Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 29 Сәуір, 2025

Теңіз жағасындағы сұхбат

Қуат КАНАФЕЕВ: «Консулдық отандастарға көмек көрсетуге әрқашан дайын» 

Редакция қонағы – Қазақстан Республикасының Түркияның Анталия қаласындағы Бас консулы Қуат Ахметқалиұлы Канафеев.
– Құрметті Бас консул, қымбат уақтыңызды бөліп, сұхбаттасуға келісім бергеніңіз үшін алғысымыз шексіз. Ең алдымен Анталия консулдығының атқаратын қызмет-міндеттері туралы айтып өтсеңіз.
– Сіздің жылы лебізіңіз және сұхбатқа шақырғандарыңыз үшін «Uiğur avazi» газеті ұжымына рақмет айтқым келеді. Қазақстан мен Түркия арасындағы ынтымақтастықты дамыту мақсатында 2012 жылғы 7 қазанда Анталия қаласында Қазақстан Республикасының Консулдығы ресми түрде ашылды. Бұл – Түркияның оңтүстік аймақтарында тұратын және уақытша жүрген отандастарымызға консулдық-құқықтық, гуманитарлық және ақпараттық қолдау көрсету бағытында жасалған маңызды қадам болды. 2022 жылғы 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің №1025 Жарлығына сәйкес, бұрынғы Консулдық Қазақстан Республикасының Анталиядағы Бас консулдығы болып қайта ұйымдастырылды. 
Консулдық қызметтің қыр-сыры көп. Бұл тек ресми кездесулер мен хаттамалық шаралар ғана емес, сонымен қатар күрделі консулдық мәселелерді шешу, мәдени және экономикалық байланыстарды дамыту, ел азаматтарының құқықтарын қорғау, түрлі саладағы ынтымақтастықты жолға қою сынды кең ауқымды жұмыстарды қамтиды. Әсіресе шетелде жүрген қазақстандықтармен тығыз қарым-қатынас орнатып, олардың мәселелеріне жедел ден қою – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластық қатынастарды тереңдету жолында жұмыс істеу еліміз үшін өте маңызды. Бұл бағытта екі ел халықтарының достығы мен өзара түсіністігіне негізделген сенімді байланыс орнату жолында қызмет етіп келеміз.

– Бүгінде Түркия барлық жағынан еліміздің сенімді серігіне айналды. Біздің  көптеген жастар осы мемлекетте білім алып жатыр. Соңғы жылдары Түркияға қоныс аударған қазақтардың саны да аз емес сияқты. Солардың өмір тынысы, тұрмыс-тіршілігі, сондай-ақ консулдықтың олармен байланысы жайлы білгіміз келеді.
– Иә, дұрыс айтасыз. Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін ең алғаш болып мойындаған бауырлас Түркия бүгінде еліміздің сенімді әрі стратегиялық серіктесіне айналды. Бұл тарихи шешім екі ел арасындағы терең байланыстардың негізін қалады. Қазіргі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастық барлық салада – саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық бағыттарда дамып келеді. Түркияда қазақстандықтардың көшіп келуі, еңбек етуі, жастарымыздың білім алып жатқандығы сөзімізге дәлел бола алады. Жыл сайын жүздеген жас түрлі мемлекеттік және жеке бағдарламалар арқылы Түркия университеттерінде жоғары білім алып, тәжірибе жинақтап жатыр. Оларды екі ел арасындағы рухани және мәдени көпірдің жаңа буыны деп білеміз. Бұдан бөлек, соңғы жылдары Түркияға, оның ішінде біздің консулдық округімізге – Анталия, Адана, Бурдур, Хатай, Ыспарта, Караман, Кония, Мерсин, Нигде және Османие қалаларына қоныс аударған отандастарымыздың саны артып келеді. Сонымен қатар, 2024 жылы Анталия 440 мыңнан астам қазақстандықты қабылдады. Бұл – түрлі себептермен, әсіресе туризм, кәсіпкерлік, білім алу және түрлі отбасылық жағдайларға байланысты келгендер. Біз бұл азаматтармен тұрақты байланыстамыз, олардың құқығы мен мүддесін қорғау – біздің басты міндетіміздің бірі. Консулдық елдегі қазақстандықтармен түрлі форматтағы кездесулер өткізіп тұрады: жеке қабылдаулар, мәдени іс-шаралар, "ашық есік" күндері, сондай-ақ онлайн кеңес беру де белсенді жүргізіледі. Қандай да бір мәселе туындаса, азаматтарымыз консулдыққа тікелей жүгіне алады. Сонымен қатар, біз әлеуметтік желілер арқылы да байланыс орнатып, ақпаратпен дер кезінде бөлісіп отырамыз. Шетелде жүрген әрбір қазақстандық – біздің мемлекетіміздің өкілі. Олардың әл-ауқаты, денсаулығы және қауіпсіздігі біз үшін аса маңызды. 
– Қазақстанның Анталиядағы Бас консулдығына отандастарымыз қандай сұрақтар бойынша көп жүгінеді және ол мәселелер қандай деңгейде шешіледі?
– Бас консулдыққа отандастарымыз көбіне-көп консулдық-құқықтық және тұрмыстық сипаттағы мәселелермен жүгінеді. Олардың қатарында құжат рәсімдеу, азаматтық хал актілерін тіркеу, төлқұжаттар мен жеке куәліктерге қатысты сұрақтар, уақытша консулдық есепке тұру, нотариаттық қызметтер, сондай-ақ Қазақстанға қайтуға байланысты көмек сұрау сынды мәселелер бар. Сонымен қатар, кейбір азаматтарымыз Түркияда білім алу немесе жұмыс істеу барысында туындаған құқықтық және әлеуметтік мәселелер бойынша да кеңес сұрайды. Отбасылық және тұрмыстық қиындықтарға, медициналық көмекке, уақытша визалық мәселелерге байланысты өтініштер де жиі кездеседі. Біз отандастарымызға қатысты әрқандай мәселені жедел әрі заң аясында шешуге күш саламыз. Қажет болған жағдайда тиісті түрік мекемелерімен, жергілікті әкімдіктермен немесе құқық қорғау органдарымен байланыс орнатып, бірлесіп жұмыс жүргіземіз. Жалпы, азаматтардың көпшілігінің өтініштері уақытылы әрі тиімді шешіліп келеді. Біз үшін ең бастысы – шетелде жүрген қазақстандықтардың өздерін қорғансыз сезінбеуі, олар қай жерде жүрсе де, артында мемлекеті тұрғанын сезінуі керек. 
– Анталия туристік аймақ болғандықтан, теңізге түсу, яғни шомылу маусымы басталысымен, елімізден келетін демалушылар легі күрт артады. Бұл жердегі қызмет көрсету – сервис, ресторан, қонақ үй бизнесі жақсы дамығаны бәрімізге белгілі. Сол тұрғыдан қарағанда, қазақстандықтардың түрік елі экономикасына қосатын үлесі де айтарлықтай болса керек?
– Дұрыс айтасыз, Анталия – Түркияның ғана емес, бүкіл әлемнің танымал туристік орталықтарының бірі. Әсіресе көктем мен жаз мезгілдерінде мұнда туристердің ағыны бірнеше есе артады. Соның ішінде Қазақстаннан келетін демалушылардың саны да жыл сайын көбейіп келеді. Бұл – біздің халықтың Түркияға деген сенімі мен құрметінің айқын дәлелі. Қонақ үйлер, мейрамханалар, транспорт, экскурсия және басқа қызметтердің – жоғары деңгейде дамығаны рас. Соған сәйкес, біздің азаматтар да сапалы демалыс пен жайлы жағдайды бағалап, жиі таңдайды. Түрік кәсіпкерлері үшін бұл – үлкен нарық, ал біздің азаматтар үшін – сенімді демалыс орны. Сондай-ақ, кейінгі жылдары кейбір отандастарымыз Анталия өңірінде жылжымайтын мүлік сатып алып, инвестиция салып жатқанын да байқап отырмыз. Бұл да екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың нығая түскенін көрсетеді. Біздің консулдық мұндай үрдістерді ескеріп, азаматтарға қажетті кеңес пен ақпарат беруге дайын. Жалпы алғанда, туризм – Қазақстан мен Түркия арасындағы ең белсенді әрі болашағы зор ынтымақтастық бағыттардың бірі. 
– Шетелдіктердің бұл жерге медициналық туризммен де келетінінен хабарымыз бар. Себебі, Түркияда бұл сала көш ілгері тұр. Соған орай медициналық қызмет ақысы да айтарлықтай жоғары. Сондықтан отандастарымыздан «Қазақстан азаматтары үшін кейбір ауру түрлерін емдеу бойынша жеңілдіктер қарастыру туралы келісімдер болса ғой» дейтін пікірлерді естіп қаламыз... 

– Иә, Түркия Республикасы медицина саласы бойынша соңғы онжылдықтарда елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Бұл бағытта медициналық туризмнің орны ерекше. Жоғары технологиямен жабдықталған клиникалар, білікті мамандар және қызмет көрсету мәдениетінің дамуы Түркияны шетел азаматтары үшін тартымды етті. Әсіресе күрделі ота жасау, диагностика, онкологиялық, ортопедиялық және косметологиялық емдеу түрлеріне сұраныс жоғары. Сонымен қатар кей азаматтарымыз оңалту және қайта қалыпқа келу емдерін де осы жақта қабылдайды. Алайда, сіз айтып өткендей, мұндағы медициналық қызметтің құны қазақстандықтар үшін, шынында да қымбат. Сондықтан кейбір отандастарымыз жеңілдік немесе арнайы келісімдер арқылы емделу мүмкіндігін қарастыру жөнінде сұрақ көтеріп жатады. Бұл мәселе өте өзекті және екіжақты форматта шешім іздеуді қажет етеді. Қазіргі таңда Анталияда орналасқан бірқатар ірі, беделді клиникалардың Қазақстанда өз бөлімшелерін ашу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл қадам Қазақстан азаматтарына заманауи медициналық қызметтерді өз елінде, қолжетімді форматта алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, екі елдің медицина саласындағы тәжірибе алмасуы мен кәсіби байланыстарын одан әрі тереңдетуге жол ашады. Консулдық осындай жобаларды қолдап, қажетті деңгейде байланыс орнатуға дәнекер болуға әрдайым дайын. Мақсат – отандастарымызға сапалы әрі қолжетімді медициналық көмекке алуға мүмкіндік жасау. Айта кететін маңызды жайыт, Түркия еліне баратын туристерге сапарға шықпай тұрып міндетті түрде медициналық сақтандыруды рәсімдеу қажет. Өйткені Түркиядағы медициналық қызмет көрсету құны өте жоғары, сондықтан күтпеген жағдайлар туындаған кезде қаржылық қиындықтарға тап болмау үшін сақтандырудың болуы аса маңызды. 
– Сіз әңгіме барысында Анталиядағы жоғарғы оқу орындарында жүздеген жастарымыз білім алып жүргендігі туралы айтып өттіңіз. Студенттердің осы мемлекеттегі мәдени шараларға белсенді қатысып жүргенін де көріп жүрміз. Елімізге өкілетті органның Түркиядағы жас отандастарымыз бен арадағы байланысы туралы не дейсіз?
– Анталиядағы және жалпы біздің консулдық округке кіретін аймақтардағы жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық жастардың саны жыл сайын артып келеді. Бұл – бір жағынан еліміздегі білім деңгейінің өсуі мен жастардың өз болашағына деген жауапкершілігінің көрінісі. Екіншіден, Түркия университеттерінің қолжетімділігі мен сапасына деген сенімнің нәтижесі. Жуырда ғана Анталияда қазақстандық студенттердің бастамасымен «Hassaq Community» атты қауымдастық құрылды. Бұл – Анталияда білім алып жатқан қазақ жастарының басын біріктіретін, олардың білім алу, мәдени және қоғамдық бастамаларын қолдауға бағытталған маңызды платформа. Сонымен қатар, Түркияда қазақстандық студенттерден құралған «Бірлік» атты қазақ жастарының  қауымдастығы бар. Аталған ұйымдар елден жырақта жүрген жастар арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, олардың мәдени және зияткерлік дамуына ықпал етіп келеді. Елшілік пен Бас консулдықтар жастармен арадағы байланысты еліміздің болашағына салынған рухани және стратегиялық инвестиция деп біледі. 
– Анталияда өткен түрлі шараларда, соның ішінде  Наурыз мерекесінде ұлттық киім киіп, әдет-ғұрыптарымызды көрсеткен қазақ жастары көпшілікті тәнті етті. Бұның өзі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл наурыз айында өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында ұлттық киімдеріміздің құндылығы туралы айтқан пікірінің жарқын дәлелі болса керек...

–  Бұл – ұлттық болмысымызға деген құрметтің артып келе жатқанын көрсететін жағымды үрдіс. Шындығында да, бұл үрдіс шетелдегі қазақ жастары арасында да байқалып келеді. Мысалы, Анталияда өткен Наурыз мерекесі кезінде ұлттық киім киген қазақ жастарының жарқын бейнесі көрерменнің ерекше ықыласына бөленді. Түрік жұртшылығы да, басқа ұлт өкілдері де олардың шынайы ұлттық болмысына, сән-салтанатты образдарына таңдай қағып, қызығушылықпен қарады. Бұл – ұлттық құндылықтардың заманауи қоғамда да өз орнын тапқанын білдіреді. Осындай рухани бірігудің бір көрінісі – Түркиядағы отандастарымыз бен Анталиядағы Бас консулдық арасындағы тығыз байланысты айтуға болады. Қауымдастық өкілдерімен біз үнемі байланыстамыз, түрлі мәдени іс-шаралар мен кездесулерді бірлесіп ұйымдастырып келеміз. Бұл – Наурыз, Тәуелсіздік күні, Абай күні сияқты маңызды күндермен шектелмейді. Біз жастарымыздың шығармашылық, білім және ғылым жолындағы озық бастамаларын да қолдаймыз.

–  Қазақстаннан Түркияға келгісі келетін азаматтарымызға тағы да қандай ақыл-кеңес берген болар едіңіз?
– Осы орайда Түркияға, оның ішінде Анталия өңіріне келетін отандастарымызға бірнеше маңызды кеңес бергім келеді. Дегенмен, кез келген сапарда белгілі бір ережелерге бағынған жөн. Қазақстан азаматтары Түркияда 180 күннің ішінде 90 күнге дейін визасыз жүре алады. Сапар алдында төлқұжат пен қажетті құжаттардың жарамдылық мерзімін тексеріп, олардың көшірмесін дайындап қойған жөн. 
Қонақүйлерде, қоғамдық орындарда немесе көлікте жүргенде жеке заттарға, әсіресе ұялы телефон мен әмиянға сақ болу қажет. Тағы да жаңа айтып өткенімдей, медициналық сақтандыруды рәсімдеу – күтпеген жағдайлар туындағанда үлкен көмек. Сонымен қатар, Түркияға уақытша келген азаматтар үшін Қазақстан Республикасының Бас консулдығында консулдық есепке тұру – өте маңызды. Бұл – қажет болған жағдайда жедел көмек көрсетуге, құқықтық қолдау көрсетуге және төтенше жағдайда байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Жалпы әрқандай азамат шетелге шыққанда, оның заңдарына, ережелеріне мән бергені дұрыс. Ал Түркияға барғанда қандай да бір қиындық туындаса, Анталиядағы Қазақстанның Бас консулдығы отандастарға көмек көрсетуге әрқашан дайын екенін еске саламыз. 
     – Әңгімеңіз үшін рақмет!


      Сұхбат жүргізген Минәмжан АСИМОВ, 
        «Uiğur avazi»
Түркия Республикасы, 
Анталия қаласы

1164 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз