- Таным
- 08 Мамыр, 2025
Топонимикалық отарлау

«Қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген сөзді естуіңіз бар шығар. Қазақ бірнеше жерде қатар болып жатқан жағымсыз оқиғаларды көргенде немесе өзіне қатысты бір нәрсе қайталана бергенде осы сөзді айтады. Аңыз бойынша, өлімнен қашқан Қорқыт қай жерге барса да көр қазып жатқан адамдарға жолыға беріпті. Көр қазушылардан «бұл кімнің көрі?» деп сұрайды екен. Сонда бәрі «Қорқыттың көрі» деп жауап береді. Осы аңыздың шындығы бар секілді. Яғни «қайда барсаң Қорқыттың көрі» деген мәтелді тура мағынасында да қолдануға болады. Өйткені Қорқыт ата мазары бір ғана Қазақстанда емес, Түркияның Байбұрт қаласында, Кавказ тауларында да бар. Яғни бір адам үш жерде жерленген. Олай болуы мүмкін емес дерсіз, әрине. Бірақ бәрі мүмкін...
Топонимикалық қызықты деректер
Әлемде атауы қызық көрінетін ел-жер атаулары өте көп. Мысалы, 85 әріптен тұратын жер атауы бар. Ол Жаңа Зеландияда орналасқан кішігірім төбе. Бұл атау ұзақтығымен Гиннес кітабына енген. «Тауматауакатангихангакоауауотаматеатурипукакапикимаунгахоро-нукупокаифенуа-кітанатаху». Адамдар бұл сөзді айту былай тұрсын, оқудың өзіне ерінеді екен. Сондықтан жергілікті халық оны қысқаша Таумата деп атайды. Маори тілінен аударатын болсақ: «Тізесі бүгіліп, тауға шығып, жер жеген, сүйікті жерінде флейта ойнаған Таматеа есімді үлкен саяхатшының тұрағы» деген мағына береді. Тұрғылықты халықтың мифтерінде Таматеа сиқыршы, саяхатшы және асқан флейташы болып саналады.
Норвегияда аты бір ғана О («Оу» деп оқылады) әрпінен тұратын ауыл бар. Жалпы әлемнің көп елінде атауы бір ғана әріптен тұратын елдімекендер кездеседі. Дегенмен соның ең танымалы – Норвегиядағы ауыл. Бұл мекеннің аты жазылған жол бойындағы тақтайша өте көп ұрланып, қолды болуы жағынан Гиннес кітабына енген. АҚШ-та Санта-Клаус деген қала бар. Сол қалаға жыл сайын миллиондаған хат келеді екен. Пәкістан деген мемлекеттің атауының қойылуы тіпті қызық. Мемлекет атауы «пәк» және «стан» деген сөздердің қосындысынан тұрады. Яғни «таза (пәк) адамдар мекені». Десе де мемлекет атауын 1933 жылы елінің тәуелсіздік үшін күрескен Рахмат Әли ойлап тапқан. Британия отарында болған елінің солтүстік бес облысының төртеуінің бірінші әрпін, бесіншісінің соңғы буынын алады. Пенджаб, Афгания, Кашмир, Синд және Белуджистан. Өзінің «Қазір болмаса – ешқашан» деп аталатын еңбегінде бұл туралы ашық жазған. «И» әрпі кейіннен ел атын оңай айту үшін қосқан. Сонымен бұл мемлекеттің қазіргі атауы – Пакистан. Ал «пәк адамдар» туралы теория осы қысқартылған атаудың ыңғайына қарай ойлап табылған.
Адам атымен аталатын мемлекеттер бар екені тағы белгілі. Мысалы, Америка материгі мен Америка Құрама Штаттары италиялық саяхатшы Америго Веспуччи есімімен аталады. Боливия испандарға қарсы тәуелсіздік үшін күрескен Симон Боливардың құрметіне аталған. Мемлекет алғашында «Жоғары Перу» деп аталып, кейіннен «Ромулдың құрметіне Рим аталса, Боливардың құрметіне Боливия» атанамыз деген ұран көтерілген. Сауд Арабиясы елді билеуші Әл-Сауд әулетінің құрметіне аталған. Америка құрлығын бірінші болып испан саудагері және теңізші Христофор Колумбтың құрметіне қазіргі Колумбия мемлекетінің атауы қойылған. Бұл мемлекеттердің көбі атауларын өздері таңдап алған. Бірақ әлемдік картада белгілі бір халықтарға сырттан таңылған атауларды да кездестіреміз.
Қорқыттың көрі
Түркия және Кавказ тауларында Қорқыттың қабірі бар екенін айтып өттік қой. Қазіргі әзербайжандар мен түрік халқы атамекенінен қазіргі территорияларына қоныс аударуы барысында Каспий теңізінің оңтүстігін айналып өтіп, бір бөлігі Әзербайжан жерінде қалса, екінші бөлігі Анадолы даласына аттанған. Түбі бір екі халықтың да фольклорында Қорқыт есімі болғаны белгілі. Өйткені Қорқыт ата оғыздар арасында қоныс аударуға дейін өмір сүріп, аңызға айналып кеткен тұлға болатын. Сол үшін ғалымдар бұл мазарларда Қорқыттың жерленуін жоққа шығарады. Қоныс аудару мен тарихи тұлға арасындағы уақыт айырмашылығынан бөлек, зерттеушілер Қорқыт күйлерінің тек қазақ даласында сақталып қалуын алға тартады. Бүгінгі мекендеріне жеткенше екі халық та қобыз бен күйлерін жоғалтып алған. Бірақ отырықшы халық ретінде кітабын сақтады.
Ол ол ма, Түркия жерінде Байбөрі мен Бәмсі-Бәйректің де жерленген жері бар делінеді. Оның басы қарайтылып, кесене тұрғызылған. Қорқыт ата кітабында «Байбөрі және Бәмсі-Бәйрек» туралы жыр барын білесіз. Бұл жыр Алпамыс батыр жырының оғыз нұсқасы саналады. Енді жырды жазып қалдырған адамның өзі Сырдария бойына жерленсе, оның кітабының кейіпкерлері Анадолы даласына тіпті бармаған ғой. Неге деген сауал туады? Мұны ғылымда – локализация, қазақша «жерсіндіру» деп атайды.
Түркі тектес халықтардың қайсыбірін алып қарасаңыз да аруақ сыйлап, қабірін құрметтеген. Тіпті ата-бабасының қабірі арқылы өз шекарасын да бекітіп отырады. Түрік және әзербайжан халықтарының аруақты жаңа жерге алып баруының астарында – сол жаңа жерге жерсіну мен оны өздеріне ыңғайлап жерсіндіру жатқаны осыдан түсінікті болар. Бүгінге түрік халқы Қазақстанды «Атамекен» десе, өз даласын «Анадолы», яғни «Анамекеніміз» деп атайды. Қызығы, бұл сөз де – ескі атаудың түрік тіліне ыңғайластырылған аталымы. Түріктер қоныс тепкенге дейін ол жерлерде гректер өмір сүріп, өз даласын Анатолия деп атайды. Грек тілінен аударғанда «күн шығыс» деген мағына береді. Яғни грек мемлекетінің шығысындағы дала болған. Түрік халқы Анатолия сөзін «Анадолы» етіп өзгертіп алып, оған жаңа мағына, жаңа интерпретация берді. Тіпті Шығыс Римнің астанасы болған қаланың атауын да өз тіліне ыңғайлап алып, Константинопольден Ыстамбұл деп өзгертті. Осылай бүкіл даласын түркілендіріп, ұрпағының санасына «бұл сенің жерің» деп сіңіріп өсірді. Былайша айтқанда басып алған жерінің халқын ғана емес, жер атауларын да отарлады. Мұны «топонимикалық отарлау» деп атайды ғылымда.
Өз жерін жатсыну қасіреті
Әрбір империя басып алған жеріне түріктер секілді өз фольклорын, жер атауларын тағып, жергілікті халықтың тарихи жадын өшіруге барын салады. Мысалы, Африкада қаншама жер атаулары ағылшын, француз тілдерінде. Тіпті тұтас мемлекеттерді еуропалық бір адамның құрметіне қоя салады. Мысалы, қазіргі Филиппин аралдары мен Филиппин мемлекеті өзін қаншама ғасыр отарлықта ұстаған испан королі ІІ Филипптің құрметіне аталған. Үндістанның Мумбай қаласы бірнеше ғасыр бойы ағылшындардың қойып берген Бомбей атауымен тұрды. Сингапур қала мемлекетінің де атауын ағылшын отарлаушылары бекітіп берген. Санскритте «арыстан қаласы» деген мағына береді. Либерия аталатын мемлекетті де сырттай осылай атаған. Америкадан қоныс аударған афроамерикалық құлдардың құрған елі. Латынша «liber» – «еркін» деген сөзден шыққан, еуропалықтар қойған атау.
Бір деректерде қазақ атауына да бір кездері бізге сырттан таңылған деген пікір бар. Яғни бірге көшпеген халықтар сыртымыздан «қазақ – еркін адамдар» деп атаған. Бұл – экзонимнің эндонимге айналу процесінің көрінісі. Оның үстіне әртүрлі ру-тайпалардан құралған халықтарды бір атау астына біріктіру керек еді. Осылай қазақ хандығы әртүрлі халықтарды бір этнонимге біріктірген халық болды десек те болады.
Топонимикалық отарлауды отарлық езгіде болған әрбір халық бастан кешті. Біздің далада, қалалар атауларында да орыс тіліндегі есімдер толып жатыр. Павлодар мен Петропавлдың өзі неге тұрады? Семей деген атаудың өзі орыс тіліндегі атаудың негізі. Қазақша – Жетішатыр деп аталған қаланы отарлаушылар «Семипалатинск» деп орысшаға аударып, кейіннен қазақша «Семей» болып кетті.
Империялардың отарлау саясаттары негізінен жан-жақты жүрген. Саяси, экономикалық, мәдени, діни, білім тұрғысында отарлау секілді 9 түрлі бағыты бар. Бұлардың ішіндегі топонимикалық отарлау халықты жерінен айырғанмен бірдей. Өйткені бірнеше ұрпақ ауысқан халық өз жерінің тарихи атауын ұмытып, жеріне жат сезіне бастайды өзін. Ал жерін жатсыну – ұлттық қасірет. Осындай негізде жерінен айырылған барша халыққа көңіл айтуға тұрарлық...
Еуроцентристік көзқарас
Тарихты жеңген халық жазатыны секілді, географиялық атауларды ғылымы дамыған халықтар қояды. Расында, ерте заманнан отырықшылық күн кешіп, ғылым-білімін дамытқан еуропалықтар болғаны белгілі. Олар ерте замандардан бастап саяхатшылар арқылы айналасын зерттеп отырды. Тіпті өз территориямызда өмір сүрген халықтар туралы еуропалықтардың жазбаларынан тауып жатырмыз. Расы келгенде, көп халық өздерін мүлде басқаша атаған болуы да мүмкін. Бірақ өзімізде жазба ескерткіштердің болмауынан біз өзге елдердің жазбалары арқылы қабылдадық оларды. Сақтарды «азиялық скифтер» деген сияқты. Бұл құбылыс теңіз жануарларына ат қойғанға ұқсайды. Мысалы, ерте кездегі халықтар теңіз жануарларын көре жүріп, оларды құрлықта өмір сүретін жануарлардың судағы түрлері деп ойлаған. Итбалық, теңіз мысығы, теңіз шошқасы, теңіз арыстаны секілді жануарлардың атауларының шығу тарихы осыдан. Осы секілді Еуропа саяхатшылары да өздеріне таныс халықтармен салыстыра отырып, Азия халықтарына да сырттай атау беріп кеткен.
Үлкен географиялық аймақтар да тек еуроцентристік көзқараспен қойылған. Мысалы, Таяу шығыс, Қиыр шығыс деген атаулардың бәрі дерлік Еуропамен өлшеніп, XIX-XX ғасырларда Еуропалық географтар мен саясаткерлердің әлем картасына көзқарасы негізінде пайда болған:
«Шығыс» (East) сөзі – әуелде Еуропадан қарағанда шығыста жатқан Азия құрлығын сипаттау үшін қолданылды. Содан ол «таяу», «орта», «қиыр» деп Еуропадан алыстауымен айтыла бастаған. Әсіресе Ұлыбритания, Франция сияқты отарлаушы державалардың геосаяси мүдделері аясында кеңінен таралды. Мысалы, «Таяу Шығыс» деген терминді алғаш рет британдық офицер әрі тарихшы Альфред Тайер Мэхэн 1902 жылы пайдаланған. Ал «Орта Шығыс» термині кейінірек кеңінен тарады. Олар үшін Таяу шығыс – Түркия, Сирия, Ливан секілді елдер болса, Қиыр шығыс ретінде Қытай, Жапония, Моңғолияны атаған. Орта шығыс атауы қазір мүлде қолданылмайды.
Бір қарағанда, әрбір ел бағытты өзі тұрған жерінен айқындайды. Қазақстан үшін Қытай «Қиыр шығыс» емес немесе Түркия «Таяу шығыс» емес қой. Әлі күнге қолданылып келе жатса да, бұл атаулардың субъективті емес екенін ескеру керек. «Кәрі құрлық» деп Еуразияны атаса, «Жаңа құрлық» деп Американы атаған. «Үшінші әлем» мемлекеттері деген ұғымды да қалыптастырған Еуропа ғалымдары. Қырғи-қабақ соғыс кезінде қалыптасқан термин бойынша АҚШ пен КСРО жетекшілігіндегі елдерге жатпайтын елдердің бәрі «үшінші әлем» боп аталып кеткен.
Американың байырғы халқын тұтастай үндістер деп атайды. «Үндістанға басқа жол таптым» деп сондағы халықтарды «үндіс» атаған Колумбтың қателігімен бөлек-бөлек атауы бар халықтар бір экзониммен аталып кетті. Еуропа ғалымдары осылай жылы жауып қояды ғой. Бірақ Американың байырғы халқын сол кезеңде «отарланып» жатқан Үнді халқымен астастыра атаудың астарында басқаша пиғыл жатуы да ықтимал. Ал эскимос деген атауды солтүстік халықтары тіпті жек көреді. Олар өздерін инуит (адам) деп атайды.
Эндоним және экзоним
Елдер аталулары көбіне екіге жарылады. Эндоним (мемлекеттегі халықтардың өзін-өзі атайтын атауы) және экзоним (мемлекетті сырттағы өзге халықтардың атауы). Экзонимдер әртүрлі жағдайда қалыптасады. Біршамасы отарлау нәтижесі болса, біразы жылнамалардағы қателіктер немесе өзге халықтың тілдік ерекшеліктеріне байланысты. Мысалы, біз Германия деп атайтын мемлекетті француздар «Allemagne», поляктар «Niemcy» деп атайды. Французша атауы Герман халықтарына кіретін Алеман тайпасының атауынан шықса, поляктар «ниемси (немой)» деп мылқау адамдарды атаған. Яғни өздеріне түсініксіз тілде сөйлейтін халықты осылай атап кеткен. Біздегі «неміс» сөзінің де түбірі осы сөзге келеді. Бұл атаулардың бәрін ысырып тастап, өз халқы Deutschland деп атайды. Ал көп халыққа таныс «Германия» атауы Рим империясы кезіндегі карталар негізінде қалыптасқан. Өйткені олар Рейн өзенінің арғы бетіндегі халықтың бәрін Germani деп атаған екен.
«Қытай» деген сөз де сырттай таңылған экзоним болып саналады. Ал эндоним ретінде Zhōngguó (Чунго) деген атау қолданылады. Бұл сөз орталық мемлекет деген мағына береді. Біз атап жүрген Қытай, China (Чайна) атауларының шығу төркіні бір. Тайпалардың басын біріктірген Цин Шинхуанди есімді императордың атауы түріктер мен парсыларға Қытай боп таралса, еуропалықтарға China болып жеткен.
Қызығы, қазір халықтардың көбі халықаралық деңгейде өз эндонимінің қолдауына барынша сұраныс салып жатыр. Мысалы, Үндістанда өзінің «Бхарат» деген эндонимін халықаралық деңгейде қолдану туралы ұсыныстар көтеріліп жатыр. Түркия өзінің халықаралық қолданылатын Turkey экзонимін «Türkiye» деген эндонимге ауыстыруды қолға алды.
Мұндай мәселе Қазақстанда да бар. Мысалы, біз латын әліпбиіне көшу туралы сөз болған кездерден бастап еліміздің атын латын әліпбиімен Qazaqstan деп жаза бастадық. Дегенмен халықаралық аренада (БҰҰ, халықаралық БАҚ-та) Kazakhstan атауы қолданылып жүр. Бұл да еліміздің тілдік ерекшеліктерін сақтау үшін өзгеруі керек болашақтың еншісіндегі бастама болары сөзсіз!
Досхан ЖЫЛҚЫБАЙ
«Ақ желкен» журналы

517 рет
көрсетілді0
пікір