Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 24 Наурыз, 2025

Уақытпен үндес "жаңа" журнал

Шыға бастағанына 100 жыл толған «Ақ желкен» журналының тарихына қатысты сериялық мақалаларды жалғастырамыз. Бұл жолы 1939-1949 жылдар аралығы қамтылады. 

1939 жылдың қаңтарында жарық көрген «Пионердің» алғашқы бетінде «Жаңа журнал» деген атаумен бір беттік мақала жарияланыпты. Авторы белгісіз. Мақала былай басталыпты: «Партия мен үкіметіміздің жаңа әкеміз Сталин жолдастың жастарға ерекше көңіл бөлуі арқасында ғана Ұлы Октябрь революциясынан бергі кездегі өткен 21 жылдың ішіндегі бақытты заманымыздағы көңілді жастарымыздың өмірі кісі айтып жеткізе алмастай ірі-ірі табыстармен, ірі-ірі жетістіктермен келеді». Мақаланы тұтастай оқығанда, бұл «Пионер» 1925 жылғы «Пионердің» жалғасы екені туралы бір сөз айтылмайды. «Сталиндік бақытты заманымыздың көңілді жастарының мәдени тілегі бұрынғыдан да анағұрлым өсті» деген сөйлемге келген кезде, бұл журналдың алғысөзіне неліктен Сталинді алға салып сөйлегенін түсінгендей боласың. 1939 жылы кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып, көзі ашық, көкірегі ояу дегеннің бәрі атылып, жойылып, аз халықтың тағдыры қыл үстінде тұрған кезде шыққан журналдың алғысөзі осылай басталуы да заңды. Одан кейінгі бетінде Жамбыл Жабаевтың «Оқы, балам» өлеңі беріліп, өлеңде «Ұстазың күннен жарық ұлы Сталин» деген жолдың болғаны да бекер емес. Сол заманның «сұрқылтайын» ұлықтап отырмаса, тергеліп, тексеріліп кететінін журнал шығарушылар жақсы білген. 
Алғашқы нөмірге Сәбит Мұқановтың «Жастық таңдай тамаша» өлеңі, Петр Капицаның «Иванов жолдас» әңгімесі, Хасен Сейілхановтың – «Семіз портфель», С.Маршактың – «Акула, гиена және қасқыр», А.Төкеннің «Радионың алдында», «Қош келдіңіз» өлеңдері және кроссворд, жұмбақ сурет секілді аралас жанрдағы шығармалар берілген. Журналдың соңғы бетіндегі паспортынан журналдың өз қызметкерлері үш адам болғанын, қалғаны автор ретінде қатысқанын аңғаруға болады. Небәрі үш-ақ адам шығарған журналдың мазмұны жұтаң деп те айта алмайсың, барынша мазмұнды, әр материалға сурет салынып, безендірілген, 20 бетке 10 материал орналастырыпты. Таралымы 2150 болғанының өзі көңіл көншітерліктей. Ол кезде бас редактор деген лауазым болмаған секілді, тек жауапты редакторы Р.Амангелдин деп жазылыпты. Дегенмен Р.Амангелдин туралы мәліметті іздей келгенде, ол әйгілі Амангелді Имановтың үлкен ұлы Рамазан Амангелдиев екені анықталды. Фамилиясы Иманов деп жазылғанда, ойымызға бірден Амангелді Иманов келер ме еді? 
1939 жылғы «Пионердің» екінші нөмірі де сол кездегі идеологияны насихаттаудан бастайды. «Қызыл армия – еңбекші халықтың армиясы» деген мақала қызыл армияның ерлігін баяндайды. Әрі қарай «Жапон шабуылшыларын қалай жойдым?», «Жауынгерлік разведка» әңгімелері берілген. Н.Островскийдің «Құрыш қалай шынықты?» романынан үзінді де осы санда аударылып беріліпті. Сапарғали Бегалин, Баубек Бұлқышев сынды қаламгерлер автор болып, журналдың мазмұнын байытуға үлес қосқан. Бұл жолғы нөмірге Хасен Сейілханов деген жаңа қызметкер қосылғанын байқауға болады.  
1939 жылдың үшінші нөмірінің бес беті Тарас Шевченкоға арналыпты. Тарастың дүниеге келуінен бастап, шығармашылығына дейін тәптіштеп жазылған. Сосын Некрасовтың арнау өлеңі мен Т.Шевченконың «Кавказ» (аударған Тайыр Жароков) және «Лирика» (аударған Қасым Аманжолов) шағын өлеңдері беріледі. Сондай-ақ Иса Байзақовтың «Кавказ» поэмасы да осы санда жарық көріпті. Авторлардың бәрі – белгілі қазақ әдебиетінің өкілдері. Балалар мен жасөспірімдерге арналған журнал болғандықтан, онда тек әдеби-мәдени мақалалар ғана емес, балалардың да шығармашылығы жарияланып отыруға тиіс. «Пионердің» төртінші нөмірінен ғана оқушылар жазған өлеңдерді көре аламыз. Жалпы осы төртінші санның бірінші бетінде «Ашық хат» деген тақырыппен бір бет мақала беріліпті. «Журналымызда бұдан былай осындай ашық хат ұйымдастырып отырғымыз келеді. Бірақ «сөз сөзден тұрады», журналымызда басылған материалдарымыздың қайсысы ұнайды, бұдан былай қандай материалдарды басу керектігі жайында жазуларыңыз керек. Хат жазыңдар, балалар. Пікір алмасайық. Енді сөз сіздердікі», – деп, оқырмандарды кері байланыс жасауға шақырады. Бұл жолы журналдан автор ретінде Мұхтар Әуезовтің «Оқудан қайтқанда» («Абай» романынан үзінді) шығармасы берілген. «Пионер» бұл кезеңдерде ұзын-сонар романдар мен поэмалардан үзінділерді батыл жариялайды. Мысалы, Аркадий Гайдардың «Чук пен Гек» әңгімесі бірнеше нөмірге бөліп жарияланған. Қазір біз «Ақ желкенге» романнан немесе поэмадан үзінді жариялауымыз екіталай. Роман мен поэма баланың қабылдауына ауыр соғып, журналға қызығушылығын жоғалтады деп алаңдайтынымыз рас. 
Төртінші нөмірде тағы бір назар аударарлық жайт, «Батырдың балалық шағы» деген тақырыппен Амангелді Имановтың балалық шағы туралы Рамазан Амангелдиннің әңгімесі жарияланыпты. Р.Амангелдиннің «Пионер» журналындағы жауапты редакторлық жұмысы осы саннан кейін аяқталғанын журналдың паспортынан аңдадық. Орнына Хасен Сейілханов жазылған. Алайда «Пионердің» қыркүйектегі санынан бастап жауапты редакторы қайтадан Рамазан Амангелдин болғанын байқаймыз. Балалардың өз қолымен жазылған шығармалары жетпей тұр демесең, балаларға, жасөспірімдерге шақтап жазылған шығармалар өте қызықты-ақ. Осы уақытқа дейін 20 бет болып шығып келе жатқан «Пионер» бұл жолы 25 бетке ауысып, таралымы 9035 данаға өсіпті. Алғашқы саны – 2150 данамен, екінші саны – 3000, үшінші саны 5000 данамен шыққан еді. Осы жолы бірден 9035 данаға жеткеніне қарап отырып, сол кездегі «Пионер» шыға сала халықтың сұранысына ие болғанға ұқсайды деп топшыладық. 
Сондай-ақ, журналдың алтыншы нөмірінде «Пушкиннің туғанына 4 жыл» деген айдармен – Пушкин туралы, «Куйбышевтің туғанына 51 жыл» деген мақалалар басылыпты. Тіпті «М.Горькийдің жан қолынан қаза тапқанына 3 жыл» деген айдармен, Максим Горький туралы мақала берілген. Мақалалардың жазылу стилі де өте қызық. Қалай бар, солай береді. Сезімдерді, эмоцияларды боямайды, шынайы жазылады. Мысалы, М.Горький туралы мақалада: «Олар пролетариаттың ұлы жазушысына арам қолдарын көтерді... Әрине, халық арасында ешқандай сүйеніші болмаған опасыз зәлімдер Горький сынды ұлы адамның қасық қаны үшін оңдап тұрып жауап берді. Жаулардың күл-талқаны шығарылды», – деп эмоцияны жасырмай береді. Қазір біз мәймөңкелеп, «заң алдында жауап берді» деген бірауыз сөзден аса алмауымыз мүмкін. 
Сегізінші нөмірдің алғашқы беті оқушылардың хатынан басталыпты. Рафхат есімді 4-сынып оқушысы хатын былай бастаған: «Семей поштасындағы былықтың салдарынан мен «Пионер» журналының алғашқы үш нөмірін оқи алмағаныма өкініштімін. Төртінші нөмірден бастап журнал келе бастады. Мен ондағы материалдарды сүйсіне оқимын». Пошталардың газет-журнал тарату ісіндегі «былықтар» бүгін де, яғни 2025 жылы да өте өзекті. Оқырмандарымыз жазылған журналға әрқашан қолы жете бермейді. Ал тағы бір оқушы: «Журналды үзбей оқимыз, сондықтан журналдың оқушысы ретінде мынандай үш тілек қояйық деп едік: 1. Біздің әкеміз, қамқоршымыз Ұлы Сталиннің өмірінен көркем әңгімелер басылып тұрса екен», – деп жазыпты. Сол баяғы Сталиннің саясатын ұлықтауды баланың ауызына салғанына қайран қаласың. Ал редакция қалай жауап қатады дейсіз? «Бұл журналды 1-кластың да, 8-кластың да баласы оқиды. Оған қандай өлең керек екенін білесіз бе? Сіздің жалпылама етіп үлкен газеттерде басылатын өлеңдер құсатып ұйқассыз, сюжетсіз жазғаныңызға түсінер ме екен? Әрине, түсінбейді. Бұған қарап бізге жазбай қоймаңыздар. Асықпай, ойланып шығыңыз. Жақсыларын бізге жіберіңіз», – дейді. Оқушылардың көңіліне қарап, жазғандарын түзеп-күзеп журналға басып жүрген біз үшін бұл тым дөрекі көрінді. Алайда «Пионер» журналының ұстанымы ма, әлде оқырмандары шындыққа тура қарай ма, ол жағын ажырата алмадық. Әр оқырман үшін күресіп жүрген бізге бұл таңғаларлық нәрсе. 
Бізге қызық болып көрінгені – журналдың таралымы әр айдағы әртүрлілігі. 1939 жылды 3910 данамен аяқтаса, 1940 жылдың қаңтардағы саны 8470 данаға жеткен. Ал 3 және 4 сандары бірігіп, 9000 данамен шыққан. 5, 6 сандары да бірігіп шығыпты. Осы уақытқа дейін тек ерлікті, батырлықты насихаттап келе жатқан журналдың бетінен бірінші рет «Композитор ана» деген тақырыптағы мақалаға жолықтық. Авторы – Жұмаш Қонақбаев. Көзіңе Дина Нұрпейісованың кескіні оттай басылады. Құрманғазының «Кісен ашқан» күйінің тарихын Дина болып баяндайды. 
1940 жылдың біріккен 7, 8 нөмірі де назарымызды аударды. Қазақстанның ХХ жылдығы алдында деген айдармен «Міне, Қазақстаным» (авторы Абдолла Жұмағалиев) өлеңі көзге түседі. «Біздің Алма-Ата» деген екі беттік мақала да назар аударады. «Ұлы ақынның туғанына 95 жыл» айдарында Әлішер Тоқмағамбетовтің «Абай – кемеңгер халық ақыны» мақаласы мен Абайдың немересі Уәсиланың «Әкем туралы әңгіме» деген мақаласы жарияланып, журналдан қазақылықтың иісі аңқығандай болды.  
1940 жылы біріккен 5, 6 санында жауапты редакторы Хасен Сейілханов деп жазылыпты. Ал оныншы санында Қырғыздың автономиялы советтік социалистік республикасын Қазақтың автономиялы советті социалистік республикасы деп атау туралы бұйрықты келтіре отырып, «Біздің республика» деген тақырыпта мақала басылған. Мақалада Қазақстанның бар байлығы туралы көсіле жазған мақала жарияланыпты. 
1940 жылдың соңғы нөмірінде латын алфавитінен бас тартып, орыс графикасына көшу туралы мақала жазылып, қасына жаңа алфавиттің таңбасы беріледі. «Халқымыз тағы бір асқан жаңалық уақиғаны қуанышпен қарсы алды. Бір жарым жыл жүргізілген тамаша әзірліктің қорытындысы шықты. Көп тілегі орындалды. Қазақ ССР Ұлы Советінің мерекелі V сессиясы «Қазақ жазбасын латын алфавитінен орыс графикасы негізінде жасалған жаңа алфавитке көшіру» туралы заңды бекітті» дей келе, латын әліпбиінен бас тартқан себебін келтіреді. «...Бірақ латын алфавиті қазақ тілінің бүгінгі шарықтап өсуіне лайық бола алмайды. Түрі ұлттық, мазмұны социалистік мәдениетіміздің құлаштап дамуына, ұлы орыс халқының бай мәдениетін жете меңгеруімізге керекті жағдайды өз тұрғысынан ол қамтамасыз ете алмайды, түрлі қиындықтар келтіреді» деп, басқа да мысалдармен дәлелдейді. Әрине, латын қаріпінен кириллицаға ауысудың саяси маңызын жұмсақтап, сипақтатып жеткізеді. 
Осыдан кейін «Пионердің» шығуы бес жылға үзіледі. 1941 жылы басталған Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанша бірде-бір саны жарық көрмеген. Жалғыз «Пионер» ғана емес, сол кездегі газет-журналдар да шығуын тоқтатқан екен. 
1946 жылдың шілде айында «Пионер» қайтадан шыға бастайды. №1 деп таңбаланған журналға Жамбыл Жабаев пен балалардың суреті басылыпты. Мұның өзі журналдың жаңа леппен, үлкен құлшыныспен шыққанын айғақтап тұрғандай. Мұқабасы, мәтіндердің қызыл және көк түспен салынғаны көз тартады. Бұрынғы «Пионер» сары қағазға, қара түспен шыққан еді. Бұл жолы дизайны жетілдірілген, суреттері де ерекше ықыласпен салыныпты. Және ең бастысы, журнал кириллицамен басылған. Алғашқы бетінде Мәлік Ғабдуллиннің «Жәкеңмен соңғы кездесуім» мақаласы берілген. Одан кейін Сапарғали Бегалиннің «Бала Жамбыл» мақаласы және Жамбыл Жабаевтың  «Бесік жыры» өлеңі де қоса жарияланған. 
Бұл нөмірге Мұхтар Әуезовтің осы күні бәріміз айтып жүрген пікірі де  салыныпты. Ұлы жазушы: «Пионер» журналының қайта шыға бастағанына шын қуаныштымыз. Қазақтың жас жеткіншек талапкер, үміткер гүлдері өз тілінде, ана тілінде көркем тәрбие алмағы аса қымбат, – дей келе: – «Менің пәлендей ғылым адамы болуыма, менің пәлендей өнер адамы болуыма ең алғаш қозғау салып, ой-талабымды оятқанның бірі «Пионер» журналы болып еді» дейтін болсын. Журнал осындай сапасы болсын, жас оқушысына сүйікті қымбат дос болсын», – дейді лебізінде. «Пәлендей адам болуыма «Пионер» журналы әсер етті» деп Мұхтар Әуезовтің өзі айтқан» деп мақтангершілікпен айтып жүргенімізге аздап ұялып, алайда фактчек жасалғанына қуанып-ақ қалғанымызды жасырмаймыз. 
Бұл нөмірде Алматыда Ғылым академиясының құрылғанын және оның президенті Қаныш Сәтбаев екені жазылады. Соғыс жылдары жабылып қалып, енді қайтадан ашылған «Пионер» журналы туралы Сәбит Мұқановтың лебізі де беріліпті. «Соғыстан бұрын қазақ тілінде балаларға арналып «Октябрь балалары» газеті мен «Пионер» журналы шығатын еді де, балалардың білімін көтеруге, көркем сезімін өркендетуге көп көмек беретін еді. Соғыс кезінде бұл екі баспасөздің тоқтатылуы балалардың рухани өсуіне көп кедергі жасады» дейді жазушы. 
1946 жылы шыққан бірінші нөмірге барын салған бас редактор – Ұлы Отан соғысына қатысушы, ағартушы, ғалым, ақын, жазушы Төкен Әбдірахманов екен. Таралымы 10 мың дана. Осы жылғы екінші нөмір де өте мазмұнды. 44 бет, қалың, сапалы қағазға басылып, мұқабасындағы сурет түрлі-түспен салынған. Алайда, неге екені белгісіз, 4-5 сандары 51 бетпен дәл 1939 жылғы сапамен, сары қағазға басылыпты. Алтыншы нөмірі 36 бетпен, дәл солай ескі форматта шыққан. 1946 жылдың 6-санынан кейін әлде шықпай қалғаны, әлде архивке түспей қалғаны бізге белгісіз. Қанша іздесек те таппадық. Бірінші саны шілдеде жарық көргендіктен, 1946 жылы 6 нөмірмен аяқтауды да жөн көрген болуы мүмкін.
1948 жылғы қаңтардағы санында бірінші рет Жаңа жыл туралы өлең жарияланыпты. Жалпы, соғыстан кейін «Пионердің» еркін тыныстағаны сезіледі. Сталин мен Ленинді жырлай отырып, қазақтың тұрмыс-тіршілігі, әдебиеті мен мәдениеті туралы көп жазады. Дегенмен балалардың журналы 1925 жылы да, 1939 жылы да және 1949 жылы да саясаттан тыс қалған емес. Себебі, елде болып жатқан саяси-әлеуметтік мәселенің бәрі журнал бетінде көрініс тауыпты. Қанша жерден балалардың журналы тұнық, мөлдір болу керек десек те, саяси жүйенің табы білініп тұр.

Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

"AQ JELKEN" журналы

1170 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз