- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 26 Наурыз, 2025
Аида Балаева «Қазақфильм» киностудиясы жайлы даулы пікірлерге қатысты түсініктеме берді

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева кейінгі уақытта «Қазақфильм» киностудиясы төңірегінде туындаған даулы пікірлерге қатысты түсініктеме берді.
- «Қазақфильм» жерінің сатылуы жөніндегі ақпаратқа қатысты. Бұл мәселе төңірегіндегі негізсіз қауесет біржола тоқтатылуы тиіс. «Қазақфильмге» тиесілі жерлер киностудия иелігінде қала береді. Жер сатылған жоқ және тек кинематография мүддесі үшін пайдаланылуда, - дейді министр.
Сондай-ақ, Аида Балаева киностудияны қаржыландыратын инвесторларға қатысты да тоқталды.
- Киностудияны жөндеуге қомақты қаржы салуға дайын инвесторлардың бар екені жайлы. Бұл ақпарат қоғамда кең тарап жүр, алайда мұндай мәлімдемелерді құжаттармен немесе нақты кепілдіктермен растай алмайтын адамдар жасап отыр. Мемлекет, яғни Мәдениет және ақпарат министрлігі нақты инвесторлармен жұмыс істеуге дайын. Дегенмен әзірге ешқандай нақты ұсыныс, бірде-бір кепілдік хаты жоқ. Барлығы тек әңгіме деңгейінде, - дей келе, әлеуметтік желіде қызу талқылауға түскен келесі мәселе - киностудияны Астанаға көшіруге қатысты да пікірін білдірді.
- Киностудияны Астанаға көшіру туралы. Бұл да ешқандай негізі жоқ қауесет. Қазіргі уақытта елордаға «Қазақанимация» шығармашылық бірлестігін көшіру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Мұнда маңызды жайт – «Қазақанимация» өндірістік база емес, анимациялық контент жасауға тапсырыстарды бөлетін құрылым. Сондықтан оның Астанаға көшуі саланың жұмысына еш кедергі келтірмейді.
Өкінішке қарай, кейінгі бес жылда елімізде сапалы анимациялық фильмдер түсірілген жоқ. Осыған байланысты анимациялық индустрияны Креативті индустриялар қорының аясында дамыту орынды болмақ. Қор құрылымында анимацияны дамытуға бағытталған креативті хаб жасақталуда, - дейді министр.
Аида Балаева Президент қол қойған жаңа заңға сәйкес елімізде фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын тікелей «Қазақфильмге» бағытталатынын және киностудия шетелдік әріптестерімен бірлесіп бірқатар маңызды фильмдер түсіруді жоспарлап отырғанын атап өтті.
- Сонымен қатар, демеушілерді тартудың арқасында киностудияда соңғы 15 жылда жүргізілмеген жөндеу жұмыстары басталды. Бұл – инфрақұрылымды жаңғыртудың алғашқы кезеңі. Осы орайда киностудия мен қазақстандық киноөндірістің дамуына үлес қосып жүрген жандарға алғыс білдіремін! Әрине, әңгіме әзірге күрделі жөндеу туралы емес, бірақ бұл – «Қазақфильмде» жұмыс істеу үшін қалыпты жағдай жасауға бағытталған нақты қадамдар.
Атап айтқым келетіні, «Қазақфильм» тек кинотуындылар ғана емес, ең алдымен – шаруашылық жүргізуші компания және бәсекеге қабілетті нарық қатысушысы. Ол жоғары кәсіби киноөнердің дамуына лайықты жағдай жасайды. Сондықтан Министрлік бұл кәсіпорынды режиссер немесе актер емес, киностудия қызметін табысты әрі тиімді жүргізуге қабілетті кәсіби менеджер басқаруы тиіс деген қағиданы берік ұстанады, - дейді Аида Балаева.

938 рет
көрсетілді0
пікір