Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Мотивация
  • 22 Сәуір, 2025

Елуінші форумның куәгеріміз

Қазіргі заманғы журналистика күннен-күнге жаңарып, өзгеріп келеді. Дәстүрлі медиадан бөлек, жаңа медианың дамуы, цифрлық платформалардың пайда болуы журналистерге жаңа мүмкіндіктер мен жаңа сын-қатерлер алып келді. Жас журналистерге қойылатын талаптар да жоғарылап, тек қалам мен қағаздың көмегіне сүйену жеткіліксіз боп қалды. Бүгінде журналист ақпараттың шынайылығын тексере білуі, деректерді талдауы, визуализация жасауы, цифрлық құралдарды қолдануы, әлеуметтік желілердің алгоритмін түсінуі қажет. Жас журналистердің осы саланы терең меңгеруі, білімі мен тәжірибесін арттыруы маңызды. Осы мақсатта жыл сайын Жас тілшілер форумы өткізіліп келеді. Биылғы форум ерекше мәнге ие болды. Себебі, бұл – форумның 50-рет өткізілуі. Жарты ғасырлық тарихы бар шара талай жас журналистің қанатын қатайтып, олардың кәсіби біліктілігін арттыруға септігін тигізгені сөзсіз. Форумның екі күнге созылған бағдарламасы өте мазмұнды әрі пайдалы болды.

Жас тілшілер – форум үздіктері

Форумның бірінші күні Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде өтті. Таң атысымен форум қатысушылары университетке жиналып, үлкен шараның басталуын тағатсыздана күтті. Алғашқы сөзді журналистика факультетінің деканы Қанат Әуесбай алып, форумның маңыз­дылығына тоқталды. Ол қазіргі журналистиканың алдында тұрған сын-қатерлер туралы сөз қозғап, болашақ журналистерге бағыт-бағдар берді.

Осыдан кейін университеттің үздік студенттері дәрістер оқып, өз тәжірибесін ортаға салды. Олар болашақ журналистер үшін маңызды дағдылар туралы айтып, тәжірибелік кеңестер берді. Дәрістерде «Қазіргі метиаэтика: Нені ескеру қажет?», «Журналистикадағы жаңа трендтер», «Журналистика», «Кино-медиа», «Медиакомуникация» мамандықтарын таныстыру» секілді тақырыптар қамтылды. Бұл дәрістер жас журналистер үшін өте пайдалы болды.

Форум барысында жас журналист Саят Тілеміс өзінің «Нашар журналистің кеңесі» атты шағын кітапшасын таныстырды. Бұл кітапша болашақ журналистер үшін ерекше құрал болды. Оның ішінде шығармашылық емтиханға дайындық әдістері, журналистік этика, мақала жазу стилі, деректерді тексеру тәсілдері туралы пайдалы ақпарат бар. Форумның көптен күткен сәті – «Ең үздік жас тілші». Форум аясында жас журналистер бірнеше номинация бойынша жарысты. Олардың еңбегі сарапқа салынып, ең үздік мақалалар таңдалды.

Биылғы «Ең үздік жас тілші» атағы Ділназ Ердембековаға бұйырды. Оның мақаласы ерекше мазмұнымен, көркем тілімен және терең зерттеуімен көзге түсті. Ол еңбегінде қоғамдағы маңызды мәселелерді көтеріп, оған жан-жақты талдау жасады. Оның мақаласы тек фактілерге ғана сүйенбей, оқырманды ойландыратын терең тұжырымдармен ерекшеленді.

«Ұлан» газетінің жас тілшілері де бұл форумда үздік атанды. Олардың еңбектері жоғары бағаланып, бірнеше номинация бойынша жеңімпаз атанды:
 • Гүлшат Доскенқызы – «Үздік мақала» (1-орын)
 • Әмина Тұрдақын – «Үздік видеосұқбат» (1-орын)
 • Әбдірахман Қайрат – «Үздік видеосұқбат» (3-орын)
 • Гүлзина Орынбасар – «Үздік мақала» (3-орын)
Жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар берілді. Әмина Тұрдақын бір жылдық тегін ағылшын курсын, ал Гүлшат Доскенқызы BAQ Media шығармашылық емтиханға дайындық курсын жеңіп алды.

Бір күнде бес тұлғамен кездестік

Форумның екінші күні «Ұлан» газетінің редакциясында өтті. Бұл күн ашық пікір алмасу, тәжірибе бөлісу, шабыттандыру мақсатында ұйымдастырылды.
Қатысушылар атақты журналистер мен белгілі тұлғалармен кездесу мүмкіндігіне ие болды. Олардың арасында Жұлдыз Әбділда, Демеу Жадыраев, Әлия Іңкәрбек, Абик Жексен, Мыңжылқы Бердіқожаев сынды танымал тұлғалар бар. 

Жұлдыз Әбділда қазіргі медианың өзгерісі туралы айтып, жас журналистерге жаңа медиа­да қалай жұмыс істеу керегі туралы кеңестер берді. Олимпиада ойындарының жүлдегері Демеу Жадыраев өзінің мансап жолы туралы айтып берді. Ол еңбекқорлық пен тәртіптің маңыздылығына тоқталды. Ақын, бұрынғы жас тілші Әлия Іңкәрбек өзінің «Сен менің мерекемсің» атты жаңа кітабының тұсаукесерін өткізді. Ол шығармашылығы туралы әңгімелеп, жастарды әдебиетке қызығуға шақырды. Танымал әнші Абик Жексен концерт форматында сұқбат беріп, шоу-бизнес пен журналистиканың байланысы туралы айтты. Белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев медициналық журналистиканың маңыздылығына тоқталып, жас журналис­терге дәрігерлермен жұмыс істеу ерекшеліктерін түсіндірді.

Форум соңында барлық қатысушыларға арнайы алғыс хаттар мен «Ұлан» газетінің ерекше кітаптары тарту етілді. Бұл жас тілшілер үшін үлкен мотивация болды. Жас тілшілер форумы биыл да жоғары деңгейде өтті. Бұл іс-шара жас журналистердің білімі мен тәжірибесін арттыруға, олардың болашақ жолын айқындауға көмектесті. Форум барысында жас тілшілер маңызды ақпараттармен танысып, тәжірибелі мамандардан кеңес алып, ой-өрісін кеңейтті. Мұндай кездесулер олардың болашақтағы кәсіби өміріне оң әсер етіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашары сөзсіз. Болашақ жас журналистерге сәт-сапар!

Айзат БАҚБЕРГЕН,
«Ұланның» жас тілшісі
Ұ.Бағаев атындағы 
орта мектептің 
10-сынып оқушысы

Алматы облысы 
Кеген ауданы
Алғабас ауылы

«Ұлан» газеті,

1027 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз