Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 08 Сәуір, 2025

Архивтің өзегі – қойма, тірегі – құжат

Қоғам дамуына әр саланың маманы өзінше үлес қосатыны белгілі. Ол үлес күнделікті өмірде көзге жарқырап көрінбегенімен, жылдар өте келе сол саланың жүйеленуіне ықпал еткен еңбек ретінде айқындалып, көзге түсері анық. Архив ісі көзге көріне бермегенімен, өткен тарихтың қатпары қалың қазынасы ретінде өте құнды мәліметтер сақталған ең маңызды сала. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз елімізде ең алғаш ашылған Орталық мемлекттік архивте 30 жыл қызмет еткен архивист Мәрзия Ғаниқызы Жылысбаева. 

Біз ол кісімен әңгімелеспес бұрын архивариус пен архивші ұғымдарының ерекшелігіне үңілдік. Бақсақ, архивариус материалдардың физикалық жағдайына көңіл бөліп, оларды сақтау мен күтіп-баптауға жауапты болса, архивист құжаттарды зерттеушілерге қолжеткізуге, зерттеу жүргізуге жауапты маман екен. Қазіргі таңда еліміздің архив саласында архивші атауы қолданыста, десек те көптеген мекемелер мен ұйымдарда архивариус атауы әлі күнге дейін қолданыстан түскен жоқ. Мәрзия Ғаниқызы ең алғаш архивист болып, архив қоймасында жұмысын бастап, қазір директордың орынбасары қызметін атқарып келеді. 
Архивте істегеніңізге 30 жыл болыпты, сіз келгенде бұл архив қандай еді, қазір қандай? 
Бала күнімнен тарихи деректерге қатты қызығатынмын. Дәл осы қызығушылық мені архив саласына алып келді деп ойлаймын. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетте Тарих, құқық және қоғамтану деп аталатын мамандықта білім алдым. Біз мектепте оқып жүрген жылдары, студент болған кезеңдерде қазақ тарихындағы ақтаңдақтар ашыла бастаған еді. «Қазақ тілі және әдебиеті» пәні кабинетінде елімізге белгілі тұлғалардың портреттері ілініп тұратын, соларға қарап «Неге бұлар әр жылы дүниеге келген, бірақ барлығы бір жылда қайтыс болған?», – деп ойлайтынмын. Ол кезде мұның себебі қазіргідей ашық айтылмайтын. Дегенмен, ел арасында, үйді-үйде арагідік айтылатын. Анамыз сабақ оқытып отырғанда, бұл кісілерден де мықты адамдар болған, олардың барлығы қудаланған екен, деп елеусіз ғана айтатын. Осындай құпияның сырын ашсам деген ой архив саласына алып келген шығар. 
Кітапханалар мен музейлерге адамдар еркін кіріп-шығатын болса, архив аса мұқият қадағаланатын, қатаң тәртіпке бағынатын режимдік нысан. Кеңес үкіметі тұсында ІІХК-на (НКВД) қараған. Әрине, бұл салада әскери тәртіп болатыны белгілі еді. Қазір де мұнда тәртіп қатаң, себебі маңыздылығын сақтап тұрған нысан. 
Жас маман ретінде ең алдымен сол жылдардың ерекшелігіне байланысты архив қызметкеріне қойылатын кәсіби және адами қарым-қатынас талаптары таныстырылды. Маған тәлімгер болған аға буын архивистердің барлығынан сабақ алдым. Негізі архивтің міндеті сақтау, жинақтау, жариялау деген үш бағытта жүреді. Осының ішіндегі ең негізгісі – архив қоймасы. Сол себепті архивші ең бірінші қоймада жұмыс істесе нағыз кәсіби маман ретінде шыңдалады. Мен де ең алғашқы еңбек жолымды архив қоймасында бастадым. Қоймаға кірген жан бірден басқа әлемге кіргендей болады, өйткені ол осы күнге дейін халыққа жеткен, қағазға басылған, теледидар мен радиодан айтылған деректердің түпнұсқасын, тіпті еш жерде жарияланбаған тың деректер мен құжаттарды көреді. Ол құжаттармен жұмыс істеудің өз ережесі, әдебі, тәртібі, мәдениеті, шарттары бар. Жас маманды архив қорларының қайсысы қандай жағдайда сақталу ерекшелігін білгеннен кейін ғана оның талабына, білім дәрежесіне қарай басқа бөлімдерге , мәселен, жариялау, келушілерге қызмет көрсету, ведомстволық архивпен жұмыс жасайтын бөлімдерге ауыс­тыру мәселесі қаралады. Олар уақыт келе келе жаңадан келген жас мамандарға үйрете алатындай тәжірибе жинайды. 
Арасында құпия құжаттар да бар. Құпиясыздандыру ісі де архивист үшін ауқымды жұмыс. Осында жұмыс істеп жүрген 30 жыл ішінде мұндағы барлық жұмыстың қыр-сырын түгел меңгердім. Әрине «меңгердім» деп бір ауыз сөзбен ғана айтылғанымен, оған бірнеше жыл уақыт кетеді. Оның ар жағында көзге көрінбейтін мың сан жұмыс бар. 
Осында еңбек етіп, қазақ халқының тарихына қатысты құнды құжаттарды құпиясыздандыру ісінің бел ортасында жүргеніме, елдің қоғамдық-саяси өміріне елеулі үлес қосатын мәліметтердің жариялануына себім тигеніне ризамын. Себебі бұл жерде қазақ халқының қилы тағдыры, асыл азаматтарының басынан кешкен қиындығы, еткен еңбегі, қарапайым халықтың арасындағы мың-сан деректер қаттаулы. Біз үшін келушілерге, пайдаланушыларға жол нұсқап, кеңес беріп, тақырыбына сай тың құжат туралы мәлімет берудің өзі де бір мәртебе 
Халықтың қалың тарихын қаттаған бұл мекеменің тарихын білетіндер некен-саяқ. Қалай, қашан құрылғаны жайлы айтып өтсеңіз? 
Бұл архив 1921 жылы 1 қыркүйекте Орынбор қаласында құрылды. Орынбордағы Ресей архивінен жеке бөліп, құжаттарды Қазақ автономиясының меншігіне алу жолында да көп жұмыс атқарылды. Бұл істе Алаш арыстары Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынұлы, Аспандияр Кенжин т.б. қайраткерлер ұшан-теңіз жұмыс атқарды. Олардың ішінде өзге ұлттың азаматтары да бар. Архив ел астанасының ауысуына байланысты Орынбордан Қызылордаға, Қызылордадан Алматыға көшірілді. Әрине көшіру тарихы да әрқилы. Алматыда арнайы архивке салынған ғимарат болған жоқ. Біраз жыл әртүрлі ғимараттарды мекен етті. 1953 жылдардан бері ғана архивке арналған ең үлкен әрі ең бірінші ғимарат салу мәселесі көтеріліп, 1962 жылы архив саласына арнайы салынған қазіргі ғимаратқа көшіп келді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін басқа да архивтер ашылды, олар да өз жұмысын жалғастырып, дамып жатыр. Ал біздің архив Қазақстанда ең алғаш құрылған қарашаңырақ, Орталық мемлекеттік архив ретінде жұмыс істеп тұр. Мәртебесі мен дәрежесі жағынан Президент архиві жоғары тұрғанымен құжаттардың құндылығы тұрғысынан, біздің архивтің қоры мол.
Өздеріңізге белгілі, осыдан бес жыл бұрын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құрылды. Архив қызметкері ретінде сол комиссияның құрамына қабылдандым. Бұл комиссия құрылғанға дейін де, кезең-кезеңімен Кеңес үкіметі тұсындағы ҚазАКСР Орталық Атқару комитетінің, Халық Комиссарлар кеңесінің және басқа да қорлардың құжаттарын құпиясыздандыру жұмыстары атқарылған болатын. Бұл құжаттар «ашылмаса», тарихи мәлімет ретінде халық арасына тарамаса ҚазақКСР-нің де жұмысы, онда еңбек еткен азаматтардың еңбегі көрінбейтін еді. Бұл құжаттар тәуелсіздікке дейін жабық қор ретінде сақталды.
– Қазір архив құжаттарымен танысу Кеңес үкіметі кезіндегіге қарағанда жеңілдеу секілді. Бұрын қандай болып еді? 
Жоғарыда айтқанымдай архив ерекше нысан. Кеңес одағы кезінде архивке келіп жұмыс істеген зерттеушілердің жазба дәптері тексеріліп, қажет болса алып қалатын болған. Жазба дәптері қолына берілген жағдайда, жариялауға рұқсат етілмеген мәлімет жазылған парақтары бөлініп алынған. Еліміздің тарих ғылымында архив құжаттарымен тікелей жұмыс істеген ғалымдардың ішінде көпшілікке белгілі Әлкей Марғұлан, Қаныш Сәтбаев, Ақжан Машанов, Ғабиден Мұстафин сынды көптеген ғалымдар бар, олардың әрқайсының жазбасы қатаң сүзгіден өткен. 
Архив құжаттарының ашылу мерзімі қалай анықталады? Нақты белгіленген уақыт бар ма? 
Оның өзіне тән ережелері болады. Кеңес үкіметі тұсында кейбір құжаттарда 30 жылдан кейін құпия грифын алуға болады деген жазба болған. Сондықтан әр кезеңнің саясатына, құжат мазмұнына қарай ашылу жылдары да әртүрлі.
Архивке келетін сұраныстың өзі үш түрге бөлінеді. Бірінші, тақырыптық сұраныс. Оған саяси-оқиғаларға байланысты жер-су атауларын анықтау, мекемелер мен ұйымдардың тарихына қатысты мәселе, статистикалық мәліметтер кіреді. Екіншісі, ата-тектік, оған саяси жағдайға байланысты ата-тегінен ажырап қалған азаматтардың сұранысы кіреді. Олардың арасында депортациямен біздің елге келген көптеген диаспора өкілдері бар. Үшіншісі, әлеуметтік-құқықтық, оған адамдардың еңбек өтілі, қызметі, қызмет барысында алған марапаттары кіреді. 
Бізге қарайтын 144 мекеме болса, олардың әрқайсының ведмстволық архивтері бар. Алматы қаласында орналасқан республикалық деңгейдегі ведомстволық архивтердің барлығымен тікелей жұмыс істеп отырмыз. Оларға архив ісін, ғылыми-техникалық өңдеу жұмыстарын жүргізу, құжаттарды сақтау, мемлекеттік есепке алуға өткізу бойынша кеңестер беріп, семинарлар ұйымдастырамыз.Бізде зерттеушілердің зерттеу жұмыс­тарын жүргізуге арналған оқу залы бар. Қазір елімізде 7 томдық тарих жазылып жатқандықтан, ғалымдардың көбі осы залда жұмыс істеп отыр. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішіндегі құжаттар да бізде сақтаулы. Қазақ халқының XVI ғасырдан бергі тарихына қатысты құжаттар сақталғандықтан, зерттеушілер арнайы тақырыптары бойынша іздену жұмысын жүргізіп, заңдамалық актілерге сай құжаттардан көшірмелер ала алады. 
Архивтегі іс-қағаздар қай тілде жүргізіледі?
Архив құжаттарын саралап қарағанда құжаттардың 98 %-ы орыс тілінде жазылғанын айтуымыз керек. Тәуелсіздік алған 30 жыл ішінде де құжаттарды толық қазақ тіліне көшіре алмай келеміз. Жеке тұлғалардың құжаттары ғана, оның өзінде ақын-жазушылар мен тарихшы ғалымдардың құжаттары ғана қазақ тілінде рәсімделеді. Кейінгі жылдары қазақ тілінде рәсімделетін құжаттар саны артып келеді, бірақ КСРО құрамында болған басқа рес­публикалар қылышынан қан тамған Кеңес үкіметі тұсында да құжаттарын өз тілінде рәсімдеген екен. Біз соған жете алмай келеміз.
30 жыл архивте жұмыс істеген маман ретінде архив саласын түбегейлі мемлекеттік тілге көшіру ісі кезек күттірмеуі тиіс деп санаймын. Себебі ол ертеңгі болашақ үшін өте маңызды. Осы салада көп жыл жұмыс істеген соң, архивтегі іс қағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуіне бірталай еңбек сіңіріп келемін, ол істе қолтаңбам қалғанына қуанамын. Ішкі номенклатуралық құжаттарды, кейбір тізімдерді мемлекеттік тілде құру ісіне көп күш жұмсадық. Қазір де бұл істі жалғастырып келеміз. 
«Ұстазсыз шәкірт тұл» деген сөз бар. Бұл салада сізге кімдер ұстаз болды, кімдерден тәлім алдыңыз? 
Архив саласын жетік меңгеруге қол ұшын беріп, жол көрсеткен Николай Кропивницкий, Марат Жақсыбайұлы Хасанаев, Ахтям Ахмедович Адельгужин, Рысты Халесқызы Сариева, Ләззат Сүлейменқызы Ақтаева, Ләззат Сексенбаева, Мария Тұрсынбайқызы Сандыбаева сынды мықты азаматтарды ұстаздарым ретінде ерекше құрмет тұтамын. Менің архив маманы ретінде қалыптасуыма осы кісілердің ықпалы мол. 
1998 жылы 22 желтоқсанда «Ұлттық архив және архивтер» атты ҚР Заңы қабылданды. Сол Заңның жазылуына, қабылдануына осы азаматтар көп еңбек сіңірді. Заман ағымына қарай архивтегі ұрпақ сабақтастығы да өз ырғағымен жүріп келеді. Құжаттарды цифрландыру ісін де жалғастырып жатырмыз. 2015 жылы жабылып қалған Орталық лабораторияның жұмыстарын қайта қалпына келтіру ісін жүргізуге де үлес қостым. 
Мемлекеттік деңгейде халықтың әлеу­меттік жағдайына қажетті анықтамаларға қолжетімді «Е-архив» жүйесі қолға алынды. Ондағы техникалық тапсырыстарды орындауда өз тарапымыздан ұсыныстар беру жұмыстарына қатыстым. Бұл мен үшін өте үлкен мәртебе. Архивке алғаш қызметке келгелі 10 директор ауысыпты. Олардың барлығымен тіл табысып жұмыс істеп кету де оңай емес. Ең негізгі мақсатым елімізде тұңғыш құрылған Орталық мемлекеттік архивтің ішкі жағдайын, ақпараттық, құжат­тық, физикалық-химиялық жағдайын жасау, құжаттарды сақтау, жариялау, жинақтау, заманауи негізде жеке және заңды тұлғалардың сұра­ныстарын қанағаттандыруда қол­жетімділікті ұйымдастыру секілді негізгі міндеттерін мінсіз атқару. 
Архив саласына қай оқу орны маман даярлайды? 
Бұл тұрғыда мемлекеттік дәрежеде бекітілген стандарттар бар, сол стандарттарға сәйкес, тарих, филология мамандықтарын бітірген мамандар жұмысқа орналаса алады. Өйткені бізге құжаттарды жариялау жұмысы да маңызды. Осы кезеңге дейін осындағы қорлардың негізінде 100-ден астам кітап жарық көрді. Қазіргі Архивтер, құжаттама және архив ісі комитетінің бастамасымен Әлеуеттік зерттеу орталығы құрылған, соның негізінде көптеген жинақтар жарыққа шығарылып жатыр. Мәселен, Асанбай Асқаровқа қатысты, Кеңес үкіметіне дейінгі кезең, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліске қатысты т.б. жинақтар жарық көрді. Сондай-ақ архивтің қызметкерлерімен бірге архив қорларына сипаттама беретін анықтамалықтарды жаңалап, жарыққа шығару жолында еңбек етудеміз.
Бұрын архив мамандары Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде даярланған болса, қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тарих бөлімінде даярлана бастады. Қазір жастардың көбі жарияға жар салуға құмар. Оны архив саласы көтере бермейді, сол себепті архивке жұмысқа келгісі келетін мамандар ұстамды, патриот, табанды болғаны абзал. 
Еңбек өтіліңіз 30 жыл екенін айттыңыз, кәсіби архивист ретінде жас мамандарға қандай кеңес айтасыз?
Жас мамандарға айтарым, ең бірінші өз саласын жетік меңгеруге күш салу керек. Ата-бабамыздың нақыл сөздерін үнемі оқып, көңілге түйген жөн. Адамгершілікті сақтай отырып, жұмысты жақсы істеп, жан-жағынан да нәтижелі жұмыс талап ете білген жөн. Біреуге ұнамай қалады екенмін деп өз салаңдағы кемшілікті жасырып қалуға да болмайды, себебі елдің болашағын, оның қауіпсіздігін ойлау да шарт болуы тиіс. 
Қазір жас мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған жақсы бағдарламалар бар, ол да жастарды қанаттандыратыны анық. Осындай жақсы жағдайды жас мамандар кәсіби тұрғыда жетілуге пайдалануы керек.
Әңгімеңізге рақмет. 

Сұхбаттасқан 
Назым ДҮТБАЕВА

"Aqiqat" журналы

1450 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз