- АҚПАРАТ АҒЫНЫ
- 24 Сәуір, 2025
Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясындағы сөзі басталды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясындағы сөзі басталды
«Бүгінгі басқосудың тарихи мән-маңызы айрықша. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Баршаңызға құтты болсын!
Бұл – бүкіл Қазақстан үшін айтулы оқиға. Осы уақыт ішінде Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың символына айналды. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды. Соның арқасында Қазақстанда бейбітшілік пен келісімнің қайталанбас үлгісі қалыптасты.
Ассамблея тарихы еліміздің егемендік жылнамасымен тығыз астасып жатыр. Ұйым 1995 жылы Қазақстанның тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылғанын білесіздер. Бұл бастама қазақ мемлекеттілігі қалыптасып жатқан қиын кезеңде терең саяси мәнге ие болды. Консультативтік-кеңестік орган ретінде жасақталған Ассамблеяға 2007 жылы конституциялық мәртебе берілді. Ұйым жалпыұлттық бірліктің негізгі моделіне айналды", - деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі Ассамблея қызметіне ерекше тоқтала келіп, оның халықтың саяси өміріндегі орны мен рөліне тоқталды. Мәселен, Сенаттың бес депутатын Ассамблея кеңесінің ұсынысымен Президент тағайындайтыны және Қазақстан парламентаризмі тарихында алғаш рет «Бір ел – бір мүдде» атты палатааралық депутаттар тобы құрылғанын Мемлекет басшысы ерекше атап өтті. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 12 мүшесі Ұлттық құрылтай құрамында табысты еңбек етіп келеді.
«ҚХА Хатшылығы Президент Әкімшілігінің дербес құрылымдық бөлімі саналады. Барлық өңірде Достық үйі бар. Онда мыңнан астам этномәдени бірлестіктер орналасқан. Сондай-ақ облыс әкімдіктерінде «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемелері құрылды. Ассамблея құрылымында төрт мыңнан астам қоғамдық ұйым жұмыс істейді. Бұл ұйымдардың мақсаты – бір, бұл – азаматтарымызды елдік маңызы бар жұмысқа тарту, яғни ортақ іске жұмылдыру. Мысалы, Ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесі отбасы институтын нығайтуға, жалпыұлттық құндылықтарды дәріптеуге атсалысып, ауқымды жұмыс жүргізуде», - деді Мемлекет басшысы.

703 рет
көрсетілді0
пікір