- Біздің сұхбат
- 04 Сәуір, 2025
Асхат Хайратұлы, өрт сөндіруші: Ең маңыздысы – адам өмірін сақтау

Өз ісіне берілген, жауапкершілікті бірінші орынға қоятын, қызметін адал атқаратын жандар ғана қоғамның дамуына айтарлықтай үлес қоса алады. Бұл қағида әсіресе адам өмірін қорғаумен айналысатын мамандық иелеріне тікелей қатысты. Өрт сөндіруші – мамандық қана емес, үлкен ерлік пен табандылықты талап ететін қызмет. Бұл жолды таңдаған адам өз өмірін қатерге жиі тігеді. Біз осы салада 15 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Анарқұлов Асхат Хайратұлымен сұқбаттасып, оның қызметі мен өмірлік ұстанымдары туралы сұрадық. Бүгінде майор, Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне қарасты Алмалы ауданының №8 өрт сөндіру бөлімінің басшысының орынбасары болып қызмет атқаратын Асхат Хайратұлы өрт сөндірушінің қандай жауапкершілікті арқалайтыны, бұл мамандықты таңдаған адамның бойында қандай қасиеттер болуы керек екенін айтып берді.
– Бұл жұмысқа 2011 жылы орналастым. 2007-2011 жылдары Көкшетау техникалық институтында оқыдым. Содан бері Алматыдағы көптеген өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істедім. Отбасым, үш балам бар. Мен түлеп ұшқан Көкшетау техникалық институты бүгінде академиялық дәрежеге жетті. Бұл мамандыққа сұраныс жыл сайын артып келеді. Құрал-жабдықтарымыз да жаңарып жатыр. Мамандығым өзіме қатты ұнайды, – деп бастады әңгімесін Асхат Хайратұлы.
Ол бізге алғаш жұмысқа тұрған жылдары болған өрт оқиғасын баяндады. Тіпті қай күні, қай уақытта болғанына дейін есінде екен.
– Бүгінге дейін біраз өрт болған жердің басы-қасында жүрдім. Бір оқиға айтып берейін. Әлі есімде, 2011 жылғы 17 қазанда, түнгі сағат 04:20-да Түркебаев, 298а (Райымбек-Түркебаев қиылысы) мекенжайында өрт болды. Қаңқалы үй өртенді. Ол үйдің ішінде бірнеше отбасы пәтер жалдап тұрған. Оқиға орнында 9 газ баллоны жарылыпты. Біз 8 адамды құтқардық. Өкінішке қарай 5 адам өрт салдарынан қаза тапты. Бұл менің жұмыс тәжірибемдегі ең алғашқы өрт оқиғасы еді. Оқуда жүргенде мұндайды көрмеген едім. Жасыратыны жоқ, барлық өрт жүрекке салмақ түсіреді. Одан кейін қателеспесем, 2019 жылы Сейфуллин, 510 мекенжайында жанармай цистернасы өртенді. Бұл – жұмыс тәжірибемдегі екінші үлкен өрт оқиғасы. Басқа цистерналардың жарылуына жол бермей, өртті дер кезінде сөндіріп алдық. 2013 жылы қыста Алматының Алмалы ауданындағы бір тұрғын үйдің жертөлесінде өрт болды. Бізге үй тұрғындары жертөледе адамдар бар деп хабарлады. Оқиға орнына жеткенімізде, жертөледе шынымен адамдар тұрғаны белгілі болды. Бірақ олардың үшеуінің екеуі өрт басталғанға дейін кетіп қалыпты, ал бір адам мас күйінде ұйықтап қалған. Суықтан тоңбас үшін олар жертөлені қоқысқа толтырып, от жаққан. Біздің басты міндетіміз – бүкіл ғимаратты қарап, адамдардың бар-жоғын анықтау. Сондықтан түкпір-түкпірді түгел тексеріп, сол адамды тауып алдық. Өрттің ортасында жұмыс істеу оңай емес. Сол кезде қолшамым сөніп қалды. Байқаусызда есікті итермек болып, қолымдағы қолғапты шешіп едім. Бірақ есік отқа оранып, шоқ болып жанып жатқанын аңғармай қалдым. Сол сәтте қолым есікке жабысып қалды. Нәтижесінде, қолым күйіп, сол із әлі күнге дейін сақталып қалды. Одан бөлек қаншама базар өртенді, үлкен өрттер болды. Соның бәрін сөндіруге қатыстым. Біздің қызмет – адамдардың алғысын алатын жұмыс. Біз үшін ең маңыздысы – адам өмірін аман сақтап қалу. Қай кезде де адам өмірі өте қымбат. Одан кейін ғана олардың дүние-мүлкін мүмкіндігінше бүтін алып қалуға тырысамыз. Жоғары оқу орнында да осыны үйретеді.
– Сіздерге адамдар қаншалықты жиі хабарласады? Жұмыс кестелеріңіз қандай?
– Мен жексенбі күні демаламын, ал сенбі – жартылай жұмыс күні. Дегенмен егер демалыс күндері біздің ауданда өрт шықса, үздіксіз жұмыс істеуге міндеттіміз, өйткені өрт кез келген уақытта болуы мүмкін. Қажет болса, оны таңға дейін сөндіруге тура келеді. Біздің бөлімде 4 қарауыл жұмыс істейді, әр қарауылда 15 адамнан бар. Әр қарауылдың өз басшысы болады. Жұмыс кестесіне сәйкес, бір қарауыл қызметте болса, қалған үшеуі үш күн демалады. Кезекпен ауысу жүйесі бойынша әр қарауыл 24 сағаттық жұмыс істейді. Мысалы, бүгін сағат 09:00-де жұмысқа кіріскен қарауыл ертең таңғы 09:00-де ауысымын аяқтайды. Біздің бөлім Алмалы ауданына қарайды. Жетісу ауданымен шекаралас. Медеу ауданында өрт болса, оған да барамыз. Өрттің көлеміне қарай 101, 112 нөміріне хабарлассаңыз, қоңырау бізге түседі. Көмек сұрайтын адам қанша рет хабарласты, соған қарай әрекет етеміз. Егер қоңырау саны көп болса, барлық бөлімше жұмылдырылады. Қазіргі уақытта Алматы қаласында 20 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. Бұған қоса қазір тағы екі жаңа бөлімше салынып жатыр.
– Өрттің негізгі себептері неден болуы мүмкін?
– Өрттің шығуына түрлі себептер әсер етуі мүмкін. Әсіресе, тоқтың қысқаша тұйықталуы, газ баллонының жарылуы сияқты жағдайлар өрттің жиі туындауына себеп болады. Мұндай оқиғалар кезінде адамдар бізге хабарласады. Алматының төменгі аудандарының бірі – Жетісу ауданында жеке тұрғын үйлер көп, оның ішінде 50-60 жыл бұрын салынған ескі үйлер де кездеседі. Өкінішке қарай кейбір тұрғындар пештерін уақытылы тексермейді, мұржаларын тазаламайды. Соның салдарынан түтін дұрыс шықпай, өрт қаупі туындайды. Біздің тәжірибемізге сүйенсек, қыс мезгілінде өрт оқиғалары жиілейді. Сонымен қатар көктем шыққанда тау бөктерінде өрт болуы мүмкін. Жаз мезгілінде өртенген құрғақ шөптерді сөндірумен жиі айналысамыз. Қала үлкейген сайын өрттің саны да артып келеді. Басқа өңірлердегі жағдайды нақты білмеймін, бірақ Алматыда өрт өте көп тіркеледі. Мысалы, күні кеше ғана Медеу және Алмалы аудандарында болған екі өртті сөндіруге қатыстық.
– Қоңырау түскенде қалай әрекет етесіздер?
– Бізде «барлау» деген ұғым бар. Өрт туралы алғашқы қоңырау түскен сәттен бастап барлау жұмысы басталады. Өрт сөндірушілер жолға шыққаннан кейін оқиға орнына жеткенше жағдайды нақтылау үшін қайта хабарласады. Барлау барысында мынадай маңызды ақпараттар анықталады:
- Қанша рет қоңырау түсті?
- Өрттің нақты мекенжайы қандай?
- Өрт қашан басталды?
- Не жанып жатыр? Үйдің ішкі бөлігі ме, әлде шатыры ма?
- Үйде қанша адам бар?
- Газ баллоны бар ма? Газ жүйесі тартылған ба?
- Электр желілері қалай жүргізілген?
Осы мәліметтердің барлығы барлау жұмысына жатады. Кейде өртеніп жатқан үйдің көршілері «үй ішінде адам бар» деп хабар береді. Сондай-ақ монша жаққаннан өрт шығып, оны өздері өшіре алмай хабарласатындар да кездеседі. Өрттің ең қауіпті түрлерінің бірі – түнгі уақытта шығатын өрт. Себебі адамдар тәтті ұйқыда жатып, өрт басталғанын байқамай қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда ыстан улану қаупі жоғары, ал адам уақытында хабарласа алмаса, трагедияға әкелуі мүмкін. Осындай сәттерде көршілері өрт туралы хабар беріп, құтқару жұмыстары уақытында басталады.
Біз өрт орнына 4 тонналық су қоры бар көлікпен барамыз. Бірақ бұл көлемдегі су бар болғаны 10-15 минутқа ғана жетеді. Кейде осындай жағдайларда адамдар «Өрт сөндірушілер неге сусыз келді?» деп ренжіп жатады, тіпті сын айтып, түсінбеушілік туындайды. Біздің сорғыларымыз секундына 7 литр су шашады, сондықтан судың тез таусылуы – қалыпты жағдай. Бөлімшемізде 4 тонналық, 5 тонналық және 8 тонналық су таситын көліктер бар. Егер біз барған үйдің маңында су көзі болса, сорғыларымызды соған жалғап, суды толықтырып алуымызға мүмкіндік бар. Алайда бұл барлық жағдайда мүмкін бола бермейді. Дегенмен біздің кез келген көлігіміз әрдайым суға толтырылып тұрады. Құрғап тұрған кез болған емес. Қоңырау түскен бойда бар суымызбен бірден өрт болған жерге аттанамыз. Өкінішке қарай бізде көп жерде су желісі жүргізілмеген. Әсіресе, төменгі аудандарда. Су желісі болса, өртті тез өшіруге болады. Өйткені кейбір төменгі аудандағы жеке тұрғын үйлерде су көзі қарастырылмаған. Ол жаққа қазір су жүргізу үшін жол қазылып жатыр. Жалпы су көзі болса, өрт сөндіру қиын емес.
– Өрт сөндіруші адам қандай дайындықтан өтеді?
– Өрт сөндіруші болу үшін үміткер бірнеше кезеңнен тұратын арнайы дайындықтан өтеді. Алдымен қажетті құжаттарды тапсырып, тестілеуден өтеді. Содан кейін мандаттық және медициналық комиссиядан тексеруден өтуге тиіс. Физикалық дайындық талаптарына сәйкес, үміткер 3 шақырымға жүгіруі, белтемірге кемінде 15 рет тартылуы қажет. Сонымен қатар, өрт сөндірушінің бойы белгіленген стандарт бойынша 1,70 метрден төмен болмауы керек. Осы талаптарға сай келген үміткерлер 40 күндік дайындық курсына жіберіледі. Бұл кезеңде олар казармада тұрып, өрт қауіпсіздігі бойынша теориялық және тәжірибелік білім алады. Курсты сәтті аяқтағаннан кейін ғана өрт сөндіруші қызметіне кіріседі. Өрт сөндіруші қызметіне 35 жасқа дейін қабылдайды. 45 жастан зейнетке шығады.
– Жұмысыңыз жеке өміріңізге қалай әсер етеді?
– Өте орынды сұрақ. Кейде үй көрмей кететін күндеріміз болады. Отбасымызбен демалыс күні ойын-сауық орталығына барып, қыдырып жүргенімізде кенеттен қоңырау түсіп, жұмысқа шұғыл аттанатын сәттер жиі кездеседі. Мұндай жағдайда отбасыммен алдын ала келісіп, оларды хабардар етемін. «Әзірге келе алмаймын, жұмыстан қолым тимей жатыр. Өздерің тамақтарыңды іше беріңдер, ертең келемін» дегендей. Балаларым кейде: «Сіз үнемі жұмысқа кетіп қала бересіз!» – деп ренжиді. Сондай кезде оларға: «Өздерің сияқты кішкентай балалар өрт ортасында қалып қойыпты. Оларды құтқаруымыз керек. Біз бармасақ, олардың өміріне қауіп төніп тұр», – деп барлығын сабырмен түсіндіремін. Осылайша, олар біртіндеп түсіне бастады. Ал келіншегім әрдайым түсіністікпен қарайды. Ол менің амандығымды тілеп, үйде күтіп отырады. Өрт сөндіруші болу – жұмыс қана емес, үлкен жауапкершілік. Сондықтан бұл кәсіптің қиындығын отбасы мүшелері де бірге сезінеді.
Өрт сөндіруші – үлкен жауапкершілік пен ерлікке негізделген өмірлік миссия. Кейіпкеріміз Асхат Хайратұлы сияқты азаматтар өз өмірін қауіпке тігіп, басқалардың өмірін қорғау үшін күндіз-түні қызмет етеді. Бұл – нағыз жанқиярлық пен адалдықтың үлгісі. Оларды кәсіби маман ғана емес, адам өмірін құтқаруды борышым деп санайтын нағыз батырлар десек артық емес.
Жазып алған Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ
«Ақ желкен» журналы, №3
Наурыз, 2025

1750 рет
көрсетілді0
пікір