Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • АҚПАРАТ АҒЫНЫ
  • 23 Сәуір, 2025

Мәдени мұраны сақтау мен дамытудың Кешенді жоспары әзірленеді

Қазақстанда материалдық емес мәдени мұра элементтерінің Ұлттық тізімі артты. Бұл туралы Үкімет отырысында Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндады.
Материалдық емес мәдени мұра элементтерінің Ұлттық тізімін қайта зерделеу нәтижесінде, бұған дейінгі 45 элементтің санын 79 элементке дейін арттырды. Қазіргі кезде Қазақстанның атынан Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасы тізіміне 14 элемент енгізілген.
Бүгінде еліміздегі тарихи-мәдени мұра объектілерінің саны 25 мыңнан асады. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінде 265 ескерткіш болса, жергілікті маңызы бар 12 мыңнан аса тарихи және мәдени ескерткіші тіркелді.
Қазіргі кезде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізімінде еліміздің 10 тарих және мәдени ескерткіші бар.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің басшылығы еліміздің өңірлерінде орналасқан мәдени мұра ескерткіштерін таңбалау жүйесін енгізу қажеттігін атап өтті.
Министрдің сөзінше халықаралық маңызы бар ескерткіштердің барлығы облыстардың аумағында орналасқандықтан, олардың дамуын қамтамасыз ету әкімдіктер үшін мүдделі мақсат болуы тиіс. Алматы облысындағы Талғар мен Қарамерген, Жетісу облысындағы Қойлық, Жамбыл облысындағы Ақтөбе, Құлан, Қостөбе және Өрнек секілді қалашықтарының маңында, Ақыртас сарайы кешенінде таңбалау жоқ, облыстық әкімдіктермен заңды түрде ресімделген күзет және буферлік аймақтар жоқ.
«Тиісті түрде рәсімделмеген жағдайда ЮНЕСКО тізіміне енген бірқатар ескерткіштер көп жағдайда «қараусыз қалған», не болмаса «маңызсыз» нысандар ретінде қабылданады», — деп атап өтті министр.

Мәдениет және ақпарат министрлігі мәдени мұраны сақтау және дамыту жобасын дайындауды жоспарлап отыр. Аида Балаеваның айтуынша, ол ЮНЕСКО қағидаттарына сәйкес жергілікті және халықаралық деңгейде жұмысты қамтитын үш негізгі бағыт бойынша жүйелі шараларға негізделген.

Бірінші бағыт – Дүниежүзілік мәдени және табиғи мұраны қорғау жөніндегі конвенцияға сәйкес, ЮНЕСКО қорғауындағы ескерткіштермен кешенді жұмыс жүргізу.

Екінші, ЮНЕСКО конвенциясының қағидаттарына сәйкес, материалдық емес мәдени мұраны немесе «жанды» мұраны сақтау және қолдау.

Үшінші бағыт – ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасы аясында құжаттық мұраны сақтау, оның қолжетімділігі мен танылуын қамтамасыз ету.

Фото: @KZgovernment

222 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз