- Таным
- 27 Сәуір, 2025
Қаламына адал азамат

Бүгінгі қазақ спорт журналистикасында өзіндік жолы, өрнекті қолтаңбасы бар санаулы тұлғалардың қатарында Ғалым Сүлейменнің есімі құрметпен аталады. Ол – спортты сөзбен сөйлетіп, тарихын танытып келе жатқан шебер шолушы ғана емес, қалам мен микрофонды тең ұстап, ұлт мерейін асқақтатқан әр жетістікті ел рухына айналдыруға күш салып жүрген рухани еңбеккер. «Спортты жалаң нәтиже ретінде емес, ұлттық рух пен болмыстың айнасы ретінде қабылдауымыз керек» дегенін талай естідік. Қаламына адал Ғалағаң бүгінде ел газеті – «Егемен Қазақстанда» спорт шолушысы қызметін абыроймен атқарып жүр. Іргелі спорттық оқиғаларға ұлттық мүдде мен қоғамдық сана тұрғысынан баға беретін журналистің қолтаңбасында жеңіс пен жеңілістің жанкешті жолы, спортшының тағдыр-тәлейі қатар өріледі.
Тағдыр дейтін таңғажайыпты көрмейсіз бе? Бір кезде сырттай ғана сүйсініп, мақалаларын оқып өскен адамның бүгін бір кабинетте қатар отырып, пікір алмасатын ағаң болуы – үлкен бақыт. Бір анық дүние, оқырман ойынан, көрермен көңілінен орын тапқан бұл есім бүгінгі қазақ журналистикасында айшықты қолтаңбасы қалыптасқан ақеділ азаматтың жылдар бойы жинаған тәжірибесінің, табанды еңбегінің жемісі.
Кейде адам тағдыры бір сәттік кездесуден бастау алатын секілді. Оралхан Бөкей: «Бақ кейде адамға адам болып кездеседі» демеуші ме еді. Студент Ғалымның жүрегіне спортқа құмарлық пен қаламға құштарлық қатар ұяласа керек. 1994 жылы кезекті кикбокс жарысынан қайтып келе жатқан оған тағдыр тосын сый жасап, «Спорт» газетінің бөлім меңгерушісі Амангелді Сейітханмен танысады. Өз арманы туралы бүкпей айтқан жас талаптың сөзіне құлақ түрген ағасы іркіліссіз жол көрсетеді. «Спорт журналистикасына келуіме марқұм ағаның шапағаты тиіп еді», – деп еске алады толқыныспен.
Ғалағаң, осылайша, алғашқы шығармашылық қадамын 1959 жылдан жарық көрген «Спорт» газетінің қара шаңырағында бастады. Бұл жерде Сайын Тұрсынов, Жүсіп Хисымовтардан тапсырма алып, фототілші Дендербай Егізов, Амангелді Сейітхан, Бейсен Құранбек секілді ағаларының алғауымен басылымның бас редакторы Несіп Жүнісбаевтың алдына барған сәтін әсерлі әңгімелейді.
«Өркен-Горизонт» газетінде алғаш еңбек жолын бастаған Ғалым Сүлеймен кейін «Сақшы» мен «На страже» газеттерінде қазақ және орыс тілінде қатар жазып, екі басылымның да талабына төтеп беріп, үлкен мектептен өтті.
1996 жылы тағдыр тағы бір есік ашты. Журналистикадағы өзінің ұстазы санайтын Қыдырбек Рысбекұлымен кездесуін өмір жолының ең бір шуақты кезеңіне балайды. Бұл кездесу оның кәсіби жолын бекемдей түсті. «Футболды қайтесің, қазақтың жоғын жоқта. Бағытың айқын болсын десең, ізденуден танба» деген ұстаз сөзі өмірлік ұстанымына айналады. Сол секілді Бауыржан Омарұлы, Ғабит Мүсіреп, Бақтияр Тайжан тәрізді ұлт рухын биік көтерген қаламгер ағаларына қарап бой түзеді.
2004 жылы ел газетінде еңбек етіп жүрген Ғалым Сүлейменге үлкен сенім артылды. Қазақ спортының жанашыры Дәулет Тұрлыхановтың ұсынысымен, кезінде өзі табалдырығын имене аттаған «Спорт» газетіне бас редактор болып тағайындалды. Газеттің одан кейінгі ғұмыры ұзаққа созылмаса да, осынау мерейлі мезет майталман маманның жемісті жылдарының шуақты естелігі. «Айқын» газетінде табан аудармай еңбек еткен он жылдың еншісінде, ауыр атлетика федерациясында баспасөз хатшысы ретінде қызмет атқарған кезеңдерде талай тарих қаттаулы тұр.
Ғалым Сүлейменнің даусы алты құрлықтың бірнеше басты бәсекелерінде қазақ көрерменінің құлағында жаңғырып, жүрегінде жатталып қалды. Репортаждарын тамашалаған жұрт спортты көрумен қатар, сезініп, терең түйсініп отырды. Қазақ спортындағы тарихи оқиғалар мен бүгінгі жетістіктерді саралап, келешекке бағдар беріп отыруды өзіне парыз санайды. Тіршіліктің күнделікті күйбеңіне бас қатыра бермейтін әріптес-ағам нағыз жатыпатардың өзі. «Аузында әзілі жоқтың, қойнында шоқпары бар» деген. Өз көңіліңді өзің көтермесең, күйреп кетесің бала. Жарқылдап жүр» деп қайраттандырып қояды.
Кейіпкеріміз ауызекі әңгімені майын тамызып айтады. Қасында отырып, жарты сағатыңыз былай тұрсын, жарты күніңіздің қалай өтіп кеткенін аңғармай қаласыз. Айтатыны кәдімгі өмірге жақын әңгімелер. Қоңыр әңгімеге қолпаш таппай жүрсеңіз, сырласатын-ақ адам. Сергіп, серпіліп қалатыныңызға мен кепіл. Кейбір әңгімелердің соңы әзіл-қалжыңға ұласып кетеді демесеңіз, философиялық мәні қалың астарлар шығады аузынан. Бірде былай дегені есімде: «Кішкентай адам болған қандай жақсы. Ұсақ-түйекке бас ауырта бермейсің. Адамға ең керегі еркіндік қой, еркіндігіңнен айырылсаң, бәрінен айырыласың...» Астарын қазбалауды қажет етпейтін екі ауыз сөздің өзегінде талай дүние жатқан жоқ па?..
Көңілдің кейбір сәтінде Есенин мен Пушкиннің өлеңдерін жатқа оқиды. Мұндайда көкірегінде көп қазына ырғалып жатқандай көрінеді. «Студент шағымда мен де өлең жаздым. Дегенмен халтурщик ақындардың қатарын көбейткім келген жоқ» деп ағынан жарылатыны бар. Ағамен қалжыңдасудан біз де қалыс қалмаймыз. «Ой, пәлі, соны түсінген парасатыңыздан» деп сөздің соңын жалғай түсеміз. Бұл әңгіменің көбі жұмысқа бара жатқанда не келе жатқанда көлік ішінде өрбиді. Алматының ұзын сонар кептелегінде жүйкеңе бұдан артық дәрі табылсын ба? Қым-қуыт тіршіліктің көшінен қалмасақ деп жанталасып жүрген асығыс уақытта біреумен тілдесе қалсаң, әңгіменің ауаны алысқа ұзамайтыны белгілі ғой. Осындайда аңғал көңіл, ардай таза сезіммен сырласатын, боямасыз әңгіме айтып, ақтарылатын ағаң болғаны қандай жақсы дейсің...
Арқаңнан қақса, арқаланып кететін дағды шығармашылық адамына тән қасиет емес пе. Қызды-қыздымен өлең оқып, жүрген жерін гүлдендіріп жіберетін Ғалағаңды ұжымдағы қыз-келіншектер де жақсы көреді. Дұрысы, құрметтейді.
Жанкүйер деген сөзді осы кісіге қаратып айту керек секілді. Қазақ спортшыларының әр жетістігіне сүйініп, сәтсіздігіне күйініп отырады. «Әй, жігер жетпеді», «бабында еді-ау, бағы жанбады», «жеребе жолдас болмады» деп күйіп-піседі. Кейде сөзі өтетін бапкерлерге телефон соғып, ақыл-кеңесін айтып отыратыны бар. Телефон тұтқасын қойып жатып, «Пәтшағар, бізді тыңдасын ба, кішкентай адамбыз ғой» деп мысқылдайды. Мұндайда біз де қалыс қалмай, «Спорт және туризм министріне кеңесші болатын-ақ адамсыз, әттең, костюм-шалбар кимейсіз» деп қағытатынымыз бар.
Бір ғажабы, Ғалағаң жекпе-жек спорт түрлерінің хронологиясын жіпке тізіп айтып бере алады. Қай жылы, қандай жарыстан, кімдер жеңіс тұғырынан көрінді, кім-кімге есе жіберді – бәрін бес саусақтай біледі. Мұндайда оның жады қазақ спортының антологиясы секілді көрінеді. Азаматтығы аласармаған спорт сарапшысын редакцияға іздеп келіп жататын даңқты спортшылар аз емес. Бірімен сұқбат құрып, бірімен дос-бауырдай әңгімесі жарасып отырады.
Газет пен телеарнада шектеліп қалмай, заманауи ақпарат кеңістігіне де түрен салған Ғалағаңның YouTube желісіндегі «Берен» спорттық бағдарламасы мыңдаған көрерменнің көзайымына айналып үлгерді. Автордың Тұрсынғали Еділов, Ислам Байрамуков, Ермахан Ыбырайымов, Мұхтархан Ділдабеков, Бақыт Сәрсекбаев, Дәулет Ниязбеков, Ақжүрек Таңатаров, Ғұсман Қырғызбаев, Әбиба Әбужақынова секілді спорт саңлақтарымен өрбіген әсерлі әңгімесінде талай сырдың тиегі ағытылады. Ізденімпаз маман бауырлас қырғыз елінің абыройын асқақтатып жүрген даңқты балуандар Ақжол Махмұдов пен Жоламан Шәршенбековті Бішкекке арнайы іздеп барып сұқбат құруының өзі неге тұрады.
Ғалағаңның қаламынан өрілген «Топжарған», «Саңлақтар», «Бақтияр», «Ел намысы бір кеудеге сыйған ба?» кітаптары – қазақ спортының өткені мен бүгінінен, спортшылар мен спорт тарихының шежіресінен сыр шертетін бағалы еңбек. Елу дейтін мерейлі белеске үлкен шығармашылық табыспен жеткен Ғалым Сүлеймен – Президент стипендиясының, «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері. Өз ісіне жанымен берілген жампоз журналист қандай құрметке болса да лайық! Қарапайым қалпынан айнымаған оның өз сөзіне салсақ, «қаламгер үшін басты марапат – оқырман сенімі». Қазақ спорт журналистикасындағы Сейдахмет Бердіқұлов, Рабат Жәнібеков, Сұлтанғали Қаратаев, Дүрәлі Дүйсебай, Несіп Жүнісбаев, Қыдырбек Рысбекұлы, Амангелді Сейітхан деп жалғаса беретін салқар көште оның да есімі атала беретіні анық.
Арман ОКТЯБРЬ
"Ana tili" газеті

504 рет
көрсетілді0
пікір