Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 16 Сәуір, 2025

Ақыл тіс ауырса не істеу керек?

Көп адам ақыл тіс туралы тек ол мазалай бастағанда ғана ойланады. Алғаш шыққанда біреу оны байқамай өтіп кетсе, енді біреу қатты ауырсыну мен жайсыздық сезінеді. Ақыл тіс – адам жақ сүйегіндегі ең соңғы, төртінші азу тіс. Ол әдетте 18-25 жас аралығында жарып шығады, бірақ кейде бұл процесс 30-дан асқанда да жалғасуы мүмкін. Тіс дәрігерлері бұл тісті жұлып тастау қажет пе, жоқ па деген сұраққа біржақты жауап бермейді. Кейбір адамдарда төрт ақыл тіс толық шығып, ешқандай қиындық тудырмайды. Ал енді біреулерде ол дұрыс өспей, жақ сүйегіне қысым түсіріп, ауыз қуысында қолайсыздық туғызады. Біздің ақыл тіс туралы сауалымызға стоматолог дәрігер Гүлназым Берікбекқызы жауап берді.

– Неге ақыл тіс артық саналады?
– Ақыл тістің шығу барысы адамның жақ құрылымына, генетикалық ерекшелігіне және жалпы денсаулық жағдайына байланысты. Эволюциялық тұрғыдан алғанда, адам баласының жақ сүйегі бұрын үлкен әрі қуатты болған. Өйткені алғашқы адамдар қатты тағамдармен қоректенген, оларды ұзақ шайнауға тура келетін. Уақыт өте келе тамақтану дағдысы өзгерді, тамақты өңдеудің жаңа әдістері пайда болды, ал шайнауға қажеттілік азайды. Осылайша адамның жақ сүйегі кішірейіп, ақыл тіс үшін орын тарылып қалды. Бүгінде көптеген адамда бұл тіс қисық немесе жартылай шығады, кейде тіпті қызыл иек астында қалып қояды. Мұндай жағдайда ақыл тіс көрші тістерді итеріп, қысым түсіруі мүмкін, соның салдарынан жақ сүйегінде ауыру сезімі пайда болады. Егер ол тісжегіге ұшыраса немесе қызыл иек жиі қабынса, оны жұлдырудан басқа амал жоқ.
– Ақыл тісті қашан жұлдырған дұрыс?
– Кейбір адамдар ақыл тісті міндетті түрде жұлу керек деп ойлайды. Егер тіс жақсы орналасқан, шайнау процесіне қатысып тұрса және тісжегіден зардап шекпесе, оны жұлудың қажеті жоқ. Алайда кей жағдайларда ақыл тісті жұлдырған абзал. Бұл мына көрсеткіштерге байланысты:
Ақыл тіс қисайып шығып, көрші тістерге қысым түсірс;
Қызыл иектің астында қалып қойып, жиі қабыну тудырса;
Шайнау процесіне қатыспай, керісінше қолайсыздық тудырса;
Тісті тазалау мүмкін болмаса, яғни тіс щеткасы оған толық жетпесе.
Кейбір жағдайда ақыл тісті жұлдыруға болмайды. Мысалы, жүктілік кезінде, жүрек-қан тамырлары аурулары өршіген кезде немесе иммунитет әлсіреген жағдайда тіс жұлдыру қауіп төндіруі мүмкін.
– Ақыл тісті уақытында жұлдырмаса не болады?
– Кейбір адамдар тісі ауырса да, оны жұлдыруға асықпайды. Бірақ ақыл тіс дұрыс шықпаған жағдайда, оның салдары ауыр болуы мүмкін. Уақыт өте келе ол жақ сүйегінде қысым тудырып, тіс қатарын бұзады, оның салдарынан ортодонтиялық мәселелер пайда болады. Егер тіс қызыл иек астында қалып қойса, онда бактериялар көбейіп, инфекция дамуы мүмкін. Бұл жағдай перикоронарит деп аталады және ол қатты ауырсыну, іріңдеу және тіпті ауыз ашудың қиындауымен сипатталады. Ақыл тісті уақытында жұлдырмаса, онда созылмалы қабыну процесі болуы мүмкін. Яғни мұндайда тістің жартылай шығуы инфекцияның таралуына әкеледі. Жақ сүйекке қысым түседі, қисық шыққан тіс көрші тістерге кедергі келтіріп, олардың орналасуын өзгертуі мүмкін. Сондай-ақ тамақ шайнау кезінде немесе суықта тұрақты ауырсыну сезілуі мүмкін. Сондықтан ақыл тіс мазаласа, стоматологке дер кезінде қаралған жөн.
– Ақыл тісті жұлдырғаннан кейін қалай күтім жасау керек?
– Ақыл тісті жұлдырған соң, жараның орны тез жазылуы үшін арнайы күтім қажет. Бұл кезеңде жараға дұрыс қарамаса, инфекция түсіп, асқыну қаупі жоғарылайды. Ақыл тісті жұлдырғаннан кейін мына шараларды қатаң сақтаған дұрыс:
Дәке тампонды 30-40 минуттан соң алып тастау керек;
Анестезия әсері кеткенше 2 сағат бойы тамақ ішпеу қажет;
Қатты, ащы, ыстық тағамдар мен газды сусындарды уақытша тұтынбау керек; 
Жара орнын түртпеу, тіспен ойнамау, тілді тигізбеу маңызды;
Ауыз қуысын дәрігер тағайындаған антисептикалық ерітінділермен шаю қажет;
Қатты физикалық жүктемелерден, ыстық ваннадан және темекі шегуден бас тарту керек.
Егер барлық нұсқаулықтар орындалса, жара орны бір апта ішінде толық жазылады.
– «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген бар ғой. Жалпы тіс ауырмас үшін қандай алдын алу шараларын жасаған жөн?
– Өкінішке қарай, көп адам тіс күтіміне немқұрайлы қарайды. Бұл әсіресе жасөспірімдер арасында жиі кездеседі. Ақыл тіс жалпы тіс саулығының бір бөлігі ғана, сондықтан барлық тіске дұрыс күтім жасау қажет. Мүмкіндігінше тісіңізді күніне екі рет тазалаңыз. Жылына кемінде екі рет стоматологке қаралыңыз. Тіс жегісінің алдын алу үшін дұрыс тамақтаныңыз. Тіс жібін қолданыңыз, сондай-ақ ауыз қуысын антисептикалық ерітінділермен шайыңыз. Егер тіс күтіміне мән бермесеңіз, кейін оны емдеуге кететін шығын да көбейетінін ұмытпаңыз.
– Әңгімеңізге рақмет!
P.S. Ақыл тістің шыққаны – адамның есейгенінің, ақыл тоқтатқан шаққа аяқ басқанының белгісі деп те жатады. Бірақ бұл тіс еш қиындық тудырмай, сау болып тұрса, оған алаңдаудың қажеті жоқ. Ал егер ол қисық өсіп, қызыл иек астында қалып қойса немесе көрші тістерге қысым жасаса, онда оны жұлдыру керек. Тіс – адамның денсаулығы мен өмір сапасының айнасы. Оны күтпесе, уақыт өте келе ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін. Ақыл тіс те солай – оны емдеу немесе жұлдыру туралы шешімді тек дәрігердің кеңесімен ғана қабылдаған абзал.

Жазып алған

Жандарбек БОЛАТБЕКҰЛЫ

"Үркер" журналы

1237 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз