Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Біздің сұхбат
  • 05 Мамыр, 2025

Азамат Ешмұхаметов, роботтехник және мехатроник: Арманым - 10 мың маман даярлау

Біздің ғылым саласында көштің бағыт-бағдары дұрыс жолға қойылып келеді. Мұны біз Nazarbayev университетінің ақылды жүйелер және жасанды интеллект (ISSAI) институтының жетілдірілген робот техникасы және мехатроника зертханасының меңгерушісі Азамат Ешмұхаметовпен әңгіме барысында түсіндік. Сонымен...

 

Бәрі қалай басталды?
 

– Бұл салаға 7-сыныптан қызықтым. Сол кезде теледидардан «Приключения Джимми Нейтрона, мальчика-гения» деген мультфильмді көрсететін. Ондағы басты кейіпкердің үйі робот жасайтын зертханаға айналған. Ол сонда түрлі робот жасап, тәжірибе жүргізетін. Көріп қызықтым. 2008 жылы мектеп бітіргенде робот жасау мамандығы болмады. Тек Қ.Сәтпаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде аспап жасау мамандығында мехатроника және робот техникасы деген бөлім болды, соны таңдадым. 
Жалпы, баланы робот жасауға баулу – болашақ ғалым болуға бастайтын жол. Қателеспесем, бізде бұл бағыт бойынша көбіне Кеңес үкіметі кезінен келе жатқан оқу бағдарламасымен оқытылып жүр. Мысалы, мен университеттегі сабақ беру бағдарламасын жыл сайын өзгертіп отырамын, әріптестерім де солай. Өйткені қазір ғылымға сәт сайын жаңалық еніп жатыр. Студенттермен жиі ғылыми жоба жасаймыз. Ғылым мен білімді теория жүзінде алып, оны қай жаққа қолданарын білмесе, онда білімнің саяздығы. Өмірде қолданылатын білім тәжірибе арқылы қалыптасады.Лабораторияда әбден шыңдалған тәжірибе пайда әкеледі, ал қалғаны жай сөз. 
Менің ерекшелігім, затты не программаны алып, көзінше жазамын немесе жасаймын. Балаға солай көрсетсе қызығушылығы оянады, көзінен жалын атып тұрады. Оларға тек презентацияларды көрсетіп қою жеткіліксіз. Осы жазда ISSAI-дың (Institute of Smart Systems and Artificial Intelligence – Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты) атынан жазғы ғылыми мектеп ашу жоспарда бар. Жыл сайын оқушыларды конкурс­пен іріктеп алып, тегін оқытамыз. Көбіне 16–18 жастағы жасөспірімді қабылдаймыз. Кейде 15 жастағылар мықты болса, оны да қатарға алуды қарастырамыз. Баланың бұрын робот техникасы бойынша жарыстарға қатысқанына, командамен жұмыс істегеніне қараймыз. Өйткені болашақ ғалымда тек білім ғана емес, командамен бірге жұмыс істей білетін сіңімді мінезі де болуы керек. Ортаға біліміңмен емес, мінезіңмен сыясың ғой. Қазір Жапония неге алда? Себебі олар команда болып жақсы жұмыс істейді, ал команда болып ғылыммен айналысу жеке адамнан да жақсырақ нәтиже шығарады. Мысалы, бір үлкен жоба болса, оның программасы, механикасы, электроникасы бар – соның бәрін бір емес, төрт адамға бөлемін. Төрт адам бір-бірімен тіл табысып, сөйлесе алуы керек. Электроника жасайтын адам, дизайнын жасайтын адамға барып, «маған осындай көлемде қорап керек, көлемі осындай болса» дейді. Одан соң программалаушыға барып «маған осындай программа керек, соны жазсаңыз» дейді. Ал осы жерде программалаушы «жоқ, мен мұны былай жасаймын, сен былай жаса» дейтін болса, мәселе сол кезде туындайды. Егер бәрі тонның ішкі бауындай бірлесіп жасаса, команда қысқа уақытта қиын жобаны аяғына дейін апарады.

«Ақылды ұлтарақтың» адамға пайдасы зор

– Қазір бірнеше жобамен қатар айналысып жатырмын. Соның бірі – континуум робот, яғни жұмсақ роботтар жобасы. Бұл ауыр әрі ауқымды жоба болғандықтан, оны он жыл бойы зерттеймін деп жоспарлап отырмын. Келесісі – параллельді платформа. Біз бұл технологияны тілі баяу шығатын балаларға байқап көрдік. Шамасы келгенше дене қимылын жасасын, мишығын жаттықтырсын деп дайындап жатырмыз. Ол жерде мәселе баланың мишығында, қозғалыс арқылы дамытса, жақсы нәтиже шығаруға болады. Бұл соған бағытталып отыр. Ауқымды әрі ең қарқынды жүріп жатқан үлкен үміт күттірер жобамыз – құбырларды жасанды интеллект арқылы инспекциялау. Әрі бұл туралы мақала халықаралық беделді журналда жарық көрді. Мұның нақты пайдасы қандай, соған тоқталайық. Халықаралық, ауқымы үлкен құбырды жасағанда оған бірінші мұнай, газ немесе суды жіберерде алдын ала тексеруге мүмкіндік береді. Солай экологиялық апаттың алдын ала алады. Мысалы, мұнайдың ішінде мұнайдан бөлек газ болса, оны шешуге болады. Кейде күкірт қышқылы жүреді. Егер ол күкірт сыртқа шығып кетсе, онда өте қиын жағдай болады. Оған адам да жолай алмас еді. Сондай қауіптің алдын алады. Одан соң құбырдан мұнай ұрлап, талай компанияны, мемлекетті жымқыратындар бар. Құбырдың қай жерінен ұрланып жатқанын табу қиын. Неше жүз шақырымға жалғасқан құбырдан оны іздеу оңай дүние емес. 2000 жылдардың басында елімізде сондай жағдай болды. Құбырды бұрғымен тесіп, ұрлай берген. Сондай жағдайда еш жерді қазбай, осы роботпен бірден табуға болады. Құбыр жобасындағы тағы бір айта кететін жайт, егер құбыр тесілсе, дәл қай жері екенін табуға, қазу жұмыстарына ұзақ уақыт пен шығын кетеді. Ал робот болса ішінен өзі барып дәнекерлеу жұмысын істейді. Осылайша, еш қиындықсыз мәселе шешіледі. 
Төртінші өзекті әрі стартап жобамыз – әріптесім, ғалым Гүлнұр Қалимулдина екеуміз жасаған ақылды, наносенсорлық ұлтарақ. Мұндай дүние әзірге нарықта жоқ. Бұл ұлтарақты салған соң, адамның жүрісіне қарап, денсаулығында қандай ақау барын айтамыз. Біреудің омыртқасы қисайған болуы, біреу диабеттің әсерінен ақсаңдауы мүмкін. Мысалы, спортшылар жарыс алаңынан алып тастамасын деп жарақат алғанын жасыруы мүмкін, соның бәрін анықтауда ақылды ұлтарақ көмектеседі. Келешекте мемлекеттің атынан шығатын брендке айналуы әбден мүмкін. Мұны қанатқақты жоба етіп шығару, негізі, осы сәуір айына жоспарланған. Бірақ басқа да жобалар, гранттар бар. Оның арасында сабақ береміз, тексереміз, содан кейін барып жұмыс істейміз, Шыны керек, үлгере алмадық. Бұйырса, қанатқақты жоба күзде іске қосылмақ, қазір ауруханалармен келісіп жатырмыз. Ақылды ұлтарақты жасанды интеллектімен интеграциялаймыз. Адам оны басып екі минут жүрген соң, омыртқа бойындағы, жүрісіндегі кем-кетікті, яғни қай аяғын қалай басатынын, диагнозын бірден анықтаймыз. Алдында бізге тобығын қайырып алған спортшы жігіт келді. Оң аяғын ауыртып алған соң, жүргенде бар ауырлықты сол жақ аяғына түсірген. Солай жүре берсе, ол сау аяғын құртады. Сондай кезде бұл наносенсорлық ұлтарақпен ассиметриясының он пайыздан аспауы қадағаланады. Егер он пайыздан асып кетсе, спортқа жіберілмеуі керек. Себебі екінші үлкен жарақат алу қаупі жоғарылайды. Соның барлығы ақылды ұлтарақпен бақыланады. Жалпы, ұлтарақты пайдалану үшін дәрігердің кеңесіне жүгінген жөн. Мысалы, дәрігер мен науқас екі қалада болуы мүмкін. Бұл жағдайда дәрігер ұлтарақты поштадан салып жібереді, науқас оны алып киген соң, дәрігер алыстан отырып, бақылап диагнозын қойып бере алады. Осылайша, аяққа байланысты мәселелерді бірден анықтап береді. Ұлтараққа ешқандай батарея қажет емес, оның құрамы өздігінен энергия бөлетін материалмен жасалды.

Робот техникасы саласына грант көбейсе...

– Алдағы уақытта адам мен технологияның интеграциясы келе жатыр десек болады. Мысалы, болашақта машинаны айдау қажеттілігі болмайды, яғни автоматтандырылады. Екіншіден, кептеліс мәселесі. Ол да келешекте көліктер жаппай автономды жүйеге ауысқан соң шешіледі. Өйткені кептелістің көбін адамның өзі жасайды. Ал автономды жүйеде бірінші тұрған машина мыңыншы тұрған көлікпен байланыса алады. «Мен былай жүргенде, сен былай жүр» деген секілді жүйеленеді. Одан кейінгісі – жойылып кеткен жануарлардың популяция­сын қалпына келтіру. Бұл үдеріс қазірдің өзінде басталып кетті. Оны техастык компания жасап жатыр. Ал жапондықтар болашақта баланы әйел өзі көтермейтіндей, шарананы капсулада жетілдіріп, шығарып алатын жүйені ойластырып жатыр. Технология арқылы онкологиялық ауруларды емдеуге де жақындап қалдық. Енді жасанды интеллектінің көмегімен адамды капсула арқылы сканерлеп диагностика жасауға болады. Мұның барлығы болашақта ғылым арқылы жоспарланып отыр.
Менің ойымша, робот техникасы қажет сала болғандықтан, оның дамуы үшін бөлінетін грант көбейсе дейсің. Робот техникасы – болашақтың мамандығы. Қай мемлекет қарқынды даму жолына түскісі келсе, осы салаға басымдық берген жөн. Қаржы бөліп, арнайы институт ашып, кадрлар дайындалуы керек. Мысалы, Қытай ЖИ институтын ашып, оған конкурс жарияламай-ақ тікелей қаржыландырады. Өйткені ЖИ-дің болашақтың өзегі екенін көбі біледі. Тарихтағы ірі соғыстың бірінде Шерман Фэрчайлд «Fairchild Semiconductor» деген компания ашып, суық қарудың электроникасын жасауға кіл мықты электрониктерді жинады. Кейін компания жан-жаққа тарағанда «HP», «Apple» сияқты алпауыттар пайда болды. Басында ол компанияны бизнес жасау, ақша табу үшін ашпады. Үкіметтері миллиардтаған қаржыны құйды, қолдады. АҚШ қазір соның жемісін көріп отыр. Бүкіл Американы асырап отырған, яғни кірістің басым бөлігін әкеліп отырған осы компаниялар. Біздің елімізге де сөйту керек. Ол тек менің ойым емес, бұл – аксиома, солай болуы керек дүние. 
Ал менің арманым – ЖИ мен робот техникасы саласында 10 000 кадр даярлау. Қазір жан-жақтан курс ашып, оқитын балаларды көбейтіп жатырмыз, сол балалар технологияда елімізге үлкен серпін әкеледі деген үміттемін. Біз дербес, тәуелсіз елміз, өзге елдердің нарығын технологиямен қамтамасыз ете алатын елдің кадрларын даярлағым келеді. Үкіметіміз тек қана робот техникасы мен ЖИ-ге арналған университет ашып берсе, сол жерде мыңдаған кадрды дайындауды армандап жүрмін. Бірақ қалай іске асатынын білмеймін. 
Шындығында, технология тез дамып бара жатыр. Біз де көштен қалмауымыз керек. Nazarbayev университетінің ақылды жүйелер және жасанды интеллект (ISSAI) институтының жетілдірілген робот техникасы және мехатроника зертханасының меңгерушісі Азамат Ешмұхаметовтің айтып отырған мәселесі өзекті. Ақиқаты, бізде ЖИ мен робот техникасы саласында 10 000 кадр дайындалса, шын мәнінде елдің осы саладағы даму қарқыны күрт өсер еді. Өйткені робот техникасы мен ЖИ қазір әрбір саланың алға жетелеуші факторына айналып отырғаны рас. 

Әзірлеген 
Элеонора ЫБЫРАЙҚЫЗЫ

"Ана тілі" 

573 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз