Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 03 Сәуір, 2025

Меңсұлу СӘТЖАН: Өмірге құштарлықты оята бергім келеді

Шектеу – санада ғана. Кей адамдар кішкентай қиындықтың өзінде кері шегінсе, енді біреулер кез келген сынақты жеңіп, биікке ұмтылады. Біздің кейіпкеріміз  Меңсұлу Сәтжан – сондай қайсар жандардың бірі. Туғаннан   бір қолы    жоқ болғанымен, ол ешқашан өзін шектеген емес. Бүгінде кәсіби визажист,   кәсіпкер,  өзгелерге сұлулық пен сенім сыйлап жүрген маман. Бірақ бұл жетістікке жету жолы қаншалықты қиын болды? Өзіне деген сенімді қалай қалыптастырды? Оның макияж өнері адамдардың өміріне қалай әсер етеді? Осыны білмекке біз кейіпкеріміздің өзімен сұқбаттасып, табысқа жету құпиясын, шабыт көздерін және өмірге деген құштарлығының сырын білуге тырыстық.

Мейірімге бөленіп өскен бақытты баламын

Ақтөбе облысы, Темір ауданы, Тасқопа ауылының тумасымын. Жасым 30-да. Отбасындағы алғашқы перзентпін. Менен кейін бір інім бар. Ата-анам бір қолым жоқ боп туатынымды білмеген. Анам босанғаннан кейін ғана білген екен. Шілденің жаңбырлы түнінде дүниеге келіппін. Жыл сайын туған күнімде жаңбыр жауады. Ата-анам қарапайым адамдар. Әкем құрылысшы, анам мектепте музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Мейірімге бөленіп өскен бақытты баламын. Үйдің тұңғышы болғаннан кейін бе екен, кішкентай кезімде үйдегілер маған көп көңіл бөліпті. Анам күндіз-түні сабақта болатын, сол себепті мектепке дейінгі тәрбиеммен әкем айналысты: жазу-сызуды үйретті, өлең жаттатты. Бала күнімнен ерке, ойын еркін айтатын батыл қыз болып өстім. Мектеп қабырғасында жүргенде мұғалім болғым келетін, одан кейін психолог болсам деп армандадым. Бір кездері тіпті құқық қорғаушы болсам дейтінмін. Есейе келе шәкірт тәрбиелесем деген мақсат қойып, мұғалім болам деп шештім. Әсіресе, журналистикаға қатты қызықтым. Содан филология мамандығына түстім.

Ата-анам біліміме инвестиция құйды

Ауылда жүргенде бір қолымның жоқтығына айналамның көзқарасы түзу болды. Ауылымыз шап-шағын, барлығының көзі үйреніп кетті. 2004 жылы қалаға қоныс аудардық. Ауылдан келген ойын баласының қалаға келіп дос табуы оңай болған жоқ. Балалар ғана емес, кей балалардың ата-анасы да саусақпен шұқып көрсетіп, балаларын менімен ойнатқысы келмеген сәттер болды. Талай рет сол үшін өзімді кінәлап жылап қалатынмын. Бірақ осындай қиын сәттерді ата-анам тиімді пайдаланып, менің назарымды білімге бұрды. «Егер жақсы оқысаң, білім игерсең, қазір сенімен ойнамай жүрген балалар бір күні алдыңа келеді» деп мотивация берді. Ата-анамның сол сөзінен шабыттанып, күндіз-түні тынбай оқуға ден қойдым. Алтын белгіге үміткер болдым, алайда бір ұпай жетпей, мектепті қызыл куәлікпен аяқтадым. Университетті де озат бітірдім. Қалаға қоныс аударғанда 5-сыныпта оқитынмын. Сырттан келсем де бірден староста болдым. Кей ата-аналардың «қаңғып келген қыз староста болды» дегенін де естідім. Алайда 
кейіннен алғырлығымды көрсетіп, қаланың балаларын басып оздым. Мұның бәрі ата-анамның маған салған инвестициясының арқасы деп білемін. Таңнан кешке дейін менімен бірге жарыстарға дайындалды, қандай да бір бастамама үнемі қолдау білдірді. Қалаға келгесін орыс тілінен қиналдым. Барлық пәннен «5» алып тұрсам да, орысшаға келгенде қиналыңқырап қалатын едім. Себебі, ауылда орыс тілі өз деңгейінде өтпейді. Айнаның алдында отырып алып дайындалатынмын. Түсінгенімді айту үшін қалада тұратын бөлелерімнің үйіне қонуға баратынмын. Сөйлемдерді кітаптан белгілеп, соны жаттап алып, қатты дайындалатын едім. Сол еңбегім еш кетпеді, ҰБТ-да орыс тілінен 25 балдың 25-ін жинадым.

Ұстазымның сөзі бойыма қанат бітірді

Кезінде бейнелеу өнері пәнінен Қалдыбике апай сабақ берді. Сол апайым сурет жарыстарының ешқайсысынан қалдырмай қатыстыратын. Ол маған: «Меңсұлу, әрдайым жолыңда жасыл түс жанып тұрады. Ештеңеден қаймықпа, алға қарай ұмтыла бер!» – деп жиі айтатын. Қандай да бір қиындықпен бетпе-бет келгенде не жолым болмай жатқан сәттерде ұстазымның осы сөзін еске аламын. Әлі күнге дейін жадымда. Бала кезден досқа адал, әділетсүйгіш болып өстім. Өйткені әкем «ешкімнің ала жібін аттама, адамдарға титтей де зияның тимесін» деп өсірді. Содан ба екен, адамдарға сенім артып, көңілім қалған сәттер көп болды. Кейінірек одан да сабақ алуды үйрендім.

Депрессиядан макияж арқылы шықтым

Макияж ғана емес, бұдан да басқа кәсіптермен айналысып көрдім. Бірақ соның ішінде маған ұнағаны визаж саласы болды. Бұл салаға қызым туғаннан кейін келдім. Босанғаннан кейін депрессияға түстім. Себебі оның күтіміне қатысты біраз қиындықтар болды. Кесар тілігімен босанғасын жүріп-тұруым, бір қолмен бала емізуім қиынға соқты. Қанша жерден ағайын-туысым, жолдасым көмектессе де, өз қолыңмен емізгендей болмайды екен. «Өз балама өзім жағдай жасай алмасам, несіне ана болып жүрмін» деген ойға батып, депрессияның шыңырауына түсіп кеттім. Сол сәттерде визаж саласын оқыдым. Жолдасым бұрыннан қызығып жүргенімді көріп, сертификат сыйлады. Басында барлық визажистке жазып көрдім. Істей алам ба, жоқ па деп қатты қорықтым. Көбі жауап берген жоқ. Содан Мәлика Рахымова деген визажист жауап беріп, соған барып оқыдым. Сөйтсем, бәрі мен ойлағандай қиын емес екен. Алайда екі қолмен жасағандай болмайды, әрине. Бір істеген жұмысымды қайта істеуге тура келді. Қызығушылығым күшті болғасын шығар, бірден үйреніп кеттім. Дегенмен бір қолым жоқ екенін көргенде өзін ыңғайсыз сезінетінін байқай бастадым. Сол себепті өзімді барынша ұстамды, сенімді ұстауға тырысатынмын. Кірпіктерді жапсыру оңай емес, қию керек, көздің өлшеміне келтіру керек. Клиенттердің алдында өзімді ыңғайсыз сезінбес үшін барлығын алдын ала үйден қиып, дайындап баратынмын. Клиенттерім қолым туралы сұрағанда бәрін жасырмай айтып беремін. «Қорықпаңыз, туғаннан бір қолым жоқ, бірақ мен бәрін ойдағыдай жасап беремін» деп қорқыныш сезімдерін сейілту үшін әңгіме айтып, олардың өмірге құштарлығын оятуға тырыстым. Содан соң көп клиентім: «Саған келсек, өмірге басқаша көзқараспен қараймыз, саған келгеннен кейін күш-жігеріміз артып, мүлде басқа адам болып шығамыз», – дейтін болды. Бастапқыда макияжды 1500-2000 теңгеден жасадым. Оның ішінде жолақысы, бояуға кететіні бар, сонда қолымда 500 теңгедей қалатын. Әрбір макияждан соң үйге күшті сезіммен қайтатын едім. Біріншіден, бір адамның әдемі болуына себепші болдым, екіншіден, әдемі болған адамның өзіне деген сенімі арта түседі. Үшіншіден, оның өмірге деген көзқарасын өзгертуге көмектестім. Мені көргеннен кейін кейбірі шүкір айтып, «бізде анау жоқ, бізде мынау жоқ деп жүргеніміз күпірлік екен ғой» дейтін. Босанғаннан кейінгі депрессиядан визаж арқылы шықтым. Сондықтан бұл іс жаныма өте жақын.

Макияж адамға сенім береді

Көпке топырақ шашқым келмейді, әрине. Дегенмен көп визажист бәріне бір макияж жасап жатады. Мен мүмкіндігінше клиенттермен көбірек сөйлесіп, олардың қалаған макияжын жасауға тырысамын. Кейбір мамандар клиентпен сөйлеспей, өзінің ойындағы макияжды жасап тастайды. Сөйтіп, көбі үндемей кетіп, келесі жолы келмей қояды. Мен клиенттің бір-ақ рет емес, алдағы уақытта да қайта келгенін қалаймын. Сондықтан әр адамның бет пішініне сәйкес келетін макияж жасауға тырысамын. Макияж адамға сенім береді деген сөз рас. Көп келіншек бала-шағаның қамы деп өзін соңғы орынға қойып, бет күтіміне көңіл бөлмей жатады. Макияждан соң өздерінің сұлуланып кеткенін көріп, көзіне жас алатын келіншектер де болды. Сол себепті қыз-келіншектер үнемі макияж жасамаса да, бет күтіміне көңіл бөліп жүруі керек деп ойлаймын. Менің мотивациям – қос қанатым, ұлым мен қызым. Бір қолым жоқ болып тусам да, Алла маған екі балапан сыйлағанына шүкір етемін. Олардың болашағы жарқын болуы үшін жан жарым екеуміз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Өзімді талапшыл адаммын деп есептеймін. Мұнымен тоқтап қалғым келмейді. Өзімді барлық қырымнан байқап көргім келеді. Қандай кәсіп бастасам да, бәлкім, соңына жеткізбеуім де мүмкін. Алайда «әттең, осыны істемедім-ау» деген өкініш болғанын қаламаймын. Әр бастамамды жолдасым қолдап жүреді, оған рақмет айтамын!

Кейіпкеріміздің табандылығы мен ерік-жігері таңдай қақтырды. Ол – табандылық пен еңбектің, өмірге деген құштарлықтың жарқын мысалы. Меңсұлу өз жолында кездескен кез келген қиындықты мүмкіндікке айналдыра білді. Сұлулықтың сыртқы келбеттен ғана емес, ішкі сенімнен басталатынын дәлелдеді. Оның жетістігі – жеке талпынысының ғана емес, балалық шақтан қалыптасқан сенім мен ата-анасының қолдауының нәтижесі дер едік. Баланың өзіне деген сенімі, табандылығы мен көзқарасы кішкентайынан-ақ қалыптасады. Ата-ананың шынайы қолдауы, үздіксіз еңбегі мен бала бойындағы мүмкіндіктерді дамытуы болашақта үлкен жетістіктердің бастауы деуге әбден болады. Бұған қарап өмірде шектеулерді сыртқы жағдайлар емес, адамның өзі қоя ма дейсің. Ал біздің кейіпкеріміз Меңсұлу Сәтжан сияқты жандар сол шектеулерді бұзып, өзіне сенген адам қандай биіктерді бағындыра алатынын дәлелдеп отыр.

Жазып алған Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

«Ақ желкен» журналы

1654 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз