- Таным
- 29 Сәуір, 2025
Ана арқалаған аманат

Күні кеше Астана қаласының іргесіндегі «Көктал» ауылында тоқсанға таяған кейуана Мәйдәгүл Сыздық келіні соғыстан қайтпай қалған қайын ағасы Әлдеш Сыздықұлының жүзге толуына орай, Құран оқытып, ас берді. Күйеу баласы Бейбітке ере келіп, өмірде көзін көрмеген қайын ағасын құрметтеп, ас беріп жатқан ананы сөзге тартқанымда:
– Соғыс дейсің бе?! Бұл сөзді алғаш естіген сәтте мен әлі төртке толық толмаған бүлдіршін екенмін. Тура сол кездегі елдің көңіл күйі туралы жарытып ештеңе айта да алмаймын-ау. Бірақ сол соғыс бізді де ерте есейтті, – деп бастады әңгімесін.
– Иә, адамзат тарихында талай алапат соғыстың болғаны белгілі. Біз де оқыдық қой. Бірақ зардабы жөнінен, әсіресе қазақ үшін Екінші Дүниежүзілік соғыстың опаты орасан деп ойлаймын. Өйткені осы бір аты өшкір қасіреттің қазақ ауылында айналып өткен шаңырағы жоқтың қасы.
Ұлы даланы жайлаған үлкенді-кішілі революциялармен бірге қолдан жасалған аштық пен түрлі «түртпектен» соң, онсыз да ығыры шыққан елге енді «соғыс» деген сор келіп жабысты! Бұл соғыс «қазақ ұлтын кәммүнестің «балғасымен» жаншып, «орағымен» орып тастамақ болған» қан қызыл саясатты біраз жылға кешеуілдетті деп жауырды жаба тоқығанымызбен, етік киюге жарайтын еркек атаулыны түгелдей теріп майданға аттандырып, табиғи өсімді де тұралатқаны өтірік емес. Текесін қырып салған киіктің отарындай қысылтаяң шақта қатын-бала қарасын болған қараша ауылдар мен қауқарсыз қарттар қалт-құлт етсе де, «Бәрі де майдан үшін!» деген ұранмен күндіз-түні дамылсыз еңбек етті.
Біз де сондай бір ауылда ерте бой түзедік...
Қай ауылда болмасын, қара жамылмаған шаңырақ некен-саяқ. Қанша түндік түрілмей қалып, қанша ру «тұйықталғанын» көріп отырып жалғыздарының артында жетімек болса да ұрпақ қалғанына қуанғандар да аз емес.
Күйеуінен келген үшбұрыш хатты жастанып ұйықтап, жылап оянған жиырмаға толмаған жесірдің көбісі «майданда өлген жастығын» аңсаумен қайтып тұрмыс құра алмады. «Қарғыс атқыр» деп қанды балақ соғысты қарғамаған, лағынет айтпаған «41-ші жылғы келіншек те» кемде-кем болар? Ондай жеңгелер мен келіндердің талайын көрдік. Құсадан өлгені қаншама? Соғыс ешкімге оңай тиген жоқ.
Сол уақыттан бері «Керуен кері айналғанда ақсақ түйе алдыға шығады» деген қазақтың қасіретті мақалын мен сол күйі қабылдайтыным өтірік емес. Онсыз да еңсесі езілген елдің үстінде қамшы ойнатқан шойнаңдаған шолақ белсенділердің де күні туған кез болған. Өмір деген сол ма екен, шырақ?..
Кейін сондайлар мен қашқан-пысқандардың да қаншасы «соғыс ардагерлеріне теңестірілген» деген дәрежемен шалқып өмір сүрді. Әсіресе өзге ұлт өкілдері. Қос-қостан үй алды, мәшине мінді. Кімнің қайда соғысқанын итім біліп пе?! Ал өлілердің аты тек осындай кезде ғана аталып, Құран оқытылды. Онда да артында қол жаятын есті ұрпағы қалса. «Мен ұмытылған күні, яғни мен өлген күні, мені ұмытпайтын ұрпақ бер» деп ата-бабамыздың тілейтіні осындайдан екен ғой.
Сонымен, шынында да бұл «Ұлы жеңіс» деп ұлықталып келген күннің қазақ үшін қадірі қаншалықты? «Біз соғысты көрген жоқпыз» демекші, қан-қасаптың өзін көзімізбен көрмесек те, соғыс кезіндегі ауылдарды, елдің жағдайын, қара жолға телміре жәутеңдеген жетім мен жесірлерді көріп өстік. Ауылдағы соғысқа жарамай қалған ақсақ-тоқсақ біригәдтарды жек көрсек те, шолақ болып қайтқан әрбір солдатқа да бүкіл ауыл болып қуанатынбыз. Ол күні кішігірім той болатын. Бірі байын, бірі баласын сұрап, әлгі солдатты ортаға алатын. Олар нағыз батырлар еді...
Бүгінде соғыс туралы айтыла қалса, көп қазақтың құлағына алдымен Қосшығұл мен Жексенқұлын зарыға күтумен өмірден өткен «Қара кемпірдің зары» келері анық. Өзім де жылап отырып тыңдаймын әліге дейін. Көз көрмеген соң, көңілін де сендіргісі келмейді ешкім. «Балам тірі, балам менің өлген жоқ!» деп көкірегі шерге толса да өзін-өзі жұбатқан күйі өмірден өткен қара кемпір мен қара шалдар қаншама қазақ даласында?!
Апам ағыл-тегіл сөйлеп отыр. Ойы нақты. Олай дейтін де жөні бар. Өйткені, бүгінгі әңгімеміздің басты кейіпкері – баласының өлгеніне сенбеген күйі өмірден өткен ақсақал Сыздық туралы сыздауықты сыр. «Мыналардың пәмилесі» деп немесе атасының атын қызына айтқызып отырып әңгімесін әрі жалғастырды.
– «Соғыстың аяқталғанына он жыл өткенде Алғабас ауылына келін болып түстім. Атыкем (Атығай, күйеуі) сол ауылда мұғалім болатын. Жолдасым жастайынан түрлі себеппен шетіней берген он бір құрсақтан аман қалған екі баланың бірі екен. Сол екі ұлдың үлкені, жалғыз ағасы 1941 жылы соғысқа аттанған. Содан әлі оралмапты. Әлі дейтін себебім, атам байғұс «ол тірі» деп, еш күдер үзбестен, оған арнап Құран оқытудан бас тартқан. Қанша уақыт өтсе де, қолына «қара қағаз» тимегенге қуанумен болды.
Керек десеңіз, бірде: «Әлдешім бүгін қырыққа толды» деп, ұлының туған күнін тойлады. Ұмытпасам, алпыс бесінші жылдың жаз айы. Нақты қай ай екені есімде қалмапты. Маусым не шілде?.. Бірақ Құран оқытпады. «Тірі адамға Құран оқытпайды!» деп тағы да үзілді-кесілді бас тартқан! Кемпірінің кемсеңдеп, «ендігі сүйегі қурап қалған шығар жат жерде, болды ғой, жаны жайлансын да, Құран оқытайық» дегеніне атам кәдімгідей тызақтап кететін.
– Менің балам өлген жоқ!
«Ол әлі тірі! Мен оны сеземін» деген атамның сөзінен ешкім де асып кете алмайтын. Сөйте тұра кемпіріне кәдімгідей ренжіп, балаша бұртаңдап, өкпелеп қалатын-ды, жарықтық».
Сол кездері екеуінің сөзге келіп жататындары бір түрлі, қызық көрінсе де, жан сыздатар осы бір көріністі өмір бойы ұмыта алмадым. Бірақ қазақта қатын қашан еркектің жолын кесіп еді?! Апам жылаған күйі қала беретін. Атам болса арада қанша жыл өткен соң да, «бәленше деген жерде, түгенше деген солдат аман оралыпты» деген секілді хабарды құлағы шалса болғаны, өз баласының да бүгін-ертең аман келеріне деген сенімі нығайып, қуанғаннан жүрегі жарылардай болып жүретін.
– «Онымен әскерге бірге алынған, мұрнынан боғы ағып жүретін Темкен мен анау Рақыметолла – бәрі келді әскерден. Менің балам ширақ. Мына, ақсақ Рақыметолла аман келіп жатқанда менің баламның оралмауы мүмкін емес деген күйі ұлына бір рет те Құран оқытпастан, атам марқұм алпыс тоғызыншы жылы дүниеден өтті. Содан бастап шаңырақта, атаммен бірге қайын ағама да Құран оқытуды бастағанбыз. Баласынан қалған жалғыз фотокәртішкі мен барлық хатқа да сол күннен бастап мен ие болдым. Әлі күнге біреуін де жоғалтпастан сақтап келемін...
Биыл сол соғыстың біткеніне сексен жыл толады деп жатыр. Жазға жетемін бе, жоқ па – бір Жаратқан иемізге ғана мәлім. Жасым болса тоқсанға таяды. Бір күні ұйқыдан оянбай қалуым да кәдік. Келін болсам да, қазір шырақшы секілді қара шаңырақты күзетіп қалған жалғыз өзім болғасын... Қыздай аттаған құтты табалдырығым, осы үйден өсіп-өндім, ұрпақ жайдым, енді ақыл-есім түзу кезінде, көзін көрмесем де, қайын ағамның аруағы үшін 100 жасын тойлап, бір Құран оқытайын деген ниетім еді, айналайын! «Қонақ қыдырып жүреді, қызыр артынан шұбырып жүреді» деген, анау алыстан дәм айдап өзің келіп қалыпсың. Мына кемпір мыжып мазамды алды ғой деп сөге көрме. Қалам ұштаған баласыңдар, өткен күннің бәрі тарих, кім біледі, бір керекке жарап қалар деп...
«Адам тұрмақ, адал иттің езуінде табалдырықтың құты болады» деген атаның ұрпағымыз ғой. Қасиетті қара шаңырағымызды Құдай сол құтынан ажырата көрмесін! Қол жайып, Құран бағыштар артында қалған өз ұрпағы жоқ болғанымен, қара шаңырақта мен келін болып тұрғанда аты ұмытылмасын.
Сол қайын ағам соғысқа аттанар сәтінде мына Қорғалжынның Шалқар дейтін колхозының бір қызымен сөз байласқан екен. Қазір атын есіме түсіре алмай отырмын. Қара қағаз келмеген соң ол қыз да күткен. Арада біраз уақыт өткен соң, әлгі қыз қысыла келіп атамнан рұқсат сұрапты. Атам марқұм сонда: «Рақмет, қалқам! Күтудейін күттің ғой. Бағың ашылсын!» – деп батасын берген. «Біз ырзамыз саған. Осы уақытқа дейін отырдың, енді сенің бағыңды байламаймыз» дегеніне қарағанда әжептәуір жасқа келіп қалған сыңайлы.
Негізі, бұл қызға о баста өздерінің де көңілі түзу болған секілді. Егер Әлдештен «қара қағаз» келгенде, келін болып түсіп үлгермеген жеңгесін Атыкеме әперейік деп те келіскендей. Құдайдың қалауы басқаша болыпты. Он сегіз жасымда осы шаңыраққа келін болып түсіп, Атыкеммен жиырма тоғыз жыл бірге өмір сүрдік. Аманатын толық орындадым. Ұлды – ұяға, қызды қияға қондырдым! Ұлдарына Азаматтың айтарын айта алмасам да, келіндер мен қыздарының құлағына «елдің де, ердің де құты сендерсіңдер-ді» құйып келемін.
Кезінде орыс әскерилері ауыл-ауылды аралап жүріп әскерге адам ала берген деседі. Сол себепті он үш жасар болса да бойшаң, иықты, үлкен жігіт болып көрінген Атыкемді әжесі әскерге алып кетеді деп қорқып, күніге бір мезгіл өзі күзетіп жүріп ойнатып әкеліп тығып тастайды екен. Сол Атыкеме әмеңгерлікпен жеңгесі емес, мына «жамандардың» көрер жарығы шығар, мен бұйырыппын, – деген апамыз:
– Енді, естеріңде болсын. Бұл да әкелерің! Әкелеріңнің жалғыз ағасы. Ендігі ұрпақтары сендерсіңдер! Маған қол жайып Құран бағыштаған сәтте міндетті түрде бұл кісінің де аты аталатын болсын! – деп балаларына табыстап алды да, менен ас қайыруымды сұрады.
Құран оқылып, дастарқан жиылған соң, орнымыздан тұрып кіреберіске өткенде, дәл осы сәтті күткендей қабырғаға ілінген теледидардан «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп әндеткен Нұрлан ағам шыға келді. Қанша тыңдап жүрсем де, бұл әнге бұрын-соңды бұлай мән беріп көрмегем бе, жоқ, әлде әлгідегі әңгіменің әсері ме – білмеймін, әйтеуір, кеудемді ғажайып бір күй кернеді. «Қайран, біздің аналар арды ойлаған!» Сол құдірет кеше ғана күллі қазақты шулатып, «сәлем салу деген қандай жабайылық, ужас!» деп көкіген баянсыз бейбақтың байбаламын баса түскендей.
Көзім көрмеген соғысқа лағынет айтып тұрып, қайын атасымен қосқанда бір әулеттің алты бірдей азаматынан айырылса да, Айтбайдың қара шаңырағын жықпай, аман алып қалған «қара кемпір», өз әжем Айкенженің әлдиіндей болған тағы бір тіркес тіл ұшына орала берді.
«Домбырам басы дың-дың...»
Соғыс болмасын! Ел аман болсыншы...
Жарлы БАЙҒАНИН
" Ana tili" газеті

559 рет
көрсетілді0
пікір