- Таным
- 22 Сәуір, 2025
Жәркен жыраудың көркем әлемі

Ақын – ерекше жаратылыс иесі. Көргіш, байқағыш, сезгіш. Көптің көрмегенін көреді, байқамағанын байқайды, сезінбегенін сезінеді. Сондай қасиет қонып, бақ дарыған. Жалпы, шығармашылық әлем шексіз: кең, терең, тұңғиық. Сол кеңдік пен тереңдікке кеңінен бойлап, тереңірек толғап, жан-жақты зерттеп-зерделеп, құпия-сырларын ашып көрсету, жамағатқа аса пайдалы іс.
«Бұрылыс» – айтулы ақын Жәркен Бөдештің өмірінің соңғы кезінде, әбден кемелденген шағында жазған жыр жинағы. Бұл қандай бұрылыс? Ақынның жолы – тақтайдай түзу жол емес, бұрылыс-бұлтаңы көп қиян жол, қиын жол. Ақынды ақын еткен де сол бұралаң жол мен соны соқпақтар. Нағыз поэзия бұрылыстар мен жарылыстардан тұрады. Ал ақынның басқа жаққа бұрылуға да мұршасы жоқ. Шын ақын ақиқаттан алшақтамай, шындыққа қарай сәт сайын қадам басуға міндетті.
– Бұл далада сенен жақын кісі жоқ,
Жанып барам көкірегіме түсіп от.
Мені тастап қайда зытып барасың,
Бұрылмайсың, шақырсам да кісінеп.
Көрдіңіз бе? Қимасы шақырмақ түгіл, кісінесе де, бұрылуға болмайды. Өйткені көз ұшында қуғыншы. Артта қалған адам айқайламайды, жылап-сықтап жаныңызды түршіктірмейді, «кісінейді». «Кісінеген» кісіні көргеніңіз бар ма – жоқ, әрине. Ал Жәркен Бөдештің жылқысын былай қойғанда, кісісіне дейін кісінеп шақырады. Кісінеу Жәркен Бөдеш секілді жампоз ақынның ғана қолынан келеді. «Жылқы кісінескенше, адам тілдескенше» деген мақал бар. Ал қазақ – жылқы мінезді халық емес пе? Айқайлау, қиқулау, шулау деген таптаурын тіркестерді тізе бергеннен гөрі, «кісінегені» келісіп-ақ тұр. Өзінше жаңалық, бейнелі сөз.
Бұрылуына болмайды, алдында – ата жұрт. Ақын ата жұртына асығып келе жатыр. Ұзақ сапарға шыққан адамның, жол үстіндегі жолаушының артына жалтақтап қарай беруін де қазақ жақтырмайды.
– Пендемін ғой, күшім әлсіз, айлам көп,
Арпалыстым жапан дала майдан боп.
Шырқыраған дауысыңды естідім,
Бұрылсам да, саған менің пайдам жоқ.
Ақын ақиқатын айтып отыр. «Бұрылсам да, саған менің пайдам жоқ». Жат елден қашып келе жатқан қашқынның кімге пайдасы тимек?! Оның үстіне қарлы боран қапталдасып, «ақ кебінге» орағысы келіп бұрқасындатады. Екі оттың ортасындағы пенде, қатардағы көп пенденің бірі емес, айтулы ақын болса, айдай ақиқатын айтпай үнсіз қала ала ма?! Әрине, шындық қымбат, шындық болғанда да, «салқын күнде аппақ қардың үстінде бусанып тамған қызыл қан тамшысындай жанды шындық». Иә, «жанды шындық» демекші, ақын өлеңдерінің тамырын қуалай ағып жатқан қан да сол «жанды шындықтың» қаны.
Көресімді ұшып жүріп көремін,
Ажал жетсе, ұшып жүріп өлемін.
Көнбеймін-ау, жалынсаң да көнбеймін,
Тек шындықтың үкіміне көнемін.
Тамырында тулаған хас шындықтың қаны болса, ақын қалай жер бауырлап жүрсін?! Не көрсе де, «ұшып жүріп көреді», тіпті ажалдың өзін ұшып жүріп қарсы алмақшы. Осындай еркін де, ерікті рух иесі, әркімнің айтқанына көніп, айдағанына жүрмейді. Шындықтан – шырайлы, ақиқаттан – арайлы, адалдықтан – асқақ, қиялдан – көркем не бар дейсіз?! Олай болса, көркемдіктің төресі – кәдімгі шындық. Көркемдік демекші, ақын халық ауыз әдебиеті үлгілерінен үйреніп қана қоймай, әр сөзді орнымен қолданып, оқушысын тамсантып, ойландыра біледі.
Жыр жазсам бұрын-соңды мен,
Үстелім болдың оң тізем...
Ақын оң тізесіне дәптерін төсей жыр жазып отыр. Себебі сол – жыр – сұлу ғой, айдай сұлу! Ал айдай сұлу күндердің күнінде оң жақтан ұзатылады. Оң жақта жазылып, оқырманға жол тартар сұлу жырдың оң тізеде жазылуында да ерекше мағына бар. Мұндай астарлы ой-оралымдар ертеден таныс: әдебиеттің шырайын кіргізіп, мәнін арттырады. Дәстүр жалғастығы – жыр жалғастығы, көркемдік көші. Әйтпесе, ақын:
Оң тізем саған қондырдым,
Тұңғыш құсым – ұлымды, –
деп айтпас еді. Оң тізесіне немересін де отырғызып, Күлтегіннің көк тасы оралғанда да, Тәуелсіздіктің Туы тігілгенде де ақынның оң тізесін бүгуі жасандылық емес, жасампаздық. Атадан балаға мұра болып келе жатқан дәстүрдің ділін сақтап, бүгінге жеткізу және оны қазіргі ұрпақтың санасына сіңіру оңай шаруа емес. Ол үшін де «оң қабақ» керек. Сондай ұстындардың бірі де Ж.Бөдештің «оң тізесі мен оң қабағы». Тіпті оң тізе туралы жырдың түйіні бәрінен де асып түскендей:
Ұрғашы оңбас ұрпағынан жерінген,
Еркек оңбас өз тізесін кемірген.
Ақынның айтары да, айтпағы да сол ұрпақ қамы. Мәселе, қалай айту мен қалай жырлауда. Оң қабақ, оң сапар, оңынан туған ай туралы халық поэзиясында жеткілікті айтылады. Көне тақырыпты жаңаша әрлеп, жаңа реңк қосып, жан бітіреді. Әр қаламгердің сүйікті тақырыбы болады, дегенмен бір ақынның жан дүниесін тебіренткен құбылыс басқаның да назарын аударуы ықтимал. Сондықтан белгілі бір құбылысты ондаған, тіпті жүздеген ақын жырлай береді. Тек тірелетін түйін, жүгінетін би – қалай жырлау.
Поэзияның міндеті де ұйқышының ұйқысын ашып, ояуды елең еткізу, оң қабақпен жалт қарату, ойландыру. «Ұрпағынан жерінген ұрғашыны» – «ана», «Қу тізесін құшақтап қалған еркекті» – «әке» деп айтуға бола ма?! Ақын поэмасының түйіні де тап осы жерден басталады. Дәстүр-салтын сақтаған еркек «оң тізесін кеміріп», ата-баба аруағына жүгінген «ұрғашы ұрпағынан жерінер ме еді?!» Әрине, жоқ. Ақынның әу бастағы мақсаты да барды бағалау. Ақын айғағы – ақиқат. Ақиқаттың ала жібін аттағандарға жай оғындай атылып, жауар күндей күркіремесе, несі ақын, несі өлең? Жаңылысқан жанға бағыт-бағдар сілтеп, жөн-жоба көрсетпесе, поэзияның құны түсіп, парқы төмендемей ме?
Көңілім кіршігі жоқ ақша қардай,
Бақытың жарқырайды тапса маңдай.
Тоғайға қарауыл боп өтер едім,
Алауыз пенделерге патша болмай.
Тіршілікте адамдар арасында алауыздық болмай тұрмайды. Қыңыр кісі патша жарлығына да құлақ аспас, астамшыл патша пендені көзіне ілмес. Ақын дұрыс айтып тұр: патшаның парқын халқы айқындайды.
Тоғай – табиғат. Ақын үшін табиғатқа қарауыл болу, қорған болу – бақыт. Қасиетті қарауыл ма, құрметті қарауыл ма – тазалықты қарауылдау – құрмет. Көңілі кіршіксіз ақын ғана табиғат сырын түсінеді. Осы өлең жолдарындағы «ақша қар мен жарқыраған ақ маңдай» Ақжүністің «қарды көр де етім көрімен» астасып, астарласып жатса да, кейінгі екі жолы алдыңғы екі жолының ажарын ашып, тұлғасын толыстырып тұр. Әрине, жаны, жүрегі таза жанның маңдайы жарқырай түсетініне кімнің күмәны бар?! «Бақытың жарқырайды тапса маңдай» деген өлеңнің екінші жолы тұтастай шумақтың шырайын кіргізіп қана қоймай, сыңайын танытып тұр. Тоғайға қарауыл болғанның да, пенделерге патша болғанның да бақыты маңдайына байланысты. Ақын халық та, табиғат та тіршіліктің тұтқасы, маңайының маңдайы дегенге меңзейді. Маңдай – қазақ үшін қасиетті ұғым.
«Маңдайыңнан көрерсің», «маңдайың жарқырасын» деп жататынымыз бекер емес. Ақын маңдайы – жарық, жарқын болу үшін де патша болып парқын түсіргенше, қарауыл болып беделін биіктеткісі келеді. Қалай болғанда да намысымды кір шалмасын деген ойдың өрнегі.
Жәркен поэзиясының басты ерекшелігінің бірі де жер бауырлап жатып алмай, «қанаты алтын құс болып, ұшып-қонып жүруінде». Мұқағали Мақатаев «Құс та болғым келмейді қанатым бар» десе, Жәркен Бөдеш «Аман болса қанаты ұша аларға, ұқсағысы келмейді құс адамға» деп толғайды. Соған қарағанда қос ақынның құстары бір-біріне ұқсамағанымен, Жәркеннің «қанаты алтын құсқа» айналуында байланыс жоқ деп кесіп-пішіп айтпас едік. Біз айтпасақ та, ақынның өзі «Мұқағалиға түстеніп, Жұмекенге түнедім» деп ақтарылады. Олай болса Жәркен Бөдеш пен Мұқағали Мақатаевтың құс туралы жырларында дәстүр жалғастығы бар. Бұл ақынның «Құс пен адам» топтамасында айқын байқалатындай. Жұмекен Нәжімеденовтің «Егіз шумақтар» топтамалары іспеттес Жәркен Бөдештің де төрт тағанында да оқшау ой, ажарлы астар, өзгеше өрнектер жеткілікті. М.Мақатаев:
Терезенің алдына келіп тұрмын,
Көгершіндей қысты күн жем іздеген, – десе, Жәркен Бөдеш:
Қуғын көрген ақ кептер,
Тереземнен кетті еніп, – деп жырлайды.
Әрине, көгершін немесе кептер туралы жырлар жетерлік. Бірақ мәселе, терезенің тұсындағы көгершіндерде болып тұр. Мақатаевтың көгершіні кәдімгі кісі кейпіне еніп кетсе, Бөдештің кептері «терезеден еніп кетеді». Дегенмен екеуі де терезенің алдында тұр, көздеген нысаналары бөлек, бірі жем іздеп жаурап жүрсе, екіншісі қырғидан қорлық көріп, жансақтау үшін жанталасуда. Сәбит Дөнентаевтың «қырғидан қорлық көрген бозторғайы» ойдан-қырдан таяныш таба алмаса, Жәркен Бөдештің ақ кептері төрдің төбесінен бір-ақ шығады.
Обалы – отар, сауабы – сатқын, мейірімі – менмен қоғамнан сұраңыз жауабын. Ақын ақ кептерді паналатқанына өкініп отырған жоқ, «қырғилардың» күні туып тұрғанына таңғалып, «шошып» отыр. Ақ кептердің шарасыз кейпі арқылы қоғам өмірінің келеңсіз көріністерін көз алдымызға әкеледі. «Ақ нөсерді – күйеу, ақ теректі – қалыңдық» кейпіне енгізу арқылы ақын жақсылықтың жаршысы, қуаныштың куәсы қылып, «ақ теректің бауыры» мен «ақ аюдың майын» алады. Бір қарағанда, байланыс жоқ сияқты көрінгенімен, ақ терек – қалыңдықтың ақ аюдың майын жағып, сыланып-сипанып тұруын, ақ нөсерді – күйеуді қарсы алуға дайындық деп түсінген жөн. Себебі қазақ ұғымында қалыптасқан кәнігі салт бойынша отқа май құйып, қалыңдықтың аяғының астына жылы-жұмсақ төсеп жатады емес пе?! Олай болса, ақ теректің ақ аюдың майын жағып алдын ала дайындалуын дәстүрлі құбылыс деп қараған жөн. Табиғатты табиғи қалпында көркем суреттеу де ақынға тән шеберлік. Оның «Қыр бояулары», «Өртенген қамыс», «Жазғы таң», «Теріскейде жатқан анау қасат қар», «Қоңыр дөң», «Сары шымшығым», «Түнгі орман» т.с.с. өлеңдерінде тереңдік те, тапқырлық та байқалады.
Ақынның табиғат туралы жырлары өзгеше ой өрнектерімен, тосын теңеу, шалт шешімдерімен ерекшеленеді. «Туған жердің қасқыры, кемір ақын сүйегін, туған жердің тас-құмы, сені осылай сүйемін» дегеніне де қалтқысыз сеніп, қапысыз мойындайсыз. Л.Толстойдың «Ясная полянасы», А.Пушкиннің «Болдиносы», М.Мақатаевтың «Қарасазы», І.Жансүгіровтің «Жетісуы», С.Сейфуллиннің «Көкшетауы» сықылды әр ақынның «туған жері – өзінің Меккесі», яғни әр қаламгердің өзі қасиет тұтар, кіндік қаны тамған мекені бар.
Ж.Бөдештің «Жайыртауы» да солардың қатарында. «Туған жердің қасқыры, кемір ақын сүйегін» деп айтуында асылық емес, асқақтық байқалады. Мәселе қасқырда емес, туған жердің қасиетінде. Туған жерін жырға қоспаған ақын жоқ-ау, сірә! Жыртқыш екеш, жыртқыш та сол топырақта туғандықтан, ақын оны туғанындай көреді, тіпті сай-сүйегіне дейін соған табыстағысы келеді. Бұл, бір қарағанда, ерсілеу көрінгенімен, түптеп келгенде, өлең-өнердегі тапқырлық. Мәселе, ақын туған топырағының аң-құсы мен адамын бір-бірінен бөле-жармай, теңдей көруінде болып тұр. Туған жерге деген сағыныштан туған тағдырлы жыр. Ажал жетсе, сүйегім туған жерімде қалсын деген қазақ ұғымына сіңісті болған сыралғы сыр. Сыр емес-ау, сенім, сезім сертіне оранған өмір – «Туған жердің тас-құмы сені осылай сүйемін». Лирикалық кейіпкер сүйегін туған жерінің қасқыры кеміргенін қалайды. Себебі туған жерінің қадір-қасиетін біледі, түсінеді, сүйеді. «Ер – туған жеріне» демекші, туған жерден ыстық, аяулы не бар дейсіз мына жарық жалғанда. Ақын жырына қан жүгіртіп, бұла бойындағы қуаттың көзін ашып, көңілін аршып, аруақтандырып тұрған күш – махаббат, сүйіспеншілік рухы. Рухсыз адам өмірге де, өнерге де, өзгеге де ғашық бола алмайды. «Туған жерінің тас-құмын» сүйіне сүйген адам ғана дәл осылай өктем сөйлей алады. Ақын табиғат жырларында ойнақы, ойлы, көркем, кестелі сөздерді келісті қолдана білуімен қатар, өзі суреттеп отырған құбылыс пен затқа сай түр, түс, өрнек, белгі, бедер таңдауда тапқырлық танытатындай.
Араласып ұшып жүр ақ көбелек ақ гүлмен,
Араласып ұшып жүр көк көбелек көк гүлмен.
немесе:
Күміс жұлдыз тамды үнсіз жапырақтың бетіне
Тағы да жаз, жазғы сурет, жаздың жұпар иісі.
Ақ көбелек ақ гүлге, көк көбелек көк гүлге қонып, теңін тауып жатса, кенеттен күміс жұлдыз тамды, бір жапырақ тұтастай жұлдызға айналып барады. Бұл – жазғы түннің суреті. Жазғы түнді суреттеп отырып, жапырақты айтпай кетуге болмас. Түн болғанда да, айлы, жұлдызды түн. Автор ай, жұлдызды суреттеп жатпай-ақ, жапыраққа жұлдыз нұрын төгеді. Күміс жұлдыз тамған жапырақтың жүзі жап-жарық болып жарқырай түспек, айналасына ақ сәуле шашпақ. Жұлдыздың күміс сәулесі қонатын жер көп қой, дегенмен шайыр «жапырақ – жаздың жүрегі» деп айтқысы келіп тұрғандай. «Жаздың жүрегі – жапырақ» болғандықтан жұлдыздың жалғыз тамшысы жапырақтың жүрегіне емес, жаздың жүрегіне тамады, Бұл жерде М.Мақатаевтың «Жапырақ жүрек жас қайыңы» еріксіз ойға оралады, Жәркеннің жазы, Күләштің жазы, Мұқағалидың жазы дейтін бөлек-бөлек жаз жоқ. Бірақ үш ақынға да ортақ – жазғы жапырақ. Жәркеннің жапырағы жүзіне жұлдыз ұялап, жымия қалады, Күләштің жапырағы «таң ата шыққа оранып, жылап тұрады», Мұқағалидың жапырағы «мың жүрекке» айналып, айналасына таңырқай қарайды. Бір сөзбен айтқанда, жапырақты – жаздан, жазды – жапырақтан бөліп қарауға болмайтыны тәрізді, ақынды жапырағын жайған жаздан айыру мүмкін емес. Мүмкін болса, Мұқағали «жапырақ жүрек жас қайың, жанымды айырбастайын» демес еді.
Жәркен Бөдештің жазы мен қысы, күзі мен көктемінде өзіндік һәм түрі-түсі бар өрнек тәрізді. Ақын өлеңдерінде сары түс көбірек қолданылады. Бұл туған жері мен арғы бетте қалған ағайын-туысқа деген сағыныштан туған болар! Бәлкім, ақын ғұмыры сарғайған сары ала сағыныштан тұрар.
Сары ауруға үшкірген Сары әулие емеспін,
Сары уайым сапырған, сары аюдай ақырған.
Сары қасқа ұлық емеспін, арыз түскен үстімнен,
Сары өзенді бойлаған сары қанат құспын мен,
Қарашығым сарғайып,
сары қанатым кең жайып,
Ұштым,
Ұштым,
Ұштым мен.
Осы өлеңдегі сары ауру, сары уайым, сары қасқа ұлық, сары аю, сары әулие, сары өзен, сары қанатты құсқа бір сәт зер салып қарасақ, бұл бір жай ғана сары түстен тұратын заттар тізбегі емес, бәрінің де өз орны бар. Өйткені Сары әулие сары ауруды емдемек болып үшкіреді, сары қасқа ұлық үстінен арыз түскен соң, сары уайым сапырып, сары аюдай ақырады; сары қанат құс сағыныштан сары өзенді бойлай ұшады, ұша-ұша көзінің қарашығы да, қанаты да сарғайып кеткен. Бірыңғай «с» дыбыстары, яғни дауыссыз дыбыстар қайталанып тұр, әдебиет теориясында бұрыннан бар құбылыс болғанымен, қазақ поэзиясында көбінесе қара, ақ, көк, қоңыр, қызыл түстердің қайталануы жиі кездеседі. Ал мынау сары түс – сағыныштың түсі болмаса, ақын «сары саумал сағыныш» деп айтпас еді. Байқайсыз ба, «сары саумал» төрт түлікпен тізгіндесіп өскен халықтың түсінігінен туғаны көрініп тұр. Саумал сағыныш... Себебі сағыныш мәңгі жас, мөлдіреп тұр, сағыныш – сары қанатты құс, ол көк өзеннің үстінен көлбеңдеп ұшпайды, сары өзенді жағалай ұшады, қанаты да, қарашығы да сап-сары құс көрдіңіз бе?! Әй, қайдам?! Қиялда ғана, қиянда ғана кездесер.
Жәркен Бөдештің қиялы бай, өлеңдерін оқып отырып, ертегілер еліне сапар шегесіз. «Сары өзенді бойлаған сары қанат құспын мен» дегеніне де сенесің. Сары қанат құс көк өзенді бойлап ұшады. Сары өзен де сағыныштан сарғайып кеткен. Әрбір шынайы ақынның таңдаған тақырыбын былай қойғанда, өзіндік жырлау мәнері, етене ерекшелігі болады. Сол сияқты, Ж.Бөдеш те халық поэзиясының үздік үлгілерінен үйреніп қана қоймай, ұлт ұғымымен үйлестіре, үндестіре және халық тағдырымен ұштастыра біледі. Қандай да болмасын, ақын айналасындағы өз көзімен көріп, қолымен ұстаған құбылыстарды жоққа шығара алмайды, керісінше, жырына жөргек қылады. Жәркен ақынның сүрлеуі – сағыныштың сүрлеуі. Бұл – санаттағы сағыныш емес, қанатты, сары қанатты сағыныш, сары өзенді бойлай ұшқан сарабдал сағыныш. Ақын жырларының жұлыны да, жүйкесі де, күре тамыры да солқылдаған сағыныш. Сары өзеннің ар жағында сары жұртта қалған балалық, жастық күндеріне құстай ұшып барғысы келеді, көргісі келеді. Қай өлеңін оқып отырсаңыз да, сағыныштың сазы байқалады. Ақындар арасындағы «сағыныштың сары өзені» – Жәркен Бөдеш поэзиясы екені анық.
Ж.Бөдештің ауыз әдебиетімен ауыздануы да және одан үйренуі де кездейсоқтық та, күтпеген құбылыс та емес. Қазақта ауыз әдебиетінің алуан түрлі үлгісін кәдесіне жаратып, ескіні жаңғыртып жыр жазатындар аз емес. Жәркен ақынның жетістігі де бай мұраны өзгеше өрнекпен әдіптеп, байырғы сөздердің сырын сақтай отырып, сынын жетілдіруінде, ұлттың табиғатын тап басып танытатын сыралғы сөздердің сыңарын тауып, жарасымды жұптастыруында ғана емес, үзеңгілес ұғымдарды теңестіріп, тізгін қақтыра білуінде.
Жалпы, Жәркен Бөдеш жырларында кейіптеулер де, тосын теңеулер де, мазмұнды метафоралар мен символдар да жеткілікті.
Жұлын, жүйке тұрған кезде жұқармай,
Аңқиды екен адам миы жұпардай.
Теңеудің тегеурінділігі сол – айналаңыздың бәрінен жұпар иісі аңқып шыға келеді. Жұпар болғанда да таңның, түстің, шықтың, шөптің, көктің жұпары болса бір сәрі, жоқ, бұл мидың жұпары. Адам баласының мидан маңызды мүшесі болушы ма еді?!
Қиял қарғыны, қарқынды қиял, көк пен жердің екі ортасын емін-еркін кезіп, жүген-құрық көрмеген қанатты қиял. «Жұпардай аңқыған мидан» тек осындай ауыздықпен алысқан жүйрік қиял туады. Адамның миы жұпар аңқып тұрмаса, ол айналасындағы күллі дүниенің тылсым тіршіліктің жұпар иісін бағалай, саралай алар ма еді?! Өлең жазу өз алдына, образ кейіптеп, көркем бейне жасап, көркем сурет салу бір бөлек. Яғни көркем бейнелеп кейіптемесе, адамның миы жұпар аңқуы мүмкін емес. Образды сөз, образды бейнелеу, образды сурет. Ендеше, ақын миының жұмыс істеп тұруының өзі де жұпар шашып тұрғанмен бірдей. Жәркен Бөдеш осы ойды меңзеп, сөзді орайымен құбылтып, тыңға түрен салады, түйін түйеді.
Жатқан бөрі бекініп,
Қалды өлердей өкініп;
Сұм ажалдың басынан
Өмір кетті секіріп.
Бұл – кәдімгі киік. Тау киігі. Жерде созылып жатқан бөрінің басынан секіріп барады. Арлан-ажал мен аяулы өмір, жанарында тау мүлгіп, бауырынан самал еседі, жай еспейді, жөңкіле жөнейді. Әрі-беріден соң ақбөкеннің өзі ақ самалға айналып кеткендей. Арлан – ажал, ақбөкен – адалдық кейпін киген. Адал емес-ау, адам, адам емес-ау, адал. Адал мен адамның түп негізі – өндірдей өмір. Ажалдың үстінен өмірді секірту кім көрінгеннің қолынан келе бермейді. Лайым осылай бола берсе екен дейсіз. Көріп отырғанымыздай, Жәркен Бөдештің лирикалық кейіпкері барынша батыл, тіпті тартынуды, тайсалуды білмейді: өр, бекініп жатқан бөрі-ажалдың басынан секіру қыр киігінің ғана, қыр мен құм құпияларын қат-қабатына дейін білетін ақын Бөдештің қолынан келіп, ойына оралмақ. Өмірдің ажалдың басынан секіруінен асқан көркем сурет болар ма екен?!
Біздіңше, киік – ақынның нақ өзі. Тағдыр-талайы да ұқсас. Жәркен Бөдештің жырлары да ажалдың өзін аттап өтетіндей жалынды, ғұмырлы, мәңгілік. Аттап емес-ау, секіріп, орғып, қарғып, жүйткіп өтетіндей құдірет-күшке ие. Ешқандай ажал құрықтай алмайды: өлмейді, өшпейді. Ендеше, «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп Абай атамыз айтпақшы, арқалы ақын Жәркен Бөдеш те ажалдың басынан әлдеқашан секіріп кеткен. Есімі де, жырлары да қазақ халқымен бірге мәңгі жасай бермек.
Шайгүл Рамазанова,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,
қауымдастырылған
профессоры

386 рет
көрсетілді0
пікір