Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 21 Сәуір, 2025

Ақ күмбез. «Қабдеш бекеті»

Қазақстанның Халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ қара сөзінің дарабозы, Алашқа мәшһүр ардақты есімге айналған, бүкіл саналы ғұмырын ұлт пен Отанының тағдыры мен болашағына қатысты, дәуірлік сипатқа ие өнегелі өмірімен ел құрметіне, оқырманының шынайы ықыласына бөленген ұлт жазушысы Қабдеш Жұмаділов 2021 жылғы 5 сәуірде бір апта ғана ауырып, қалың елімен қоштасып та үлгермей, өмірден өтті. Ол 2021 жылдың 24 сәуірінде толатын 85 жасына 19 күн жетпей кетті.
Қабекеңнің қазасына иісі қазақ, түрік халқы қабырғасы қайыса қайғырды. Қазақ әдебиеті өзінің үлкен сөз зергерінен айырылды. Қабаңның туып-өскен өлкесі Малдыбай мен Сібеті, Майлы-Жайыр, Орқашар, Құлыстай мен Шәуешек сабыр-шыдамы таусылып, өксіп, толқып жылады.

 

Тарбағатай аймағының күнгейіндегі 9 болыс Төртуыл елінің тұңғыш үкірдайы, азды құрап ел еткен, сазды құрап жер еткен, балапан баулып ұшырған, мұраты үлкен, пиғылы кең ел-жұрты (аға солтаны) болған Керімбай Жапалақ батырдың баласы дүние­ден көшкенде Қабдеш Жұмаділов­тің әрі би, әрі ақын Күдері Смайыл зәңгінің ұлы Керімбайды жоқтауында:
Қарадан шығып хан болған,
Кешегі ер Керекем.
Төртуыл деген еліңе,
Артықша еді-ау берекең.
Төртуыл түгіл Найманға
Түсіп еді көлеңкең.
Қуған жауы құтылмас,
Кермедегі Керекең.
Шөлдесем сусын қанатын,
Таусылмайтын шөл екен.
Қазаға риза болайық,
Алланың ісі жөн екен! – дегені халық жадында сақталған.
Қабдештің би бабасы айтқан осы көңіл айтуымен өзі өмірден өткенде қалың елі - Алланың ісі жөн екен деп отбасына, сабырға жеңдіріп, орны толмас қайғысына көңіл айтты. Аңғарлы да сұңғыла Қабаң өмір барда өлім барын әр кез есте сақтайтын. Содан болар, жазушының өз мерейтойы мен Қабанбай бабасының Мақаншыдағы асына және елге жиі келіп-кетіп жүргенде, өзі туып-өскен Тарбағатай тауының қаптал шапанның етегіндей жайылып түскен дөң, қырқалары аралас, елі күнде тоқтаусыз ағылып өтіп жататын Алматы–Зайсан, Үржар–Шәуешекке баратын жол айрығындағы Қоңыртөбеге «олай-бұлай болып кетсем, осы жерге қойыңдар» деп үлкен ұлы Арманға, жақын інілеріне өсиетімен аманаттаған. Аманатқа қиянат жасамайтын салтпен өсиеті орындалып айтқан орны, көрсеткен жеріне қойылды. Қабаң қо­йылғаннан кейін табиғат мезгіліне байланысты, ауа райы ескерілді.
Қабаңа деген ыстық ел жүрегі, ықыласы ауып, бастамашы топтың ұйымдастыруымен ғасырдан-ғасырға халқына айшықты, өзіне пана, өзінің өмірін кірлетпей өткен «ақ қағаз – арым, қара сия – қаным» деген өмірінің таза арындай етіп, Маңғыс­таудың ақ мәрмәр тасынан сәулетті де еңселі ақ күмбез тұрғызу келісім етілді. Қабдеш Жұмаділовтің атында Қоғамдық қор құрылып, қордың жетекшісі ұзақ жылдан қадірлес-сыйлас, жанкүйер, туған бауырындай болған Ұлықпан Сыдықов төрағасы, орынбасары – жазушы, халықаралық «Алаш сыйлығының» лауреаты Ғалым Қалибекұлы, Сиязбек Рақышұлы және жергілікті Үржар ауданының әкімі Тоқсейітов Нұржан қатарлы азаматтардан жетекші топ құрылып, іске кірісті. Құрылысты ақшалай, материалдық жақтан жіті қадағалап жүргізу үшін Әсет Ұлықпанұлы, Сиязбек Рақышұлы Ахметов, Ерлан Шүкеев, Ғалым Қалибекұлы – бір топ қаржыгерлер бастан-аяқ басы-қасында жүріп, құрылысты қыста тоқтатып, күн жылыған кезде жалғастырды.
Ақ күмбезді кесене ойдағыдай салынып біткеннен кейін Қабдеш Жұмаділов атындағы қордың жетекшісі, ескерткіш-кесененің 20 тамыз күні ашылатынын хабарлап, елге жария етті.
Біз Семей қаласынан Қазақстанның мәдениет қайраткері, өнертанушы, ақын Құсмілия Жырғалыұлы, әйгілі Алаш қайраткері Райымжан Мәрсековтің туысы Кәкімжан, абайтанушы, «Ертіс өңірі» газетінің қызметкері, белгілі ғалым Асан Омаров, «ТВК-6» телеарнасының директоры Бай­уақов Омарбектің арнайы түсірілімге жіберген операторы Айтқазинов Дәулет, өзім кесененің салтанатты ашылу шарасына сапар шектік. Бала күнімнен бүгінгі қарттық кезіме дейін Қабаңмен бірге көшпелілер ауылында туып, бір ұяда білім алып, бірге қазақ көшін шекарадан (1962) бастап өткен, азапты да қиын жылдарды бірге өткізген таудай талант иесімен бірге болған тағдырыма ризамын.
Жол бойы машина легі ерсілі-қарсылы ағылып жатыр, кең-байтақ дала, анда-санда үйір-үйір жылқылар мен табын сиырлар, ұсақ мал, сарғайып піскен егін алқабы ел ырысындай көз тойдырады. Бұл жолда бұрын-соңды болмаған алыстан ақ күмбезді кесене көзімізге шалынды. Бұл өңірді бала жасынан ой мен қырына қанығып өскен Құсекең (Құсмілия) «Таскескенге таядық, әне Қабаңның ақ күмбезі» – деді. Ақ күмбез кесене жақындаған сайын биіктеп, күн нұрына шағылысып жарқырай, тұтас көріне бастады. Күмбез асқақтап, биіктікке жасалатын құрметтің де биіктік болғанын түсіндіріп тұрғандай.
Біз ұлы Қабдештей ұлт тұлғасының зәулім биік, әрі алып, аумақты ақ күмбездің қабырғаларын сипап, Қабаң жатқан топыраққа қолымызды тигізіп аят оқыдық. По­йызбен әкелінген Маңғыстаудың ақтасынан қарақалпақстандық құрылысшы туыстардың өнерімен ою-өрнектеліп өрілген әсем архитектуралық сәулет-күмбездің биіктігі 15 метр, ішкі бүйірлі кеңдігі 16 қанатты қазақ киіз үйінің кеңдігінен де аумақты дөңгеленіп, келісті келген.
Кесене айналасы тегіс өңделіп, ою және металл өрнекті шарбақтармен қоршалып, ай маңдайлы Қабекеңнің келісті тұлғасы қара мәрмәр тасқа салынып, алдыңнан үнсіз тілдескендей. Екінші бір мәрмәр таста Қабең өмір бойы екі империя қыспағында тағдыр тәлкегіне ұшырап, азап-тауқыметін тарта жүріп, жанкешті тағдырында алған атағы, киген қалпағы «Мен ұлтшыл деген атағымды бәрінен биік қоямын» деген сөзі жазылған. Бұл сөзі бүгінгі ұрпақпен келер ұрпаққа ұлтыңнан қымбат қадір тұтар асылың жоқ, ұлты құрыған елдің өзі де құриды, ұлтын сақтай білген елдің өзі тарихта жоғалмайтынын өсиет етіп тұрғандай. Кесене айналасы жасыл шырша өскіндерімен бой түзеген. Жанап өтетін жолау­шылардың түсіп, тәу етуі үшін арнайы жағдай жасалған. Жолаушыларға таныс, әрі айқын болу үшін бұрынғы 92-шақырым орнына, жол-қатынас басқармасының келісім беруімен заңдастырылып тіркеліп «Қабдеш бекеті» деген атау беріліп, жол бойына айшықты көрініс беріп түр.
Қабдештей суреткердің кезінде шығармаларын өрісте шопан оқыған. Көркем тілді «Соңғы көште» негізгі тақырып ел тағдыры болса, мемлекеттік сыйлыққа ие еткен «Тағдырда» жер тағдыры және ел тағдыры барынша егіз өрілген.
Әйгілі қаламгер, Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықов Қабаңның 70-ке толған мерейтойында: «Жазушы ретінде Қабдешті қазіргі қазақ әдебиетінің бір кірпіші ғана емес, бүтін бір қабырғасы немесе бір қанаты деп бағалаймын. «Қанаты» дейтін себебім – XX ғасырдағы қазақ әдебиетін 12 қанат Ақордаға теңесек, ал қазіргі XXI ғасыр қазақ әдебиетін 8 қанат ақ боз үйге ұқсатуымызға болады. Сол 8 қанаттың бірі – Қабдештің шығармасы екеніне дау болмас деймін. Ал мен өзімді 12 қанаттың немесе 8 қанаттың қатарына қоспаймын. Мен бар болғаны ұлы қазақ әдебиетінің бір кірпіші немесе керегесінің бір көзі ғанамын. Осыны өзіме мақтаныш етемін», – деген еді.
Қабанбайдың рухымен апталған Қабекеңді ойға алғанда, кесене қасындағы «Қабдеш бекеті» деген атауды Құсмілия Жырғалыұлы «Қабдеш ата бекеті» деп атау айтуға да, естуге де, құрмет етуге де жағымды болады ғой деген ұтымды ой айтты. Өйткені Қабаң сексеннен асып, абыздық сатыға көтерілді. Жер киесі мен ер киесі егіз деген бар. Қазақ даласында біз естіп жүрген әрі халық тәу етіп жүрген «Бекет ата», «Қошқар ата» тағы көптеген орын бар ғой деген ой салды.
Біз Қабекеңнің ақ күмбезінен тай шаптырым жерде «Қарақол» өзенінің аңғарын мекен еткен Таскескен ауылына келдік. Кезінде іргесі өсіп, дәулеті тасып, екі беткейге жайылған ел әлі де өз мекенінде баршылық көрінеді. Таскескен тарихына үңілгенде топырағы құнарлы, жері киелі, бұл жерде қазақтың найман тайпасынан шыққан, тұлпар мініп, ту алған, елін жаудан қорғаған Ақтамберді жырау Сарыұлы мен Қытай түрмесінде қырық жыл отырып, дарын, қажыр-қайратымен мойымай «Қылмыс» атты алты томдық еңбек жазған Қажығұмар Шабданұлы сияқты әйгілі тұлғалар осы топырақта туған. Осында Ақтамберді атындағы орта мектептің болуы кездейсоқтық емес десіп келеміз.
Бізді Үржар аудандық колледжінің алдында жиылған топтың ішінен дараланып, аудан әкімі Тоқсейітов Нұржан мен Қанағат Шарахмет екеуі қарсы алды. Қонақүй бөлмелеріне жайғастық. Түнімен жан-жақтан келіп жатқандар баршылық болды. Қабаңның жары Сәуле жеңгеміз, балалары Арман, Дәрмен, Дәулет, Ерке, Қабаңның бауырлары Ерлан, Еркіндер келді. Тек АҚШ-тағы Жәнібегі келе алмапты.
Алматыдан Қоғамдық қордың төрағасы Ұлықпан Сыдықов бастаған Армиябек Сағындықұлы, ақын Алмас Ахметбекұлы, Ғалым Қалибекұлы, жазушылардан Бауыр­жан Жақып бастаған ақын-жазушы, өнер қайраткерлері, Астанадан Несіпбек Айтұлы, Зайсан, Көкпекті, Аягөзден сыйлы қонақтар болды.
