- Біздің сұхбат
- 24 Сәуір, 2025
Елші – елдің айнасы

Тілеухан Қабдрахманов – Қазақстанның сыртқы саясатының қалыптасуына тікелей атсалысқан кәсіби дипломат. Ол Франция, Жапония, Өзбекстан, Литва, Латвия, Эстония және Финляндия мемлекеттерінде елші болған, халықаралық аренада Қазақстанның саяси-мәдени мүддесін қорғаған тұлға. Дипломатиялық қызметінде ана тіліне, ұлттық болмысқа деген құрмет оның сыртқы саясаттағы ұстанымымен қатар жүрді. Сұқбат барысында Тілеухан Самарханұлымен елшілік қызмет ерекшеліктері, шетелдегі алғашқы дипломатиялық өкілдіктерді қалыптастыру барысы, Қазақстанның ЮНЕСКО аясындағы бастамалары, сондай-ақ Франция және Жапониямен экономикалық байланыс орнатудағы қадамдары жөнінде сөз қозғадық. Әр елдегі дипломатиялық қарым-қатынас орнатудың мәдени айырмашылықтары, халықаралық келіссөздерде тіл мен танымның рөлі, ана тілін сақтау мәселесі де әңгіме өзегіне айналды.
– Тілеухан Самарханұлы, кәсіби жолыңызда бірнеше маңызды лауазымды қызметте істедіңіз. Солардың ішінде дипломатиялық қызметтің орны ерекше екені байқалады. Елші болу қандай жауапкершілік жүктейді?
– «Елдестірмек елшіден» деп халқымыз бекер айтпаған. Адам баласы елші болып тумайды. Бұл – білім мен қабілет арқылы, өмірлік тәжірибемен келетін дәрежелі лауазым. Дипломатиялық қызмет жолым Қазақстан Республикасының Франция Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі ретінде басталды. Бұл 1993 жылдың басы болатын. Сол кезде мен еліміздің тұңғыш Үкіметінің құрамында Мемлекеттік экономика комитетінің төрағасы қызметін атқарып жүрген едім.
1973 жылы Мәскеудегі Халықтар достығы университетінің (УДН) экономика және халық шаруашылығын жоспарлау мамандығын тамамдадым. 1971–1972 жылдары Алжирде бір жылдық тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болған едім. Университеттен кейін Қазақстанға жолдама алып, Мемлекеттік жоспарлау комитетінде қызметімді бастадым. Экономикалық білім мен халықаралық тәжірибе кейінгі дипломатиялық қызметіме іргетас болды. Елшілік қызметтің алғашқы кезеңі, әсіресе Қазақстан Тәуелсіздігінің бастапқы жылдары, тұңғыш дипломаттар үшін айтарлықтай күрделі болғаны рас. Себебі материалдық база қалыптаспаған, шетелдегі өкілдіктердің инфрақұрылымын енді ғана жасақтап жатқан кезең еді. Елшілікті орналастыру, кеңсе мен тұрғынжай мәселелерін шешу, қызметкерлерді қамтамасыз ету сияқты ұйымдастырушылық істер – сыртқы саясаттағы міндеттермен қатар жүрді. Бұл қиындықтың барлығы еліміздің атынан алғаш рет сөйлеуге, мемлекет беделін қалыптастыруға жауапты маман ретінде бізге зор салмақ жүктеді.
– Қазақстанды халықаралық деңгейде таныту жолында атқарған істеріңіз аз емес. ЮНЕСКО аясында еліміздің туын алғаш рет көтеру сәті тарихта ерекше орын алады. Сол сәтті қайыра еске алсақ және бұл оқиғаның кәсіби қызметіңізге тигізген ықпалы қандай?
– Қазақстанның халықаралық аренада танылуына үлес қосқан маңызды кезеңдердің бірі – ЮНЕСКО аясында еліміздің ресми өкілдігін қалыптастыру. 1993 жылдың қараша айында Париждің орталығынан арнайы ғимарат алып, Қазақстанның Тұрақты өкілдігін ресми түрде орналастырдық. Осы кезеңнен бастап Францияның саяси элитасымен, министрлерімен, ірі бизнес өкілдерімен кездесу ұйымдастырылып, Қазақстан туралы толыққанды ақпарат берілді. Екі ел арасындағы өзара тиімді қарым-қатынас орнату үшін ауқымды дипломатиялық жұмыстар атқарылды. Бұл жұмыста менің француз тілін меңгергенім де көп көмегін тигізді. Бұған дейін, 1991 жылы, Францияда нарықтық экономика бойынша қысқаша оқу курсынан өткенім де сол елдің ерекшеліктерін жақсы түсінуге көмектесті. Тілді білу – тек қарым-қатынас құралы емес, сенім мен түсіністік орнатудың тікелей жолы екенін бұл тәжірибе анық көрсетті. Елшілік қызметтегі жауапкершілік елшіге берілген мандатпен тығыз байланысты. Негізгі міндет – Қазақстан Республикасының сыртқы саяси концепциясын жүзеге асыру. Бұл бағытта біз Францияда екіжақты саяси, экономикалық-мәдени қарым-қатынастарды дамытуға басымдық бердік. Атап айтқанда, 1993 жылғы қыркүйекте Франция республикасының президенті Франсуа Миттеран Қазақстанға ресми мемлекеттік сапармен келді. Бұл Батыс елдері басшыларының Қазақстанға жасаған алғашқы жоғары деңгейдегі сапары болатын. Бұл оқиға Қазақстанның халықаралық мәртебесін көтеріп, еліміздің жаңа тәуелсіз мемлекет ретіндегі беделін нығайтты.
– Франция, Жапония, Өзбекстан, Литва, Латвия, Эстония, Финляндия сынды бірнеше елде елші болдыңыз. Әр елдің мәдениетіне бейімделу, дипломатиялық қарым-қатынас орнату барысында қандай қызықты да күрделі тәжірибе жинадыңыз?
– 1993 жылы Франциядағы елшілік қызметіммен қатар, ЮНЕСКО жанындағы Қазақстанның Тұрақты өкілі болып тағайындалдым. Сол жылы ұйым ғимаратына Қазақстан Республикасының Туын ресми түрде орнаттық. Бұл сәт жас мемлекетті әлемдік ұйымның алғаш мойындауы еді, сондықтан зор жауапкершілік жүктеді, бойымызды мақтаныш кернеді.
ЮНЕСКО аясында Қазақстанның мәдени мұрасын таныту бағытында бірқатар бастамалар көтерілді. Соның ішінде ең маңыздысы – ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойын халықаралық деңгейде өткізу туралы шешім. Бұл мәселені ұйымның бас директоры Федерико Майормен жеке қарым-қатынас орнатып, табысты түрде жүзеге асырдық. Ол Қазақстанға арнайы келіп, Абай мерейтойына қатысты.
– Дипломатиялық қызметіңізде экономикалық бағыттар мен халықаралық келісімдердің маңызы зор болды. Соның ішінде еліміздің экономикалық дамуына қандай үлес қосқаныңыз туралы айта өтсеңіз.
– Франция, Жапония, Өзбекстан, Литва, Латвия, Эстония, Финляндия – әрқайсысы өзіндік тарихы мен мәдениеті қалыптасқан, халықаралық салмағы бар мемлекет. Осы елдердің бәрінде Қазақстанның елшісі ретінде қызмет атқардым. Франция – Еуропадағы өркениеті терең, дипломатиялық дәстүрі қалыптасқан мемлекет, Жапония – Азиядағы экономикасы дамыған, дәстүрі мен мәдениеті ерекше ел. Өзбекстан – бізге географиялық та, рухани тұрғыдан да жақын мемлекет. Балтық елдері мен Финляндия – Еуропадағы тарихи және саяси үдерістерден тыс қалмаған ерекше елдер.
1997 жылдың басында Жапониядағы Қазақстан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі болып тағайындалдым. Бұл кезде еліміз халықаралық қаржы ұйымдары арқылы нарықтық экономикаға көшу кезеңін бастан өткеріп жатқан болатын. Жапония Қазақстанға бұл бағытта жан-жақты қолдау көрсетті: екіжақты келісімдер негізінде бірқатар жеңілдетілген несиелер бөлінді. Олардың ішінде Семей қаласындағы көпір құрылысы, Астанадағы әуежай жобасы, Нагасаки университетімен бірлескен медициналық бастамалар және Семейдегі радиологиялық орталықты жабдықтау секілді ірі жобалар бар.
Франция мен Жапониядағы қызметім ерекше есте қалады. Екі елде де алғашқы елші болдым, сол себепті дипломатиялық қарым-қатынасты нөлден бастап қалыптастыру қажет еді. Франция дипломатия саласында Еуропадағы жетекші елдердің бірі, сондықтан олардың дипломатиялық протоколы мен рәсімдерін мұқият меңгеру аса маңызды болды.
Жапониямен жұмыс істеу мәдениет тұрғысынан да үлкен дайындықты талап етті. Бұл елде иіліп сәлем беріп амандасады, сирек жағдайда ғана қол алысады. Қарым-қатынас кезінде инабаттылық пен сабыр – басты қағида. Құжат айналымы, келіссөз жүргізу, шешім қабылдау үдерісі де ерекше тәртіппен жүзеге асады. Жапон қоғамының мінез-құлқы мен іс-әрекеті олардың дәстүрлі діні – синтоизммен де тығыз байланысты. Бұл дипломатиялық әдепке де әсер ететінін айта кеткен жөн. Ал Өзбекстандағы елшілік қызметте мәдени жағынан жақындықтың арқасында кейбір іс жеңілдеу шешілгенімен, онда да өзіне тән күрделі мәселелер болғанын айта кету керек.
– Қазір Қазақстанның сыртқы саясаты мен экономикалық бағыттары бойынша қандай өзгерістерді байқайсыз? Жаһандық саясаттағы өзгерістер Қазақстан үшін қандай жаңа мүмкіндіктер мен сын-тегеуріндер алып келеді?
– Дипломатиялық қызметтің ең күрделі әрі халыққа тікелей әсер ететін саласының бірі – экономикалық қарым-қатынастар. Бұл бағытта еліміздің мүддесін қорғау, инвестиция тарту және стратегиялық серіктестік орнату дипломат жұмысының маңызды бөлігіне айналды.
Мәселен, Францияның сол кезеңдегі «Эльфаккитен» атты мұнай компаниясы алғашқы шетелдік әріптестердің бірі болды. Компания Ақтөбе облысында геологиялық барлау және бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, Қазақстандағы энергетика секторына алғашқы инвестиция құйғандардың бірі ретінде есте қалды. Кейін бұл компания ірі халықаралық «Тоталь» концернінің құрамына енді.
Ал Жапониямен қарым-қатынаста экономикалық серіктестік ерекше қарқын алды. 1990 жылдардың соңында және 2000 жылдардың басында Жапония үкіметі Қазақстанға елеулі қаржылай қолдау көрсетті. Бұл кезеңде еліміз халықаралық қаржы ұйымдары арқылы нарықтық экономикаға көшу жолын іздеп жатқан болатын. Жапония осы реформаларды іске асыруда маңызды серіктеске айналып, бірнеше рет жеңілдетілген несиелер бөлді. Нагасаки университетімен әріптестік орнап, Семейдегі радиологиялық орталықты заманауи құрылғылармен жабдықтауға және оның жұмысын жандандыру ісіне үлкен қолдау көрсетілді.
Қазір Қазақстанның сыртқы саясаты стратегиялық және көпвекторлы сипатқа ие. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен еліміз халықаралық аренада сенімді және беделді серіктес ретінде танылып келеді. Екіжақты және көпжақты байланыстар нығайып, сауда мен инвестициялық әріптестік жаңа деңгейге көтеріліп жатыр. Бұл – Қазақстан жүргізіп отырған көреген әрі іскерлік дипломатияның көрінісі.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұқбаттасқан
Бағдат СҰЛТАНҚЫЗЫ
"Ana tili" газеті

958 рет
көрсетілді0
пікір