- Таным
- 20 Сәуір, 2025
Қос медальдың сыры

Қазіргі Арал теңізінің ортаңғы Бутаков шығанағының батыс жағындағы ең шеткі мүйісінде балықшылар ауылы Ақеспе орналасқан. Ата-бабамыз XX ғасырдың басына дейін осы өңірде теңізден балық аулаумен және отырықшы, жартылай көшпелі мал шаруашылығымен айналысқан екен.
1941–1945 жылғы Екінші Дүниежүзілік соғысқа Совет ауылдық кеңесіне қарасты Сарбасат, Үшкөл, Ақеспе ауылдарынан 18–43 жас аралығындағы 180-ге жуық ер-азамат майданға шақырылыпты. Қазіргі есептерге қарасақ, солардың жартысынан көбінен қара қағаз келген және хабар-ошарсыз кеткен. Ал жеңіспен оралғандар саны аса көп емес. Біз есімізді біле бастағанда олардың 10–15-і ғана тірі еді.
Кәрібай атамыздың үлкені, әкемнің үлкен ағасы – Бақтияр Кәрібаев 1921 жылы туған. Кешегі өткен қан майданның қақ ортасында болып, бірнеше рет ауыр жарақат алып, қайтадан майдан отына кіріп, ақыры, жауды жеңіп, елге аман-сау оралған. Бақтияр көкеміздің майдандағы кезінен үйде бір ғана сурет сақталыпты. Сурет 1945 жылғы 5 тамызда түсірілген. Көкемнің жанындағы қарулас досы – Николай (фамилиясын оқу мүмкін емес, тек фамилиясының соңы «ко» деген жалғаумен аяқталғанына қарап, украин ұлтының өкілі деген ой келеді, суретте), славян халқының бір өкілі. Сол жақ кеудесінде екі медаль қатар ілініп, әрі жауынгер, әрі жеңімпаз көкемнің сәнін келтіріп тұр. Мұны біз бала кезімізден үйдегі көне сандық ішіндегі көп суреттің арасынан көріп-білдік. Дегенмен жыл сайын келетін Жеңіс күні Кәрібаевтар әулетінен бір жауынгердің қан майданда соғысып, оның туған екі інісі, яғни менің әкем Бақытжан Кәрібаев (1928 жылы туған) пен Бақберген Кәрібаев (Бақыман көке деп атайтын едік; 1926 жылғы) 14–16 жасында тылдың ауыр жұмысын атқарып, жеңіске шама-шарқынша үлес қосқанына қуанатынбыз. Әкем Қарағанды шахталарының бірінде, Бақыман көкем Ақтөбе шахталарының бірінде қара жұмыстарды атқарыпты. Әкемнің тағы бір ағасы – Тиыштық көкеміз (1924 немесе 1923 жылғы) 12–13 жасында қайтыс болып кеткен екен.
Соңғы жылдары архивтерден Бақтияр көкеме қатысты материалдар іздестіріп жүрдім. 1941–1945 жылдардағы соғысқа қатысты ресейлік көптеген сайттарды ақтаруға тура келді. Әсіресе, ресейлік «Память народа» сайтының көп көмегі тиді. Осы сайт арқылы көкеме қатысты алғашқы мәліметтер кездесе бастады. Ленинград майданының Әскери-транзиттік пунктінің (Военно-пересыльный пункт) 2-ротасының тіркелу карточкасы табылды. Ол құжат бойынша көкемнің туған жылы, қандай әскери комиссариаттан және қай жылы әскерге шақырылғаны, әскери антты қай жылы қабылдағаны, білімі, әскери марапаттары, жараланғаны, әскери бөлімі, әскери атағы мен қызметі тағы басқа – барлығы 13 графа бойынша анкеталық сұрақтарға жауабы толтырылған екен. Мені қызықтырғаны Бақтияр көкемнің кеудесіндегі екі медаль еді. Бірінші медаль – «Ленинград қаласын қорғағаны үшін», екіншісін құжатта – «Әскери еңбегі үшін» депті. Соңғы табылған құжатта Бақтияр көкемнің екінші медальды қандай ерлігі үшін алғаны жазылыпты.
1941 жылғы 22 маусымда Германия қарулы күштері құрлықта «Солтүстік», «Орталық» және «Оңтүстік» деп аталатын үш армия тобы Кеңес Одағына басып кіріп, қыс айына дейін Архангельск – Астрахан аралығын жаулап алуды мақсат етті. Жалпы алғанда, жау әскері 1941 жылдың соңына дейін Кеңес Одағының еуропалық аумағының басым бөлігін жаулап алды, кеңес әскерлерінің 2 миллионнан астамы тұтқынға түсті. Ұрыс майданында қаза тапқаны қаншама? Міне, осындай жағдайда шұғыл арада жаңа әскери құрамалар жасақтап, әскер санын тез арада толықтыру қажет болды. Осыған байланысты мобилизация жарияланып, ер-азаматтардың майданға жарамдысының бәрі әскер қатарына шақырыла бастайды. Менің көкем де Қызылорда облысы Арал аудандық әскери комиссариатының қаулысымен әскер қатарына шақырылады.
Көкемнің соғыстағы әскери қызметі 59-армия құрамында және оның құрылымдық жүйесіндегі 754 ГАП-та (Гаубичный артиллерийский полк) өтеді. Көкем осы гаубицалық артиллерияның оқтаушы-көздеушісі болады. Тіпті кей кездері қанды қырғын шайқас барысында көкем дивизиондар арасындағы байланысты қамтамасыз ету үшін байланысшы міндетін де атқарады. ГАП құрамындағы әскери шені – қатардағы жауынгер. 59-армия 1941 жылғы 2 қарашадағы Қорғаныс Комитетінің Директивасы негізінде 15 қарашада Сібір Әскери Округінде құрылып, бірден Ленинград блокадасын жоюға бағытталады. 59-армия алғашында Волхов майданының (қолбасшысы армия генералы К.А. Мерецков, 1944 жылдың қараша айынан Кеңес Одағының маршалы), одан кейін Ленинград майданының (қолбасшысы армия генералы Л.А. Говоров, 1944 жылдың маусымынан Кеңес Одағының маршалы), соғыстың соңында І Украин майданының (1944 жылғы наурыз-мамыр айларында қолбасшысы Кеңес Одағының маршалы Г.К. Жуков; 1944 жылдың мамырынан соғыстың соңына дейін қолбасшысы Кеңес Одағының маршалы И.С. Конев) құрамында болады. 1942–1945 жылдары бұл армияға генерал-лейтенант И.Т. Коровников қолбасшылық етеді. Армия соғыс жылдары көлемді Тихвин қорғаныс және Тихвин шабуыл операцияларына, Любань шабуыл операциясына, Новгород-Лужск шабуыл операциясына, Төменгі Силезия және Жоғары Силезия шабуыл операцияларына қатысады. 1945 жылғы мамыр айында 59-армия І Украин майданының құрамында Прага операциясына қатысумен соғыстағы әскери қимылын аяқтайды.
Көкемнің 1943 жылдан 1944 жылдың басына дейін қай майданда соғысқаны туралы материалдар табылмады. Тек қана 1944 жылғы ақпан айына дейін 2 рет жараланғаны жөнінде анкетасында айтылады. Оның қай жердегі және қай кездегі ұрыста жарақат алғаны, ол жарақаттың сипаты мен дәрежесі жөнінде материалдар табылмады. Әскери госпитальдан кейін көкем әскери-транзиттік пунктте аз ғана уақыт болып, кейін өзінің әскери бөліміне келіп қосылады.
Көкем қызмет атқарған 754-гаубицалық артиллерия полкі Волхов майданының 59-армиясы құрамында 1944 жылғың 14 қаңтар мен 15 ақпан арасында Ленинград майданы мен Волхов майданының бірлескен Новгород-Лужск шабуыл операциясына қатысады. Осы операцияның басталуы туралы жарияланған материалда былай деп баяндалады: «1944 жылдың 14 қаңтарында Волхов майданы мен Ленинград майданы шабуылға шықты. Сол күні сағат 10:50-де немістің 38-армиялық корпусының қорғаныс шебіне Волхов майданының 59-армиясының артиллеристері барлық артиллериялық қарудан жаппай оқ жаудырғаннан кейін 59-армияның әскери бөлімдері шабуылға көтерілді». Артиллериялық қару түрлерінен оқ жаудырған жауынгерлер қатарында гаубицалық зеңбіректің оқтаушы-көздеушісі қатардағы жауынгер Бақтияр да болады. Операция барысында Ленинград майданының жауынгерлері 27 қаңтар күні 900 күнге созылған Ленинград блокадасын толығымен жояды. Ал Волхов майданының құрамындағы 59-армияның әскери бөлімдері 20 қаңтарда Новгород қаласын жаудан азат етеді. Осы Новгород-Лужск шабуыл операциясы барысындағы жанқиярлық ерлігі үшін Бақтияр Кәрібаев «Ленинградты қорғағаны үшін» жауынгерлік медалімен марапатталады.
Бақтияр Кәрібаевтың жауынгерлік екінші медалі – «За боевые заслуги» («Жауынгерлік еңбегі үшін») медалі. Көкемнің бұл медальды қандай ерлігі үшін алғаны туралы архивтік материалдар бар. Ресейдегі Қорғаныс министрлігінің орталық архивінен алынған құжаттарда Бақтияр Кәрібаевқа қатысты құжаттар табылды. Соғыстағы оперативтік жағдайларға байланысты 1944 жылғы ақпан айының ортасында Волхов майданы таратылады да, оның құрамындағы 59-армия Ленинград майданына беріледі. 1944 жылғы наурыз-сәуір айларында осы майдан құрамындағы 59- армияның 754-гаубицалық артиллерия полкі Нарва өзені бойындағы Нарва мен Гдов елді мекені бағытында ұрыс қимылын жүргізеді. Енді осы ұрыс қимылы барысында ерлігімен көзге түскен жауынгерлерді марапаттаған құжатқа қарайық. 754-гаубицалық артиллерия полкі командирінің №17-бұйрығымен «Ерлігі үшін» медалімен осы полктің 4 жауынгері, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалімен артиллериялық полктің 20 жауынгері марапатталады. Бақтияр Кәрібаевтың есімі 20 жауынгердің арасында 9-болып тұр.
754-гаубицалық артиллериялық полктің №017-бұйрығы бойынша марапатталғандардың ерлік сипаттамасына қарап отырып, 1944 жылғы наурыз-сәуір айында көкеміздің әскери бөлімі Ленинград облысының батыс жағындағы Нарва өзені бойында ұрыс қимылдарын жүргізгенін көреміз. Яғни Бақтияр Кәрібаев тарихта белгілі Ленинград блокадасын жоюға қатысып, одан әрі Ленинград облысының батыс жағындағы қазіргі Эстониямен шекаралас Нарва өзені маңында болған қиян-кескі, жан алысып, жан беріскен қырғын ұрысқа қатысады, сол ұрыста ерлігімен әскери бөлім басшылығының көзіне ілінеді, өз әскери бөлімінің жеңіске жетуіне үлес қосады. Марапаттау құжатында жазылғандай, Бақтияр Кәрібаев 1944 жылғы 26 наурызда және 4 сәуірде болған ұрыста ерлігімен көзге түскен екен. Сол үшін «За отвагу» (Ерлігі үшін) медалімен марапатталады.
59-армия 1944 жылғы желтоқсанда Польша жерін жаудан азат етуге кіріседі. 1944 жылғы 20 желтоқсанда ол армия І Украин майданының (қолбасшысы – маршал И.С. Конев) құрамына беріледі. 59-армия 1945 жылғы қаңтар-ақпан айында атақты Сандомир-Силезия шабуыл операциясына қатысады, майданның басқа да бөлімдерімен бірлесе отырып, 19 қаңтарда Польшаның Краков қаласын, 27 қаңтарда Освенцим концлагерін азат етеді. Одан әрі Германия жеріндегі Төменгі Силезия (8–24 ақпан) және Жоғары Силезия (15–31 наурыз) операцияларын жүзеге асырады. 6–11 мамыр күндері стратегиялық Прага операциясын жеңіспен аяқтап, 59-армия әскери қимылдарын тоқтатады.
Берекет Кәрібаев,
ҰҒА академигі,
тарих ғылымының докторы

488 рет
көрсетілді0
пікір