2021 жылғы 20 тамыз күні сағат 11:00-де қалың жұртшылық Қабаңның басына тұрғызылған ақ күмбездің маңына жиылды. Ұлықпан Сыдықұлы сөз сөйлеп, салтанатты ашылу рәсімін жасатты. Әр жерден келген ақсақалдар бата беріп, аудан имамы Құран оқыды. Бұдан кейін Таскескен мәдениет үйінде Қабаңды еске алуға арналған кеш өтіп әрі кесене құрылысына еңбек сіңіргендерге қордың алғыс хаты мен марапаттары берілді. 
Аудан әкімі Н.Тоқсейітов ерен еңбек көрсеткен Әсет, Ерлан, Сиязбек, Ғалым тағы басқа азаматтарға ауданның «Абырой» атты төсбелгісін тапсырды. Ұлт ұлы Қабдеш Жұмаділовтің азаматтық тұлғасын еске алуда Парламент мәжілісінің депутаты ақын Қазыбек Иса былай деді: «Біз қазақтың ұлы жазушылары Мұхтар Әуезовті, Сәбит Мұқановты көрген жоқпыз. Бірақ Мұхтар Әуезовтің өзі болмаса да көзіндей, бізге тастап кеткен сөзіндей, тұлғасы да ұқсас, Қабдеш Жұмаділовті көрдік. Дәмдес, сапарлас болдық деп мақтанамыз. Абайдың асқақтаған ескерткіші Алтайдың төріне Өскемен қаласына тұрғызылғанда, қазақ ақын-жазушыларын өзі бастап келіп, шығысқа ұлттық рух келді! Ұлы Абай келді! – деп толғанып сөйлеп еді. 2019 жылғы 4 қыркүйекте Елордамызды үш күн бойы дүрілдетіп жіберген қазақтың дарабоз жазушысы Қабдеш ағамыз болды. Ол әлемді билеген Шыңғыс ханның ешқандай моңғол емес, қазақ екенін айтып, сондықтан оны өзіміз ашық иемденуіміз керек. Моңғолдарға рақмет деп салды», – деді.
Сахнада мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Несіпбек Айтұлы: «Қабдеш – қазақ тарихында сирек кездесетін сөз өнеріндегі биік тұлға. Ұлт, жер, тіл жайында биліктен, турасын айтқанда, тартынып көрген жоқ. Көсеміміз еді. Қабанбайдан кейін қаншама жыл өтсе де, бір ірі тұлға Қабдеш Жұмаділовтей туған жоқ», – деп арнау өлеңін оқыды.
Орталық үлкен кафеде қатым түсіріліп бата беріліп, Қабаңның үлкен ұлы Арман мен өмірлік серігі болған Сәуле халыққа рақметін айтып, сый-сияпатын көрсетті. Осылай Алашқа таныс арысы, асылдан қалған сарқыты, нардың сүті тамған Барқытбелде көшпелілер ауылында туып, бойында қара таудың қаны бар, қара аюдың жалы бар, тау дейтұғын елі бар, ортада сөз мәйегін сіңіріп, ерте есейген, керуеншінің тоғанақтап тартқан жүгіндей соңында мол рухани мұра қалдырды. Өзі өлсе де, сөзі өлмейтініне сенімді Қабдеш Жұмаділовтің «Түбі жазғандарымның жерде қалмайтынына сенемін. Кейде өзің үшін жазатын кез болады. Осы мәселе көтерілген жылдарда Жұмаділов өмір сүріп еді ғой. Не деп үн қосты деп біреулер сұрайтын сияқты. Кейінгі ұрпақ ақтаратын болса, ақиқатын тауып алатындай болып көрінеді» дегені мен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ел бүгіншіл, менікі ертеңгі үшін...» деген ойы Алаш үнімен үндеседі.
Заңғар жазушының зәулім, алып ақ кесенесінің басындағы қабіріне тағзым етіп тарасқан қалың жұрт оның ұлттық рухы ғасырдан-ғасырға, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып «Қабдеш бекеті» деген атаумен күнде ағылып өтіп жатқан халқының жүрегінде, ел ізі суымай тәу етіп мәңгі жасай береді десіп ризалықпен тарасты.

Мұхаметқазы Мұхамедиұлы,
Қазақстан Журналистер 
одағының мүшесі
Семей

«Ана тілі» газеті

451 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз