аударған. Сірә, түріктер үшін жыл санауға тірек боларлық деректің бірі – осы. Мыңбай Ысқақов ежелгі түрік сөздеріндегі «мүш йыл», «мүш ел» сөздеріне маңыз беріпті. Демек, мүшел сегізінші ғасырда да болған. Мүш – он сөзінің бір нұсқасы екен. Мүш йыл – он жыл. Демек, мүшелді ол заманда түріктер он жылмен есептеген. Мешін мен ұлу кейін қосылса керек. Сондай-ақ ата-бабамыз қазіргідей бірінші ай, екінші ай, үшінші ай деп онға дейін санап келіп, ұлуғ ай, кішік ай деп тағы екеуін қосса керек. Құтлұғ қағанның ұлы Күлтегіннің 731 қой жылы қайтқанын анықтаған зерттеушілер «731 жыл он жетінші рет айналып келген қой жылы болғанда, 719 жыл он алтыншы қой жылы, 707 жыл он бесінші қой жылы т.с.с. ақыры 527 жыл бірінші қой жылы болады. Сонда бірінші тышқан жылы григориан күнтізбесінің 520 жылы болып шығады» (М.Ысқақов). Демек, түріктер үшін 520 жылдың орны бөлек деуге келеді. Әрине, жыл санау одан көп бұрын пайда болғаны анық. 

Қай жылы тудыңыз?

Қазақи ортада мүшел туралы қазір де айтылады. Ол үшін он екі мүшелдің атауын, ретімен анықтап біліп алу қажет. Тіпті он үш жасқа он екіні қосып, жиырма бес, отыз жеті, қырық тоғыз деп жатқа айтып беретіндер де жоқ емес. Әр мүшелге толған сайын жан садақа ретінде ақша немесе өзінің ең бір жақсы көретін, былайғы кезде өзгеге қимайтын затын қиып беру ырымы да әлі бар. Ал біздің қазақы мүшел есебін білетін аталарымыз өзінің он екі атаулы жылдың қайсысында туғанын, мысалға тышқан жылы туса, содан бері қанша мүшел өткенін оп-оңай есептеп, неше жаста екенін айтып беретін. 
Қазіргідей ғылым, білім дамыған, жұрттың бәрі сауатты заманда басқаша есептеуге болады. Алдымен жылдарды өз атауларымен белгілеп шығайық: бірінші – тышқан, екінші – сиыр, үшінші – барыс, төртінші – қоян, бесінші – ұлу, алтыншы – жылан, жетінші – жылқы, сегізінші – қой, тоғызыншы – мешін, оныншы – тауық, он бірінші – ит (опадар), он екінші – доңыз (қаракиік). Енді өз туған жылыңыз осылардың қайсысы екенін білгіңіз келсе, алдымен сол жылды он екіге бөлесіз. Түсінікті болу үшін 2025 жылы тудыңыз дейік. Яғни биыл. Қолыңызға қалам, қағаз алып, 2025-ті он екіге бөлсеңіз, тоғыз деген қалдық сан шығады. Оған тоғызды қоссаңыз, он сегіз болатыны мәлім. Енді он сегізден он екіні алсаңыз алты қалады. Жоғарыдағы алтыншы жыл – жылан. Осылайша, кез келген адам өзінің қандай атаулы жылы туғанын, мүшелін анықтай алады. 
Ата-бабамыз он екі мүшелдегі әр жануардың атын рет санымен балаға жаттатудың да оңай жолын тапқан. Ол үшін мына бір шумақ өлеңді жаттатса болды.
Түйе сеніп бойына,
Қалған ұмыт жылдардан.
Жатпа қарап, мойыма,
Тайма именіп ділмардан. 
Міне, осы өлеңдегі әр сөздің бас әрпіне назар аударыңыз! Түйедегі «т» – тышқан, сеніптегі «с» – сиыр, бойына дегендегі «б» – барыс. Қалғандағы «қ» – қоян. Ұмыттағы «ұ» – ұлу. Жылдардан сөзіндегі «ж» – жылан. Жатпадағы «ж» – жылқы. Қараптағы «қ» – қой. Мойымадағы «м» – мешін. Таймадағы «т» – тауық. Именіптегі «и» – ит. Ең соңғы, ділмардан дегендегі «д» – доңыз. Сөйтіп, бір шумақ өлеңдегі әр сөздің бас әріптерімен он екі хайуанды түгел түгендеп шығады.

Көкек – киелі құс

Қазақтың ай есебінде жыл басы ретінде тек отамалы қолданылған. Наурыз ең соңғы ай ретінде аталған тұстары болған. Ол жөніндегі деректерді түгендесек, мынадай жайды көреміз. В.Радловтың жазуынша: жылдың бірінші айы – отамалы (май), одан кейін шілде (июнь), шарша тамыз (июль), қараша қауыс (август), қазан (сентябрь), мизам-қыркүйек (октябрь), желі тоқсан (ноябрь), қаңтар (декабрь), ақпан (январь), наурыз (февраль), көкек (март), мамыр (апрель) деп беріліпті. Мұнда тоқпанның орнында наурыз аталған. Дегенмен ай атауларының орны ілгерінді-кейінді ауысып кеткенін көріп отырмыз. 
Шоқан Уәлиханов та жыл басын отамалыдан бастапты. Отамалы (март), саратан (апрель), көкек (май), шілде (июнь), сарша тамыз (июль), қыркүйек (август), қазан (сентябрь), қараша (октябрь), тоқсан 
(ноябрь), қаңтар (декабрь), ақпан (январь), наурыз (февраль). Көріп отырғанымыздай, екі ғалымның көрсеткен атауларында ортақ тұстары бар. Ол да тегін емес. Өйткені сол заманда ай атаулары осылай қолданылған болса керек. Бірақ жыл басын В.Радлов майдан, Шоқан марттан бастаған.
Ерте кезде қазақ ішінде ай мен күнді есептеудің үш түрлі әдісі болған деседі. Үркер тоғысы мен Қамбар тоғысы бұл екеуі ай есебі болса, жұлдызға негізделген де күн қайыру әдісі болыпты. Бұл ретте ай санаудың жүйесі мынадай болғаны тіпті қазіргіден де дұрыс деуге келеді. Айталық: отамалы, сарша, тамыз, қыркүйек, желді (қазан), қараша, тоқсан (желтоқсан), қаңтар, ақпан, тоқпан (екі ағайынды), көкек, мамыр. Мұнда алдымен ескеретін жай – жыл басы отамалы үшінші емес, бесінші айдан басталып тұр. Әрі наурыз деген ай атауы жоқ. Радловтың жазбасындағы жыл басын қазіргі мамырдан бастау еліміздің шығыс, батыс, орталық, солтүстік өңірлері үшін орынды. Өйткені мамырда аталған өңірлер жылынып, көк толықтай шығады. Мал баққан халық үшін ол ең маңызды себеп. Отамалы атауындағы от сөзі тек қазақта емес, түріктектінің көбінде шөп мағынасын беретінін айта кету қажет.
Отамалыдан кейін келетін саршада (алтыншы айда) шөп пісіп, сарғая бастайтындықтан, атау өзіне сай келеді. Яғни айнала сарғылт тартады. Сарша атауына бөлек түсінік бере кеткен жөн. Өйткені ол – түрік атаулының төл сөзі. Тамыз вавилон күнтізбесінен алынған. Саршаны тыва (уранхай), шор, чулым татарлары – орғақ ай (сар­ға­йып піскен егін орылатын ай), барбалықша  – сарғақ ай, алтайша (оймауытша) «қураң сыбыржып», мағынасы – шөптің қуаруы деп түсінген (сарша деп бүркіттің еркегін де атайтынын, «ол қыран болмайды» деп құсбегілер жаратпайтынын да айта кетейік). 
Қазіргі маусым айдан гөрі мезгіл мағынасын (жаз маусымы, күз маусымы) білдіретінін білеміз. Демек, ай атауының берілуі даулы. Тамыз сөзінің жалпы түріктік негізі жағу, тұтату (Б.А. Куфтин) екен. Сол секілді, тамызық – содан шыққан туынды сөз. Дәлірегі, күйдіру мағынасы. Күйек те мал баққан халықтың тірлігінен хабар береді. Қыркүйек айында қой, ешкінің ішіндегі ата малға күйек байланады. Өйткені малдың төлдейтін уақыты да есептеулі. Қарашада сары бояу да азайып, жер қаралтым тарта бастайтыны белгілі.
Күннің ұзармай да қысқармай қаңтарылған кезін қаңтар атаған екен. Ең қызығы, туысқан түрік халықтарында күзе (күзгі) кантар, язгы (жазғы) кантар (татар), буре (бөрі) кантары (башқұрт), аю кантары (қырғыз) деген тіркестер бар көрінеді. Қазір көкектің орнына сәуір қолданылуы дұрыс еместігі айтылып жүр. Шоқан Уәлиханов: «Көкек – киелі құс. Май мол болады деп, көкек қонған бұтақты алып, сүт құйған сабаға салып қояды», – деп жазыпты. Демек, көкек айын біз де қадір тұтуымыз керек. Шоқанның осы сөзінде сәл қате бар. Оны да айта кетейік. Ол қате, бәлкім, орысша жазылғанды аудару кезінде кеткен не ақсүйек тұқымының май пісетін сабаға сүт емес, айран құятынын ескермеуінен кеткен деуге болады. 
Ай атауларының орны ауысуын былай түсіндіруге де болатын көрінеді. Мысалы, Үркердің биылғы батуынан келесі жылға дейінгі батуы арасында 365 күн және 6 сағат бар. Мәселе осы алты сағатта. Алты сағат жиналып, төрт жылда бір күн, қырық жылда он күн, сексен жылда жиырма, жүз жиырма жылда отыз күн, яғни бір ай (Нұркелді Уәли). Демек, отамалы (турасы жыл басының) бесінші айдан сырғып төртінші, одан үшінші айға, тіпті екінші айға ауысуын ғалымдар осы Үркер есебінің әсерінен деп көреді. 
Наурыз ай есебі парсылық нұсқа десек, қазақ есепшілерінің өзіндік ерекшелігі болған. Ол қысқы және жазғы шілдені есептеуде анық көрінеді. Жазғы, қысқы шілделер кіші және ұлы деп бөлінген. Шілде тоқсан деген сөз тіркесі содан шықса керек (яғни қазіргі шілде айы атауы ай есебі ретінде қолданылған). Күн қайырудың осы түрін шілде тәсілі деп те атапты. Жыл басы қазіргі екінші айға ауысуы осы тәсілге байланысты деген де сөз бар. Әуелде күннің, мерекенің аты болған наурыз – ай атауын иеленіп, отамалыны ығыстырып тастаған. Жазғы шілде – сарша тамыз, қысқы шілде – ақпан-тоқпан аталған. Сарша мен тамыз, ақпан мен тоқпан бөлек-бөлек ай аттары ретінде де қолданылғанын жоғарыда көрсеттік. Тоқпан шеттетіліп қалғанда, оның орнын наурыз басқан.

Мидай араласқан атаулар 

Тағы да бір ескерер жағдай ислам дінінің енуіне байланысты сонау VIII, X ғасырдан бастап арабтың ай есебі де қолданыла бастаған. Оған қоса арғы тегі Грекиядан делінетін он екі шоқжұлдыз атаулары пайдаланылған. Сөйтіп. көне түріктік ай санау, күн қайыруға араб, грек атаулары қосылған. Содан да бүгін бізге түсініксіз тіркестер кезігіп қалады. Түсініксіз болатыны – ай аты мен соған тұстас келетін жұлдыз қатар аталады. Мысалы. қараша-қауыс, қаңтар-дәлу, қыркүйек-мизам деген секілді. Мұндағы қауыс, дәлу, мизам – шоқжұлдыз атауы. 
Сонымен, о бастағы жыл басы – отамалыға қосамжарлана наурыз, бес тоғыс, хамал, көкек, екі ағайынды (григориан жүйесі); қазіргі сәуір – көкек, сәуір, үш тоғыс, наурыз, сапар ай, отжақпас; қазіргі мамыр – саратан, құралай, бір тоғыс, мамыр, көкек, маусым; маусым – саршатамыз, шілде, зауза, саратан, маусым, ара айы, мамыр; шілде – сарша, әсет, жиырма үш тоғыс, шілде, тамыз, шарша тамыз; тамыз – әсет, сүмбіле, әзіре, сарша, тамыз, жиырма бір тоғыс, шілде; қыркүйек – он тоғыз тоғыс, қыркүйек, сарша тамыз, мизам, қазан, сентябрь; қазан – он жеті тоғыс, қазан, қараша, ақырап, мизам, қараша қауыс, желді, жұт шашқан, қазан; қараша – он бес тоғыс, қараша, желтоқсан, қауыс, тоқсан, қараша қауыс, қыркүйек, мизам; желтоқсан – он үш тоғыс, қаңтар, желді, қараша, желтоқсан; қазіргі қаңтар – он бір тоғыс, қаңтар, желтоқсан, ақпан, дәлу, үштің айы, қыстың айы; ақпан – жеті тоғыс, ақпан, ақпан-тоқпан, бірдің айы, үш хұт, үш айы, наурыз, отамалы, наурыз қыстың айы («Қазақтың энографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» энциклопедиясы) деп тізіп шыққанда бір айға қаншама атау қабаттасып, мидай араласып кеткенін көріп отырмыз. Бұған қарағанда, арнайы маманданған адам болмаса, ай атауларын кез келген қарапайым пенде біле алмайтын жағдайға жеткені анық. Қысқасы, қазіргі ай санау жүйесі ілкідегі қойыртпаққа қарағанда дұрыс көрінеді. Алайда наурыз-отамалы, сарша, маусым, шілде, сәуір-көкек, қаңтар, ақпан, тоқпан атауларын әлі де ретке келтірген жөн дер едік. Наурыз, шілде, маусым атаулары орынсыз қолданылып жүр. Байырғы есептегі ақпан мен тоқпанды бөлек ай атаулары ретінде өз орындарына қойған жөн дер едік. 

«Нау» түбірі

Сонымен, отамалыны ығыстырып кірген наурыз атауындағы «нау» түбірі парсылық деп айтылады. Түрлі түсіндірме сөздіктер мен энциклопедияларда түрікке кірме сөз делінгенімен, біршама өнімді түбір екенін байқаймыз. Қазақ жазушылары кейде «науды» «ну» сөзінің синонимі ретінде (нау қамыс) қолданатыны бар. Яғни қалың мағынасында. Бұл ауызекі тілдегі «нау» мен «нудың»тұлғалық ерекшелігіне қатысты болуы мүмкін. Ең қызығы, «наудың» даукес, жалақор деген де мағынасы бар. Мысалы, «нау жүрген жерде дау жүреді» деп мақалдайды қазекең.
«Наудан» басталатын туынды сөздер легін өзіміз білетін науадан бастайық. Кәдімгі малға су құйып, жем салатын науа. Мұның да тегі парсылық екен. Кейбір ауылда үстінде қорабы бар арбаны науа арба, жаңбырдан орылып қалған жолды науа жол дейді. Турасы орылған ойдым, іші қуыс ұғымы. Қауғамен құдықтан су тартуды да науа тарту деп атау кездеседі. Кәдімгі мылтықтың оқ салатын қуысын да солай атайды. 
Анда-санда, сирек, алда-жалда деген сөздердің орнына науада деген қолданыс кезігеді. Бірақ бұл, біздіңше, туысқан түрік халықтарынан енген сөз болар деп топшылаймыз. Сол секілді мұндай жергілікті сөздердің санатына «сатып алды» деген мағынада қолданылатын «науаза қылдыны» қосуға болады. 
Ертеде қазақ ішінде науан деген кісі есімі аз болмаған. Науанның үлкен, биік деген мағыналарынан бұрын ноян деген сино­нимі қызық көрінді. Ноян – түрік-моңғолдық атау. Мүмкін, науанның «нау» түбірі де парсыға түрік-моңғолдан барған шығар? Әрине, індетіп зерттеу керек. Науанның бекер, бос деген де мағынасы бар. 
Көне түріктердің ақсүйектерін науап деп те атаған. Оған Әбіш Кекілбаевтың «Олар әуелі жергілікті билікшілер – сұлтан, әмір, науап, мехтар, сардарларға қарыз беріп, ауларына түсірді» («Тіл және тәуелсіздік») дегені дәлел. Бірақ бұл сөздің арабтық екеніне де біздің күмәнымыз бар. 
Науаттың қант екенін түсіндіріп жату артық болғанымен, еңбегі науат (еш) болды немесе сынды, қирады деген секілді қолданыстар барын айта кеткен жөн. Сол секілді, науат қар, науат қауын деген де тіркестер жоқ емес. 
Наубай да иран жақтан емес, біздің қарлұқ тілді (өзбек, ұйғыр) бауырларымыздың нан пісіретін пеші болар. Бізді одан бұрын бүгінде жазушылардың қолданысында кезіге бермейтін науғы атауы елең еткізді. «Ана Африкадағы жирафты көріп, түйе де соның бір науғысы (тұқымы) деп ойлаған ғой» (Сапарғали Бегалин). Қазіргі әріптес-жазушыларға мұндай көне сөздерді тірілтіп қолдансақ жөн дер едік.
Науқан, науқас, парсылық делінетін наурыз атауларын түсіндіріп жату қажет емес. Ескі кітаби қолданыста сауда сөзінің науза деген де синонимі болыпты. Тағы да кітаби кейіп, күй деген мәндегі науқы (науық) деген атауды жолықтырдық. 
Наурызек деген көктем келгенін білдіретін сары бауыр, көкала торғай және ақшыл-сарғыш гүлдері бар өсімдік болатынын біреу біліп, біреу білмейді. ХХ ғасыр басындағы қазақ оқырманы науша жас деген тіркесті өрімдей жас деп түсінгенін білеміз. Бұл да көнерген сөз санатында деуге болар.
«Науға» жалғанған -рыз -ырыз -ырыздық сөзі де түсінікті. Жаңа ризық, нәпақа. Жаңа күнде Тәңірінің берері дегенді білдіреді деп түйіндеуге болар. 
Наурыз, ғалымдардың пайымдауынша, қазаққа Хорезм мен Соғдадан енген. Бір қызығы, наурызды соғдалықтар – наусарыз, хорезмдіктер наусарджи атаған. Осы атаулардағы «сар» сөзі моңғол тілділерде ай мағынасын береді. Әрине, томаға-тұйық, өзімен-өзі өмір сүретін халық болмаған. Тілдегі ауыс-түйіс сол аралас-құраластықтан. Түрлі ықпалды империялардың өмір сүруінен. «Нау» жаңа мағынасын берсе, «сарды» қоссақ, «жаңа ай» болады. Дегенмен латынша – нео, немісше – нойе, орысша – нов – осылардың барлығымен «нау» төркіндес. Демек, «науды» парсыға (иранға) меншіктету үзілді-кесілді ұйғарым емес. «Нау» түбірі Еуразияда ең көп империя құрған, алды қырық мың жыл бұрын Америка асып кеткен түріктектілерге тән болуы да ғажап емес.

Дағжан Белдеубай, 

«Ana tili»

1094 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз