- Аймақ тынысы
- 02 Сәуір, 2025
Заңсыз темекі өнімдерін өндірумен айналысқан қылмыстық топ ұсталды

ҚМА Түркістан облысы бойынша Департаменті азаматтардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін заңсыз темекі өнімдерін (снюс) өндіру, сату және айналымға енгізумен айналысқан қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Қаржылық мониторинг агенттігі.
Арнайы операцияның нәтижесінде 1 000 шаршы метр аумақта күнделікті 30-дан астам жұмыскерлер жұмыс істейтін заңсыз цех жойылды.
Шикізат дайындау мен логистиканы ұйымдастырудан бастап Астана, Алматы, Шымкент қалаларында және басқа өңірлерде ірі көтерме жеткізушілер арқылы өткізу арналарына дейінгі қылмыстық қызметтің барлық схемасы анықталды.
Заңсыз айналымнан 10 млн астам тыйым салынған дайын өнім, 28,8 млн бір реттік дозаны құрайтын 14,4 тоннадан астам темекі, 3,3 мың литрден астам хош иістендіргіш пен улы қоспалар, сондай-ақ өндірістік жабдықтар алынды.
Қосымша ақпарат ҚПК-тің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды.

972 рет
көрсетілді0
пікір