- Таным
- 15 Сәуір, 2025
Асығады адамзат

Өткен ғасырда интернет пайда болатынын көп ешкім болжаған да жоқ. Дәуір алмасқан сайын жаңа жетістіктерін алға тартады. Міне, аз уақыттың ішінде біз ғаламторға шырмалып, «ішінде» жүрміз. Қызық жағдай. Таңғаларлық. Ойлануға мұршамыз жоқ секілді. Технология дамыған үстіне дамып, ұршықтай үйірілген уақытпен қоса дөңгелене әлдебір жаққа бет алған адамзат «жүйткіп» барады… ХХ ғасырдың 80-жылдарында өмір сүрген ұрпақ әлемде не болып жатқанын теледидар арқылы ғана үзіп-жұлып көретін. Жаһан жұртшылығы, олардың тіршілік тынысы туралы білгісі келгендер газет-журнал ақтарып, кітапқа үңіліп, ғылыми еңбектерді іздеп жүріп оқыды. Сол уақыттың балалары қиялымен әлемді кезіп, ғаламшардың басқа бір мүйісіндегі өзі құралыптас балалармен тілдесіп, достасқысы келіп, хаттар жазып жататын.
«Сәлем, бейтаныс дос! Сенімен газетке жазған мақалаң арқылы таныспын. Мекенжайыңды да сол жерден көрдім. Сенімен дос болғым келеді. Мен Қазақстанда тұрамын…» Осылай басталатын хаттар сол кездегі кеңес одағы құрамына кіретін елдер мен шетелдерге жолданып жатты. Араға айлар салып жауап хаттар да жетіп, балаларды көл-көсір қуанышқа бөлейтін. Ол бір ілтипатқа толы, ізгі ниет, кіршіксіз көңілдерді арқалаған аяулы хаттар еді… «Ең кішкентай әлем елшісі» атанған 11 жасар Саманта Смит есімді америкалық бүлдіршіннің де: «Құдай әлемді бізге ортақ етіп, оған қамқор болуымыз үшін жаратты ғой. Бәрін жаулап алып, не оған бір адам тобы ие болуы үшін емес. Өтінемін, оған (Құдайға) өзі қалағанын жасауға және барлық адамның бақытты болуына мүмкіндік берейік», – деп кеңес одағының басшысына хат жазатын кезі де сол алыс елдердің арасын хаттар жалғап жататын жылдар еді. Сол көңілдері алғаусыз, албырт, ғалам ғажайыптарына ынтық ұрпақ арада бар болғаны 20 жылдай уақыт өткен соң бұрын айшылық алыс жерлерден жететін хат-хабарын кірпік қаққанша алып, бейнебайланыс арқылы тілдесіп отырамын деп ойлап па?! Ең бастысы, өздері баға жетпес байлыққа балайтын құндылықтар өзгереді деген ой үш ұйықтаса түстеріне кіріп пе десеңші?
Кейінгі екі онжылдықта қарқынды дамыған технологиялар әсерімен әлем күрт өзгерді. Уақыт қарқыны жеделдеді. Күнде жаңа ақпарат, ғылымның жаңа жетістігі, жаңа әдістер, бұрын ешкім естімеген дүниелер өмірімізге еніп жатыр. Бір қызығы, бір апта, тіпті бір күн бұрын елді елең еткізген жаңалық тез ескіріп, орнын басқа жаңа дүние басады. Әлеуметтанушылардың пікірінше, әлем кейінгі он жылда алдыңғы бір ғасырға қарағанда көбірек өзгерген. Демек, өткен бір ғасырда ауыз толтыра айтып жүрген адамзаттың қол жеткізген жетістіктері кейінгі он жылдағы өзгерістердің шаңына да ілесе алмайды деген сөз.
Технологиядан бастап әлеуметтік нормаларға дейін көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, өмір сүру салтымыз өзгерді. Мәселен, қолымыздағы смартфондар өміріміздің ажырамас бір бөлшегіне айналып, тіпті жақын-жуығымызбен шынайы өмірде емес, виртуал әлемде тығыз араласатын болдық. Әлеуметтік желілер пікірлесу, ақпарат алмасу алаңына айналды. Жасанды интеллект барлық салада қолданыста. Автоматтандыру, цифрландыру жаңалық деп есептелмейтін деңгейге жеттік. Технологиялар интеграциясы күнделікті өмірімізді жеңілдете түсті. Жедел дамудың, әрине, бәрі ыңғайлы, барлық адамның өмірі керемет бола түсті деуге болмайды. Бұл шапшаң дамудың адамзатқа әкелген өзіндік қиындықтары да бар. Біреулер уақыт ырғағына ілесіп, алға ұмтылса, жаңа технологияларды игере алмағандар инновация игіліктеріне қол жеткізе алмай, пұшайман хәлді бастан кешіруге мәжбүр. Бұдан бөлек осы жылдам даму салдары табиғат байлықтарын есепсіз пайдалануға әкеп соқтырып, экожүйе өзгере бастады. Қоршаған орта ластанып, түрлі табиғи апаттар қаупі пайда болды.
Әлемдегі бұл өзгеріс тоқтамайды, керісінше, келешекте даму қарқыны бұдан да өсіп, адамзаттың өзгерістерге бейімделгеннен басқа амалы қалмайды. Сондықтан қазақтың «заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген тәмсілін ұстанып, жаңа дәуірдің жалына жармасып дамумен қатар, ізгі қоғам құруды мақсат ету ғана адамзатты туындап отырған проблемалардан құтқаруы мүмкін. Саяси, экономикалық, әлеуметтік, технологиялық және экологиялық мәселелерді қатар туындатқан бұл өзгерістер әлем халықтарын алаңдатып-ақ отыр.
Ашық дереккөздерден кездестірген, халықаралық GlobeScan қоғамдық пікірді зерттеу орталығының былтыр жүргізген әлемдегі жылдам өзгерістерге жаһан жұртшылығының көзқарасы туралы әлеуметтік сауалдамасына көз жүгіртейікші. «Дүниежүзіндегі әрбір он адамның сегізіне жуығы (78%) «әлем мен үшін тым тез өзгеріп жатыр» деп санайды, бұл қазіргі поликризис жағдайында жалпы алаңдаушылық сезімін көрсетеді» дейді сауалдама нәтижесін жариялаған зерттеушілер. Адамдарға даму жылдамдығы қалай әсер етіп жатқанын таратып жазған бұл жаһандық зерттеу орталығының мәліметінше, сауалдамаға әлемнің 31 елінен 29 565 адам қатысқан. Зерттеу 2023 жылдың шілде-тамыз айларында жүргізілген.
Көз алдымызда болып жатқан технологиялық өзгерістер – тарихтың жаңа бір сатысы. Бұл өзгерістермен қатар адамзаттың санасы да басқаша қалыптаса бастауы заңдылық тәрізді. Адамзаттың ғаламшар бетінде қанша жылдық, қанша ғасырлық өмірі қалды? Әйгілі Ювал Хараридің «Sapiens: Адамзаттың қысқаша тарихы» кітабында осы сауалға былай жауап беріліпті. «Оны ешкім дәл білмейді. Кейбіреулер «2050 жылға таман алғашқы ажалсыз адамдар пайда болады» деп есептейді. Келесі ғасыр немесе арғы мыңжылдықтар туралы қорқынышты жорамалдар жетерлік. Бірақ адамзат тарихының 70 мың жылымен салыстырғанда 1 мыңжылдық деген не, тәйірі?»
Болашақта жер бетінде не болатыны туралы сан түрлі болжамдар айтылғанымен, оларды әзірге біз қиял-ғажайып жорамал деп қана қабылдаймыз. Жер бетінде тіршілік жаралғалы төрт революцияны басынан өткерген Homo sapiens-тің 70 мың жылдық тарихын баян еткен «Sapiens» кітабында автор бүгінгі даму, алапат өзгерістермен қатар болашақта адамзатты не күтіп тұрғанына да жауап іздеген. Кітаптың осы тұсын қысқаша мазмұндасақ: «Технология дамыған сайын, біз бейорганика-лық элементтер (есту аппараттары, имплант дене мүшелері, зағип жандардың көз торшасына линза орнату, мүгедек жандардың аяқ-қол орнына бионикалық протездер пайдалану, т.б.) денемізге енгізіліп, гаджеттер өміріміздің ажырамас бөлігіне айналған сайын өзіміз де өзгердік. Талап-тілегіміз де басқа, жеке тұлға ретінде де мүлде басқа ұрпаққа айналдық. Ал компьютерлік бағдарламалар арқылы адам сенбес жобалардың бірі – компьютерге адам миын тұтастай салу, яғни жасанды ми жасау процесі де қолға алынған. Бұған дейін адамзат бар пәрменімен қоршаған ортаны алуан түрге өзгертсе, енді санамызды өзгертуге қадамдар жасалып жатыр. ДНҚ өзгерту, киборг-адам жасау секілді қиялдар жобаға айналмақ. Ал түр-тұлға, дене мүшелерін, тіпті жынысын өзгерту қол жетпейтін қиял емес екенін де көріп үлгердік. Ғалымдардың тәнді емес, жанды да қайтадан жаңғырта алатынына көндігу оңай болмайтын түрі бар».
Бұл жаратылыс заңдылығын аяқасты еткеніміз бе? Жылдам даму адамзат қоғамын қайда алып бара жатыр? Адамзат әлі талай осындай күрделі сұрақтармен бетпе-бет келері анық. Әлбетте, адам баласы Жер-ананы құрметтемейінше, табиғаттың байлығын қорғамайынша қанша жерден технологиялық даму болса да, тұрлаулы өмір сүре алмақ емес. Табиғатта есепсіз нәрсе жоқ. Адамзат бір жаққа асығып барады…
Түйін
Адамзаттың шығу тегі, бастауы туралы әртүрлі ғылыми тұжырымдар айтылып жүр. Әлі бір жүйеге келе алмаған шашыранды пікірлерге қарап, ақиқат өзегіне жету бізге әлі алыс-ау деген ой түйдік. Ал «келешек қалай болмақ, адамзат қайда барып тіреледі?» деген сұрақ әркімді-ақ мазалайтыны сөзсіз. Қазір әлем өзгерді, енді біз қаласақ та, қаламасақ та, өмір сүру салтымыз, тәсіліміз ешқашан бұрынғыдай болмайды. Әрбір адам сәт сайынғы өзгерістерді сезініп, өзінің осы өзгерістердің бір бөлшегі екенін түйсінуі өте маңызды. Дамыған технологияны игеру жылдамдығымыз даму қарқынынан бір мысқал кешіксе, өкінішке қарай келешегіміз де күңгірт. Болашағымыз қазіргі біздің қарекетімізге тікелей байланысты.
Айнұр МҰРАТОВА
«Ақ желкен» журналы

533 рет
көрсетілді0
пікір