Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 10 Сәуір, 2025

Киелі күй, кемел күйші

Бүгінгі әңгімеміз Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы, домбыра кафедрасының профессоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық және республикалық байқаулардың бас жүлдегері Абай облысы, Үржар ауданының құрметті азаматы, күйші-ғалым Біләл Алпанұлы Ысқақов туралы болмақ. 

«Күй өнері текпен, қанмен беріледі». Біләл ағамыз жастайынан домбыра тартуға құштар болып, алғаш рет туған нағашысы Қасқыр­байдың күйшілік өнерінен тәлім алған. Жиенінің қол алысы мен таудай талабын байқаған нағашысы, ержете келе оны Шығыс Қазақстан өңіріне әйгілі Мәткәрім, Бағаналы, Сапаржан сынды күйшілерге апарып өнерін шыңдайды. Біләлдің әкесі Алпан ақсақал да Тарбағатай өңіріне аты шыққан молда, көріпкел, емші, көзі ашық сауатты адам болған екен. 
Ақсақал күйшілік өнерге талпынған баласының таудай талабын байқап, 1967 жылы Аягөз қаласының Сергиополь ауылында тұрған ұлы күйші Тәттімбеттің туған немересі Шайхы Мұсатайұлының үйіне бата алу үшін әдейі алып барып, он шақты күнге тастап кетеді. Күйші Біләл бүгінге дейін Шайқы ақсақалдан естіген әңгімелерін ерекше шабытпен айтудан ешқашан жалыққан емес. Тәттімбеттің бір күй тартыста өкшемен шерткен «Өкше» күйін және «Қосбасарлардың» 7, 12-түрлерін сол көнекөз қариядан үйреніп алғанын қызықты әңгімелейді. Біләл Алпанұлы консерватория студенттерімен тұрақты өткізіп тұратын бір кездесуінде: «Шайқы атам менің домбыра шерткеніме риза болып үнемі арқамнан қағатын. Біз ол заманда домбыраны ала сала «Балбырауын», «Көңіл ашар» секілді тез екпіндегі күйлерді ғана тартамыз. Тартқандарымды мұқият тыңдап болғасын, ақсақал: «Сенен жақсы күйші шығады, балам! Тек көне күйлерден көбірек өнеге алғаның жөн болар еді, енді осы күйшілік өнерді бұзбай ұстан, асықпай, баппен, өзіңді тыңдап отыруды үйрен, өнерің өрге жүзсін», – деп батасын берген.Шайқы Мұсатайұлы Сұлтанмахмұт Торайғыровпен сұқбаттас болған, аса сауатты, Алашорданың Жарғысын жазуға атсалысқан, басқа да өнерлі тұлғаларымыз сынды Кеңес Одағының қудалауына ұшыраған, он жыл абақтыда отырған адам екен. 
Ол орта мектепті бітірген соң туған ауылындағы мәдениет клубының меңгерушісі болып жүргенде ауылға күйші Мағауия Хамзин концертпен келеді, жас талапкердің өнерін тыңдаған әйгілі шебер оны Алматыға оқуға шақырады. 1974 жылы Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыка училищесіне оқуға түсіп, аса білікті домбырашы-ұстаздар Тілеш Бәділұлы мен Айтқали Тілепқалиұлы сынды күйші мамандардың кәсіби ұстанымынан өнеге алады. Талантымен танылған түлек осы училищеде ұстаздық жұмысқа қалады. Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясын 1983 жылы бітірген жас күйші мамандықтан профессор Айтқали Жайымовтан, басқа да маңызды пәндерден Мәлгеждар Әубәкіров, Кенжебек Күмісбеков, Хабидолла Тастанов, Шамғон Қажығалиевтер сынды өнер тарландарынан кәсіби дәріс алады. Көрнекті дәстүрлі күйшілер Мағауия Хамзин, Төлеген Момбеков, Уәли Бекенов, Нұрғиса Тілендиевтен күй үйреніп, олардың күйшілік өнерін жалғастыруға бар ынтасын салған жас талант 1986 жылы консерваторияға арнайы домбыра мамандығынан дәріс беруге шақырылады. 
Біләл Алпанұлын орындаушылық өнері оны талай асқаралы асуға жеткізді. 1978 жылғы кәсіби күйшілердің І Республикалық конкурсындағы бас жүлде, ал 2000 және 2005 жылдары Тәттімбет күй шығармашылығына арналған республикалық күй тартыста тағы да екі рет бас жүлдені жеңіп алып, екі мәрте темір тұлпар тізгіндегенде де жанкүйер болып, өнеріне тәнті болдық. 2004 жылы Сеул қаласында өткен Дүниежүзілік «Халықтар сазы» конкурсында да лауреат атанды. 
Біләл Алпанұлы – дәстүрлі күй өнерін шебер меңгеріп қана қоймай, асыл мұраны шәкірт санасына ұялатқан, ұлағатты ұстаздығымен елге танылған ұлық ұстаз. Консерваторияда профессор Б.Ысқақовтың мамандық класынан 200 - ден астам күйшілер дайындалған, олардың ішінен қазір көпке танымал Асылбек Еңсепов, Абылайхан Сқақов, Георгий Югай, Бейбарыс Хамзин, Еркін Ерген, Ольга Желтухина, Салтанат Бөленова, Саят Ақбасов, Руслан Баймұқатов, Жігер Бертысов, Бекбол Құрақбаев, Қуат Аманжол сынды шәкірттері түрлі конкурста лауреат болып, елге танымал күйші атанып, ұстаз жолымен музыкалық оқу орындарында, концерттік ұжымдарда қызмет атқарады. Соңғы жылдары Тәттімбет, Құрманғазы, А.Жұбанов атындағы халықаралық, Жоғары оқу орындары арасындағы республикалық пәндік олимпиада конкурстарында Нұркен Слан, Нұрсара Төлеубекқызы, Назерке Самарханова, Әлібек Сәрсенбеков, Үміт Нұрсалғазы, Аманжол Елешов, Бердімбаева Арайлым, Мәди Тулев, Серік Пазылов, Дидар Исахан сынды лауреат атанған шәкірттері де танымалдыққа ие. 
Ұстаздық ұлағаттың негізгі діңгегі ғылыми-зерттеу жұмысымен де тығыз байланысты. Осы жылдар көлемінде профессор Б.Ысқақовтың дәстүрлі музыканың шоқтығы биік күйлерін арқаулаған, қазіргі қолданыстағы, әр күйші мен күйшілік мектептердің өзіндік мәнері мен стилін тап басқан ғылыми-зерттеу, танымдық еңбектері аса құнды мұра саналады. Олар: «Домбыра үйрену мектебі» (1992), «Салтанат» (1995), «Қазақтың дәстүрлі музыка өнері» (2005), «Музыка оқыту әдістемесі» (2007), «Домбыра мамандығы пәніне арналған әдістеме» (2007), «Домбыраны тез үйрену тәсілі» (2001), «Сарыарқа саздары» (2007), «Алтай-Тарбағатай өңірінің домбыра күйлері» (2009), «Музыка сабағы» (2010), «Қазақтың халық күйлері» (2010), «Дәстүрлі өнердің алтын ұясы» (2015), «Төлеген толғаулары» (2019), «Домбыра сазы» (авторлар құрамында) еңбектері. Екеуміз бірге дайындаған «Қазақ музыкасы антологиясы» көп томдығы мен «Дәстүрлі өнердің алтын ұясы» атты жұмыстарда байқағаным, Бәкеңнің, әрине, біріншіден, энциклопедиялық білім қоры, әрбір деректі діттеген тиянақтылығы, түбіне жеткізбей қоймайтын ізденімпаздығы, ұлттық мұраға деген жанашырлық қасиетін таныдым. Профессор Б.Ысқақовтың консерваторияда «Шертпе күй шеберлігі», «Домбырашының жеке репертуар қоры» сынды авторлық курстарды да айрықша ізденіспен өткізіп келеді. Ол «Домбыра мамандығы», «Орындаушылық өнер тарихы» атты типтік оқу бағдарламаларын жазған, сондай-ақ ол Мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасының, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының жеті томдық «Қазақ музыкасы» антологиясының, «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» атты арнайы жобасының, «Қазақтың мың күйі» аталған антологиялық жинақтардың редакциялық алқа мүшесі болды, осы еңбектерде қазақтың мыңнан астам домбыра күйлері профессор Б.Ысқақовтың хаттауымен нотаға түсіріліп, редакцияланып, жинақталған, сонымен қатар танымал күйші-ғалымның халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда оқылған баяндамалары мен баспасөз беттерінде жиі жарық көріп келе жатқан мақала-жазбасы көп. Күйшінің Қазақ радиосы мен телевизиясының алтын қорына жазылған аудио-бейнелік жеке концерттері өзіндік орындаушылық шеберлігімен ерекше көрінетін ұлттық рухани мұра ретінде мұқият сақталып келеді.
Әлемнің отыздан астам елінде өнер көрсеткен ол консерваторияда арнайы Тәттімбет атындағы шертпе күй класын ашып, осы өнердің өрістей түсуіне айрықша үлес қосты. «Алтын қор» Халықаралық энциклопедиясының «Білім үздігі» және бірнеше мерекелік медальдарымен марапатталған тәлімгер-күйшінің домбырасынан төгілген бабалар үніне қазақ елімен қатар, алыс-жақын шетел тыңдаушылары да айрықша ризашылықпен қол соғып келеді. 2000–2003 жылдары консерватория­ның «Халық музыкасы» факультетін басқарып, күй өнерінің дамуына, ұлттық музыка мамандықтарының өркендеуіне мұрындық болды. 

Карима Сахарбаева, 
профессор, Қазақстанның 
еңбек сіңірген қайраткері

"Ana tili" газеті

578 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз