Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 04 Сәуір, 2025

Қазақ тілінде оқытудың артықшылығы көп

Айым Мақсатқызы, Көлік жүргізуді оқыту және үйрету орталығының оқытушысы: Қазақ тілінде оқытудың артықшылығы көп

Мен үшін автомектепте сабақ беру – жай ғана мамандық емес, үлкен жауапкершілік жүктейтін маңыз­ды миссия. Әр жанға көлік жүргізудің техникалық қырын үйрету жеткіліксіз, олар жол қозғалысының қағидасын терең меңгеріп, әртүрлі төтенше жағдайларда дұрыс шешім қабылдай білуге тиіс. Сондықтан теориялық сабақта тек ережелерді жаттатумен шектелмей, оларды өмірлік тәжірибемен ұштастырып түсіндіру аса маңызды.
Теориялық білімді мемлекеттік тіл – қазақ тілінде меңгеру курсанттарға ақпаратты жылдам әрі тиімді игеруге көмектеседі. Ана тілінде түсіндірілген материал курсанттардың санасына тез сіңіп, оны қолдану оңайырақ болады. Әсіресе жол белгілері мен таңбаларын, маневр жасау ережелерін, жүргізушінің құқы мен міндетін дұрыс түсіну – болашақ жүргізушілердің кәсіби сауаттылығын арттырады.
Көлік жүргізу – тек рульді басқару емес, адамның зейінін, жауапкершілігін, шешім қабылдау жылдамдығын талап ететін күрделі үдеріс. Осы себепті автомектептегі теориялық сабақта жүргізушілердің ойлау қабілетін дамытуға ерекше назар аудару қажет. Жол қозғалысы жағдайын жан-жақты талқылау, визуалды құралдарды пайдалану, интерактивті әдістерді қолдану оқытудың тиімділігін арттырады.
Автомектепте сапалы білім беру үшін оқытушының тәжірибесі ғана емес, оның оқыту шеберлігі де маңыз­ды. Менің мұғалімдік қабілетім анам­нан берілген, бала күнімнен ұстаз болуды армандадым. Бүгінде осы арманымды жүзеге асырып, болашақ жүргізушілерге жол ережелерін үйрету арқылы олардың өміріне оң ықпал етіп келемін.
Қазірде автомектептерде білім беру үрдісі жаңашыл әдістермен толықтырылды. Заманауи оқыту әдіс­тері мен тәжірибелік дағдыларды қалыптастыру үшін теориялық сабақты қызықты әрі тиімді өткізу үшін интерактивті материалдар, визуалды мысалдар (жол-көлік оқиғаларының талдауы, графикалық схемалар), ­симу­­ляциялық бағдарламалар, тестілеу және өзіндік бағалау жүйелері қолданылады. 
Қорыта айтқанда, қазақ тілінде автомектепте теориялық сабақ беру – тек мемлекеттік тілді дамыту қадамы ғана емес, болашақ жүр­гізу­шілердің сапалы білім алуына жасалған үлкен мүмкіндік. 

2020 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз