Тікелей эфир
Тікелей эфир
МАҢЫЗДЫ
  • Таным
  • 09 Мамыр, 2025

Тылдағы руханият тірегі

Екінші Дүниежүзілік соғыс – адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңнің бірі. Ел басына күн туған, жау жағадан алған қиын жылдарда майдан мен тылдың тынысы бірдей соқты. Сол уақыттағы әрбір мекеме, әрбір адам жеңіс үшін жан аямай еңбек етті. Осындай қиын кезеңде рухани күш пен жігер берген, халықтың еңсесін тіктеген киелі орындардың бірі кітапхана еді.
Осы ауыр кезеңде Ұлттық кітапхана да миссиясын лайықты деңгейде атқарып, халыққа рухани демеу, ақпарат көзі әрі білім мен мәдениетті сақтаушы орталық ретінде үлкен рөл атқарды. Соғыс басталысымен-ақ Ұлттық кітапхананың жұмысы елдегі жағдайға бейімделіп, соғыс мүддесіне сәйкес қайта құрылды. Бейбіт кезеңдегі ғылыми-ағартушылық бағыттарға қоса, кітапхана әскери-патриоттық рухты көтеруге, майдан мен тыл арасындағы ақпаратты алмасуға, үгіт-насихат жұмысын жүргізуге белсене кірісті.

 

 

Соғыс жылдары кітапхана қорындағы материалдар негізінде жауынгерлерге арналған буклет, парақша, плакат дайындалып, майдан шебіне жіберіліп отырды. Бұл майдандағы жауынгерлердің рухын көтеруге, оларды идеологиялық тұрғыда қолдауға арналған маңызды қадам еді.
Соғыс кезінде Мәскеу мен Ленинградтағы бірқатар ғылыми мекемелер мен мәдени орталықтар Қазақстанға эвакуацияланды. Олардың қатарында көрнекті ғалымдар, жазушылар, өнер қайраткерлері болды. Алматы қаласына көшірілген осы тұлғаларға ғылыми-зерттеу жұмысын жалғастыру үшін Ұлттық кітапхана қорлары ашық түрде ұсынылды. Бұл кітапхана қызметінің ғылыми қауымдастық алдындағы маңызын арттырды.
Олардың қатарында академиктер А.Н. Бах, А.Ф. Йоффе, әдебиетшілер О.Берггольц, А.Твардовский сияқты ірі тұлғалар бар еді. Олар кітапхана қорындағы сирек басылымдар мен ғылыми әдебиеттерге сүйене отырып зерттеулер жүргізіп, мәдени-ағартушылық іс-шараларға қатысты.
Кітапхана қызметкерлері елдегі рухани өмірді сақтау және дамыту жолында белсенді қызмет атқарды. Ұлттық кітапхана оқу залдарында патриоттық мазмұндағы әдеби кеш, майдан хаттары мен күнделіктерді оқуға арналған кездесу ұйымдастырылды. Сонымен қатар:
Қазақ халқының ерлік рухын насихаттайтын ауыз әдебиеті үлгілері мен батырлар жыры көптеп насихатталды;
Әскери өнер, тактика, медицина және техникалық ғылымдар бойынша арнайы әдебиеттер бөлек қор ретінде жинақталып, майдангер мамандардың даярлығына үлес берді.
Ұлттық кітапхананың көптеген қызметкері соғыс жылдарында тікелей майданға аттанды. Олар өзімен бірге рухани азық ретінде кітап алып, жолдастарына оқып беріп, «жолда оқылатын кітап» дәстүрін таратты. Ал тылда қалған кітап­хана ұжымы күндіз-түні жұмыс істеп, эвакуацияланған мекемелерге қызмет көрсетіп, мәдени-ағарту жұмысын үзбей жалғастырды.
Екінші Дүниежүзілік соғысы жылдарында Ұлттық кітапхана рухани-ағартушылық мекеме ретінде ғана емес, ел тағдырындағы маңызды стратегиялық мәдени институт ретінде қызмет етті. Ол ұлттық рухты сақтауға, ғылым мен өнерге жол ашуға, ұлт зиялыларын қолдауға орасан зор үлес қосты. Бұл кезең – кітапхананың тарихындағы ұлы сынақ пен ерлікке толы парақтардың бірі.
Жалпы, соғыс жылдарында кітап­ханалар тек білім ордасы ғана емес, халықтың рухани тірегі, жауынгерлер мен тыл еңбеккерлерінің сенімді серігі болды. Кітапханашылар күндіз-түні тыным таппай, майдандағы жауынгерлерге рух беретін кітаптар мен мерзімді басылымдарды жөнелтумен айналысты. Олар жауынгерлердің хатын жазып, сүйікті шығармаларын оқып беріп, кейде тіпті майдан шебіне дейін барып, көшпелі кітапхана қызметін де атқарды.
Тылда еңбек еткендер үшін де кітап­хана үміт пен сенімнің шырағына айналды. Қарапайым еңбек адамы жұмыстан кейін кітапханаға келіп, газет-журнал оқып, әдеби шығармалармен танысты. Соғыс жылдарындағы кітапханаларда патриоттық мазмұндағы кітапқа сұраныс артты. Абай, Жамбыл, Махамбет сынды халық даналарының сөздері елдің рухын көтеріп, ерлікке үндеді. Сонымен қатар әлем әдебиетінің үлгілері де жауынгерлер мен халыққа моральдық қолдау көрсетті.
Кітапханашылардың еңбегі елеусіз қалған жоқ. Олар майдандағы солдаттармен қатар, рух майданында шайқас­ты. Жоғалып кетуге шақ қалған кітап қорын сақтап қалды, халықтың рухани мұрасын аман алып шықты.
Соғыс жылдарындағы кітапханалар – тек оқу орны емес, ұлттың рухын сақтаған алтын көпір. Олар қиын-қыстау күндерде адамзаттық құндылықтарды жоғалтпай, келешекке жол сілтеді. Сол себепті Екінші Дүние­жүзілік соғыс шежіресін жазғанда, кітапханалардың да ерен еңбегі ұмыт қалмауға тиіс.
Дәл осы уақытта кітапхана басшылығына келген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, әдебиеттанушы, аудармашы, тарихшы Мұхтар Омарұлы Жанғалин болатын. Ол кітапхананы 1938–1942 жылдар аралығында басқарып, 1942 жылы соғысқа аттанады. 
1910 жылдың 3 желтоқсанында Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келген ол 1932 жылы Қазақ пединститутының тарих факультетін бітіріп, 1955 жылы тарих ғылымы бойынша кандидаттық диссертация қорғаған еді. Соғыстан кейінгі жылдары Қазақтың Мемлекеттік Біріккен баспасының директоры, Қазақ Достық қоғамының төрағасы, Қазақ КСР Ғылым академиясы Тіл білімі институтының меңгерушісі, Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің мұрағат басқармасы бастығы сынды бірқатар жауапты қызметтер атқарды. Әдеби қызметін 30-жылдары қоғамдық-саяси әдебиет аудармашысы ретінде бастап, соғысқа дейінгі жылдары А.Н. Островскийдің «Мысыққа бәрі майшабақ емес», Ф.Шиллердің «Зұлымдық пен махаббат», М.Горькийдің «Егор Булыч және басқалар» пьесаларын, К.Станиславскийдің «Менің өнердегі өмірім» мемуарын, соғыстан кейін Л.Леоновтың «Шапқын» пьесасын, В.Васильевскаяның «Шұғыла» повесін, Н.Никитиннің «Солтүстік аврора» романын, үнді жазушысы П.Чанданың «Тха хури құдығы» атты әңгімелер жинағын, М.Горькийдің «Коновалов» әңгімесін аударған.
Кітапхана жетістіктері туралы осы мекеменің директоры М.О. Жанғалин 1939 жылы былай деп жазады: «А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттік көпшілік кітапхана – Қазақстандағы жалғыз ірі кітапхана. Оған сегіз жыл толды. Егер бірінші жылы кітапханада 300 мың том болса, келесі 8 жылда бұл қор 700 мың томға дейін өсті. Елорданың қайнаған ғылыми және оқу өмірі қалада бай және мазмұны жағынан жан-жақты кітап қоймасының болуын, оның қорларының библиографиялық және кітаптану әзірлемелерін талап етеді. Кітапхананың жалпы қорында XV–XIX ғасырдың бірінші жартысындағы орыс авторларының 600 мың томына дейін бар. Шетел әдебиетінің қоры шамамен 80 мың томды құрайды. 1937 жылдың аяғынан бастап кітапхана Кеңес Одағының аумағында басылып шыққан кітаптардың міндетті көшірмесін ала бастады».
Кітапхана ұжымы жұртшылықпен бірге соғыстың ауыртпашылығын қайыс­пай көтере білді. Қызметкерлердің бір бөлігі өз еркімен майданға аттанды, олардың арасында ағайынды Ахметовтер, Иван Бондаренко, Владимир Маховиков, Григорий Царев, кітапхана директоры Мұхтар Жанғалин – барлығы 20 адам болса, соның ішінде 10 бойжеткен қыз болды. Өкінішке қарай, Мұхтар Жанғалин мен Григорий Царевтан басқасы соғыстан оралмады.
Мұхтар Жанғалин майдан даласына аттанған соң 1942 жылдан бастап кітапханаға Елена Николаевна Шмелева директор болып келеді. Бұл қызметте ол 21 жыл істейді. 
Кітапхана қызметкерлері майдан шебіне белсенді көмектесіп, түрлі әдебиет жіберіп тұрды. Майдангерлер қатарындағы капитан И.Айжақсымовтың қазақ жауынгерлерінің атынан жолдаған хаты сақталған. Онда: «1942 жылғы 26 ақпанда сіздер поштамен жіберген қазақ әдебиеттерін, газеттерді 1942 жылғы 12 желтоқсанда жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде алдық және жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Қысқа үзіліс кезінде ана тіліміздегі осы кітаптарды, газеттерді әрбір қазақ жауынгерге бердім. Олар қатты қуанып қалды. Қазақ жауынгерлері адамзаттың дұшпаны фашистермен, 28 батыр панфиловшылар сияқты табанды, батыл, жанкешті шайқасып жүр», – деп жазылған.
1942 жылы, қыс айларында кітапха­надағы әйелдер қауымы аса ауыр жағдайда, тынымсыз жұмыс істеді. Кітап­хананың жұмысы соғыс уақытына сәйкес үнемдеудің қатаң тәртібіне ауысты: штат қысқартылды, демалыстар күшін жойып, жұмыс аптасы алты күнге де­йін ұзартылды. Соғыс уақытының заңы бойынша үстеме жұмыс міндеттелді. Жексенбі күндері қоғамдық іс-шара ұйымдастырылып, кітапхана түнгі сағат 12-ге дейін жұмыс істеді. Соғыстың бірінші жылындағы қатал жағдайға қарамастан, бөлімдердің 1941 жылғы өндірістік жоспары орындалды. Соғыс уақытының ауыр жағдайы әркімнен аянбай еңбек етуді талап етті. 
Кітапхана майданға шамасы кел­генше рухани көмек көрсетті. Кәсіпорындардың мамандарын ақпараттық-техникалық әдебиеттермен қамтамасыз етті, әскерге шақырылатын орындар мен госпитальдарды көпшілік іс-шаралармен қамтыды, театрларда, парктерде арнайы «КСРО халықтары интервенттермен (басқыншылармен) күрес жүргізуде», «Ұлы қолбасшылар» сынды бірқатар көрме ұйымдастырды. Бұған қосымша, Үкіметтің тапсырмасымен барлық қызметкерге еңбек армиясына қатысу міндеттелді. Алматы қаласының жағдайында осы нысандар – Үлкен Алматы өзеніндегі су электр станциясы сарқырамасының құрылысы еді. Оның екеуі соғысқа дейін, ал қалған жаңа бес станция 1942 жылы салынды. Кітапхананың кейбір қызметкері 
ГРЭС-ке жіберіліп, сонда бір жарым жыл­дан аса уақыт жұмыс істеді, ал қалған қызметкерлер әр аптада екі күнге барып тұрды.
Кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар бөлімінде С.М. Эйзенштейн мен суретші О.Л. Воиновтың сирек суреттері бар сегіз дәптер сақталған, олар Алматыдағы «Иван Грозный» кинофильмін түсіру аяқталғаннан кейін кітапхана қорына түскен. Бұл – қалың бумадан жасалған парақтары бар баға жетпес дәптер. Ол дәптерлерде С.М. Эйзенштейннің XVI ғасырдағы киім, аяқ киім, бас киім мен мата тарихы бо­йынша суретшінің жүгіртпе жазбалары, костюмдердің сансыз суреттемелері, әскери жабдықтардың, тұрмыстық заттардың, патша таңбаларының ерекшеліктері, режиссерлік тапсырмаларды әзірлеу, түсірілім кезіндегі актерлердің нобайлы суреттері салынған. Сол кездегі кітапхананың директоры Елена Шмелева бұл дәптерлерді режиссердің өзінен 1 300 рубльге сатып алады. 
Айта кетсек, М.Лермонтов атындағы Ұлттық орыс драма театрының режиссері, Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ТВ және Еуразиялық кино академиясының академигі Игорь Гонопольский «Эйзенштейн в Алма-Ате 1941–1944» атты кітап жазып, кітапхана қорына сыйға тартқан болатын. 
Соғыс кезіндегі табанды еңбегі үшін 300-ге жуық кітапханашы «1941–1945 жж. Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін» медалімен марапатталды, солардың ішінде А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттік көпшілік кітапханасының 38 қызметкері бар екенін ерекше айтуға болады. 
Қазақ КСР-інің 25 жылдығына байланысты 50 кітапханашы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің грамотасын алды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің Жарлығымен Е.Н. Шмелева «Құрмет белгісі» орденімен, Ф.А. Абдуллина және А.Т. Спальвина мерекелік медальдармен марапатталды. Елена Шмелеваның директор болып қызмет еткен жылдарында кітапхана жазушылар мен зерттеуші-ғалымдардың екінші шаңырағына айналды. Ол туралы тіпті шетелден келген зерттеуші-ғалымдар арнайы естелік жазды. 
1941 жылдың 10 желтоқсанында «А.С. Пушкин атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік көпшілік кітапханасында әскери бөлімдер, госпитальдар және әскерге шақырту пункттеріне қызмет көрсететін жылжымалы қор туралы Уақытша ереже» қабылданды.
Жылжымалы қор соғыс кезінде, әскери бөлімдерді, госпитальдар мен әскерге шақырту пункттеріне қызмет көрсету үшін уақытша құрылды.
Кітаптарды таңдау депозитарлық және айырбас қорынан негізгі қорды жинау үшін берілді. Қор қаражат есебінен ұйымдастырылды. Сонымен қатар:
– Түгендеу алмасу қорында арнайы түгендеу кітабында жүргізіледі.
– Көшпелі кітапхана кітапханашылардың талабы бойынша және әскери бөлімшенің, госпитальдың не әскерге шақырту пункттерінің командирі немесе комиссарының қол қойған сенімхаты арқылы көрсетілген мерзімге дейін беріледі.
– Кітапты жоғалтса немесе уақытында қайтармаса, депозитарлық және айырбас ережелеріне сәйкес, мекеме немесе госпиталь әкімшілігі құқықтық және материалдық жауапкершілікті мойнына алады.
– Сондай-ақ кітапты орнында тексеріп (2 айда 1 рет), уақытылы қайтаруын бақылап (ауызша немесе жазбаша, телефон арқылы т.б.), еске салу жауапты қызметкерлерге жүктеледі (ЦГА КазССР, ф. 1781, оп. 1, д. 209, л. 17.).
Ұжымда жалған қауесет таратушыларға тұрақты және қырағы күрес жүргізу, назар аударуды нығайту үшін, жалпыға бірдей әскери білім беру мәселесі туындады. Топ мүшелері Қызыл Крест қоғамына, ЗГҚ (КСРО-ның зениттік және газ қорғанысы) және МҚҚ (Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі) үйірмелеріне қосылып, соғыс қимылдары барысы туралы тұрақты ұжымдық ақпарат тарату үшін, қорғаныс операциясы іске қосылды. Қызыл армия құрамындағы барлық отбасыны тіркеуге алып, оларды қамқорлық пен ілтипатқа бөледі. Қызыл армияға жылы киім жинау жұмысы да ұйымдастырылды. Қызыл армияға жылы киім сатып алу үшін кітапхана қызметкерлерінің бір күндік жалақысын шегеру туралы шешім қабылданды. 
Соғыс жылдарында тылдағы руханият тірегіне айналған Ұлттық кітапхана майдангерлерге қолдан келер көмегін көрсетіп, қажет жағдайда өздері де соғысқа аттанып, үлес қосты. Соғыстың біткеніне 80 жыл толуы мен кітапхананың құрылғанына 115 жыл толуы тарихи сабақтастық деп ұқсақ болатындай. 

Қанат АЛТЫНБЕК,
Ұлттық кітапхананың
ғылыми-әдістемелік 
қызметінің маманы,
Жазушылар одағының мүшесі

«Ана тілі» газеті

497 рет

көрсетілді

0

пікір

Біздің Telegram каналына жазылыңыз

алдымен сізді қызықтыратын барлық жаңалықтарды біліңіз