Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 06 Мамыр, 2025

Бір тілім нан немесе Әбдіжәмил өмірінен бір үзік

Биыл ІІ дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына 80 жыл. Қазақ даласынан жалпы саны 1 миллион 200 мыңнан астам адам соғысқа алынған. 96 мың 600-ден астам қазақ түрлі орден-медаль алып, 98 қазаққа «Кеңес Одағының батыры» атағы берілген. Осы жылдың 20 қаңтарындағы статистика бойынша, қазір елімізде 120 соғыс ардагері, жеңіске үлес қосқан 42 545 адам бар екен. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін соғыстың ащы дәмін татты. Соның бәрі тарих болып осы күнге тарихшылардың, жазушылардың еңбегінің арқасында жеттік десек, қателеспеспіз.

ғыс тауқыметін ерекше суреттеген жазушы Әбдіжәмил Нұрпейісов өмірінің бір бөлігін соғыс жалмаған. «1942 жылы орта мектепті тәмамдай салысымен әскер қатарына шақырылып, соғысқа қатыстым. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Балтық бойы майданында, Луганск түбінде миномет ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатыстым», – дейді жазушының өзі 2013 жылы «Ақ желкенге» берген сұқбатында («Оқуым ит талаған терідей болды». «Ақ желкен» №12, 2013 ж. Авт. Қ.Ибрагимова).

Ә.Нұрпейісовтің туысы, ақын Мырзан Кенжебайдан «Әбдіжәмил атамыз соғыс туралы айтатын ба еді?» деп сұрадық. «Әбдіжәмил соғысқа барғанымен, қан майданға қатысқан жоқ. Штабта жұмыс істеді. «Сен соғысқа қатысқан жоқсың ғой, неге өтірік айтасың?» деп қалжыңдасам, «слушай, не твое собачье дело» деп күйіп-пісетін. Жақында ғана қайтыс болған туысымыз Жаңабай Жансүгіровтің айтуынша, Әбдіжәмилдің бойы кішкентай болып, окоп қаза алмай шаршайды екен. «Күректің ұзындығы мен өзінің бойы бірдей. Көмектестім» деп айтқаны есімде. Сонда Әбдіжәмилдің жасы 20-да. 1924 жылы дүниеге келген деп жүр, бірақ ол 1922 жылы туған. 

Әбдіжәмил Нұрпейісовтің әкесі Керім де 1942 жылдың 5 қаңтарында соғысқа аттанып, оралмаған екен. Жазушы Курляндия» романының алғашқы нұсқасының алғысөзінде «1944 жылы 23 апрель күні Тернополь түбіндегі ұрыста қаза тапқан сүйікті әкем – КЕРІМГЕ арнаймын» деп жазыпты. «Курляндияға кетерінің алдында, қай қалада екені есімде жоқ, ығы-жығы батальон жан-жаққа аттанып жатқанда, Әбдіжәмил мен әкесі кездейсоқ кездесіп қалады. Әкесі жалма-жан бір тілім нан беріп, бетінен сүйіп, қоштасып үлгереді. Нанды қағазға орап, бәлен күні алдым деп сыртына жазып, нанды кешеге дейін сақтап келді. Әбдіжәмилдің әкесі Керім – менің шешемнің бірге туған бауыры. Шешеме бес саусағының суретіп салып, «Сталинградтағы үлкен тойға кетіп бара жатырмыз. Сағира, бауырым! Сағира, бауырым! Сағира, бауырым» деп қоштасу хат жазыпты. Кейіннен сол хатты шешем жоғалтып алып, жылап отыратын еді. Қазір Әбдіжәмилдің әкесінің атын Кәрім деп жүр. Бірақ ол кісіні шешемдер Керім дейтін. Соғысқа кеткен кезде шамамен 40 жастан асқан екен... Кейін Әбдіжәмил әкесінің сүйегі жатқан бейіттен топырақ алып, шүберекке түйіп әкелді» дейді Мырзан аға.

Ә.Нұрпейісов соғыстан оралып, «Курляндия» романын жазды. Соғыста ерлік көрсеткен әскери адамдарға осылайша шығармамен естелік тұрғызды. Одан кейін әйгілі «Қан мен тер» трилогиясын жазды. Бүгінде соғысқа қатысқан ұрпақтардың соңының жасы жүзге таяды. Біздің көз алдымызда соғысқа аттанып бара жатқандар әлде шыбықтай жас, әлде тепсе темір үзетін ересек ер адам сияқты елестейді. Ал шын мәнінде соғысқа шақырудың өзіндік ережесі болған екен. Мысалы, әскерге шақыртудың арнайы формасы болмаған. Әртүрлі формада, тек «жұмыстан босатылсын, айлығы ерте берілсін, шашы алынып, ауыр заттар алмай, белгілі бір нүктеге келу керек» деп жазылған. Егер кешіксе жауапқа тартылатыны да ескертілген.

Соғысқа әскерді қалай шақырды?

1925 жылы «міндетті әскери қызмет туралы» заң бойынша, әскер қатарына баратындардың жасы 21 жас болды. 1925 жылы КСРО-ның «міндетті әскери қызмет туралы» заңында дворяндардың, саудагерлердің, әскер офицерлерінің, діни қызметкердің, кәсіпорын иелерінің, казактар мен кулактардың балаларын әскер қатарына шақыруға тыйым салынды. Ол тыйым 1939 жылы күшін жойып, «әркім өз Отанын қорғай алады» деген ұран тасталады. Соған қарамастан, тек жұмысшы тап пен шаруалардың балаларын ғана әскер қатарына шақырып отырған.  Соғыс басталғанның ертеңіне, яғни 1941 жылдың 23 маусымында әскер қатарына 1905-1918 жылдар аралығындағы ер адамдарды шақырады. Ал маусымның аяғынан бастап еркектермен бірге ішінара әйелдер де соғысқа жұмылдырылды. 

Соғыстың алғашқы күнінде 5,3 миллион адам әскерге шақырылып, әскер саны екі есеге өскен. Соғыстың басында адам шығыны көп болды. 1942 жылдың басында Қызыл әскер қатарын 1923-1925 жылдары дүниеге келгендер толықтырған. Осы жылы комбайншылар мен тракторшыларды соғысқа жібермей, әскери зауыттарда жұмыс істету үшін алып қалады. Сондай-ақ техникум студенттері, орман шаруашылығының студенттері де босатылады. 1942 жылдың жартысына дейін мұғалімдердің де соғысқа баруы кейінге шегеріледі. Бірақ әскер саны ойсырай бастағанда, соғысқа 17 жастағы және 50 жастағы адамдарды да шақырады.  

Ерекше қауіп төніп тұрған жерлерге 1922-1924 жылы туғандарды таңдап, жіберген. Олар десантшылар, шаңғышылар, ұшқыштар, танк жойғыштар еді. Спортшыларға артықшылықтар берілді. 1-8-сынып оқушылары үшін «КСРО-ның еңбек қорғанысына дайын бол», 16 жастан асқандар үшін «Еңбекке және қорғанысқа дайын бол» және «КСРО-ның химияға қарсы қорғанысына дайын» нормативтерін тапсыру құпталады. Тарих беттеріндегі ақпараттар осындай. 

Дайындаған 
Балжан МҰРАТҚЫЗЫ

«Ақ желкен» журналы, №4
Сәуір, 2025

 

537 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз